«ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ, ҚАЙДАСЫҢ…»
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен өтетін жастар шығармашылығының жыл сайынғы «ЖасStar» халықаралық фестивалі аясында Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында жас суретшілердің халықаралық байқауы ұйымдастырылды.
«Энергия. Жастық шақ. Өнер» атты байқау-көрмеде Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Украина елдерінің түрлі аймақтарынан келген жас шеберлердің сан алуан бағыттар мен техникалық тәсілдер арқылы орындаған алпыстан астам туындысы сынға түсті. Суретшінің көркемдік мәнеріне, идея ұшқырлығына, шығарма мазмұнына ерекше көңіл бөлінген байқауда Шымкент қаласының жас суретші-шебері Бауыржан Жетпісәлиев жеңімпаз атанды. Автор ыстық эмаль техникасы арқылы күмістен жасаған «Мәңгілік ел» атты зергерлік композициясында көшпелі дәуірден қазіргі таңға дейінгі қазақ тұрмысының көрінісін жүк артылған түйе бейнесіне сыйғызған. Бейнелеу өнеріндегі жаңа заман айшықтарына толы бұл көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.