Тіл – өшеді демеңдер, тіл өлмейді…
23.10.2018
8843
0

Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашан да білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуге міндетті.

Мемлекеттік тіліміздің қолдану кеңіс­ті­гі барған сайын ұлғайып, қоғамдық қа­рым-қатынас тіліне айналып келеді. Ел­басы­мыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қыз­метте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолда­ныл­уы үшін бәрін істеу қажет» – деп айт­қан пікірі барша қазақ елінің нақты мақ­саты болуға тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып қабылданғанына көп уақыт өтсе де, жұртшылық жүз пайыз қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Осыдан кейін, ақпарат беттерінде «Әлемде әр екі апта сайын бір тіл жойылып кетеді екен. Қазақ тілін де жо­ғалтып аламыз-ау», – деп күдіктенген тіл жанашырлары арасында қызу тартыс­тар әлі күнге дейін жүріп келеді.
Ұшқан құс бір шетінен екінші шетіне әрең жететін дархан жері бар, жөргегінде Тәңірден бата алған қасиетті ана тілі бар, қазақ елінің иесі де, киесі де сол халық. Қазақ елі қара жаяу халық емес. Қазақ есігі мен жүрегінің тұсына қарауыл қоймайды, қонағын төріне шығарып сыйлайды, өзі төмен отырып тыңдайды. Көмейіне сөз ұялап, көңіліне ой балалаған арғы атала­ры­мыз әлімсақтан cөзге шешен болып өскен.
Қазақ тілі – елдің қазынасы. Тіл – көңілдің бұлағы, ой – қоңырауы. Екі сөзінің бірінен мақалы мен өсиеті қал­майды. Қазақ тілінің шырыны – бабалар өсиеті. Өлмейтін өсиетті естіген кеуде еріксіз тулайды. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті. Суға салса батпайтын, адуын ағысқа ақпайтын, мәңгілік мағынасы мен бояуын сақтайтын, саналы жан сүйсіне жаттайтын сөз жәннаты. Өсиет – тамырын терең жайған киелі мама ағаш. Жалынын таптаса, күлі сөйлеген, тасты балқытып, темірді илеген қызыл тіл. Тектілігі тұлғасын сомдаған, қуанышы-қайғысын қара өлеңмен толғаған, көктің сырын ұғып, шөптің тілін білген, шеніне қарай шапан киген ел.
Заманында Ескендір Зұлқарнайын айдаһардай ақырып келгенде, ұлы даланың ұрпақтарын ырқына көндіре алмай, жүні жығылып, қазақтың қарапайым болмысы мен көрегендігіне, қайсарлығы мен ептілігіне еріксіз тәнті болып:
Жыланды екі кессең, өледі,
Қазақты жеті кессең, өседі.
Қиналса да тектілігін сақтайтын,
Қырсаң, қынадай қаптайтын ел екен.
Айтып тауыса алмадым, –
деп бекер айтпаған.
Кешегі киіз үйде туып, жез самаурын­ның исі сіңген, қаймақ қатқан шайын ішіп, таңдап тұлпар мінген қазақтың бүгінгі ұрпағы, ұясын ұшпаққа салғаны анық. Маңдайына жаһандану дәуірінің бағы бұйырып, жайлы жатын, қарыны тоқ, киімі бүтін, ұйқысы тыныш, жоқшылық­тың дәмін сезбеген, білімді тегін алса да, аяғының астынан арыны көрмейтін, өткенін біле бермейтін буын қалыптасты. Бірақ, бойында ұлттық рух, таза қаны бар ұрпаққа үрке қарап, кінә арту әбестік. Бұл өзіміз жіберген ұлттық тәрбиенің осалдығы екенін мойындауымыз керек. Әрбір дүние­ге келген қазақ баласы – қазақша сөйлеп бел тіктемей, өзге ұлттың өкілдері мемле­кет­тік тілдің қадірін ұғынбай, ішкен судың, татқан дәмнің, туған жердің салма­ғын ұғына алмайды.
Қазақтың тілі – шексіз мұхит секілді, күллі әлемді қамтыса да бояуы өңбейді, әлемдік тілдермен теңестіре қалса, ноқта­сын бермейтін ұлы тіл. Қазақ тілі – ұлты­мыз­дың мақтанышы, елдің айнасы. Ұлты­мыздың асыл қасиеті мен тектілігін дә­ріп­теп, жеткізуші де ана тілі. Тілдің бе­делі бір күнде қалыптаспайды. Тіл беделі – ұлт мерейі. Қазақ елі – әлемде жалғыз ғана ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: « Ана тілінен артық қазақ үшін, бұл дүниеде қымбат не бар екен!» – деген болатын. Қандай тауып айтылған ұлағат! Әрбір отбасы – өз ал­дына бір кіші мемлекет. Адам өз ұрпағы үшін өмір сүреді, ұрпағымен мың жасайды. Әр жас тұлға тәрбиені алдымен өз отба­сынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ұлағатты ой саптау да, уыз тәрбиенің ықпалының құнын байыптап береді. Жас бөбектер кеудесін тіктемей жатып, туған тілімен сусындаса, сол тілдің арқасында елдің тарихын, шежіресін, сөз киесін түсініп, ұлттық құндылықтардың бәрін есітіп, көңіліне тоқып өседі. Сондай ортада есейген тұлға, өз тілінің де, өзге тілдің де бағын аша біледі. Өзін жарылқаған ұрпақтың өзегі талмайды, сүйегі қатқанда алған тәрбиенің сіңімі болмайды.
