ҚАЗАН
Есенғали Раушанов
Қазан айы қашан дәл биылғыдай жаймашуақ болды екен?! Құдай тағаланың ықыласы ауып, мейрiмi түсiп бiз пенделерiне берген бiр нығыметi дейсiз бе, жоқ бүкiл ғаламдық жылынудың бiздi айналып өтпейiн дегенi ме, әлде келер қыстың кереметiм әлi алда деп тырнағын iшiне бүккен алдамшы тыныштығы ма – әйтеуiр майтоңғысыз мамыражай күндер ұзаққа созылды.
Қазақтың күн қайыруға бағытталған ескi өлеңiнде:
«Қай қазан, мына қазан –
жәйлi қазан.
Мал семiз, малшы ыржақай,
майлы қазан», –
дейтiн жолдар бар. Демек, биылғыдай мамыражай күздер қашан да болған, лайым бұдан былай да бола бергей. «Майлы қазан» дегеннен шығады, бұл расында шыбын-шiркей жоғалып, шөптiң буыны қатып, төрт түлiк қоңданатын кез. Бала-шаға соғымға дейiн қызылсырап қалмасын деп қойы мен тайыншасын сойып күздеудегi елдiң «қазан майлайтын» берекелi, мерекелi шағы. Ойдағы диқан дәнiн ұраға төгiп, ендiгi жерде қай базарда қандай нарық бар екен деп қиялымен байып – ол жатыр.
Табиғат ше? Ағаш бiткен жапырақтарынан айрылып, өңi қуқыл тартқан. Әсiресе, үйеңкiнiң қызыл ала, жөкенiң сары ала жапырақтары «табан астында аяқпен бопыр ақша басқандай сықырлайды» (Жұматай Жақыпбаев).
Бiр айға бiр ат аздық ететiн секiлдi.Әр айға қосымша құстың, аңның, ағаштың атын қоюға болмас па? Мысалы дейсiз бе? Мысалы, қазан айын шетеннiң айы десек ше?
Күзгi желiк күллi алапты күпiр ғып,
Астан-кестен.
Не боп кеткен бұ тiрлiк?
Шетен ғана қызарады шет тауда,
Ұялады – оған-дағы шүкiрлiк.
Шетен ғана қызарады қияда,
Оған бола күз айылын жия ма.
Шешең байғұс сен
туғанда, әттең-ай
Шетен бесiк неге алмаған, би аға?
Би-ағасы бар болсын, әңгiме ол туралы емес, жоқ ол әңгiме етуге арзымайды, әңгiме – табиғат хақында болмақ.
Шынында, шетеннiң күзгi «өртi» ерекше. Көлденең жатқан көкжасыл таулар кенет бiр түннiң iшiнде сақал-шашын қызылға бояп ұйқыға кеткен үндiнiң абызы секiлдi. Әсiресе, қара жидек шетен (рябина черноплодная немесе арония) батар күннiң сәулесiмен құбылғанда бейне алыстан талып көрiнетiн тандырдың аузындай алаулайды. Сөйтiп, мамыр-маусымда алма ағашының гүлдерi секiлдi аппақ гүлдерiн ашатын шетен күз түсе жапырақтары жалқын тартып екiншi рет құбылады.
Шетеннiң жидегi өт татиды. Iшiн ашсаңыз үш дәнегi болады. Әдетте сол ащы жидек алғашқы аяз сорып өткен соң әдепкi дәмiн жоғалтып шырын татиды. Айтпағымыз ащы болған соң оған ешкiм де, ештеңе де тимейдi, өрттей қызарып ұзақ тұрады. «Бiз шетеннен қаламыз ба?» дегендей өрiктiң жапырақтары да нарттай жанады. Бiрақ жемiс ағаштарының денi бұл кезде жалаңаштанып бiткен, сұрқай, сидаң, сұрықсыз. Осыдан бар-жоғы бес-алты ай бұрын мына сидиған бұтақтар аппақ гүлдерге бөленiп алыстан мен мұндалап тұратын едi дегенге қалай сенесiң. Күзбен ақтық жапырағы қалғанша айқасатын мықтының бiрi сирень. Көктемнiң жазға ұласар кезiнде әрi кетсе екi апта ғана гүлдеп одан кейiн көзге iлiне бермес көп бұтаның бiрiне айналатын сиреньнiң осындай ғажап қасиетi бар. «Тұлпар бойын жасырады» демекшi елеусiз тұрып-тұрып, ең мықты дейтiн еменнiң өзi сидиып жалаңаш қалғанда қара жаңбырға қасқайып қарсы тұратын жасыл жапырағы ерекше нұрланып сала бередi. Алғашқы қар жауғанша сирень жапырағынан айырылмайды. Орманшылар арасында «сирень бiр жылда екi рет гүлдейдi» деген әңгiме бар. Бiрiншi гүлдеуi – көктемде, екiншi рет гүлдейдi дегенде қазан мен қарашаның қаһарынан қаймықпаған өрлiгiн айтса керек.
Халық жорамалында «Ағаштың жапырақтары кеш түссе қыс ұзаққа созылады әрi суық болады». Бетi аулақ, биыл әлi жапырағы түспеген ағаштар бар. Славян халықтары ертеректе бұл айдың атын «жапырақ түсетiн ай» (листопад) деп бекер айтпаған.
Биылғы қазанның қыркүйектен айырмашылығы аз боп тұр, әйтпесе, бұл екеуi бiр үйдiң бiрi сабырлы, бiрi шайпау апалы-сiңiлi екi қызы секiлдi екi бөлек мiнездiң иелерi.
Күнпарақтар бiзге дейiн талай ауысқан. А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» атты драмасы бәрiмiзге мектеп қабырғасынан таныс қой. Сонда Хлестова қалай деушi едi: «Календарлардың бәрi де өтiрiк айтады» демей ме?! Расында, табиғатты сүйген адамның ешқайсысы да күнпараққа қарамайды, себебi табиғат қатып қалған қара тас емес, ай сайын, апта сайын, тiптi сағат сайын өзгерiп отыратын тiрi құбылыс. Биылғы күздiң аужайына қарасақ айда отыз күн емес, қырық күн деп есептеген мақұл болар едi.
Ғылымда қазанның орташа температурасы +3, 3,8 градус делiнедi. Биылғы күз одан бiрнеше есе жылы болып тұр.
Қайыңның алтын сырғалары жерде жатыр төгiлiп.
Емен жапырақтары жездей жалтырайды.
Дегенмен, қазанның түсi сары да, қызыл да, күлгiн де, көгiлтiм де, ақсұр да, жасыл да түс емес, қазанның түсi – қарақоңыр. Жер бедерi бiр тегiс, топырағы бетiне шығып, алуан түрлi құстардан тек қарға мен құзғынға ғана мекен боп құлазып жатыр. «Құзғын» демекшi бұл айдың «қазан» аталуы әу баста осы құзғынның атына байланысты деген де сөз бар. Көне түрiктер құзғынды «кұзан» деген көрiнедi, құзанымыз келе-келе фонетикалық өзгерiстерге ұшырап «қазанға» айналған. Ғылым, оның iшiнде тiл iлiмi де – болжамға толы.
Осындай жерi де, құсы да қарақоңыр, аспанын екi бастан қара бұлттар бүркеген қазан айының өзiнен iздеген адам алуан түрлi бояу табар едi. Күзгi селдiр орманда келе жатып кенет араның ызыңын естисiз. Байқап қарасаңыз әбеқоңыр әлемнiң ортасында «жылқы iшiнде – ала жүр» әдемi бiр гүл өсiп тұрады. Сары гүл. Оны сарыраушан дейдi, орысша аты – золотая роза. Күздiң ең соңғы гүлi!
Сарыраушаннан ертеде каучук алған дейдi.
Сарыраушаннан матаның өңiн келтiрер түрлi-түстi бояулар алған көрiнедi.
Сарыраушан иiс май, опа-далап өндiрiсiнде кеңiнен қолданылған дейдi.
Мұның бiрi де қызық емес. Қызығы сол – қарайған, қоңыр тартқан, уайым шеккен табиғаттың қайғысын жеңiлдетейiн, жабыққан көңiлiн көтерейiн дегендей суықтан, соғатын желден сескенбей, жасқанбай гүлдейдi. Бәлкiм ол күнi ертең жынды дауыл, қасат қардың құрбаны болатынын сезетiн де шығар. Мейлi. Өлiмнiң де өлiмi бар.
«Өлiм емес бұл өлiм есiркейтiн,
Әдемi өлiм, бұл өлiм ғажап өлiм»,–
дейдi ақын. Рас айтады. Бұл тармақтарға тағы бiр еншiлес iздесек – ол хризантема гүлдерi. Алғашқы қар жауып тұрғанда ол әлi ажарын бермей әдемiлене түседi. Жерорта теңiзi жағалауы елдерi «хризантема солса қыстың келгенi» дейдi екен. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдары Алматы мен Астанада, Атырау, Ақтауда вилла, коттедж салуға жаппай кiрiскен «жаңа қазақтар» да олардың алтын-күмiске малынған «жаңа бәйбiшелерi» де үй алдына гүл отырғызуға көңiл бөле бермейдi, бiтпейтiн, таусылмайтын құрлыстың соңында жүргенде ағаш, гүл өсiріп, баптауды ұмытып та кетедi. Нәтижесiнде салған үйi тастың үстiне тас үйген секiлдi сұрықсыз, сұрқай бiр ғимаратқа айналады.
Есентай бойы – ен тоғай.
Есентай бойы – құстардың мекенi.
Жазда қай құстың қай ағаштың арасынан шырқағанын бiлмейсiң. Бұлбұлдың әнiн естiгенмен өзiн көрмегендер көп. Ағаш бiткен қанатты достарының ұяларын жапырақтарымен бүркемелеп сұқ көзден, суық желден, күннен қорғап тұрады. Ағаш құстарды қорғаса, құстар зиянкестерден ағаштарды қорғайды. Сiз бен бiз ақтарған неше бiр ақылды кiтаптарда айтыла беретiн, қайталана беретiн «үйлесiм» (гармония) деген осы емес пе? Сiз бен бiз сырттай табынып, iштей ақыл жетпес үлкен бiр ұғымдарға балап жүрген Ұлы үйлесiм өте-мөте қарапайым нәрсе екен. Әсте, ұлы нәрселердiң қай қайсысы да қарапайым. Ендi бүгiн ағаш жапырағынан айырылғанда жалаңаш бұтақтағы ескi ұялар анық көрiнедi. Мұнда да үйлесiм бар, тәртiп, заңдылық бар. Қарға ұя салған ағашқа басқа құс жоламайды. Құрқылтайдың салбарып тұрған «қалта-ұясы» сол ағашты жалғыз иемденген.
В.Бианки өзiнiң бiр әңгiмесiн «Двойная весна» деп атаған. Солтүстiктегi Ленинградта сең ендi жүре бастаса, оңтүстiктегi Кавказ тауларында көктемнiң кемелiне келiп тұрғанын айтады. Екi аймақ, екi көктем.
Қазақстанның әрбiр жыл мезгiлiн осылай атауға болар едi.
Есентай бойын қазан айында көктемнiң өзi болмағанымен елесi кезiп жүрсе, Көкшетаудың көк ормандарын қар басып жатады. Бiз айтып отырған жаймашуақ қазан солтүстiкте бұдан бiр ай бұрын қонақ едi, жәйлi «қонақтың» соңын ала «кәрi құда» қыс келгелi қашан.
«Жұт жетi ағайынды» деймiз.
«Жетi қазына», «Жетi шәрiп» т.б.
Қазан қалай келедi? Жетi қырдың астынан ақырып келедi, жетi жынын шақырып келедi, жетi сауал арта келедi, жетi сауап тарта келедi; жетi сауабы не жетi сауалы не дейсiз бе?
1. «Егiнiңдi егейiн бе?» – деп келедi (Ақ егiстi һәм жемiс ағаштарын отырғызуды мегзеп айтса керек).
2. «Қырманыңды суырайын ба, қызылыңды қуырайын ба?» – деп келедi (жиын-терiмдi нұсқап отыр).
3. «Бөркiңдi терiс кигiзейiн бе?» – дейдi екен (халық «қазанның қара дауылы» деп атайтын желдi айтады).
4. «Тұнығыңды ылайлайын ба?» дейдi екен – (Өзен-көлдiң тартылуы, бұлақтардың сарқылуы).
5. «Тұмарыңды жұлайын ба?» – деп келедi екен («қазанның жапырақ желi» яки жапырақтардың түсуi, жемiстердiң пiсуi).
6. «Төбеңнен құяйын ба?» – деп келедi екен (жаңбыр, тұман, қар).
7. «Төменнен сыпырайын ба?» («қазан ұрды» дейтiн ызғырықты айтып отыр).
Халықтың қазанға берген бағасы осындай. Мұның қай-қайсысы да талай жылғы тәжiрибеден алынған, көзбен көрiп, көңiлге түйгеннен шыққан ойлар. Артық-кемi жоқ.
«Қазан атты келе ме, қатты келе ме, шана мiнiп келе ме, арба жегiп келе ме?» деп сұрайтын көрiнедi iлгерiде. Шанаға мiнiп келгенi – қар жауғаны, арба жеккенi – жаймашуақ, жайлы мезгiл болғаны емес пе?
Тағы бiр рауятта алғашқы қар жауып ерiп кеткен соң алты аптадан кейiн нағыз қыс түседi дейдi.
Қысқа әлi ерте. «Қазан жылы болса қыс қатты болады» дегенге де сенгiң келмейдi.
Суық түндердiң, сұрғылт күндердiң қыр астына келiп, берi өтуге жүрексiнiп тұрғаны, бiзден емес әлi қайтпаған құстардан қорыққаны болар. Әлде, құстарды құрметтегенi ме?
Аза бойыңды қаза ғып қазанда тырна қайтады. Иван Буниннiң бiр әңгiмесi бар едi ғой, «Кешеу күздiң шайдай ашық салқын күнi едi, кең жолда желе жортып келе жатыр едiм, кенет соңымнан ат тұяғының дүрсілі естiлдi, бұрылып қарасам, бiреу жеңiл арба жеккен атын ақ тер, көк тер ғып шауып келедi екен. Тани кеттiм – көршi деревнядағы пәленше деген екен. Малы қонды, шаруасы оңды қаражамбас күйлi жiгiт болатын. Киген киiм, мiнген атының өзi қатарының алды екенiн айтқызбай-ақ танытып тұр. Сонымен, жанымнан «Мырза, жол берiңiз, былай кетiңiз, мырза» деп айқай салып ағызып өте шықты. «Апырмай, астындағы аты қам екен, аяғына қан түсiрiп обалына қалмаса қайтсiн» дегенiмше болған жоқ ұзап барып атынан аунап түсiп, жер бауырлап жата кеттi. Байқаймын, удай мас. Тақап келiп едiм, сақалын жас жуып:
– Кеттi ғой, мырза, жеткiзбей кеттi ғой, – дедi өксiп, – кетiп қалды ғой, мырза. Тырналарды айтам, тырналарды. Кетiп бара жатыр тырналар».
Бунин неге ұлы? Әсте, Абыз табиғат өзiн өлердей сүйген суреткермен «сыйға-сый» деп ұлылығын бөлiсетен болуға керек.
Аңшылардың арасында «күздi күнi атқан оқ құсқа тимейдi» деген сөз бар. Мұның мәнiсi неде? Әлбетте, оқ тиедi, бiрақ құс құламауы мүмкiн. Мысалы, қырғауыл қарауылға нақ iлiккенмен ауып барып қайта ұшып кетедi, үйрек пен қаз да солай, оңайлықпен құламайды. Себеп? Күзде құстар әбден семiредi бұл – бiр, екiншiден – түлеуден кейiн пайда болған қауырсындары қалың боп өседi, қашықтан талып жеткен бытыраның өтпейтiнi содан. Мұның мәнiсiне бармаған желауыздар неше түрлi адам сенгiсiз әңгiмелердi әлдеқандай бiр құбыжықтармен байланыстыра майын тамыза «жырлағанда» аңқау елге нағыз «арамза молда» боп шыға келмек.
Бiздiң ел ерте көшiп, кеш қайтады.
Елменен бiрге көшiп құс қайтады,–
дейдi қара өлең. Бұл жыр да, шамасы, биылғыдай жайлы, қазаны майлы, қазанда шықса керек.
Құстар кеш қайтты.
Боқырау (Покров) (ескi есеп бойынша 14-қазан) тыныш өттi! Қар да, жаңбыр да жаумады, тiптi жел тұрып ағаш басы қимылдаған жоқ. Әдетте, боқырауда алғашқы қар түсушi едi. Жиын-терiм аяқталып, диқан демiн алса, малшы қора-қопсысын қайта бiр қарап қысқа дайындалатын.
Айдың басында бал арасы
омартаның есiгiн iштен «iлiп» ұйқыға кетпеушi ме едi?!
Оны айтасыз, биыл қазанның соңында бақ-бақ қайта толып үлпiлдей ұшты.
Бәрiн жақсылыққа жорып бiз отырмыз.
Көресiз әлi, бәрi де жақсы болады. Жақсы ырым, жақсы сөз, жақсы заман…