САТИРАСЫНАН САМАЛ САУЛАЙТЫН
Амандық-саулықтан соң, Алматыны түгендеуге көшті. Өзімнің туған ағам Елубай! Төрт-бес ай оқып, қысқы сессиядан соң демалысқа келген менен Алматыны артық білетін сияқты! Түгендегенде, Алматының көк аспанмен қол ұстасқан тал-қайыңдарында, жасыл дәліз – көшелерінде шаруасы жоқ. Оның білгісі келгендері мүлдем бөлек!
– Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді көрдің бе? – деді оларды бөліп жармайтын дағдысы бойынша үшеуін бірге атап. Мен бірде сырттарынан көріп қалғанымды айттым.
– Сонда, оларды көре тұра, барып сәлемдеспедің бе?
Бұл сұрағына да қанағаттанарлық жауап ала алмаған Елекең түңіліп кеткендей болды.
– Өй, сен… жә, консерваторияда оқыған Оспанхан Әубәкіровті сұрамай-ақ қояйын тым болмаса, өзің білім алып жүрген ҚазМУ-дегі Үмбетбай Уайдинді білетін, бірге жүретін шығарсың?!
– Ол 4-курста оқиды ғой, мен болсам, онда енді ғана түстім!
– Енді түссең қайтеді екен! Балықшы балықшыны алыстан танымайтын ба еді! Әй, шіркін, оқи алмай қалдым ғой! Болмаса, мен сонда болсам ғой!..
Менің жауаптарыма айызы қанбаған ағам осыдан соң ойына кенет бірдеңе түсе кеткендей, өзі сүйіп оқитын «Қазақ әдебиеті» мен «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеттерін қаттап, мұқият жинап қойған орнынан еппен алып, онда жарияланған Үмбетбай Уайдиннің бір өлеңін оқи жөнелді.
Жасырмайық, шындықты айтсақ, несі мін?
Мейрам сайын ата-анамыз есімін
Еске аламыз, заулатамыз хаттарды,
Тоздырамыз главпочта есігін.
…Қызығы көп, думаны көп – анық біз
Әзіліңе, әніңе де қанықпыз.
Көңілінде оймақтай да мұңы жоқ,
Міне, осындай біз студент халықпыз.
Оқып болған бойда, ағам тағы да тамсана сөйлеп кетті.
– Тегі осы Үмбетбай Уайдин деген азамат аузын ашса, аржағынан жүрегі көрініп тұратын аңқылдаған ақеділ жан болса керек! Ел-жұрттың амандығын ақша керек болғанда ғана сұрап, хат жазатын тек сен бе десем, Үмбетбайдың мына әзілінен бұл жағдайдың өзі көп студентке тән екенін көріп отырмын. Оны ашық мойындап отырған автор көңілінің ақтығы мен пәктігін көрмейсің бе! Қасат қарды бір сәтте ерітіп жіберетін біздің елдегі «алтын күрек» аталатын желіміз тәрізді жан жүйені балқытып жібереді екен!
Ауылдағы газетқұмар ағаның осынысының өзі мен үшін кәдімгідей сабақ болды. Әсіресе, оның әзіл сөздің астарына үңіле, оның авторының жан дүниесін ұғына білген байқампаздығы кәдімгідей ой салды. Каникул аяқталып, университетке оралған бойда Үмбетбайды арнайы іздеп барып сәлем бердім. Бір университетте оқып жүріп, өзімен осы уақытқа дейін таныспағаным үшін ағамнан ескерту алғанымды айттым.
– Ойпырым-ай, мына хабарың маған үлкен жауапкершілік жүктеді ғой! – деп, Үмекең қалбалақтап қалды. – Менің жазғандарым туралы осындағы курстастарым мен ұстаздарымнан бастап, қолдарына қалам ұстаған біраз кісінің пікірін тыңдап жүргенім рас. Ал ауылдағы қарапайым оқырманның мына ықыласы ерекше екен, ерекше…
Үмекеңнің, шынында да өзгеше күйге түскені байқалып тұрды. Осыдан бастап, онымен кездескен бойда әңгімеміз жарасып жүре беретін болды. Кездескен сайын ағамның жайын сұрап, сыртынан сәлем жолдап жүреді. 1968 жылы тұңғыш жинағы «Қара көзілдірік» деген атпен кітап болып шыққанда: «Бұл тырнақалдымды өзін көрмесем де мен тәрізді сатираның сары үрпек балапанына көңілінің төрінен орын берген жанкүйерім, әрі құрдасым Елубайға ұсынамын!» деп жазып, апарып беруімді тапсырған еді. Айтқандай, ол екеуінің бір-бірімен құрдас екенін айтып жүрген де өзім ғой!
Елекеңнің ол кітапты алғандағы қуанғанын көрсеңіз! «Авторының өзі арнайы беріп жіберіпті!» деп үйге келгендердің үлкен-кішісіне оқып беріп отыратын. Сөйтіп жүріп, ондағыларды түгелдей жаттап алды десе болады.
Қарындас-ай, сілейдім ғой, масқара,
Құйып кетті мына жаңбыр қас қыла.
Жол қысқарсын, бір хикая бастайын,
Ала кетші қолшатырың астына.
Осыны оқып алып, Елекең өзінен өзі мәз болады.
– Қарашы-ей, бұның «масқара» деп жорта қиналуын! Онымен қоймай, «Құйып кетті мына жаңбыр қас қыла», – дейді. Мына Үмбетбай құрдасым қандай қу, ә! «Қас қыла» деп қояды. Қастық емес, достық қой ол! Соны сылтауратып: «Ала кетші қолшатырың астына» – дейді. Көз алдыңа елестетші! Қарындастың қолшатырының астына кірді дейік. Сонда жаңбырдан қорғанғанына мәз болып жүре береді дейсің бе? Жоқ! «Жол қысқарсын» деп қойып, «бір хикая бастамақ» екен! Жаңбыр болса құйып тұр! Үмбетбайдың өзі болса, суықтан сілейіп қалған. Дір-дір етеді. Соған қарамай, хикая бастамақ! Неткен жанкештілік! Шіркін, махаббаттың құдыреті! Дер кезінде құйып кеткен жаңбыр қандай керемет!
Жаса, Үмбетбай құрдас! Осылай етпесең, теңіңді қалай табасың, сүйіктіңе жан сырыңды қалай ашасың! Неткен пәктік, неткен тазалық! – Елекең әр өлеңді оқыған сайын осылай тамсанады.
Оның өлеңді түсіну, онда айтылған сөздерінен сезім ұғу ерекшелігі маған да әсер еткен сияқты. Шығарманы жай зуылдатып шықпастан, ондағы тұспалдарға мән бере, түйсіне қабылдау керек екен-ау! Солай еткенде, Үмекеңнің жеңіл ғана сипай қамшылап өткен тұстарынан жанды бейнелер бой көтеріп шыға келеді екен! Зерделей білген жан оның астарынан кесек-кесек ой да түйеді.
Орысшаны мыжып тастады.
Обал-ай,
Қазақшаны қақ ортадан сызып тастады.
Бұл қалай?
Әй, кеттік-ай!
Бір кезде жапоншаға жаяу тартты.
Қарашы, бетім-ай!
Бірақ,
Көп күлкісіне көміліп қалды.
Бірақ!
Не болса, ол болсын,
Бір көрініп қалды.
Ал бұл кімнің бейнесі деп ойлайсыз? Ә, таныдыңыз ба? Тап солай, соның өзі! Қолынан келсін-келмесін, өресі жетсін-жетпесін, біреулердің оқшауланып көрінуге, көзге түсіп қалуға ұмтылатыны бар екені рас қой! Өзінің болмысында жоқ нәрсе қай ұшпаққа шығарсын?! Ақыры күлкіге қалып, мазаққа ұшырайды. Мұнда Үмбетбай сондайлардың не орысшаны, не қазақшаны қатырмайтынына қарамай, жапоншаға жармасамын деп, жайрап қалатындардың тыраштығын әжуалап отыр.
Бірақ, жілігінде майы жоқ бұнысы үшін Үмекең оны соншалықты жерлеп те отырған жоқ. «Өзі жүретін өгізге «өк!» деген өліммен тең» демекші, бар болғаны «Көп күлкісіне көміліп қалды» деп келіп, жай ғана самал сипап өткендей етіп: «Не болса, ол болсын, бір көрініп қалды» деп аяқтайды.
Тегі Уайдаұлы теріс мінез, оғаш қылықты қанша жерден сынап отырса да оны соншалық қатты шенеп, іремейді. Айтарын езуге күлкі үйіре отырып, ишарамен жеткізеді. Солай болған соң, қанша жерден сын нысанына алынса да ол бейнені жек көре алмайсыз. Тіпті, оның сол олпы-солпы аңғырттау болмысы үшін маңдайынан алақаныңызбен сипағыңыз келе ме, қалай өзі!?
Аже говорит:
«Он гаварит,
Мне гаварит.
Денгі гаварит,
За дачи гаварит,
Вот што гаварит,
И гаварит…»
Интересно,
Қазақша тұрғанда,
Аже орысша зачем говорит?!
Күлесіз бе? Күлесіз! Содан соң жылайсыз ба? Жылайсыз. Оны осылай сөйлегені үшін жек көре аласыз ба? Жоқ! Өйткені, ол осы әпенді қалпымен – өз бауырыңыз! Өз қолыңызды өзіңіз кесесіз бе? Бұл да сондай! Тек жаныңыз ашып, жабырқап тұрып, жақсы көресіз.
Тегі мұның өзі Үмбетбайдың самал желдей желпіген жан дүниесінің әсері болса керек. Баршаны сүйе біледі, жұпар лебімен аймалайды. Осы сүйіспеншілігі Үмбетбайдың қызмет таңдауына да әсер еткен сияқты. Үмекеңді Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатына, одан кейін Қазақ Мемлеккеттік университетінің журналистика факультетіне ұстаздық қызметке алып келген де сол сезім деп білеміз.
Ол жерлерде Үмекең шәкірттерін әдебиет пен журналистикаға ғана баулып қойған жоқ. Сонымен бірге оларға өзінде бар әдеп, мәдениет, адалдық тәрізді асыл қасиеттерді де сіңіре білді. Соның нәтижесінде «Қара көзілдірік», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Пәлен-пәштуан», «Әумин», «Атың кім, әй?», «Алло, бұл кім?», «Мәселе қайда жатыр?», «Құрдым шиыр» тәрізді әзіл-сақақ кітаптарымен бірге «Инабат иірімдері», «Әдеп әлемі және журналистика» аталатын тәлімдік кітаптарын да шығарды.
Бұл соңғы екеуі Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбек, Балғабек Қыдырбекұлы, Мыңбай Рәшев тәрізді қазақ сатирасы сардарларының қатарынан орын алған Үмбетбай Уайдиннің өзінің жанымен қалаған ұстаздық қызметіндегі еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Үмбетбай Үайдаұлы шәкірттерін әдебиет пен журналистика сырларына баулып қана қойған жоқ. Өзінде бар әдеп, әділет, шыншылдық, тазалық тәрізді асыл қасиеттерді олардың бойларына да сіңіре білді. Алайда, оның үлгісін алатын сынып пен дәрісханада қанша шәкірт болуы мүмкін? Жиырма? Отыз? Елу?! Асып кеткенде, осынша жас! Ол болашаққа үмітпен қарап, қыр қызғалдағындай өсіп келе жатқан өндір жастар үшін теңізге тамған тамшыдай емес пе? Ұлағатты ұстаз білуге ұмтылған барша жасқа дәріс беруді қалады. Оның жолын тапты да! «Инабат иірімдері» мен «Әдеп әлемі және журналистика» кітабы соның нәтижесі! Дүкеннен алып, немесе кітапханаға барып қалағаныңша оқи бер! Соның бір тұсында мынаны да көреді:
«Бірде мектеп оқушысы (шәкірті) сабақ аяқтала бере қасыма жақындап:
– Ағай, менің журналист болғым келеді. Бірақ, бір кісі «қазір бұрынғы журналистика жоқ. Бүгінгі журналистика білім бермейді. Және журналистика ғылым емес. Сен философияға түс, жақсы мамандық», – деп айтты» деді.
– Мені тыңда. Біріншіңден, кім қандай оқу орнын қалап алады – ол әркімнің өз ықтияры, мамандықтың жаманы жоқ. Екіншіден, саған мұндай ағыл-тегіл ақыл-кеңес берген ол қатты қателеседі: журналистика – кәсіп, мамандық. Құрметті мамандық», – деп ұстаз Үмбетбай Уайдаұлы егжей-тегжейлі түсіндіруге көшті.
Әттең, шағын ғана сыршертпемізде кітаптағыларды түгел келтіруге мүмкіндігіміз жоқ. Қысқасы, Үмекеңнің қаламынан шыққан әзіл-сықағы бар, тәлімдік-танымдығы бар – әрбір дүниесі ұрпақ үшін асыл қазына болары сөзсіз.
Сонау көктемде осынау аяулы жанның суық хабарын естіген жыл құстары туған жерге қаңқылдаса, тырауласа, қиқуласа жеткен еді, енді, міне, күз келгенде, жанынан самал саулатып өткен ардақты ұлын туған елі ұмытпайтынына, қалдырған мұрасын қадірлеп-қастерлейтініне көңілдерін сендіріп, енді соны алыс елдерге жеткізу үшін көк төсінде сызылта әндетіп, түстікке қарай тізіліп барады. Хабарлаңдар, жеткізіңдер! Ел-жұрты ізгі жанды асыл перзентін ұмытпайды! Оның аманат еткен дүниелерін әлі талай перзенттері жанына азық, бойына нәр етеді.
Кемелбек ШАМАТАЙ