Қазақтың тілі – тектіліктің тұғыры, ол ұлттық намыс пен рухтың қайнар көзі. Өз тілін білмеген ұрпақ, алыстан бақыт тапқанмен, түптің түбінде өз кемшілігі үшін өкінетін болады. Өйткені, көп нәрсенің байыбына барып, зерделей алмайды. «Еліңді сұраса, тарихатын айт. Оны білмесең, тамыры жоқ тас екен­сің, әркімнің аузынан қалған қағида­сын айт» – депті сыпыра шежіреші Байғұтұлы Әлиасқар атамыз Ана тілді жетік меңгермеген ұрпақ, қазақы мінездің қадірін аяқ асты етеді. Мұның өзі ел ішін­дегі мысық тілеулес топтардың бел алуына ықпал етеді. Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын бағаламайды. Ұрпақтың өмірлік танымы түбегейлі өзгеріп, адасқанын аңғар­май қалатын тұсы осы. Туған елінің, өскен ортаның тектілігіне көзін жеткізе білген жан ешқашан аңғалдыққа жол бермеген болар еді. Ата тарихты айызы қанып жетік білген қаны таза әр қазақ, «Мен қазақ болып туғаныма қуанамын», – деп мақтанышпен жар салып жатса, шіркін! Қазақ тілі дәл сондай сезімге лайық­ты тіл! Менің жүрегім үнемі осындай мақ­танышпен соғады. «Әр қазақ – менің жал­ғызым» деп ана тілін аяласа, елдің мәрте­бесі асқақтап, ұрпақтың жұлдызы биікте маздайды. «Аруана ботасын ерітеді, ботасы өскен соң анасын ерітеді» – деп алмас қылыш Әйтеке би бекер айтпаған. Келер ұрпақ туған тілінің мерейін көтеру үшін, алдымен мектептегі оқулықтардың құндылығын арттыру қажет. Бір ғана қазақ тілі оқулығын алайық. Кеңес дәуіріндегі оқулықтың сапасымен, қазіргі қазақ тілін салыстырсақ, қазіргі оқулық­тардағы тіл ережелері толық емес, оқу­шы­ның қабылдауына да ауыр тиеді. Шығарма жазуға да сағаттар аз беріледі. Төл тілін білмеген, өз ойын еркін жаза алмаған оқу­шы, басқа пәндерді жақсы қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан, бәрін мектеп партасынан бастау, ата-ананың балаға деген жауапкершілігін арттыру, ұстаздың статусын көтеру мәселесін қайта қарай­тын уақыт жеткен сыңайлы. Біздегі бір кемшілік, жас ұрпаққа берілетін патриот­тық тәрбие де бір жүйеге түспеген. Осы саланы қайта ширату арқылы жастардың патриоттық рухын көтеруге болады.
Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жол­дауын­­да «Бүкіл қоғамымызды топтасты­рып отырған мемлекеттік тіл ретінде қа­зақ тілін оқыту сапасын арттыру қажет­тігіне ерекше назар аударғым келеді» – деп айтылған болатын. Көп ұлтты қазақ елінде бұл ұрпақ болашағы үшін аса қа­жетті бастама. Мәңгілік ел болуды мұрат еткен Елбасымыз келер күнге көреген­дік­пен болжам жасайды. Ұрпақтың сауат­тылы­ғы мен парасаттылығы, қазақ елінің ертеңіне шексіз пайдасын тигізетініне күмән келтірмейді. Бұл қазақ тілінің әлем­дік қарым-қатынас тіліне айналуына себепші болса игі. Осы орайда, көреген ата­мыз Әлиасқар болжамында: «Болашақ Қазақ елі – мәңгілік елге, қазақтың тілі- әлемдік тілге айналады. Қазақтың елін жау ала алмайды. Аспаннан біздің далаға үш киелі жұлдыздың сәулесі түсіп тұрады. Сол сәуледен жер бетіндегі тірілер түгілі, әруақтар да жылынып жатады. Көкте сол үш жұлдыз тұрғанда, туған далаға Тәңір мейірін төгеді. Ойы ұшқыр қазақты тек қана көз алады» – деген екен. Болжамды ойды – болашақ көрсетеді. Тегіміздің тегін еместігі, тіліміздің өшпейтіні ақиқат.
Тіл өшеді демеңдер, тіл өлмейді,
Көштен қалмай у жұтып жүрер мейлі.
Тілім барда дария кеуделердің,
Көмейінен төгілген жыр өлмейді.
Білесің де, қадірін сүйесің де,
Куә болған ғасырлар күресінде.
Ана тілім иесі бұл даланың,
Келе жатқан көтеріп киесін де.
Жоғалмаған талай жұт бас сұққанда,
Аман қалған топан су, аштықтан да.
Айдаудан да оралды ерлік жасап,
Қайраттыны қиындық жасытқан ба?
Кіндігінен ел өрген аналарым,
Туған тілге табынтқан балаларын.
Қарашықтай қастерлеп қанша ғасыр,
Бізге қорғап жеткізді бабаларым.
Тіл өледі демеңдер, ол өлмейді,
Олқы тұсын болашақ түгелдейді.
Тілеулесі даламның әруақтар,
Туған тілді құрдымға жібермейді.
Қанат сыйлар ойы кең армандыға,
Тұғырына қондырар тарланды да.
Тәубасына келтіріп тойғанды да,
Омырауына от құяр толғандыра.
Тектілердің намысын қайрамасын,
Желіккеннің жығады сайға басын.
Мынау ұлы даланың қазынасы ,
Киелі тілмен ешкім ойнамасын.

Темірхан ӘбдІков

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір