Қанабек Байсейітов пен Күләш Байсейітова – қазақ үшін аяулы есімдер. Қанабек пен Күләш екеуі бас қосып, шаңырақ көтерген соң, арада біраз уақыт салып барып 1934 жылдары Қанабек Байсейітовтың атамекені – Жетісу жеріне сәлем бере келеді. Жетісуға баратынын алдын-ала білген Күләш Қанабекке білдіртпей, ас-суын, самаурынын, ыдыс-аяғын әзірлеп, дайындала бастаған екен. Межелі күн келіп, жора-жолдастары қаумалаған Қанабек пен Күләш ат арбамен Қаратал жақты бетке алып келе жатады. Арқарлы асуына ат басын тіреген кезде әнші Күләш арбаны тоқтатып: «Жетісу жеріне келін есебінде тұңғыш қадам басып отырмын. Үлкен елге құйған келін шәйім болсын, осы бір маңға аялдайық. Мен самауыр тұтатып, сіздерге шәй берейін», – деп тілегін білдіріпті. Өздері жас, өздері көрікті, атақ-даңқты жұбайлар, албырт жора-жолдастарымен Арқарлы асуының бір бөктерінде отырып, әзіл-қалжыңы жарасып, болашаққа үмітпен көз жібере армандап, келін құйған шәй ішіп, сол маңнан Қараталға аттанып кете барған екен…
Кейін 1960 жылдары, Талдықорғаннан Алматыға қарай келе жатқан Қанабек Байсейітов, Арқарлы асуына кіреберістегі сайдың маңына сапарлас дос-інісі, композитор, КСРО Халық әртісі Еркеғали Рахмадиевке көлікті кідіртуін өтініпті. Көліктен түсе сала, ұлғайып қалған жасына қарамай, шағындау төбешіктен асып, көгалдау бір маңға дастархан жаюын өтінген екен. Еркеғали Рахмадиевтың жары Клара апай сол жерге дастархан жайып жіберіп, тәтті-тұрымын қоя бастаған уақытта, дастархан шетіне жайғасқан Қанабек Байсейітов: «Сендерге қарным ашқандықтан дастархан жайғызып отырғаным жоқ. 1934 жылдары Жетісуға келін болып келе жатқан Күләшім дәл осы маңда дастархан жайып, шәйін ұсынып еді. Осы маңнан елге ары-бері өткен сайын Күләш еске түседі. Алаңсыз жастық шағымызды еске алам. Албырт күндерді ойлаймын. Ары-бері өткенде сендер де біле жүрсін деп осы жерге арнайы тоқтатқызып едім…», – деп, өткенді еске алып, көзіне сағыныш жасын үйірген екен…
Одан бері де біраз уақыт өтеді.
2000 жылдардың үстінде Еркеғали Рахмадиев белгілі кәсіпкер, меценат Қуат Есімхановқа осы әңгімені айтып: «Бойдан қуат, қолдан күш кетіп барады. Мойнымда бір аманат бар еді, соны орындай алмадым-ау деп өкінем. Күні ертең ана жаққа барғанда Қара шалдың (Қанабек Байсейітовтың) жүзіне қалай қараймын? Күләш шәй құйған жер осы маң деп, өз қолымен көрсетіп беріп кетіп еді, сол маңда әлі еш белгі
жоқ», – деп өкініпті.
Сол аманатты орындауды меценат Қуат Есімханов өз мойнына алып, қазақтың біртуар ұлы Ақселеу Сейдімбекке: «Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің арнайы ат шалдырып, дастархан жайған жері» деп жазғызып, 2009 жылы Арқарлы асуындағы сол бір сайға белгітас қойған екен. Алайда, Алматы-Талдықорған күре жолында құрылыс жұмысы басталып, бұл белгітас күре жолдан алшақтау маңға, жүргіншінің көзі түсе бермейтін қалтарысқа орналасып қалғандықтан, екінші қайтара жаңартылып қойылды.
Белгітастың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Мұқанов, Байсейітовтер отбасының досы, Еркеғали Рахмадиевтің жары Клара Рахмадиева, әнші, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Шахмардан Әбілов, кәсіпкер Қуат Есімханов, Л.Гумилев атындағы ЕНУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ермат Байқұрманов, «Жетісу» газетінің Бас редакторы Әміре Әрін, Кербұлақ ауданы әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері, Алматы облыстық және Кербұлақ аудандық мәслихаттың депутаттары, Астана, Павлодар өңірінен келген қонақтар қатысты.
Белгітастың ашылу рәсімінде сөз алған Қуат Есімханов: «Бұл Еркеғали атамыздың ісі еді. Мен орындаушымын. Еркеғали ағамыз: «Бір кездері осы маңнан Қанабек пен Күләш өтіп еді. Естелік қылып айтып, еске алып тұратын-ақ жер еді», – деген арыз-арманын айтқан соң, Текеліден гранит тасты тауып, сөзін Ақселеу Сейдімбековке жаздырдық. Ол кезде қасымызда марқұм Кенжебай Сейітов деген азамат бар еді. Қанабек пен Күләш ат шалдырып, дастархан жайды деген маңның дәл орнына 2009 жылы белгі орнатып едік. Бірақ ол жолдан қашықтау болған соң, машина тоқтайтын жер дұрыс шығар деп осы маңға қайта көшірдік.
Сіздерге бір әңгіме айтайын, Орынбор деген қалада болғаным бар. Сол қалада Пушкин түскен, Гамилтон түскен, Ганс түскен деген үйлер қаптап тұр. Бірде шәй ішетін жерге келсек, әлгі шайхананың маңына құдықтың орнын жасап қойыпты. Оған тақташа іліп: «Пушкин «Капитан қызын» жазуға келгенде, осы жерде Пушкиннің атқосшысы атын суарған», – деп қойыпты. Ел-жұрт атақты адамының атқосшысына дейін әспеттеп, есімін тасқа қашап жатқанда Қанабек пен Күләш дәм татқан орынға неге белгі қоймасқа деген шешімге келдік. Сөйттік те ары-бері өткен жолаушы көріп, атақты қос дарынның шәй ішкен орнын біле жүрсін деп, аруақтарды ұмытпасын деп осы маңға белгітас орнаттық», – дейді.
Ескерткіш белгінің ашылу салтанатына арнайы келген Клара Рахмадиева ескіден қалған естеліктерді айтып берді: «Ерекеңе тұрмысқа шығып басыма бақ қонды. Себебі, жас кезімде сырттай сүйсініп, пір тұтып жүрген адамдармен табақтас болдым. Қанабек ағамен өмірінің кейінгі жылдары өте жақсы араластық. Ол кісі адамдарға ат қойғыш еді, Еркеғалиді «Қиқар қажы» дейтін. Жексенбек ағаны «Қара ояз», Мәмбетті «Сары болыс», Әбдімәуленді «Шабарман», Пернебекті «Дайрабай» деуші еді әзілдеп. Жастармен жас болып қалжыңдасып жүретін. Ерекеңе: «Елге барғанда мені ұмыт қалдырмашы», – дейтін. Сондай сапардың бірінде, 1960 жылдардың аяғында ауылдан қайтып келе жатқан кезде: «Ай, Еркеғали, мына жерге тоқташы», – деп, бір сайға кідіртті. Сол жерде көзіне жас келгендей болып, Күләш апамыз екеуінің дастархан жасап, кідірген кезіндегі естелігін айтып беріп еді. Мен үнсіз отырып, шәй құйып бердім. Күләш апамыздың келін шәйін берген орны содан бері жүрегіміздің бір түпкірінде орын алған еді. Осы асудан ары-бері өткенде алыптарымызды әркез еске алатынбыз.
Жалпы, бұл ескерткіш – Қуаттың демеушілігімен орнатылған алғашқы белгі емес. Ол Қорланның басына да ескерткіш қойды, Сәкен Сейфуллиннің қыршын кеткен ұлы Аянға да ескерткіш орнатты. Сол қабір басына «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақ сұңқардың қанатынан» деген сөзді ойып жаздырғанын біреуіңіз білсеңіз, келесілеріңіз білмессіз. Сәкен ағайдың жары Гүлбаһрам апайды жас күнімде көріп едім. Ол кісі Асқар Тоқпановтың әйелімен жақын ағайын болатын. Асқардың күйеу баласы 31 жасында ауырып қайтыс болды. Көңіл айтуға Гүлбаһрам апай да келді. Өмірдің теперішін көп көрген, сонда да мойымаған, мұқалмаған адуынды Гүлбаһрам апай тағдырдың өзімен ерегескендей болып: «Бұл заманда отыздан асып, азамат болған кісі өле ме? Қандай қиындық көрсе де, адам баласы екі аяғымен жерді нық басып, тік жүруі керек», – деп еді. Сонда апайдың адуынды әрі өр мінезіне таңданып едік. Расында, ол кісінің көрмеген қорлығы жоқ еді ғой. Сонда да мұқалмады. Пойызда кетіп бара жатып, шетінеп кеткен баласын, тірі бала құсатып, құшағына қысып отырып, сөйтіп, Сәкеннің тұяғын дұрыс орынға апарып жерлеуге ерік-жігері жеткен апайдың бұл ісі құрметке лайық еді. Сол құрметті осы Қуат көрсетіп, Аянның басына белгі қойды…
Біз жас күнімізде осындай ірі-ірі адамдармен араласып едік. Сол естеліктерді ескерткішке айналдыра алған сіздерге рахмет. Бұл маң ендігі жерде шаңырақ көтерген жастардың құрмет көрсететін орнына айналсын», – деп өткен күндерден сыр шертті.

Бұдан соң көпшілік Малайсары ауылының маңындағы Малайсары батыр қабірінің басына барып, баһадүр аруағына құран бағыштады. Малайсары ауылындағы тархан атындағы мектеп алдында Малайсары батырға арналған ескеркіштің ашылу салтанатына қатысты.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тұсында ашылып жатқан ескерткіш басында ұлт зиялылары сөз сөйлеп, қазақтың арғы-бергі тарихында елдің тұтастығы, жердің амандығы үшін шейіт болған батырлар өнегесі туралы толымды әңгімелер айтты.
Батырға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған «Малайсары тархан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ермат Байқұрманов: «Малайсары – тек қана батыр болған жоқ, әрі мәмлегер, ауқатты кісі екен. Жоңғарлар шапқыншылық жасағанда әскерін жинап алып, бір мезгілде елге хабар айтып, жорыққа аттанып отырған. Оның ел тұтастығын сақтаудағы ерліктері бәрімізге үлгі болсын», – деп «Малайсары тархан» қоғамдық қорының атынан мектеп ұжымына сый-сияпат тапсырды.
Шара соңында ақ дастархан жайылып, ұлтын ұлықтаған тұлғалар құрметіне ас берілді, ауыл өнерпаздары қонақтарға арнап концерт қойды.