«Өмiрден кетсем де, өлеңнен кетпеймiн»
14.12.2018
532
0

Биыл Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы, көрнекті ақын Қаныбек Сарыбаевтың дүниеге келгеніне – 80 жыл. Осыған орай Отырар ауданындағы Темір ауылдық Мәдениет үйінде «Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» атты жыр мүшәйрасы өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен өткен жыр додасына ақынның бауырлары мен ұрпақтары қатысты.

Шара барысында жыршы, термеші Мұхтар Асанов ақынның сөзіне жазылған «Ардан қымбат жоқ бұйым» атты термесін нақы­шына келтіре орындаса, сазгер Ақәділ Оразов «Атасының бала­сы» атты әнін шырқады. Соны­мен қатар Қаныбек Сарыбаевтың шөберелері Алтынбек пен Жар­қынбек күмбірлеген күй тартып, өздерінің өнерден құралақан емес екендіктерін көрсетті.
Шараның ашылу салтанатын­да аудандық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет ақын атындағы жыр мүшәйра­сын жыл сайын өткізуді қолға алатынын жеткізді. Ақын­ның ұлы Махмұд шараны ұйым­дас­тырушылар­ға шынайы алғы­сын айтты. Сондай-ақ, ақынның інісі Болат Аманқұлов, қыздары Зәлен мен Ләззат, үлкен келіні Ұлбосын, күйеу баласы Ержан Файзиев және немерелері Жа­һан­гер, Ақбота, Ақерке, Арай­лым, Құрмет те сахна төрінен табылып, атадан қалған таусыл­мас қазына өлеңдерін бүгінгі жас ұрпақ жатқа айтып, жырына қо­сып жатқанына шынайы риза­шылықтарын білдірді.
Мұнан соң жыр додасы бас­та­лып, жас ақындар бірінші кезең­де Қаныбек ақынның жыр­ла­рын мәнерлеп жатқа оқыса, екін­ші кезең шарты бойынша өз­дері шығарған өлеңдерін оқы­ды. 25 үміткердің арасында оза шауып, өздерінің шеберліктерін танытқандар да, сайыста сәл мүдіріп, сөзін ұмытып қалғандар да болды. Шара барысында осы олқылықтарды байқаған қазылар алқасының төрағасы Елтай Базар­ханұлы мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұ­ға­лімдері оқушыларды мәнерлеп жат­тап оқытуға ерекше көңіл бөлу­лері қажеттігін айтып, үміт­кер­лердің көбі осыдан сүрініп жатқанына қын­жылды.
От ауызды, орақ тілді Қаны­бек ағамыздың атындағы мәрте­белі сыйлықты алу – әрбір жас да­рынның арманы. Сонымен, жас ақындардың жыр мүшәйра­сы­ның қорытындысы бойынша Асан Өркен бірінші орын иегері атанып, тиісті марапатын ие­ленді. Жүлделі орындарға ие болған жас ақындар диплом, мақтау қағаздары мен бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ақын­ның туыс­тары атынан арнайы номи­нация ұйымдастырылып, жеңімпаз­дар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Алмас АҚЫЛБЕК

ПІКІР ҚОСУ