АРАМЫЗДАСЫҢ, АБДОЛЛА!
02.10.2018
1618
0

Абдолла-Алтый Сүлеймен! Бұл – шығармашылық соқпағымен ілгерілей отырып, өз биігіне ұмтылған досымыздың дүйім жұртқа танылған әдеби ныспысы. Сарыарқаның саумал самалындай майда қоңыр даусымен исі қазақтың әрбір шаңырағына іштартып, өзімсіне енген азамат еді ол! Елге сөзіммен демеу болсам деді. Қиянат көргеннің қолтығынан алуға, қауқарландыруға ұмтылды. Сөз шіркіннің құдіреті ғаламат заманда – сөзім жеткен жерге өзім де жетем ғой деген шексіз сеніммен әуе толқынында сұңқарша саңқылдады. Табаны тиген жердің бәрінде қарапайым халықпен тілдесті, жүрек лүпіліне құлақ түрді. Сезімшіл түйсігі арқылы кім-кімнің де ішкі ойын айтпай аңғарды, жазбай таныды, тілдескен кісілердің куанышына ортақтасты, Қамкөңіл пенденің көңіліне нұр ұялатып, санасын шырмаған мұң мен шердің қара бұлтын ысырды. Әбекең – Абдолла-Алтый Сүлеймен осындай еңбегімен қазағының ой төрінен орын алды.

Жазуды шынайы өнер деп білген кісі­лер­дің жан дүниесі қашан да жомарт келеді. Бір ғажабы, олар дүние жимайды. Кірпіш-кірпіш кітапты асқан байлық санайды. Жетпісінші жылдардың ортасынан ауа арман шіркіннің желегін желпілдетіп әр қиырдан Алматыға келген, ҚазМУ атты қара шаңырақта таныс­қан, табысқан жур­фак­тың қыз-жігіттерінің бәрі дерлік сон­дай еді. Барған жерімізден кітап іздедік. Жақсы кітап жарық көріпті, ана басылымда шырайлы материал басылыпты десе, тезірек тауып, қарап шығуға құлшындық.
Бәрімізге ардақты азамат, аяулы дос бола білген Абдолла да Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Талап ауылында жү­ріп-ақ талай-талай ақын, жазушының жаз­ғандарын парақтаған, солар арқылы ақылына ақыл қосып, келешегіне батыл қадам жасаған айбо­зым­ның нақ өзі еді. Жаңақорған – жы­рау­лар мен ақын-жыр­шы­лардың ұялы ордасы ғой. Жыр дүлділі Әбділда Тәжібаев пен қазақ әдеби сыны­ның қайталанбас нар тұлғасы атанған Мұ­хамеджан Қаратаев ағаларының айшықты ізі қалған. Дүкенбай мен Тыным­байларды түлеткен киелі топырақта біздің Абдолламыз ойы мен бойын түзеді. Әде­биет­­тің есігін имене қақты. Кейіпкерлерін алыс­тан емес, айналасынан іздеді. Оқи­ғала­рын өмірдің өзінен ойып алды. Шы­найы шығарма сонда ғана өміршең бола­ты­нын жазу әлеміне тәй-тәй басып ен­ген­де-ақ түйсінді. Түптеп келгенде, шы­­ғармашылық жаратылыстың бір пұш­пағы боп өрілетін журналистика шіркін­нің де шырайын айнала төңіректе, қоғамның қым-қиғаш тіршілігінде қайшыласқан ақиқат оқиғалары айшықтаса керек. Адамдардың тағдырынсыз өнер өрісті бола ма? Біз білетін Абдолла-Алтый қай тұлғаны сомдаса да, әуелі оның адамдық болмы­сы­на, кісілік қасиетіне ерекше үңілді. Бы­лайғылар көре білмейтін беймәлімдеу тұсына айрықша аңғарымпаз­дықпен шұқшиды. Сосын Құдай берген қа­за­қы нышанда ой өрді. Кішкене кезінен емі­ніп өскен кестелі тілдің майын тамыза без­бендеді. Бұл оның артықшылығы еді.
Жалпы, Абдолла шығармашылығын сан салалы етіп талдауға болады. Соның ішінде алабөтен ерекшеленетіні – те­ле­жур­налисти­ка­дағы дүниелері. Осы реттен алғанда, ол қазақ теледидары тарихының тоқсаныншы жылдарынан өзіндік орнын әбден айқындап алған мықты маман бола­тын. Өмірінің қырық жылдай уақытын сол бір киелі қара шаңы­рақ­та өткізіп, телеэк­ран­­ның танымал тұлға­сына айналған та­лай­лармен қоян-қолтық араласып, ше­бер­лік дегеннің не екенін айрық­ша ұғынған ұлағат иелерінің бірі – Тыныс Өтебаевтың таңдауынан шыға білген А.Сү­лей­меннің соңында көрермендерді тұшын­дырған мол мұра қалды. Олардың арасында кең тынысты, Әбекеңнің теле­журналистік қырын аспандатқан хабарлары аз емес. Тә­у­ел­сіздік туын жаңадан желбі­рет­кен еліміздің тарихына, тағдырына қатысты жасалған соқталы дүниелердің қай-қайсысы да кезінде аузы дуалы ағалардың назарына ілікті. Әбекеңнің абыройын арттырған, та­лабы мен талғамын, пайымы мен байламын байқатқан, бір биіктен екінші биікке әуелете көтерген құнды мұраларын бағамдай жүрсін деген ізгі оймен қазақ тарихына қатысты жаз­бала­рын да «Арамыздасың, Абдолла!» естелік кітабына әдейілеп енгіздік. Әрине, бұл – Абдолла-Ал­тый­дың қолынан шық­қанның бәрін қамтыды дегендік емес. Уақыт сы­нына төтеп береді дегендерін ғана екшедік. Әйтпесе, Әбе­кеңнің жасаған жұ­мыстары көп, аса көп екенін де көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Міне, соның қай-қайсысы да ертеңге қарай ілгерілеген еліміздің эко­номикасы мен мә­дение­тіне, идеологиясына қолымнан келген үлесімді қосайын, өзіндік үнімді жеткізейік деген шынайы ниеттен туған.
Әбекең адал да абыройлы тірлік кешті. Адам­дық қасиеттерді үлгі-өнеге етті. Биік болмысымен артында жарасты жақсы пікір қалдырып кеткенін жинақтағы естелік ма­те­риал­дар мен арнау жырлардан айқын аңғаруға әбден болады. Өзі аға тұтқан, ақылына бар ниетімен құлақ түр­ген азаматтардың ілтипат­шыл ініге бағыш­тап айтқан сөздері мен қатар жүрген, жастық шақтың қайталанбас қызық­ты күндерін бірге өткізген, одан кейін де жұп жазбаған үзенгілес жора-жолдаста­рының сыршыл сезіммен өрілген ойларына қарап, Абдолла-Алтыйдың аз өмірді мәз етіп өткізге­нін көз алдыға елестететініміз күмәнсіз. Өмірге келді, тірлік кешті, кейінгі ұрпаққа өнеге етерлік іс тындырды дегенді ел, шіркін, осындай-осындайдан соң да айта­ды екен-ау дейсіз.
Расында, адам мына жарық дүниеге бір-ақ рет келеді. Сол өмірді келіп-кеткен бей­мәлім әлдекім боп өткізбей, мағыналы да мәнді тірлікпен түрлентіп өткізсе, бақытты ғұмыр деген ұғымды соған сайсақ керек! Сондықтан бәріміз білетін Абдолла-Алтый Сүлеймен тағдырына қарап, жүз жасама­ғанмен, жүз жасаған кісінің ісін атқарыпты-ау дейсіз. Естелік кітаптағы авторлардың лебіздерін зерделей отырып, өз басым осын­дай ойға бекідім. Дәмдес-тұздас болған, өмі­рі­міздің ең тәтті, шырын сәттерін бірге өткіз­ген, сыйласқан, сыр­лас­қан біздер барда қи­мас досымыз Әбе­кең әрқайсымыздың жү­регімізде екен. Сол себепті оның мәңгі өлмейтін рухына, аруа­ғына бас иіп, тағы да «Арамыздасың, Абдолла!» дегім келеді.
Бұл – менің ғана емес, естелік лебіздерін білдірген авторлардың ортақ ойы.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір