Тілім – деп тыным таппаған
Елбасы Н.Назарбаевтың: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандықтардың қос қолын көтеріп құптайтыны ақиқат. «Ел дегенде емірен, тіл дегенде тебірен» деп Қадыр ақын айтпақшы, тіл дегенде тебіренбейтін жандар аз шығар. Тіл – бір ұлттың, тұтас халықтың баға жетпес қазынасы, ең құнды байлығы. Біздің ана тіліміз сан ғасырдан бері түрлі жолдардан, кезеңдерден өтіп, аман-есен бүгінгі күнге жетті. Оған елеулі еңбек сіңірген ұлт перзенттері де аз емес. Солардың бірі атақты лексикограф, қазақ тілі білімінің көрнекті маманы, филология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әсет Болғанбайұлы арамызда аман жүргенде 90 жасқа толар еді. Әсекең ел басына күн туған 1930-шы жылдардағы үрейлі алапат аштықты, 1937 жылдағы Үкімет билігін қолында ұстаған сталиндік сыңаржақ саясатты, одан кейінгі екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс жылдарының куәсі болған тағдырлы ұрпақтың өкілі. Тұрмыс ауыртпалығынан буыны бекімеген жас бала өмірдің талай асуынан асып, тұрмыс – тіршіліктен мол тәжірибе жинады.
Әсет Болғанбайұлы 1928 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Қараменде аулында дүниеге келген. Ол 1947 жылы қазіргі Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын бітірісімен, 1952 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, өмірінің соңына дейін 47 жыл бойы ғылыми жұмыспен айналысып, қазақ тілінің өркендеуі жолында өнімді еңбек етті. Қазақ лексикологиясы мен лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыда зерттеліп, дамуы да сол 40 жылдардың соңғы кезінен басталған-ды.
Әсет Болғанбайұлының атақ, абыройының ең үлкені – қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі, ғылыми еңбектері. Ғалым еңбектері негізінен көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін қазақ тіл білімінің аса жауапты саласы – лексика мен лексикографиясына қатысты. Әсекең еңбегінің ең бір маңызды бөлігі – қазақ тілі біліміндегі синонимдер мен олардың сөз варианттарымен байланысын зерттеуге арналған еңбектері. Ол «Қазақ тіліндегі зат есім синомимдері» атты кандидаттық диссертациясын (1945) мен «Қазақ тіліндегі синонимдер» деп аталатын докторлық диссертациясын (1971) қорғады. Тұңғыш рет қазақ тілінің синонимдер сөздігін шығарды. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» ІІ том (1961), «Абай тілі сөздігіне» (1966), он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» (1974–1986) жылдары қатысқан белді авторлардың санатына қосылады. Екі рет басылып шыққан (1979, 1988) жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ тілінің лексикологиясы», сондай-ақ «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» (Ғ.Қалиұлымен бірге) оқулықтары жалпы тіл білімі мәселелерін, оның соңғы жетістіктерін оқырман қауымның зердесіне тиімді түрде жеткізетін құнды да байсалды еңбектер.
Ол өмірінің соңғы үш-төрт жылында қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін құрастыруға жетекшілік етіп, оны баспадан шығаруда да үлкен еңбек сіңірді. Атқарған жұмысы мен арқалаған жүгі ауыр болса да бұл сөздікті құрастыруға қажымай, күш-қайраты тасыған күйде жетті. Бір өкініштісі, өмірі осындай ізденіске толы, ғылымға шын берілген азамат нағыз кемеліне келіп, толысқан шағында жарық дүниемен қоштасты. Ғылым шыңына апарар қияда үлкен қайрат, талмай ізденіс керек дейміз.
Баубек Бұлқышевтің «артында ой қалдырған адам сол ойынан мұра да қалдырады» дегені бар еді. «Келер ұрпақтың оқып, білім алуы үшін білгенімізді сарқа пайдаланып, қазақ тіл білімінің кезек күттірмес мәселесімен айналысумыз керек. Бұл парыз да, міндет те емес. Бұл мен үшін табиғи қажеттілік. Жазған еңбектеріміз бағаланып жатса, оның өзі мұқалмас жігер береді. Күш-жігеріме арқау, тіреу болады» дейтін. Сырт қарағанда шыдамсыздау, сабырсыздау көрінетін қайтымы жылдам ол кісі қазақ тілінің бүгінгі таңдағы мәселесіне келгенде терең ойлылық, қайтпас қайсарлық пен түбегейлі тиянақтылық танытатын.
Кімге де болса қол ұшын беруге әзір тұратын. Өз ісін шексіз сүйген, сол жолда аянбай еңбек еткен терең білімді ғалым өзімен қызметтес жас ғалымдардың да ақылшысы һәм тәрбиешісі болатын. Оның тіл өнері жөніндегі, сондай-ақ сөздік құрастырудың қиындығы мен қызығы жайлы тартымды әңгімелері тыңдаушысын да баурап алатын. Көп жылдар ғылыми кеңестің мүшесі болып, жас ізденушілердің кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғауға бар көмегін беруге тырысты. Әсекеңнің құрмет тұтар тағы бір қасиеті – қазақтың қара сөзінің майын тамызатын шешендік өнері болатын. Сөз мағынасының нәзік қалтарыстарын қалт жібермей байқайтын зерделі ғалым: «Тіл өнеріне ділмарлық туа бітетін қасиет емес. Ол естігенін, оқығанын көңілге тоқу арқылы қалыптаспақ. Сондықтан баланы бесіктен белі шықпай жатып ана тілінен сусындатуды бастаған жөн» деп отыратын.
Сөздікке қатысушылар өздерін ойландырған, толғандырған мәселелер төңірегінде әрдайым одан ақыл, кеңес сұрайтын. Ғалымның ана тілінің табиғатын терең сезініп, жетік білуі өте-мөте назар аударарлық еді. Әсекеңнің жұртқа ұнайтыны да, ұнамайтыны да – оның шындықты жақтап, соған жүгінетін мінезі. Жақсының жақсылығы ертелі-кеш бәрібір айтылмақ. Қазақ тілі білімінің дамып, жаңа белестерге көтерілуіне елеулі еңбек сіңіріп, қажымай қалам тартып, еңбек ету – зор бақыт, үлкен ғанибет. Әсет Болғанбайұлы жардан мейірім, баладан бақыт тапқан өнегелі отбасының отағасы еді. Тағдыр қосқан қосағы Бану жеңгеймен бірге үлгілі де тәрбиелі ұрпақ өсірді. Олардың үш ұлы ардақты ата-анасының атына лайықты сыйлы азаматтар, үлгілі отбасы бола білді.
Ілияс Жансүгірұлы атамыздың «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп айтқанындай, қиын-қыстау кезеңдер мен сұрқай заманда да аштық пен жоқшылықтың ащы дәмін тата жүріп ұлтына өлшеусіз еңбек еткен көрнекті ғалымның өлшеусіз мұрасын қастерлеп, ол жеткен ғылыми деңгейді одан әрі дамыту – бүгінгі жас зерттеушілеріміздің игілікті ісі болмақ. Өткеніміз болмаса, бүгініміз жоқ. Ана тілінің мүддесі үшін қалтқысыз еңбек еткен ерен азаматтың есімі ел есінен мәңгі шықпақ емес.
Сейдін Бизақов,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері