
Жан-жағына нұрлы сәуле шашып жүретін ізгілік шамшырағындай болған қадірлімізді жоғалтқанымызға жылға жуықтап қалды. Осы уақыттың ішінде мен жеке өзім оны ойлап, сағынбаған күндерім өте сирек десем болғандай.
Он жыл шамасында өте жақын достық, апа-сіңлілік қарым-қатынаста болған кездерімді өз өмірімнің ең бір жарқын беттері болғанын оның жоқ кезінде ғана түйсінгендеймін. Бар күнінде өзіме тете үлкен әпке не істеуі керек болса, ол соны істеуге міндеттідей қабылдайтынмын.
Алғашында бір қалам ұстаған құрбымның үйінде танысқан күннен бастап мені өзіне ерекше жақын тартып, кейін тіпті қасынан қалдырмай, мерейтойлар, кештер, тойлар, т.б. ылғи шақырып, ертіп жүретін болды. Көп адаммен жақындаса қоймайтын кісікиік мінезді менің оған қалай бірден ұнай қалғаныма өзім де таңмын.
Жарқырай жанған шыраққа ұмтылған көбелектердей, жан-жағынан оны қаумалаған атақты жазушылардың жарларынан бастап, қолына енді қалам ұстаған қыз-келіншектерге дейін бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жүретін. Біразы арылып бітпейтін тіршіліктің кейбір мәселелерімен келетін. Және соның барлығына Ибаданың шамасы келіп, шеше алатынына имандарындай сенетін. Ондай мәселелердің бәрін Ибада шеше алды ма, жоқ па, онысы беймәлім, бірақ ешқайсысы да оның алдынан көңілдері жүдеп, ренжіп, түңіліп кетпейтін. Шамасы жеткенінше, тіпті Жазушылар одағының сферасына кірмейтін, өзге саладағы мәселелерге де адам тауып, өз беделін салып көмектесіп жүретін.
Мен секілді жетімдеу адамға туған апаның әрбір сәтте қалай қолдау көрсете алатынын ұғындырған адам да осы Ибадажан еді.
Өзінің тіршілік сферасына кіргізетін адамдарды таңдауға келгенде шын мәнісіндегі аристократтық өлшеммен қарайтын. Қалтарыс-бүкпесі жоқ, жарық, таза адамдарды ұнататын. Адам тануға келгенде айрықша интуициясы болатын.
Менің үйімдегі отырыстарда танысқан екі адамды қайта-қайта үйіне шақырып, сый-құрмет көрсетіп жүрді. Олар: кезінде Мәскеуде оқып, «Жас тұлпар» ұйымының мүшесі болған, менің рулас әпкем Әсия Төреғалиқызы мен көрнекті әнші Зәуреш Есбергенова болатын.
Жыл сайынғы ұлық мерекеміз – Рамазан айында төңірегіндегі тек ауыз бекіткендерді ғана шақырып, ауызашар беретін. Қойын сойып, қолын қусырып, үйінің үстіңгі қабатындағы дастарханын ерекше талғаммен таңдалған дәмге толтырып, астыңғы қабатында сондай молшылықпен шәй дастарханын жасап қоятын. Рамазан кешін соншама адам жинап, жақсы уағыз, ән-күйге толы жарқын мерекеге айналдыратын. Ол күндерде Ибаданың, бала-шағасының әрқайсымыздың асты-үстімізге түскен қызметін, ілтипатын, бір-бірімізді қия алмай, түн ортасына дейін отырар едік. Оның үйінен шыққан ешбір қонақ такси іздеп әуреге түспейді. Ұлы, қызы, жездеміз үш машинамен қонақтарын бөліп-бөліп отырғызып, үйлеріне апаратын.
Қымбат мейрамханаларда, байлардың үйлерінде, туыстарда, т.б. талай ауызашарларда болып жүріп, дәл Ибаданың үйіндегідей руханилыққа толы мерекені еш жерден кездестірмедім.
Ей, жалған дүние!.. Осы салтанатты, сәнді шақтардың бәрі, тастап кеткен әлемінен алдындағы әлемі артық болғыр Ибадажанмен бірге ғайыптың боз тұманына сіңіп кетті…
Өткен жылғы жаз айы (2014 жыл) мен үшін көптеген сапарларға толы болды да, жәй телефон арқылы хабарласу болмаса, Ибадамен бір-екі ай көрісе алмадым. Ол өзі немерелерімен Түркияға демалысқа кеткен еді.
Қыркүйек айының 20-ларында мен Атыраудан келген соң, ауылдың аздаған дәмін алып, жұмыс орнына іздеп бардым. Көріспеген екі ай уақытта қатты жүдеп кеткенін байқадым. Өзі айтар деп ештеңе дегенім жоқ.
– Жақсы-ақ демалып келіп едік. Бір айдың ішінде сегіз килоға арықтап кеттім. Еш жерім жанға батып ауырмайды, бірақ шаршай берем. Асқа да еш тәбетім жоқ, қаралмаған дәрігерім, тапсырмаған анализім жоқ, бірақ диагнозын қоя алмай отыр. Оның үстіне Дана (қызы) Кореяға алты айлық оқуға кетіп еді. Менің қуатым барда оқып алсын деп, үш баласын құдағи екеуміз кезектесіп қарап отырмыз. Уайымдамасын деп ауырып жүргенімді айтқызбадым, – деді. Неге екенін білмеймін, мен ішімнен «көз тиген» деп ойладым. Оны айттым да.
– Маған не деп көз тиеді, – деп күлді – жас, сұлу болсам бір сәрі.
– Көз деген жас пен сұлуға ғана тимейді, жақсылыққа, өз қатарынан ерекшеге де тиеді, – дедім мен, – ал, көз тигенді дәрігер жаза алмайды.
Оның онша сене қоймағанын көзінен байқадым.
– Аудит шақырып едім, – деді ол, – ертең кетіп жатсақ «артын ыбырсытып кетіпті» демесін деп.
– Неге олай дейсің, – деп көңіліме ауыр алып қалдым.
– Сірағысы ғой, әйтеуір бір күні кетеміз ғой мәңгілік ешкім жоқ.
Жұмысын істеп, менімен де әңгімелесіп екі сағаттай отырдық.
Ибаданы соңғы көруім сол болды. Қоштасып, армансыз бір сөйлессін деп, мені Жаратушы Ие айдап әкелген ғой.
Мен кетерде столының суырмасынан алып, бір ұзын жең түріктің кофтасын берді – мә, мен берді деп киіп жүрерсің, – деді. Реңі де мен ұнататын түс, тәуір нәрсе екен, рахмет айтып алдым.
Ұғынуға біздің әбден бітелген ғайыппен байланыстыратын тіндеріміз мүмкіндік бермейтін тылсым сәт. Тек кейіннен уақыт өтіп кеткен соң ғана ұғынамыз.
Осыдан соң ауруханада бір-ақ апта жатып, ешкімге ауырлығын да, міндетін де салмай, тап-таза күйінде, сөйлеп жатып, менің де, менен басқа көптеген жандардың өміріндегі жарық сәуле болған Ибадажан бақиға озып жүре берді.
Артында аңырап мыңдаған достары, сыйластары, ұл-қызы, немерелері, жездем қалды.
Артында қалған ұлағатты ұрпақтары: ұлы Мейір, қызы Дана, келін, күйеу бала, немерелері ана рухын ерекше ұлықтауда. Қырық күндік дұғасын Алматыдағы ең қымбат мейрамханалардың бірі «Гранд Операда» өткізіп, сонда шақырылған 200-дей адамға аналарының өмірінің әр сәтінен түсірілген кадрлар мен фотолардан жинақталған фильм көрсетті. Енді естеліктер кітабын шығаруға ниеттенуде.
Ибада екеуміздің арамыздағы тағы бір тылсым сәтті айта кеткім келеді. Ибаданы жер мекенге тапсырған соң, шамалы күннен кейін, үйіне барып бала-шағаларды көріп келейін дедім. Сол күні бейсенбі болатын. Сол бейсенбіге қараған түнде Ибадаға қатысты түс көрдім. Есімде қалғаны – Жазушылар одағына Ибаданы іздеп келіппін, іштің бәрі күңгірт, адамдардың ешқайсысы айқын емес. Бәрі де столда отырмай жерге алаша, киіз төсеп жамбастап жатыр. Ана-мына бөлмелерге кірем, бәрі қараңғы. Бір кезде құлағыма бір ап-айқын дауыс естілді. Кімнің даусы екенін білмеймін. «Ибаданың орнына ер адам келді», – деді. Сол кезде оянып кеттім. Сол күні Ибаданың үйіне бардым. Біраз ағайын-туыстары, Дананың, Мейірдің жолдастары отыр екен.
Дастарханға келіп құранға қол жайып, әңгіме тыңдап отырдым. Кенет біреу: «осы жаңа ғана естідім, Ибаданың орнына ер адамды алыпты», – деді. Ішімнен «Субхан Алла» дедім. Маған бүгін таң алдында түсімде айтты ғой.
Философиялық әдебиетте «дүниеде орны толмайтын адам жоқ» дейді.
Бірақ мен үшін мүмкін елу, мүмкін жүз жылда бір-ақ туатын тек қана қазақ қыздарының ғана емес, Хауа-Анадан бергі барлық әйел затының инабатын, ізгілігін, ақылын, тазалығын, жарқындығын, ірілігін, адамгершілігін, арлылығын бойына түгел сыйғызған, эталон-кумир деңгейіне көтерілген Ибадажанның орны ешқашан толмақ емес!
Төбесі көрінбейтін төрт құлақты үйге жеткенше осы періште, әзиз жанды менің көңілімнің сағынып, іздеп өтетіні ақиқат.
Алақанға салып, ешқашан жаман қылық көрсетпей, көріксіз сөзді естіртпей, лүлпілдетіп өсірген ұл-қызының, немерелерінің қызығын көріп, қуанышты сайран дәурен сүретін кезінде, әуелеп ұшқан ақ бұлттай көзімізден ғайып болды.
Ибада секілді ілуде бір туатындарға ғана айтылар қазақтың бір асыл сөзі – «текті» еді.
Бірақ осы сөзді киесінен қорықпай, аярға да, айыр құйрық шаянға да, саудагер мен малын харамнан жиған топас байшыкешке де қаңылтыр шендердей қаудырлата іліп, оның да құнын түсірдік.
Өйткені, осыларды да, бір күн асын ішкен кез келгенді де пәтуасыз ауыздардың «текті» деп, татымсыз сөздерді оңды-солды сабындай езулеріне сіздер мен біздер жол бердік.
Қазіргі мың құбылған уақыттың бет-бейнесіне айналған: аярлықпен, зұлымдықпен, озбырлықпен, құйтұрқылықпен тойымсыз-мешкейлікпен айналысқысы келсе, Ибаданың кемел ақылы оған толық жетер еді.
Бірақ ғасырлар бойғы таза қанмен берілген генетикалық ар-ұяты, тектілігі оны шын зиялының биігінен ешқашан құлатқан емес.
Кемді күнгі жалған дүние үшін ғана мәні бар: байлық пен мансап, шен мен шекпен, сабынның көбігіндей атақ пен билікке ол әркімнің өресі жете бермейтін, өзі көтерілген рухани биігінен пысқырып та қараған жоқ.
Өйткені, оның бұл дүниеден жиған сауаптары әлгінде айтылған бүгін бар, ертең жоқ, түкке тұрғысыз ауыспалы құндылықтардан әлдеқайда салмақты болатын.
Мен осы жолдарды жазып отырғанда, осы сөздерді тек мен ғана емес, Ибаданы азды-көпті білген, араласқандардың бәрінің да айтарына сенімді болдым.
Өйткені, Ибада Сабыр Адай ініміздің сөзін сәл өзгертсек «мыңдардың көңіліндегі жалғызы» еді.
Әрқайсысы оны мен секілді ең жақыным, сүйенішім, апам, сіңлім, қарындасым деп қабылдағандары хақ.
Алланың мекені болған жұдырықтай жүрегіне ықылым замандардан пенде ғұмырды торлаған қызғаныш, күншілдік, іші тарлық, мысқылшылдық секілді қара күйелердің көлеңкесін ешқашан түсірмеген, жүрген жерінің бәрін тек қана парасатпен, көркемдікпен сәндеген құлына Жаратқан Ие көркем мекенді нәсіп еткей!
Мыңдардың жүрегіне жарық сәуле қалдырып, керек кезде әрдайым қасынан табылған, солардың бәріне бойындағы Алла дарытқан ұлы қуатын сарп еткен Ибадажан пейіште нұрың шалқысын!