Жәркеннің ЖАЛҒЫЗЫ
Қазақта «Қыран күнге қараса да, кірпігін қақпайды» деген тәмсіл бар. Ақынның жүрек-жанары да солай. Кірпігін қақпайды. Қағуға тиіс те емес шығар. Шындықтың шырайын кіргізбесе де, ақиқаттың атын жамылып, жұмыр жердің бетіндегі тарих керуеніне ілескен зұлымдық атаулы аз ба? Арманын ардақтап, үмітін үкілей алмаса, сан толқынның запыран зары, көлге айналған көз жасының өтеуі кімнің мойнында? Үздіккен үн, үлбіреген сезімді бастан кешірген Ақын жүрегі жан әлемін нұрға малып қана емес, қайраққа жанып та күн кешеді екен.
«…Буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» – Сүйінішұлы Қазтуған заманынан бері солай. Ол енді Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, көктей көшкен көшпелілер басынан бақ ұшқан кезде, өткені құлдырап, болашағы бұлдырап жырауға жоқтау айтқызған «Сөйлесе қызыл тілдің шешені» сол Қазтуғаннан кейін де ғасырлар өз ғазалын жазды. Жыраулар заманының өзі куә болған елеулі оқиғаларын, айшықты сәттерін, тарихи кезеңдерін жырға қосқан.
Заманның ызғарын, тірліктің мұз-қарын кешіп, жанарын жас жуып, табанын тас тілген тағдырлы талант, ғажайып ақын Жәркен Бөдешті өзінен кейінгі толқын «Жәркен жырау» дейді. Көңілі сергек, санасы сәулелі оқырманнан алған ең үлкен марапаты осы шығар. Көк Туымыз көкте желбіреп, Тәуелсіз Қазақстан атанған тұста Жәркен жырау қай-қайдағыңды қозғап, бозінгендей боздап, тағдырымен таң құшып, қобыз болып зар құсып қоя берді.
Қаламдас, қанаттас іні-бауыры, айбоз ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы «Отаншыл рухтың ақыны» атты мақаласында:
«Жәркеннің туған жерінен, өскен ортасынан, әке-шешесінен, аға-бауырларынан еріксіз бөлініп, ақ қар, көк мұзда ақ боранмен алысып, аш бөрімен айқасып, тау асып, тас басып ата жұртын адаспай тапқан ауыр азабын көлденең жұрт біле бермейді. Жәркеннің Қытайда қиындық пен қыспаққа түсіп, өрт шарпыған өмірін, күрмеуі қиын күрделі тағдырын шын түсінгісі келген адам, алдымен, оның өкініш пен сағынышқа толы өлеңдерінің тамырына терең бойлауы керек.
Иә, алыс қалған аласапыран заманда Мауқара бабасы көш бастап барып, қорда салып қоныс қылған:
«Жусаны бітік сайлары,
Сеңсеңмен тіккен тұлыптай,
Үйірге түскен сайғағы,
Үйіріліп түскен бұлттай» –
Жайыр таудан енді Жәркен табан аударып, жылап қоштасқан уақыт.
Құдіреттің мына кереметін қараңыз:
«Май бетеге бұйырғын,
Тон тоздырмас, ат арып.
Қайтейін жатқа бұйырдың,
Қайран, Жайыр – атажұрт!» –
деп, ащы зары жиырмасыншы ғасырдан жиырма бірінші ғасырға ауысқан Жәркен аңыраса: «Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған, Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Қайран да менің Еділім», – деп сонау он бесінші ғасырдан Қазтуған күңіренеді. Екеуінің заманы басқа демесең, зары бір. Тап бір Қазтуғанның саптыаяғынан сарқыт ішкен секілді. Осыдан кейін қалай жырау демейсің?» – дейді.
Бірінен соң бірі мәңгілік дүниеге асығыс аттанған асыл ағалар, қазақ жырының шұғылалы шайырлары… Жәркен ақынға асығып та, асырып та айтпай дәл бағасын берген.
Рухты өлең – тірі өлең. Тағдыры тас маңдайына таяқ боп тисе де, «өлеңнің отын жағып» өзін-өзі жылытып, кейде жанына жұбаныш, көңіліне қуаныш тауып Поэзия деген ұлылықтың алдында арлы аманат арқалайды шын ақын.
Жәркен Бөдеш «Жалғыз» поэмасының кіріспесінде: «Ғұлама таулардың тұрғыны арқар, құлжаны кәнігі мергендер күзде, тек қана күзде аулайды. Жауынға бөртіп, шыққа шыланып өскен қара жусанды қарпытып, тасты жарып шыққан мөлдір бұлақпен шөлін басқан еркін, қамсыз хайуандар, қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдардай бірден құлап түсіп, жантәсілім етпейтін көрінеді. Қойдың құмалағындай қорғасын оқтың уы ұлы денесіне тегіс жайылып болғанша сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. Мұны ежелгі аңшылар қауымы «оққа сүйенген жалғыз арқардай» деген тәмсіл арқылы еске салады», – дейді.
Қандай сурет. Тағдырын оққа байламаса да, өлеңіне сүйеніп өмір кешкен Ақынның ғана көре алатын суреті. Оның досы да, арқа сүйер айбыны да – жалғыздық. Ақ қағаздың бетіне сырын төгіп, жырын өрнектейді.
Жәркен жырау сөйлесін:
«… Жалғыздықтың тозағын,
тартқан жалғыз мен емес,
Жалғыздар бірақ көп емес.
Ақындары Алаштың,
Шеттерінен қызыл шоқ,
Жел үрсе маздап жанады.
Шабытты шақ, оқыс шақ,
Қара шаңырақ қағаны –
Мырқасымұлы Нұрланжан,
Үйренсең де от ұстап,
Сен де жалғыз, дарасың.
Уға, балға толтырған,
Жырдың күміс шарасын.
Көк түріктің әуенін
Асқақтатып, әспеттеп.
Рухына кетердей,
Топырақ түгіл, тас көктеп
Медетбектегі Темірхан,
Сен де – мендей жалғызсың.
Қарға бойлы Есенбай,
Дүйсенбайдың тумасы,
Өлеңнің сұңғақ ағашы,
Жәркеннің жалғыз ағасы,
Айналаңа қарашы!
Тұғырындай бүркіттің
Сен де – мендей бір түпсің.
Несіпбек Айттың оғылы,
«Көк ала үйрек» секілді –
Сен де – жалғыз құстайсың»,
Ата жырау Ақтамбердінің аузымен,
Қасқалдақтың қанымен
жіберейін ұшықтап,
Ұш тағы да, ұшып бақ».
Бұл енді Жәркеннің жалғыздығы – басқа жалғыздық. Санадағы сарын. Жалғыздық – өзінше феномен. Сәт сайын арпалысқан шайыр үшін Жалғыздық – көз көріп, құлақ естімеген әлем. Қазақша айтқанда: «Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды, бір сауысқан келгенмен қыс болмайды».
«Үні шықпас жалғыздың» үнін шығарған осы поэмада:
«Жалғыздықтың азабын
Шәкәрімдей тартқан кім?
Жалғыз құдық түбінде
жалғыз қурап жатқан кім?
Жалғыз таудың қуысын
қысы-жазы паналап,
Жалғыз балға, төрт таға
жалғыз атын жағалап,
Тобылғы сап, жез бунақ
жалғыз қамшы сабалап…
… Тағдырлар бар сан алуан,
ішінде құла-аласы,
Жалғыздықтан жаралған
адамзаттың баласы.
Данасы мен дарасын
мәрмәр тасқа қашайды ел,
О, жалғыздық, жасай гөр,
о, жалғыздық, жасай бер!»
Жәркен ақынның жалғыздық әлемі – даралықтың, даналықтың әлемі екен. «Мен ақын емеспін, тағдырым – ақын», – дейтін шайырдың тағдыры да – жалғыз. Ол – барлық қуаныш-қайғысы, қасірет-мұңы, ақ-қарасымен қайталанбас тағдыр. Жәркеннің тағдыры – өлеңнің тағдыры. Ол – ұлы сағыныштың жалғыздығы.
Жәркен жырау сөйлесін:
«… Қытайдағы «Мәдени төңкеріс» науқаны аз халықтардың зиялы қауымына азап боп келді. Шетінен Тарын құмына айдап, түрмеге тоғытып жатқан кезең. Шыңжаң университетінде оқығанмын, өлеңім жарияға шыға бастаған шақ. «Есің барда еліңді тап», – деді әкем. Қашпасам болмайтын болды. Әкем мені жолдың жайын жақсы білетін Жабық дейтін кісіге қосты.
Шекараға жеттік. Бірге өткен жігіттерден Айтан Нүсіпхан, Әлімғазы Дәулетханды білесіңдер. Ала бағаннан аттаған бізді біраз тергеу-тексеруден соң, Көкшетау облысына қойшының көмекшісі етіп жіберді.
Қой бағып жүр дегенше,
Ой бағып жүр десеңші.
Қойны-қонышын өлеңге –
Қойма ғып жүр десеңші! –
деп өлең жазып, Қабдеш Жұмаділовке жолдайтын уағым ғой. Не құқай көрмедік? Өмірімнің бәрі бұлдыр-бұлдыр елес, түгесілмейтін түс секілді».
Иә, Жәркен – тағдырлы ақын. Екі елді, екі қоғамды, екі формацияны көрді. Оның көзіне бар әлем Жайыртау болып елестеді. Аспан да, тау да, тас та солай. «Тағдырың бүгін мұнда, ертең анда айдайды. Барлық адам тағдырының түйісетін жері – өлім», – депті Жүсіп Баласағұни. Уақыттың желі бірде оңнан, бірде солдан соқса да адам рухы, ақын рухы тірі екен. «Рух тағдыр соққысын тәлкек етеді» деп Демокрит бекер айтпаған шығар. Жәркен шығармашылығы – тұтас шығармашылық. «Алма ағаштың бүріндей, текеметтің түріндей» жайнап, жасарып, болмаса тау өзенінің екпініндей гүрілдеп ағып, тас пен жаңқаны жағаға атпаса да, өз бояуы, өз болмысымен, өз мақамымен әйгіленетін Жәркеннің жыр-дариясын жазбай танисың.
… Бір ақын жүр Алматы Тастағында,
Келген еді елім деп қасқа, мұнда.
Тағдырының іздері сайрап жатыр,
Өлеңінің қат-қабат астарында.
Қалмаңыздар көз жазып
сол ақыннан,
Ұлылықтан үлесі мол ақыннан.
Жарып шығып тағдырдың
тарғыл тауын,
Емен сынды, ол бұтағы оратылған.
«Тастақта» деп аталатын жырдың соңғы екі шумағы бұл. Сырты қарапайым көрінгенмен, тегеурінді, тарпаң жыр. Иә, бірнеше жыл «Тастақ» шағынауданындағы үш бөлмелі пәтері – ақынның жыр періштелері дүниеге келген құтты ұясы, марқұм боп кеткен қос ұлының шадыман шағының шуағы шашыраған құтханасы еді. Өткен күннің бәрі өкініш. Сұрмергендер қуалап қалаға кіріп кеткен бөкеннің текесі сияқты Жәркен жырау сылти басып, Тастақтағы бес қабатты үйінен Төле би көшесіне қарай келе жатқандай көрінеді кейде маған да.
Осындайда Бернард Шоудың: «… Уитмен – классик, алайда аспандағы күнді аңғармағандай, оны байқағысы келмеген жалғыз ел – Америка болғаны өкінішті-ақ», – дегені еске түседі. Жәркен ақынның тіл ерекшелігі, жыраулар поэзиясы мен қара өлең үлгілерімен тұтасып кеткен ақындық әлемі оның өлең жайлауының жасылын жайқалтып, гүлдерін тербетіп тұр. Тіпті кейбір өлеңдері әнге айналып, жыр боп есіп, халықтық сипат алып кеткен.
«…Ұқсайсың меніменен бір туғанға,
Ұқсайды кескін кейпің түр-тұлғаң да.
Ауылдан жаңа келген бала екенсің,
Жаным-ай, жан қалтаңда
құртың бар ма?»
Жалғыз шумақ. Тұтас бір әлем. Далалық сарын, кешенің бүгінге бастаған жады мен жаны. Поэзиядағы ұлттық бояу деген осындай-ақ болар. Ал мұндай жолдарды ұлт ақыны ғана жаза алатын шығар, сірә!
…Жалғыздыққа сүйенген,
мен де – жалғыз арқармын,
Жалғыз өлең дарыса
жүректегі тарқар мұң.
Жырдың уы бойыма
дарығанда өлермін,
Өзі айтады үкімін келер ұрпақ, келер күн.
Жәркен шығармашылығында осы Жалғыздық деген киелі ұғымға, таныс та, бейтаныс тақырыпқа қайта айналып орала береді.
Жалғыздық. Жәркен ақынның жалғыздығы. Мүмкін, ақын жалғыздығына басын сүйеп көз жұмған шығар.
Оның жалғыздығы – киелі де қасиетті жалғыздық. Ақын жырларында жалғыздық атаулыға Жаратқаннан медет сұрайды. Жоғарыда айтқан Жәркеннің «Жалғыз» дастанының түйіні:
«… Ғұлама құздың басында оққа сүйенген жалғыз арқар әлі сіресіп тұр. Сауысқан, қарға, құзғындардың тұтқиыл шабуылының кесірінен мерт болған ақсұңқар құстың рухы қомданып, Хантәңірінің қиясында қонақтап отыр. Жаралы арқардың қашан көз жұматыны белгісіз… Қомданған қыранның күні ертең-ақ шарықтап аспанға көтерілуі айдан анық. О, жаратушы жалғыз Тәңір-Ием, өзіңе ұқсаған жалғыздарыңды жарылқай гөр…»
Осы жолдардың астарынан Ақынның аңсар-арманын, запыран зарын танып қаласың…
Жәркеннің жалғыздығы – Ақынның жалғыздығы, ақын біткеннің басында бар бірін-бірі қайталайтын Жалғыздық…
Жалғыздық тақырыбына ұлы Абай да қалам тербеді. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген өлең жолдары афоризмге айналып кетті. Абайға жалғыздық «бақсының моласы» боп көрінсе, Жәркен жырауға «Құз басындағы оққа сүйенген жаралы арқар» болып елестейді.
Ал Шәкәрімнің жалғыздығы сәл бөлектеу:
«Жапанда жалғыз жаттым
елден безіп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезіп.
Оңаша жатқанды да ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп»,– деп жырлаған ол жалғыздықты серік ете жүріп, жауыздың жалғыз оғының құрбаны болып кетерін сезді ме екен?
Адамның бәрі – жалғыз. Шығармашылық әлем – жеке әлем. Жалғыздықтың да өзінің шыңы бар, оның да қояр сауалы бар, дүниенің нақ мәнін ұқпасаңдар ізгілік жолында жалғыздықпен дос болған Омар Хайям, Жалаладдин Руми, Қожа Ахмет Ясауи бастаған бабалар биігі – осы оймызға дәлел.
…Сонау бір жылдары «Қабырғатал» жинағы арқылы қазақтың қара өлеңіне олжа салған, келесі жинағына әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсіреповтің өзі алғы сөз жазған, ғажайып ақын Тұрсынзада Есімжановтың «Жалғыздық» деп аталатын толғауын 1989 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында өзіне жатқа оқып бердім.
«… Тұр тарихта тәкаппар
талай жалғыз,
Біз олардың қасында қарайғанбыз.
Ғалымы көп қазақтың –
Шоқан жалғыз,
Ақыны көп қазақтың – Абай жалғыз», – деген жолдары бар еді. Бақастық пен қысастық көріп, қапастан оралған ақын көзіне жас алды. «Тірілерден безінгем, қолым қалт етсе, мына қара шалға келіп, сырласып қайтам», – деді Абай ескерткішін нұсқап. Ол кісі де жалғыз жүрді, саяқ өмір сүрді…
Жәркен ақынның поэзиядағы төлқұжаты секілді мына бір өлеңін оқиықшы:
… Атажұртым – Өр Алтай,
Туған жерім – Жайыртау.
Баласындай арқардың
Екі тауға тең өстім.
Арғы тауға асумын,
Бергі тауға белеспін,
Жарымаған уызға,
Жарты қазақ емеспін.
Тұтастық жыры. Ұлттық рухтың жыршысы. Отанға, туған жерге, тіл мен ділге, қазаққа деген мааббаттан туған арнасы бөлек өлең.
…2019 жылы «Сұлубайдың әні» атты поэма жазып, қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілінде шыққан шерлі дастанымның тұсаукесері Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында өтті. Халықтың көптігі сонша, сыймаған жұрт түрегеліп тұрды. Тұсаукесер тізгінін қолға алған айтулы ақын Жүрсін Ерман Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, Әбсаттар Дербісәлі, Смағұл Елубай, Нұрлан Оразалин, Балташ Тұрсынбаев, Ұлықбек Есдәулет, Сәбит Досанов, Серік Ақсұңқар, Нұртілеу Иманғали ағаларымыз бастаған зиялы қауымға кезегімен сөз берді. Әсіресе «Қайқая шапқан қарагер, қайрылар ма екен қайран ел» деп шарықтап барып қайырылатын Сұлубайдың әні орындалғанда, зал қатты толқыды.
Арғы беттегі қандастардың жағдайы қиындап тұрған кез еді ғой.
Осы дастанның бір бөлігі «ХХІ ғасыр. Уақ Жармұхаммед жыраудың Жайырды жоқтауы» деп аталатын:
…Қу теректей қуарған,
Қос жанары суалған,
Жайыр жайын естігем,
Жармұхаммед жыраудан.
Көңіліне сай құсы,
Емес еді жай кісі.
Жайырдан да ауырлау,
Ішіндегі қайғысы.
Сырқат тәні сықырлап,
Жүре берер пенденің.
Жаны қалып кеткендей,
Майлы Жайыр сенде оның…
Қызыл-жасыл дүние
қызуымен арбайды,
Қарт жыраудың бойында,
Бар қасірет, бар қайғы.
Тоғыз тарам көз жасы тоғыз сағат
құрғамай –
Сыбызғы боп сыңсиды,
Қобыз болып зарлайды… –
деп жалғасатын. Осы жолдарды қазақ үнжариясының сандуғашы Сауық Жақанова оқығанда құдіреттеніп, асқақтап, аспандап кетті. Жәкеңнің үлкен жанарының шарасынан жас саулап тұр екен…
– Төрт тілде дейсің бе? Рақмет, жаным! Басқа тілдерге біздің өлең бұлай әсер етпейтін шығар, – деп қояды. Не ойлады екен сонда?..
Қазақтың қайталанбас қолтаңбасы бар ақыны Жәркен Бөдеш те өзі жырлаған сағыныш пен елеске айналып кетті. Жайыртаудың жаралы арқарындай көкірегі қарс айырылып, жан-жарасын жырымен емдеп өткен жампоз еді ол.
Алматыдағы Мұқағали ескерткіші ашылған күні, Жәркен ағам «Ақын» деп аталатын өлеңін жазды. Сол ғажайып жырдың соңы:
«…Таудай едің!
Таудың алып тумасы,
Қарапайым қазақ едің, турасы.
Қыр басында неге шөгіп жатырсың,
Ей, өлеңнің буырқанған бурасы?!» – деп түйінделетін. Енді осы сауалды өзіңе де қоюға тура келіп тұр, Жайыртаудың жалғызы!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Түрік әлемі «Түрік бірлігі» сыйлығының иегері