АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ
11.12.2018
2555
0

Есенғали Раушанов

Марқұм Сәукең, Сәуірбек Бақбергенов айтып отырушы еді: «Соғысқа дейін Түркістанға «Қызыл Өзбекстан» дейтұғын газет үзбей кеп тұрды, ешқандай тәржімәсіз оқи беретінбіз, Ғафур Ғұламның «Түркісіб жолдары» атты өлеңін мектепте қазақ, өзбек демей бәріміз жаттадық. Соғыстан келген соң әлгі газетті оқып көріп едім, түсіне алмадым, бұ өзбектерге не болғанын білмеймін, аузын ашса екі сөзінің бірі тәжікше, парсыша бопты, тоба» – деп.


Ташкент барсам Ғафур Ғұ­лам­­ның Бесағаштағы музей-үйі­не со­ғамын. Қашан да. Өзен жа­ға­лап келе жатып ылғи да Сәу­­кеңнің сол сөздерін еске аламын. Осы суды бой­лап бір кезде Сәбең, Сәбит Мұ­қанов жүрді ғой деп тағы ой­лай­мын. Бәлкім анау бір алып жөкенің түбінде Мұхтар Омархан­ұлы отырған болар, мүмкін Роза Бағланова алғаш рет Бесағаш гүл­зарларында түнімен сайрайтын бұл­бұлға қызығып ән салды ма екен?! Мына бір шынар Орал Таң­сық­баевтың сурет­те­ріндегі ағаш­тар­ға қалай ұқсайды, а?! Қазақтың соңғы ханы Кене­са­рының ұрпағы, ғалым Натай Кенесарин жат жерде жан тапсырарда не ойлады екен деген ой тағы келеді…
Ғафур Ғұламның музей-үйіне жылдың қай мезгілінде де келуші көп. Көзі тірісінде жарияланған «Біздің үйге қонып өтіңдер, дос­тарым» деген жырында:
«Мен Ғафур, бұл өзбекке
атым мәлім,
Осындай білесіңдер ақын барын.
Біздің үй Арпапая көшесінде
Келіңдер жат пен жуық, жақындарым» (еркін аударма) – дейді. Өлең өз заманында өте таны­мал болған. Елдің жоқ-жітік кезі, Тәшкентке ойдан-қырдан құйылып жататын кедей-кепшік әлгі өлеңді жаттап алып, күндіз демей түн демей ке­ле береді екен. Сонда Ғафе­кеңнің опынып «мен не тапсам да тілім­нен табамын» деп шығарған қал­жың өлеңі:
«Бұл Ғафур кеше де мас, бүгін де мас,
Ақынның мас кездегі түрін қараш[ы],
Мойнымнан аспа мені асар болсаң,
Е, құдай, асар болсаң тілімнен ас!» – деген. (Бұ дағы еркін тәржімә).
«Тілімнен табамын» дегені рас. Халық арасында Ғафур Ғұ­лам айтыпты деген әңгімелер әлі де көп. Мысалы дейсіз бе? Мысалы, мынадай: Екінші дүние­жүзі­лік соғыс жылдарында Ғафур Ғұлам бір топ жазушымен Мәс­кеу­ге барады. Әдебиетшілер Үйі­нен қыза­ра бөртіп шығып келе жатса, кө­ше­де жас жазушы Кәміл Яшин кез­десе кетіпті. Кәміл аға аласадан да аласа, ол аздай арық, әл­жуаз кісі еді ғой, марқұм. Ұзын шинелі­нің етегі жер сыпырып, ая­ғындағы екі үш өлшем кең етігі қолпылдап, асынып алған мыл­тығы өзінен үлкен, онысымен тұрмай қайта қайта шошаңдатып қояды дейді. Жөн сұраса, «Отан қорғауға аттанып барамын, Ға­фур ака» дейтін көрінеді едірең­деп. Ол ұзап кеткен соң соңынан қарап тұрып Ғафур ака айтыпты: «Жігіт­тер, көрдіңдер ғой, Кәміл-шер (жол­барыс) ұрысқа кірді, ол енді Ги­тлердің пашақ-пашағын шы­ғарады!». «Совет солдатын келе­келеді» деген бұл гәп арнаулы орын­дарға жетіп, соңы үлкен дауға ұласарда араға Константин Симонов түсіп әупіріммен аман қалған. Айбектің (Муһаммад Муса ТошмуҺамедов, өзбектің классик жазушысы) Ғафур Ғұлам туралы «Ол диірменге құлап түссе де, аман шығады, оны айтасыз, жәй шықпай жеті қап ұн алып шы­ғады!» деген сөзін жазушы қауы­мы ұмытпайды.
Ақынның қонақжайлылығы, қазақтарды ерекше қадір тұт­қаны және жерлеуге Сәбит Мұ­қановтың арнайы келгені туралы қызы, бүгінде музей-үйінің директоры Алмас апай (Olmos Gafurqizi) таңды таңға ұрып әңгі­мелеуге бар. Апай ылғи да Сәбит Мұқановтың отбасы туралы сұрайды, «Сәбең бар кезде қазақ­тар жиі келуші еді, кейінгі жылдары ат ізін салмай кеттің­дер» деп ренжіп те алады. Музейдегі Сәбең сыйлаған қазақы шапан көзге оттай басылады. Мұ­хаң­ның қолтаңбасы да ең көрнекті жерде тұр. Ғафекеңнің ұрпақтары дегенде әуелі, әрине, сүйікті ұлы, белгілі ғалым, Өзбекстан Ғылым Академиясы ядролық физика институтының директоры болған марқұм Ұлықбек және екінші ұлы Мырза Абдул Қадыр Ғұламовтар­дың есімдері тілге оралады. Кенже ұлы Хандемир тарихшы болды. Қадыр ака кейінгі жылдары Өз­бек­станның Қорғаныс Ми­нис­т­рі қызметін атқарды. Халық күні бүгінге дейін «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп оның қай перзенті де ең алдымен өз ана тілінде таза сөйлегенін жыр ғып айтады. Өзбекше білмейтін өзбек жоқтың қасы. Дегенмен ақын тағдырлы қызы Алмасты ай­рық­ша жақсы көріпті. Әкеге қыз бала ерекше жақын болады деген сөз рас болса керек. Бүгінде әкесінің музей-үйіндегі мыңнан астам экспонаттың әрқайсысын көзі­нің қарашығындай сақтап, шы­ғармашылығын насихаттаудан шаршамай келе жатқан Алмас апайдың өмірі бүкіл өзбек халқы үшін өнеге.
«Қазақта Тайыр Жароков деген ақын болғанын білесіздер. Сол кісі қайтыс болып, қырқына әкем Алматыға арнайы барыпты. Бұл 1965 жыл. Сонда сөз сөйлеп: «Егер мен өлсем мені Сәбит жер­лейтін болсын, Сәбит менен бұ­рын кетіп жатса өзім-ақ жуып арулаймын!» – депті. Жазмыш солай болды, Сә­беңнен бұрын әкем кетті ғой, келесі 1966 жылы. Алматыдан Сәбең келгенше еш­қандай жөн-жоралғы жасалмады, мәйітке еш­кімнің қолы ти­­меді. Ағаны күттік. «Қайда? Менің бауырым қайда? Мені неге өзі қарсы алмайды, аға­йындар-ау?» – деп, ұшақ тарапынан тең­селе басып түсіп келе жат­қан Сә­беңді көргенде Ташкент әуе­­жайы кү­ңіреніп кетті ғой. Қара ха­лықты, ақын-жазушыларды айт­пағанда қарсы алуға шыққан Өзбекстан Үкіметі мүшелері түгел жылады».
Сол күні Ғафур Ғұламның үйі­не Бұхар еврейлерінің раввині бастаған топ «О, падар! О, падар!» («О, әкеміз!») деп дауыс салып жылап келіп: «Бұ адам асылы біз­дің жұрттың адамы еді, сон­дық­тан өзіміздің салтымызбен жө­нелт­сек» – деп илтимос (өтініш) айтқан-мыш. Бірақ мен Алмас апайдан ол туралы сұра­мадым. Сұраймын деп жоспарла­маған­мын да. Ұзынқұлақ не демейді?! Біз Ғафур Ғұламды ұлы өзбек хал­қының ұлы перзенті, бұйық шайы­ры деп танимыз. Болды ғой сонымен. Артық сөз­дің керегі не? Әйтсе де, өзбек зия­лылары ара­сындағы кейбір алыпқашпа әңгі­мелерден құлағ­дар едім.
«Біздің әулетте о бастан қа­зақтарға деген ілтипат ерекше бол­ды», – деп әңгімесін жалғады Алмас апай, «әкеміз Сәбит Мұқа­новты аузынан тастамайтын. Сә­бит аға әкемді «Молда Ғапыр» деуші еді. Олай дейтін себебі бар: Мир Әлішер Науаи хазретлерінің мынадай бәйіті бар емес пе?! «Иб­рию, юнонию, суряни һәм, Һинди, агар сурса билиб они һәм», демек, «Жөйттің тілі, грек тілі, арабша, Ке­рек болса хинд тілін де біледі ол». Әкем бірнеше тілді, әсіресе арап пен парсыны ана тіліндей білу­ші еді, мұның бәрі ескі мек­теп­­тен алған ілімі болатын. Ол маған «Жолаушы шықсаң жолда­сың қазақ болсын, жолдан адас­пайсың» деген мақал бар ғой, қа­зақ­пен құдамдал жекжат болғым келеді, ертең өскен соң сені қа­зақ­тарға ұзатамын» дейтін әзілдеп. Құ­дай аузына салды ма, мені расында да шымкенттік азаматқа ұзатты ғой. Ой, ол бір Һикая. Шым­кенттің жанында «Қос диір­мен» деген өзбек қышлағы болған. Кейін «Коммунизм» деп аталды, бү­гінде ол қалаға қосылып кетті. Сол қышлақта Құдрат Ахметов деген азамат дүниеге келген күні менің әкем атақты «Түрксіб жолдары» деген өлеңін жазып, халық алдында оқыпты. Бұл 1936 жыл. Сібір мен Орта Азияны байла­ныс­тырған теміржолдың ашылу салтанатынан оралған Ахмет ака жаңа туған нәрестеге «Ғафур Ғұламдай құдіретті болсын!» деп Құдрат есімін беріпті.
Мен классиктің жалғыз қызы болғандықтан, қиындық көрмей ерке болып өстім. Қыз бойжеткен соң сөз ере бастайды ғой. Ташкенде «Ғафур Ғұламның қызы ғажап сұлу боп бойжетіпті, ол ана біреуге былай депті, олай депті» деген секілді әңгіме гүрлей бастағаннан әкемнен маза кетті. Өлең арнаған ақындар көп болды… Өзбекте қызды ерте ұзатады ғой, бірақ құда түсіп келгендердің қай қайсысын да әкем бұлқан-талқан ашуланып қуып шыға­тын. Сондағы айтатыны «Қызым әлі жас!». Құдрат ака (әдетте, өз­бек әйелі күйеуінің атын атамайды, «ака» (аға) деп құрмет­тейді) Таш­кен ауыл шаруа­шы­­лығы ин­ститутының агрономия фа­куль­тетін бітірсе де бірден комсомол, партия саласына ауысып, қызмет баспалдақтарынан өте тез көтерілді. Алғашында әкем оны да қабылдамады. Бірде пар­тия­ның кезекті бір жиынында сөз сөйлегенін көріп, оны фойэге оңа­ша шақырып алыпты. «Құдрат де­ген сенбісің?» «Мен­мін, дада». «Сен болсаң аяқ алы­сыңды көр­ейін, былай-былай оңға-солға жүр!» – депті әкем. Тура бір қазақтардың бәйге атын сынаға­нын­­дай алдынан әрі-бері өткізіп, олай бір жүгіртіп, былай бір жүгір­тіп бірсыпыра уақыт әурелепті де «Енді бара бер!» деп қуып жібереді. Әкемнің әпенді қылықтарын бү­кіл ел біледі. Бұ­ның әзілі екенін не шыны екенін білмей Құдрат ака қалады аңқа­йып. Ол кезде бола­шақ қожайы­нымыз Ташкент облысы Бекабат ауданы партия ко­ми­­те­тінің хатшысы. Әкем үйге келе салып мені шақырды да «Мен саған мынауский күйеу тауып келдім, исми шарифі (аты-жөні) Құд­рат Аһмади, соған тисең де тие­сің, тимесең де тиесің. Әгара­ким ти­мей­мін десең, тауыққа ұқсатып қол-аяғыңды байлап беріп жібе­ремін» – деді. Бәлкім, сұңғыла кісі біздің сөз байласып жүрге­ні­мізді білген де болар…» – деп әңгі­­месін жалғастырды Алмас апай.
Бұл жолы менің жол бастаушым белгілі өзбек жазушысы, Өзбекстан Жазушылар одағының жауапты қызметкері Меһманқұл ака Исламқұлов болды. Меһман ака Алмас апайдың өмірінен «Са­доқат сабоқлары» («Адалдық сабақтары») атты эссе жазған. Ақын­­ның үйімен ежелден ара­лас-құраласы бар қадірлі адам. Марқұм академик Бек Сүлей­ме­нов­тің туған жиені. Қазақ­шадан тікелей аударатын бірден бір маман.
Үшеуміз ақынның бай кітап­ханасымен танысып жүрміз. Ара­сында қазақша басылымдар да бар. Алмас апай сөреден үлкен бір кітап алды. Америка Құрама Штат­­тарында басылған альбом екен. Ескі, жаңа суреттер. Өзбек­станнан кеткен жөйттер өмірінен Дүниежүзі еврейлері қауымдас­тығының қолдауымен АҚШ-та басылыпты. Ғафур Ғұламға және отбасына арналған беттер ерекше безендірілген. Бастапқы суретте ақынның Израйльдің Кирьят Гат атты қаласындағы ес­керткіш тақ­тасы тұр. Мұндағы «Еврей жұр­тынан шыққан қа­сиетті адамдар» алаңына сән бе­ріп аталмыш ескерткіштің ете­гіндегі сабағынан жаңа үзіл­ген гүлдерге қарап Ғафе­кең­нің жөйіт еліне қаншалықты құр­мет­ті тұлға екенін тануға болатын се­кілді. Келесі суретте Нью-Йорк­те өткен (және ылғи да өте­тін) дүниежүзі еврейлері құ­рыл­­тайы қонақтары арасында бала-шағасымен Алмас апай тұр. «Жудә ям яхши сафор булганга ухшайди ю?» – дейді Меһман ака сыр тартып. (Керемет сапар бол­ған сияқты ғой, шамасы) «Бір-екі ай қонақ болдық» – дейді апай, «Ғажап қала екен, Құдай қаласа келесі құрылтайға да барамыз. Асылы біз таза өзбектерденбіз» – деп сөзін жалғайды апай, «Жа­ңа айттым ғой, біз ежелден Таш­кент­тің Бесағаш махалласында тұр­дық. Жөйт балаларымен бірге өс­тік. Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып, фашистер жөйттерді жап­пай қыра бастағанда әкем «Мен евреймін» деген атақты өле­ңін жазды. Өлеңді орыс тіліне Константин Симонов аударды, 1944 жылы Ташкенге аса көрнекті мемлекет қайраткері Л.Каганович келгенде әкем осы аударманы оқыпты. Содан бастап еврейлер бізбен жиі араласа бастады. Әкем өлгенде жаназадан бұрын дін өкілдерінің келуі де содан болса керек. Сәбит Мұқанов бастаған ақсақалдар оларға «Ғафур Ғұлам өзбек халқының перзенті» десе де раввин кетпей отырып алады. Ақыры «Аспанда күн ортақ, адамда жақсы ортақ деген, сіздер оны өз перзентім де­сеңіздер, мәйітін көріп қош­тасуларыңызға болады» дедік біз. Раввин қасына бір-екі адам алып әкемнің жисминін (мүрдесін) айналып көрді, еврей халқының ырым-жоралғыларын жасап, шашын кесті, тырнағын алды. Біз қарсы болмадық» – дей­ді Ал­мас апай. Алмас апай шын мә­­нін­де интернационалист кісі. «Өзбек әдебиетін жасағандардың арасында басқа ұлт өкілдері жүдә көп болды. Мысалы, классигіміз Садриддин Айни мен Хамза Хаким зада Ниязилер таза тәжіктер еді, тағы бір керемет классигіміз Абдулла Қаһар мен Қибрия ха­нум­ның да ұлты тәжік, даңқты шайыр Назомад та, академиктер Қари Ниязов, Мұхтар Ашрафи, Тошмухамед Сарымсақовтар да тәжіктер еді, кинорежиссерлер Шүкір Бурханов пен Комил Ярматов та тәжік еді ғой, Тамара ханум армян болатын, классик прозашы Мақсұд Шарифзаде кавказдық, Сергей Борадин мен Райм Фархади татар, Миртемир мен Ұйғын қазақстандықтар еді ғой, мен тек әдебиет пен өнер төңірегін айтып отырмын, ал мем­лекет, қоғам қайраткерлері арасында қаншама басқа ұлт адамдары болды, олар­дың бірін де айтпай неге бізді бө­ліп алып, қайта-қайта еврей деп жаза бере­тініне таң қаламын» – дейді апай күліп.
Біздің қазақтың басқа ұлтқа сіңіп кеткендері аз емес, ал енді бас­қа ұлт өкілдерінің қазаққа сің­уі мүмкін бе? Менің ойымды оқып қойғандай Меһманқұл ака: «Ай, қайдам», – деді, «Сіздерде ру бар ғой, жеті ата, тек дегендер бар. Бас­қаның қазақ болуы қиын шы­ғар». Бұл жақсы ма, жоқ, жаман ба? Енді мен сол туралы ойлана бастадым. Өзбекте «Арғы атамыз қазақ бопты» деген талай өзбекті көрдім. Ал, «Арғы жағы­мыз өзбек екен» деп жасырмай айтатын қазақты көргеніңіз бар ма?
«1963 жылы қыста жаңадан Сырдария облысы ашылып, Құд­рат ака партия комитетінің бі­рін­ші хатшысы қызметіне таға­йын­далды. Бірсыпыра аудандар Қаз­ақс­таннан алынғаны мәлім. Қазақтармен тонның ішкі бауындай жақын болдық, ауылы аралас, қойы қоралас ағайындар едік. Өз­бекстанға жаңадан қо­сылған Мыр­зашөл жақта негізі­нен қазақ­тар тұрды ғой, Фариш, Самарқан аймақтарында да қазақ ауылдары көп болды. Жер­гілікті педого­ги­калық институтта соларға арнап қазақша оқы­татын факультеттер ашылды. Ұмытпасам, институт басшы­лы­ғын­да да қазақтар болды. Қазақ­станның Оңтүстігінен жоғары санаттағы педагогтар мен ғалым мамандар көптеп тартылды. Пар­тия, совет, комсомол ұйым­­дарында қазақ кадрлары басым болды. Құдрат ака қай қайсы­сы­мен де бір туған бауырларша сый­ласты. Тамаша күндер еді ол. Бірақ менің бақытты күн­дерім ұзаққа созылмады. Бірде жаңа алған үйімізде газ құбыры аяқ астынан істен шығып қалып, жөндеушілер кеп, үзілген тұсты дәнекерлеуге кірісті. Жұмыс қы­зып жатқанда Иван деген дәне­керші байқаусызда оттық тұта­тыпты. Менің ештеңеден хаба­рым жоқ, шәй қамымен асүйде жүр­ген­мін, күтпеген жерден лап ете қал­ған жалын көзді ашып-жұмғанша тұла бойымды орап алсын. Мені құтқарудың орнына Иван далаға қашыпты. Содан… содан ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің қан­шаға созылғанын айтпай-ақ қояйын, ол азапты Құдай тағала адам ба­ласының басына бермесін. Әйел әуелі әдемілікті ойлайды ғой, қаншама операция жасатсақ та баяғы өң жоқ, құдай өзі алған нәрсесін қайтармайды екен ғой. «Құдрат ака мен секілді құбы­жық­ты қайтеді, жас қызға үйле­нетін болды ғой» – дедім іштей бекіп. Жұрт та солай ойлады. Жұ­бат­қандар көп болды. Таба­лағандар да бопты, оны шешем байғұс тілі­не алған емес. Бір күні күйеуім ауруханаға келіп, жаныма отырды. Күн кешкіріп қалған. Бет-аузымды дәкемен тұтас орап мен жатырмын. Көзім ғана жылтырай­ды. Оның көлеңкесі ғана көрініп тұрды. Қалай байқама­ған­мын, ол дүниедегі ең алып адам екен ғой, деймін көлеңкесіне сүйсініп. «Алмасхон», – деп бастады сөзін ақы­рын ғана. «Айта бері­ңіз, не айт­па­ғыңызды біле­мін» – деймін мен іштей өксіп. Сөзін тыңдамай-ақ шорт кесіп, «Рұқсат Алладан!» дегім келеді, бірақ тілім бұрал­май­ды. «Алмасхон, (әдетте, өзбектер қыз-келін­шектердің есіміне «хон» деген сөзді қосып айтып, құрмет­тейді. Мұнысы, «Сен мен үшін хан­сың, аса құрметтісің» дегені) кеше мені додам (ол менің әкемді Дода яки әке дейтін) шақыртты» – деп жалғастырды сөзін ол. Ғафур аканың сөзі былай болды: «Әң­гіме қысқа, Құдрат. Қызымды тастайтын болсаң бүгін тастап кет, өкпе жоқ. Ал егер кейін бет-ажа­рын келекелеп бір ауыз, бір ауыз емес жарты ауыз сөз айтар болсаң, сені өз қолыммен атып тастаймын. Өліп қалсам о дү­ниеден ке­ліп буындырып өлтіре­мін». «Мен сол жерде» – деді Құд­рат ака сөзін жалғап, «додам­ның қолын өбіп тұрып, «Қанша өмірім қалғанын білмеймін, бірақ қанша өмірім қалса да Алмасхонмен өткіземін» – деп қасам іштім (ант бердім дегені). Сіз ме­нің бұл байламыма қалай қарай­сыз, Алмасхон?».
Басым айналып кетті…
Ол бір енді ешқашан оралмайтын дәурен ғой, інім… Содан Құд­рат ака бақилық болғанша бірге тұрдық».
…Мехманқұл ака екеуміз Арпапая көшесін өрлеп келе жатып, талантты адамдарды Шығыста неге «Үлкен кісі» дейтінін еске ал­дық. Перзентке деген әкелік ма­хаб­баттың қандай болатынын Ғафур ака сияқты адамдардан үйренген жөн шығар. Үлкен кі­сілер өлген соң да үлкен боп қала береді екен.
Иә, Ташкенде қазақ халқын өз ұлтындай сүйген Үлкен кісінің музей-үйі бар. Қасиетті жерлерге зиярат қып, дұға ету сүндет. Мұ­ны менсіз де білесіздер.
Бірақ мен, осы шағын жолжазбада бәрінен бұрын, неге дүр, Алмас ханым Ғафур қызын өзім­нің туған апайымдай көріп кет­кенімді айтқым келді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір