Әсем сымбат елшісі
16.11.2018
2853
0

Аман Құлбаев­

Актер мен режиссер бір сәтті шыққан кино не сахна қойылымынан соң-ақ атақ-даңққа бөленіп шыға келеді. Ал, сол жетістікте, үлкен де, кіші де есі кетіп қарайтын небір қиян-кескі шайқас, жан алып, жан беріскен төбелес, қылыштасу сияқты көріністерді қойған автордың еңбегі орасан зор екенін арнайы мамандар болмаса екінің бірі біле бермейді-ау. Кинофильм аяқталғанда театрда кино түсірілуіне атсалысқан адамдардың аты-жөндері шұбырып шыққан кезде актерлерді көкке ұшырып жерге түсетіндей қимыл-қозғалыстарға үйреткен шебердің аты орта тұсында не аяқ жағында бір көрінеді. Сахна қозғалысы маман­ды­ғының шебері, қазақ сахна өне­рінде осы таңсық мамандық­тың алғашқы кәсіби ұстазы, ғы­лыми да тәжіри­белік те негізін салушы Аман Бе­кен­­ұлы Құлбаев­пен бүгінгі театр жә­не киноға ма­мандар дайындау ісі жөнінде пікірлестік.

– Сіз сахна қоз­ғалысы пәнінен сабақ бергелі жар­ты ғасырдай уақыт болыпты. Кең­ес заманы мен қазіргі замандағы сах­на қозғалысы пәнін­дегі жаңа­лық­тар, соны әдістер туралы айт­саңыз.
– Біз Мәскеу мен Ленин­град­тың театр мектебінен өттік. Жалпы орыс театр мектебі кеңес кезінде теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да әлемдегі озық мек­тептің бірі болды. Қазір де солай. Дейтұр­ғанмен, Кеңес Одағы ыды­рап, бұрын «темір шы­мылдықтың» ар жағында болып жатқан кино мен театр өнеріндегі неше түрлі жаңа­лық­тар бір сәтте бізге қарай ағылған кезде алуан мектептерді көріп таң­дан­ғанымыз да рас. Ба­тыста өнер ақша табудың көзі бол­ған­дықтан көрермендерді елік­тіріп, оқиға­ларды ширыққан үстіне шиырық­тырып отыру үшін қоян-қолтық айқас, қарудың неше түрін қолда­нып ұрыс салу өнерінің орны бөлек еді. Осы тұста спорт саңлақ­тары­ның да кино мен театр өне­ріне қос­қан үлестері ора­сан бол­ды. Брюс Ли, Ван Дамм, Джеки Чан, Чак Норрис сияқты шығыс жекпе- жегінің мамандары алдыңғы план­ға шыға келді. Ал, кеңес кино­сы мен театры психо­логиялық ойын­ға, адам­затқа ой салар идея­лар­ға құ­рыл­ған еді. Каратэ сияқты шы­ғыс­­тың спорт өнері кеңес қоға­мы­на жат сана­лып, тиым салынды. Кейін ол қыл бұрау бәсеңсіп, ки­нода шығыс жекпе-жегінің шебер­лері көріне бастады. Мысалы, ак­тер­лік шебер­лігі мен сайыскерлік ше­бер­лігі тең түскен Талғат Ниғма­туллин жарқ ете түсті. Осы кезден бастап театр өнерінде де сахна қозғалысы, сахналық ұрыс пәніне қойылатын талап та өзгеріп, жаңа методика дайындала бастады.
– Жаңа методика дедіңіз. Сіз еңбектеріңізде ұлттық мағынасы терең актер плас­тикасының өзегі, қимыл-қоз­ғалыс, ым-ишаралар туралы айта­сыз. Ұлт­тық пластика, ым-иша­ралардың ұлттық өнер үшін маңы­зын, сауатты қолдану жол­дарын айта кетсеңіз.
– Бәріміз Адам Ата, Хауа Ана­дан тарағанымызбен көбейе келе, жер бетіне әртүрлі ұлт пен ұлыс бо­лып тарала келе ұлттық ерек­шеліктеріміз де айқындала түсті. Әрине, барша адамзатқа ортақ ым-ишаралар бар. Мы­салы, футбол­дан әлем чем­пио­натын қарап отыр­саңыз, қақпа­сына гол соғылған кез­де жеңілген команданың жан­күйерлері аһ ұрып бастарын ұстай алады. Кү­дері үзілгенде, үміті күй­реп түскен сәтте неміс болсын, ағыл­шын болсын, бразилиялықтар болсын, қай ұлт болса да осы иша­раны жасайды. Ал енді әр ұлттың ішкі жандүниесінде болып жатқан қуану, торығу, таңдану, күйзелу сияқты әр алуан сезімдері гене­ти­калық кодына сәйкес өз ым-ишара, пластикалық сурет ретінде көрі­неді.
– Актердің кейіпкерінің ым-ишараларын дәл таба білуі, роль­дің пластикалық пішімін тасқа қашаған­дай сомдауының жол­дары, тәсілдері қандай? Және оның шынайылығын көрермен қалай біліп отыруы мүмкін?
– Сауатты ойнай білу үшін актер арнаулы білім алады. К.С. Станиславскийдің «Менің жүйем­ді зердесімен емес, бүкіл тәнімен тү­сін­ген актер шеберлікке көте­ріледі» дей келіп: «Сөзді тән ар­қылы өткізу керек» – деген өсие­тінде актердің шығарманың ойын көрерменге жеткізуде сөзбен бірге пластиканың – тән тілінің қан­шалықты маңызды екендігін біл­діреді. Ф. Шаляпиннің «Иша­рат тән қимылы емес, жан қимылы екен» дегені тағы бар. Пластика – грек тілінде сымбат мағынасын білдіреді. Сальвадор Далидің «Суретші сурет салуда шеберлігін құстың қанат қаққанын­дай дәре­жеге жеткізуі керек» деге­нін актер­дің пластикалық шебер­лігіне де қатысты айтуға болады. Шынында да, суретші ойына кел­ген керемет көріністі кенеп бетіне тү­сіруде қыл қаламы мың сан бояу­дың ішінен керек бояуды бір сүйкеп түсірердей шеберлікке жетсе, актердің плас­тикалық дайын­дығы да қапелімде туған ойын өрнегін бедерлеуде көз ілеспестей жылдам, икемді, әсем болуы тиіс.
– Ол шеберлік қалай келеді?
– Бірінші курстан бастап ар­найы жаттығулар жасалады. Координацияға, дене сымбатын жетілдіруге, ырғақ-өлшемге сай қозғала білуге үйрететін тренинг­тер дайындадық. Бүгінгі күн ак­тер­леріне қойылар талап – дене бітімі жолбарыстай қуатты, мысықтай әбжіл қозғала білу. Шын актер – дене сымбатын қартайғанда да жетілдіре беруден жалықпайтын актер.
– Жаңа ұлттық код туралы айт­тыңыз. Қазақ актерлерінің сахна сайысы үстінде ұлттық сымбатын білдіретін, қару-жарақ қолданудың ерекше тәсілдері бар ма? Және ол тәсіл бүгінде қайдан алынады?
– Қазақтың кілем, алаша, киізге төккен ою-өрнегін қарап отыр­саңыз жебенің бедері жиі кездеседі. Бір-біріне қарсы ұшқан жебе – ол соғыстың белгісі. Қазақ өзі ба­сқын­шылық жасамаса да соғыстан көз ашпаған халық. Ұлан-байтақ жерді сақтап қалу үшін, ақ найзаның өткір ұшын дәл көздеп, қапы жі­бер­меуде жолба­рыстай жүректі болу­мен қатар, білектің күші де мықты болуы керек еді. Сахна қозғалысы, сахна сайысына қажет материалдар іздегенімде ата-бабаларымыздың ат үстінде шауып келе жатып, бір қолмен он пы­шақ­ты бірден лақты­рып, он жауын сұлатып кететінін оқыдым. Жалпы, сахна қозғалысы мамандығын жетілдіре түсу үшін материал іздеу кезінде тапқан артефактілерді әлі де саралау үстіндемін. Қазақ қы­лышты, сем­серді, найзаны, сүңгіні, шоқпарды керек десеңіз, қаруына қолы жет­пей қалған кезде үзеңгіні суырып алып қалай қолданды де­ген сұрақ­тардың жауабын әлі де іздестіріп, сахна сайысына да­йын­дау үстін­демін. Қамшының өзін қылышша сермейтін қамшыгерлер болған ғой. Осының бәрі қызық; таусыл­майтын ізденістерге сеп. Оралхан Бөкей «Қамшыгерінде» сиырдың бірнеше қабат терісін қамшымен бір тартып, алмас қы­лышпен шапқандай шауып түсі­ретін Қам­шыгерді сурет­теуші еді ғой. Бір барымтадан кейін қиядан құлап мертіккен Қамшыгер өлген ке­зінде қамшысын сығымдап ұста­ған бойы кетпейтін бе еді? Жер­лерде қолын жазып, сығымдап ұстаған қамшысын ала алмаған жұртқа Қамшыгердің әйелінің «Қам­шысымен жер­леңдер» деуінде біздің жауынгерлік өнері­мізден қол үзе бастаған траге­диямыз жатыр емес пе еді? Негізі, қаруда қасиет бар. Қару – ер жігіттің жанынан тастамас серігі болған. Қару – ер адамға сенімділік береді. Жыртқыш аң ба, аңдыған жау ма – қапияда тап бергенде қаруы бар ер есесін жібе­рер ме?! Сәбет үкіметі қораға шап­қан қасқырды ататын қара мыл­тыққа дейін тартып алды. Оның бәрі алдын ала құрылған, қазақ үшін қасіретті жоспардың бір ұшығы болатын…
Қазақ қаруды қадірлеген, оны шошаңдатып ретсіз көрсете бер­меген, бостан-бос сұқаңдата бер­меген. Бізде кейде кинода, сахнада батырларды ойнайтын актерлер эффект үшін қылышын қыннан жартылай суырып алып, сақ еткі­зіп қынына кері салып жібереді. Бұл дұрыс емес. Қарудың қадірін білетін өзге ұлттарда да қаруды бостан-бос сілтемейді. Тілдік мә­міле біткен кезде қару сөйлейді. Қылышты қыннан суырдың екен – ер болсаң – шап! Қазақ жүзі жоғары қарап жатқан пышақты да «қан сұрайды» деп дұрысынан жатқызған.
– Би өнері мен сахна қозғалысы, сах­на сымбаты «тонның ішкі бауын­дай» бір-біріне жақын өнер. Сіз «Сахнадағы сымбаттылық» атты еңбегіңізде қазақтың би өнерін зерттеп, сахна сымбатына орайлас­тыру жолдарын көрсетесіз.
– Бұрынғы қазақ әншілері ән салған кезде құдды бір биші сияқты он екі мүшесі түгелдей би­леп кете­тін болған. Әміре Қашау­баев гормонға қосыла ән сал­ғанда, екі аяғы мен білек бұлшық еттерін музыка ырғағымен «би­лете» жө­неле­тін, Шашубайдың гор­монды кеуде тұсынан құлақ шекесіне дейін жорғалата «биле­тетіні», ақын Исаның домбырамен ән айтқанда, бәйге атындай қызынып, денесі қозып, отырған жерінде байыз таппай, тыпырлай «билеп», дом­бырасы төбесін, тақымын, желке­сін, иығын – өне бойын тегіс ара­лап жүретіні» осы би өнерінің адам жанын баурап алар құпия-сырының құнды­лығына дәлел болса керек.
– Таласбек Әсемқұлов «Шашу­бай бетін тыржитқанда құйқасы, бет-аузы, құлағы қаптың аузын буғандай бір уыс болып жиырыла қалып, жымиғанда орын-орнына тұра қалғанын көрген адамдар шошынып, көпке дейін өз-өзіне келе алмай қалатын болған» деуші еді.
– Иә, дала артистерінің өнері асыл мұрамыз. Олар бүгінгідей неше түрлі өнер мектебінен өтпесе де, туа біткен таланттар еді. Бұл да бүгінгі сахна өнерінің зерттеуші­леріне таусылмас қазына. Халық артисі, зерттеуші Д.Әбиров қазақ­тың халық билерінің қимыл-қоз­ға­лысын: «Ырғақты адым», «шоқон жорға», «тепең жорға», «желдірме», «шабыс», «ытқыма», «ай­да­һар иі­рілу», «тебінгі», «мал­дас», «сүй­ретпе», «бопым-бопым», «тізерлей шыркөбелек», «тышқан ізі», «сылаң қақпа», «беташар», «бұраң бел», «бүркіт қанат», «кекіл қақ­па», «өрме» деп жіктеп көрсет­кен. Бір ғана «Өрме» өрнегінің қимыл-қозғалысын тарататын болсақ оның өзі елуге тарта екен. Бұған Шара Жиен­құлова­ның «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «ұршық иіру», «киіз басу», «саба пісу», «қос жылан» өрнектерін қосыңыз. Осын­дай зерттеулер өнер түр­лерінің бірін бірі байытып, үнемі жаңғыру, жаңару үстінде болуына сеп.
– Ұлттық шығарма мен шетелдік авторлардың шығармаларын сах­налау кезінде сахна қозғалысының, сахна сайысының қандай ерек­шеліктері бар?
– Әрине, Қозы мен Қодар қан­жармен сайысады, Ромео мен Тибальт шпагамен сайысады. Ак­терлер әр заманның, әр халық­тың қару-жарағын сахнада қол­дану әдістерін үйреніп, жаттығады. Қазақтардың қайқы қылышы мен рыцарлардың семсерін қолдану әдісі екі бөлек. Бірі – жеңіл, бірі – ауыр қару. Демек, қолдану, жұмсау әдісі де әртүрлі. Қару қол­дануда күшпен қатар жылдамдық, әбжілдік керек. Студенттер осы екі қасиетті де жетілдіріп үйренеді. Шпага – семсерлесу өте әдемі көрініс. Семсерлесушілер бишідей жеңіл қозғала жүріп, қимыл үйлесімінің небір ғажабын көрсете білулері керек. Сахна сымбатында актер бұлшық ет, сіңірлерін керек кезде ширықтыруға да, босата да білуге, денесін сірестірмей бос ұстауға үйретеді. Бұл шеберлікке жету үшін студентті ішкі еркін­дікке жетуге, сахнада тез ойланып, шапшаң қимылдауға тәрбие­лейміз.
Станиславский мен Мейер­хольдтың жүйесі екі түрлі. Мейер­хольдтың «биомеханика» атты әдіс-ілімінде сахна қозғалысының негізін құрайтын жаттығулар жетер­лік. Станиславский актер оқиғаны өз басынан өткеріп, өзінің психофизикалық толға­нысы кезінде «қайнатып, пісіріп» алып барып әрекетке көшуі керек десе, Мейерхольд сахнадағы әрекет әуелі қимыл-қозғалыстан басталуы қажет деген ұстанымда болды. Мейерхольд адам қорық­қан кезде алдымен қашады дейді – «қашу-қорқу». Станиславский жүйесі бойынша адам әуелі қор­қады, яғни қорқу сезімін бастан кешеді, сонан соң барып физикасы іске қосылады – «қорқу-қашу».
– Сахна қозғалысы болсын, сахна тілі болсын небір атақты автор­лардың жаттығулары иогадан алынғаны көрініп тұрады.
– Иә, йога тән мен жанның үйлесімін таба отырып, адамның қоршаған ортамен қарым-қа­тысын терең зерттеп барып орга­низмге пайдалы жаттығулар құрған. Иога жаттығулары таза ауада жасалады, ауыр тамақ ішуге болмайды, қоры­тылуы тез, кало­риясы мол тағаммен азықтанады. Идеалды түрде қорек­тенудің бұл түрі актерлерге де пайдалы. Шығыстың денсаулыққа пайдалы ілімін сабақ үшін іріктеп, маман­дыққа байланысты оңтайлап алуға болады. Актер тәрбиесінде актер шеберлігі, сахна тілі және сахна қозғалысы пәндері тығыз байла­нысты оқытылады. Ойды жеткізетін сөз, күрделі қи­мыл-әрекет үстінде ентігіп қалмас үшін, шаршамау үшін, сөзі анық естіліп, қимыл-әрекеті үйлесімді болу үшін дұрыс тыныс ала білудің маңызы зор. Сахна қозғалысы педагогі де психофизикалық әре­кет кезінде студенттердің жаттығу­лары актер шеберлігі элементтерін түгелдей қамтитын кешенді түрде болуын қадағалайды.
– Аман Бекенұлы, Сіз Т.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, ғы­лым кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қай­рат­керісіз. Бірнеше кітаптың авто­рысыз. Театр, кинофильмдерге сахна қозғалысынан қойылымдар қойып келесіз. Актер ретінде де көрінесіз. Өнердің адамға берері қандай?
– Берері көп. Өнер адамдары кітап жазса «Өнерім – өмірім» деп атап жатады. Шынында да, өмірім­нің көбі осы академияда өтіп жа­тыр. Өнер адамды үнемі алға ұм­тылу­ға, жаңғырып отыруға, ізде­ністе болуға жетелейді. Біз жастарды әрқашан рухани құн­дылықтарды материалдық құнды­лықтардан жоғары қоюға баулуы­мыз керек. «Өнерлі өрге жүзеді» дейді халқымыз. Менің өмірімнің мұраты – өнерлі жастарымыздың таланты жан-жақты ашылып, өнер көгінде еркін самғағандарын көру.
– Рахмет, қадірменді Ұстаз! Мерейлі жетпіс жасыңыз құтты болсын!

Асылбек Ихсанов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір