АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ИГІЛІКТІ ІСТЕРІ
Бүгінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Мерейтойға байланысты университет ғалымдары онға тарта тарихи танымдық кітаптарды жарыққа шығарды. Қазан айының 2-күні оқу орнында осы басылымдардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев іс-шараның маңызына тоқтала келе: «Осы 90 жылда университетімізді аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтан бастап, Бәймен Алманов, Шәрифолла Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков, Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Жүнісбеков, Құлжабай Қасымов, Тоқмұхамед Садықов, Серік Пірәлиев сияқты білім, ғылым саласының белгілі өкілдері басқарды. Олардың бәрі де – өз кездерінде оқу орнының дамуына қал-қадырынша үлес қосқан тұлғалар. 1928 жылы ашылған университеттің қалыптасуы мен дамуында Қазақстан оқу-ағарту Халық Комиссары Ораз Жандосовтың, Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов пен Халел Досмұхамедов сияқты тұлғалардың жарқын іздері бар. Біз 90 жылдық мерейтой қарсаңында осы тұлғалар туралы «Өнегелі өмір» сериясымен тарихи-танымдық кітаптар шығаруды қолға алған едік. Бүгін «Санжар Асфендияров», «Ораз Жандосов», «Халел Досмұхамедов», «Халел Әділгереев», «Мәлік Ғабдуллин» деп аталатын кітаптар топтамасы қолымызға тиіп отыр. Осы кітаптардың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасынан шығуына қолұшын берген ректор, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановқа және Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыпқа алғыс айтамыз. Мәмбет Қойгелді бастаған тарихшы ұстаздарымыз тұңғыш білім ордасының өткенін терең зерттеп, «Абай университеті. 90 жылдық тарихынан» деген кітапты жарыққа шығарды. Университетіміз биылдан бастап «Ұлағат» сериясымен өзіміздің танымал түлектеріміз туралы кітаптар шығаруды қолға алды. Алғашқы басылымы – белгілі математик Әбдімәжит Өтешке арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын жинақ. Сондай-ақ, «Ауызша авторлық әдебиет ғылыми-зерттеу орталығының» директоры, профессор Бекен Ыбырайымовтың басшылығымен «Шернияз Жарылғасұлы шығармалары», «Алтын арқау», «Ұлттық рух және шығармашылық даралық» атты зерттеу еңбектері жарық көрді. Университет қызметкері Мырзахан Ахметовтың «Парасат пен парыз» танымдық кітабы мен «Тұңғыш университет» фотоальбомы да университеттің 90 жылдығына арналып отыр», – деді. Тарихшы-ғалым Хангелді Әбжанов, Ораз Жандосовтың ұлы, тарихшы- ғалым Әли Жандосов, Ораз Жандосовтың тұңғыш немересі, университетіміздің түлегі, ақын Гүлнәр Едігеқызы Жандосова, Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы, Хәлел Әділгереевтің ұлы Бақыт Әділгереев, университет түлегі Әбдімәжит Өтештің әпкесі Жарқын Өтеш, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Талас Омарбеков, ақын-драматург Нұрлан Оразалин және тағы басқа кеш қонақтары университет ұжымын 90 жылдық мерейтоймен құттықтап, білім ордасының тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында өнегелі іс атқарып келе жатқан университет ректоры Такир Балықбаевқа және авторлар қауымына алғыс айтты.
Шоқан Құттыбаев,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері
ПІКІРЛЕР1
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.