Мамандығым — мақтанышым
09.11.2018
1011
0

ХХІ ғасыр – ғылым мен білім ғасыры. Жас ұрпаққа, жас буын өкілдеріне жаңаша білім беру жүйесі жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Мектеп те, мектеп бағдарламасы да, оқулықтар да өзгеріске түсуде.

Дарынды, ұлттық құн­ды­лық­тарды меңгерген, көкжиегі кең шәкірт тәрбиелеп шығару — білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы.
Әрбір ұлт өзінің ұлттық қа­сиет­­тері мен ұлттық құнды­лық­тарын сақтау арқылы дамып отыр­ған. Мұғалім осы құндылық­тар­ды бала бойына сіңіруші бол­са, мен осы салада жұмыс істеп жүргеніме мақтанам.
Әдебиетші ретінде әр саба­ғым­ды бастамас бұрын терең мағыналы әңгімелерден үзінді келтірем, қайтсем де оқушыны ұлттың тұнып тұрған қайнар көзі – әдебиетімен сусындатып, қа­нат­тарын қатайтсам, мақсатым­ның орындалғаны.
«Әдебиет» – бұл өмір, әдебиет – бұл тарих, дәстүр, жақсы мен жаманды ажырату.
Рухани құндылық дегеннің өзі ұлттық сана-сезімнің көкжие­гін кеңейту болса, ұлттық сана-сезімнің жоғарылауына көркем шығарма оқу басты рөлде, әде­биетті оқу – рухани жаңғыруы­мыздың бірден бір кепілі болмақ.
Әдебиет пәні арқылы оқу­шы­лардың рухани дүниесі кеңейеді, туған тілін сүюден елін, адамзат­ты құрметтеуге тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар ал­дын­да еліміздің тарихы, ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан кү­тер үміті, сенімі көрінеді. Әде­биетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынта­сын ояту, халықтың рухани бай­лы­ғы – әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасат­ты­лыққа, имандылыққа, инабат­тылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.
Әдебиет – заманалар тари­хы­ның, ұлы оқиғалардың, адамзат тіршілі­гінің, таным – наным­да­рының көркем шежіресі. Әдебиет адам баласымен бірге жасап, оларға рухани күш – дем беріп, бір­ге дамып, өсіп келе жатқан өнердің бір түрі.
Көркем туындымен танысу үстінде жасөспірімдердің қорша­ған орта туралы түсініктері қа­лып­­таса түседі. Жақсыдан үйре­не­тін, жаманнан жиренетін өмір­лік ғибрат алады. Соған сәй­кес жеткіншек өз дәуірінің, өмір сүріп отырған заманының талабына сай азамат болып же­ті­леді. Әдеби шығарманы оқи оты­рып, ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық – идеялық мұратын шәкірттік ақыл – таразысына салып, балаң ой елегінен өткізеді. Алған әсе­ріне қарай әрқайсысы өзінше ба­ға береді. Ол мұнда өзін-өзі тану арқылы қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің катысын саналы түрде сезінуге, айналаға, қоғамға өзінің көзқарасын жал­пы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге, өзінің өмір­лік ұстанымын анықтауға құлшынады.
Мағжан Жұмабаев атындағы №137 жалпы білім беретін мек­теп­тің өзі атынан-ақ, әдебиетке, өлең-жырға жат емес екенін аңғартып тұр. Жыр патшасы, әдебиетті жанындай сүйген, нар тұлғалы азаматтың атындағы мектепте жұмыс істегеніме, ұлы­лар­дың мекені – Отырардай қасиетті, әлемде екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің туып өскен жерінде дүниеге келгеніме, әдебиет саласынан дәріс бере­тініме, мамандығыма мақтанып жүремін.

Света Кеңесбекқызы Арынова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
«М.Жұмабаев атындағы №137жалпы білім
беретін мектеп» комуналдық мемлекеттік
мекемесі
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір