Детективтің КЕМЕЛІ
02.10.2018
1738
0

24 қыркүйек күні «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша қазақ прозасында детектив жанрының негізін қалаған қаламгер Кемел Тоқаевтың 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Қазақ прозасында тың жанрдың жолашары бола білген қаламгер шығармашылығы шытырман оқиғаларымен, қараңғыдан жарыққа бастаған ғибратты дүниелерімен ерекшеленеді. Майдан даласын көзімен көріп, көңілге түйгенін ақ қағазға төккен жазушы шығармалары соншалық шынайы, тағылымды. Көзі тірісінде таралымы 400 мыңға жеткен жазушының кітаптары бүгінде өз оқырманын тапқаны мәлім.
Ғылым ордасының кіші залында өткен бес томдық кітаптың тұсаукесер рәсімінің тізгінін жазушы Әлібек Асқаров қолға алып, жазушының сан қилы өнегелі еңбек жолы жайлы баяндады. Алғашқы сөз кезегін алған Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет өз кезегінде: «Кемел ағамыз ішкі мәдениеті мол, адамгершілігі жоғары адам болатын. Детектив жанрын қара нардай сүйреп өрге шығарып, қалыптастыруда еңбегі ерен. Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Асқар Сүлейменов секілді жазушылармен «Қалам­герде» отырғанын талай көргенбіз. Көңілі таза, қу­лық-сұмдықты білмейтін, сәби жүректі жан болатын. Кемел ағамыздың өзі өмірден өтіп кеткенмен шығармалары халқына жетіп жатыр. Шығып жатқан жинақ жастарға дүмпу, серпіліс туғызатын жинақ болады ғой деп ойлаймын», – деді ағынан жарыла.
Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлы тұсаукесер кешке арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Кемел ағамыз қазақтың ұлттық санасын сақтауға өте көп еңбек сіңірген. Шытырман шығармалары оқырманын терең логикаға, ұшқыр ойға жетелейді. Бала күнімде Кемел ағамыздың кітабын оқып, мектеп бітіргендей сезімде болғанмын. Ол кітапты менен кейінгі барлық бауырларым оқыған болатын. Сонда осы кітап жадымда ерекше сақталып қалған», – деді.
Мұнан соң «Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбеков, сөз сөйлеп ақын Рафаэль Ниязбек жырдан шашу шашты.
Жарыққа шығып отырған бес томдықтың бірінші кітабында Кемел Тоқаевтың құнды шығармасы – «Солдат соғысқа кетті» романы берілген. Романдағы басты кейіпкер Мұхаммед – жазушының өзі. Ауылдан алыс майдан даласына аттанған Мұхаммедтің адалдық жолындағы күресі, соғыс кезіндегі аярлықтарды әшкере еткені шығармада шынайы суреттеледі. Қаһармандыққа таласып, өзді-өзін алдаған қатардағы солдаттың ашкөздігін айтып, шын батырдың үнін оқырманға жеткізеді. Осы романмен қатар, бұл томға «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері енген.
Екінші томнан орын алған кезекті күрделі шығарма – «Соңғы соққы» романы. Қаламгердің бұл шығармасынан оның қандай мехнатты тағдырды бастан кешкенін білуге болады. Не жазса да соңғы күшіне дейін сарқып, өз болмысын қаламмен біріктіретін жазушының бұл туындысынан шынайылық пен адалдық лебі еседі.
Үшінші томға «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі енген. Оқырманын баурап әкететін «Ұясынан безген құс» туындысынан да осы бір ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз.
Қаламгердің көп тер төккен тақырыбы, қазақ прозасына тың үрдіс әкелген шығармалары көпке мәлім шытырман оқиғалы повестері. Кемел Тоқаевтың бұл шығар­малары («Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында») төртінші томға енген.
Бесінші томнан атақты партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов жайлы повесть пен «Замандастар сыры» атты жазушы Кемел Тоқаев жайлы қаламдастар лебізін оқи аламыз.
Жазушы жайлы өз ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының аса көрнекті тұлғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» эссесінде шынайы мағлұматтар берілген. Күйбең тірліктің қамытын арқалап жүрсе де, адалдық пен ар сақтауды ұмытпаған жазушы болмысын танып, разы боласың. Эсседе Кемел Тоқаевтың жазушылық, майдангерлік, қайраткерлік қырлары көрініс табады.
Ғылым ордасындағы кештен соң жазушы тойы Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» жалғасын тапты. Өзі қызмет еткен қасиетті қара шаңыраққа жиылған көпшілік жазушының өмір жолымен, шығармаларымен танысты. Жазушы хақында деректі фильм тамашалады. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйе­мел­деуімен әндер шырқап, күйлер шертілді.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қаламгер Кемел Тоқаевтың 95 жылдық еске алу кешіне арнайы жолдаған құттықтау хатын министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлы көпшілік алдында оқып берсе, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау сөзін облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев жеткізді. Мұнан кейін сөз алған Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет қаламгер мерейтойына деген өз тілегін жеткізе келе мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Кеште сөз алған Қазақ­стан­ның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов: «Кемел ағамызбен қатар жүріп, сырлас болдым. Ол кісі ылғи шындық биігінен көрінетін дара азамат еді», – деді. Ақындар Рафаэль Ниязбек пен Шөмішбай Сариев жырдан шашу шашып, кештің көркін ашты.
Кеш жиналған көпшілік қауымның көңілінен шықты.

Б.Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір