Ақындығы азаматтыққа астасқан
Рахым Балабиев туралы үзік сыр
Әдебиет әлеміне қаламгерлер әртүрлі жолмен келетіні аян. Бірі ананың ақ сүтімен дарыған тума талантын өрістетуге келсе, бірі ізденіп, еңбектеніп өз дарынын дамытады. Тәңірінің берген қабілет-қарымымен татымды шығармалар тудырады.
Қойнауы қазбаға толы, атырабы сыңсыған тылсым сырға тұнған Теріскейден талай майталмандар өмірге келіп, әдебиетке зор үлес қосқаны белгілі. Олардың ішінде Асқар Сүлейменовті, Тәкен Әлімқұловты, Бәтима Батырбекованы ерекше атауға болады. Осы топырақта дарынды ағалардың ізін өкшелеп Рахым Балабиев те дүниеге келген. Әр адамның болмысы туған топырағына, оның табиғатына тартады деген рас болса керек. Кісілік келбеті бөлек, жүрегі жылы, сары алтындай сабырлы Рахым ағаның рухани образы Теріскейдің жұмбақ табиғатына ұқсайды. Қоғамдағы өз орнын бағалайды, елдің мәдени-рухани өміріне белсене араласады, жығылғанды жылы жүрегімен сүйейді, болашаққа зор сенім артады.
Еңбек жолын көлікпен жүк тасымалдаудан бастағанда, иіріліп келетін өлең жолдарын қойын дәптеріне түсіріп жүретін. Алғашқыда өлеңді жан дүниесін тыныштандыру үшін жазып жүрмін деп ойлайтын. Кейін өлеңнің өзі ақынның өмірмен өріліп жатқан ойларының философиялық түйіндері екенін ұққан соң, шығармашылыққа кең қадам басады. Поэзия ақынның жанына, шығармашылығына дем беретін, адамды армандарға жетелейтін, жүрекке сұлу сезімдер ұялататын қасиетті құбылыс екенін ұғынған сайын, өлеңнің қайнар бұлағына тапжылмай бас қояды. Уақыт өткен сайын жырға ғашық жүрегі дауылы мен шуағы мол өмірге шексіз сүйіспеншілікпен қарайды. Түркістан облысының Түлкібас ауданында, сосын Кентау қаласында жүк тасымалдау мекемесін басқара жүріп, жұбайымен бірге отбасындағы жеті баланы асырап жеткізді. Балаларын заман талабына сай кәсіпке баулыды. Өмірге қанат қағып, әр салаға кеткен кезде де, оларға тіршіліктің қыр-сырын үйретуден әсте жалықпайды. Өмірдің қиын кезеңдерінде де қаламын қолынан тастамады.
Тірлікте қайда қадам басса да, оны өлеңнің құдіретті киесі желеп-жебеп жүргендей көрінеді. Абыройлы еңбек жолы, ұрпақ тәрбиесі, әдебиетке адал қызметі, хақ алдындағы ислами парыздарының тіні – көзге байқалмас өлең иірімдерімен сабақтасып жатқандай. Оның «Төскейсаз», «Жан сыры», «Екі дүние нұры» атты жинақтарында рухани әлемінің поэзиядан күш алып, қоғамға өз жемісін беріп жүргеніне куә боламыз. Ол ақындығымен ғана емес, сазгерлігімен де елге танылған өнер иесі. Сөзін де, әнін де өзі жазған «Неге, неге?», «Созағым», «Әке мен ана», «Сағындым сені», «Қазақтың жігіттері», «Кентау», т.б. әндерін қазақ эстрадасының жұлдыздары жиі шырқап жүр. Осы әндерге он шақты бейнебаян түсірген.
Рахым Балабиев кенді қалада жас ақындарды әдебиетке баулып қана қоймай, ислам жолына түскен жандарға шапағатын төгіп, отбасымен жұмыла ұйымдасып, Кентау қаласында жеті мұнаралы «Балаби қары» атындағы үлкен мешіт пен медресе салып, елге ас берді. Мешіт пен медресенің салтанатты ашылу рәсімі Кентау қаласының 60 жылдығы мерейтойында өткізілді. Оны сол кезде бас мүфти Ержан қажы Малғаж-
ұлының өзі келіп ашты.
Самарқанд медресесін бітіріп, елге діни сауатымен танылған әкесі Балаби дүние салғанда, Рахым аға небәрі 8-9 жаста екен. Аурушаң анасы Тотыкүлдің қолына қарап қалған бауырларымен бірге небір қиын күндерді бастан кешеді. Жақсы адамдардың арқасында өсіп жетіледі. Азамат болып атқа қонған шағынан бастап, жақсылықтың қайтарымын қайырымды істерімен сабақтап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді азаматтық борышына айналдырды.
Ал, Рахым Базаргелдіұлының қазақ әдебиетіндегі алатын орны бір төбе. Қазіргі таңда Кентау қаласында өзі ашқан «Қаратау тәжі» әдеби бірлестігін басқаруда. Қаладағы ақын-жазушылардың басын біріктіріп, шығармашылықты қолдауға ұйытқы болуда. Әдебиет есігін енді ашқан жас буынға жол сілтеп, парасатты тәрбие беруде. Алақандай Кентауда әдебиеттің шағын отауын тігіп, жас талапкерлердің жүрегіне өлеңнің отын жағып жүрген ағамыз бүгінге дейін 14 жыр жинағын жарыққа шығарыпты. Ол – ҚР-ның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Кентау қаласының Құрметті азаматы. Оның қазақ поэзиясындағы қаламгерлік еңбегі жоғары бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды.
Қайырымды істерімен жүректерді сүйсіндіріп жүрген абыз ақын сексеннің сеңгіріне келіпті. Айналасындағыларға жүрек жылуын төккен, жас өскінді мейірімге бөлеген, асыл жары – Салиха апаймен бірге ұл-қыздарының бәрін адамгершілігі мол, білімді азамат етіп тәрбиелеген ақын Рахым Балабиев елдің алғысына бөленген бақытты жан. Ұл-қыздары бүгінде белгілі кәсіпкер, депутат, дәрігер лауазымдарымен халыққа қызмет етуде.
Поэзия парасаты қашан да биіктерге бастайтыны рас.
Ділдәгүл Нұрмаханбет
Түркістан облысы