МОЦАРТТЫҢ «РЕКВИЕМІ»
…Бірде кешқұрым Моцарттың үйіне басынан аяғына дейін қара киінген белгісіз бір адам келеді. Аты-жөнін айтпастан, келген бойда ұлы композиторға азалы музыка жазуға тапсырыс береді. Сөйтеді де, үстел үстіне алтын ақшаларды (50 не 100 дукат) үйіп тастай салады. Реквием дайын болғанда тағы осынша беретінін айтып, үйден шығып кетеді. Кетер алдында, жоқшылықтан қиналып жүрген шағында бейнебір тағдырдың тосын сыйына тап болғандай мелшиіп отырып қалған Моцартқа өзінің бұл келісін құпия ұстауды ескертеді. «Музыка құдайы» көп ұзамай жаңа шығармасын жазуға кіріседі. Әрбір нота жазылған сайын осыдан аз уақыт бұрын тұла бойын құрсап алған белгісіз дерт меңдей түседі. Ал жұрт арасында «Моцартқа өлім періштесі келіп кетіпті» деген үрейлі әңгіме тарап кетеді…
«ӘЛДИЛЕ, ӨЛІМ, ӘЛДИЛЕ…»
Мен осы жолдарды өлім дейтін мәңгілік ақиқаттың құдіреттілігін бар мән-маңызымен асқақтата «жырлайтын» ғаламат музыканы тыңдап жазып отырмын. Моцарттың музыкасын. Моцарттың «Реквиемін». Композитордың «аққу әніндей» болған соңғы, аяқталмай қалған шығармасын. Өлім әуенін һәм «жаназа күйін»…
«Реквием» – австриялық әйгілі композитор Моцарттың он екі бөлімнен тұратын, латындық канондық мәтінге арнап жазылған, шіркеу музыкасынан концерттік деңгейге жеткен теңдессіз туындысы. Тыңдап отырып мұңаю, қайғыру, тебірену, елжіреу, үрейлену, қимастық, үміттену секілді түрлі сезімдерге бой алдырасың. Оркестр құрамындағы бассетгорн, тромбон, труба, литавра аспаптарының баяу да мұңлы, күңгірт те күшті дыбыстары ә дегеннен сілтідей тындыратын шығарма бірте-бірте бойыңа үрей ұялатуға көшеді. Әсіресе барған сайын екпін алып тасқындай жөнелетін қуатты хор әні ешқашан шыға алмас қараңғы, суық, тар қапасқа тап болғандай діріл қақтырады. Сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлатады. Осынау аянышты да бейшара халіңді қапалы үнді ер дауыстардың арасынан естіліп қалатын «Олардың алдынан мәңгілік сәуле жарқырата гөр!» деп шырыл қағатын жіңішке әйел дауыстары күшейте түседі. Тек ара-тұра бірнеше рет қайталанып айтылатын «Мені Өзіңе шақыр!» деген бір ауыз жалынышты сөз ғана шарасыздық пердесін түріп, Жаратушыңның рақымына деген сеніміңді күшейтеді, тәубеңе келтіре отырып көзіңе жас алдыртады. Мағжан ақын «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дегендей, мәңгілік мекенде мына өмірдің бар бейнеті ұмыт боп, мәңгілік тыныштыққа бөленетініңді ойлап, беймәлім бір рақатқа батасың…
СІЗ КІМСІЗ, ҚАРА КИІМДІ МЫРЗА?
Моцарттың өмірбаянына үңілсек, ол реквиемді жазу кезінде бейнебір өзіне арнап жазып жатқандай әсерде болыпты. Оның сол кездегі ішкі күйінен хабар беретін, Лоренцо де Понте атты досына жазған мына хатын оқып көріңізші:
«Менің миымда хаос орнады. Ойларымды жинақтау қиынға соғып жүр. Бейтаныстың бейнесі көз алдымнан кетер емес. Ол өтініш айтады, талап етеді, табандап тұрып алады. …Мен соңғы сағатымның жақын қалғанын сеземін. Мен өлуім керек. Менің бұған сенімділігім сонша – бұған тіпті ешқандай дәлел де керек емес. Мен өзімнің талантыма қуануды қойдым. Ал өмір қандай тамаша еді, иә?! Оның басы сондай жарқын болашақтан үміттендіретін. Алайда ешкім де өзіне тиесілі тағдырын өзгерте алмайды. Үнсіз бойсұну керек. Сонымен мен өзіме арналған жаназа әнін аяқтаймын. Оны аяқсыз қалдыруға құқым да жоқ.
Вена, 7 қыркүйек, 1791 жыл».
Кейін, реквиемді ешқандай елес те, өлім періштесі де, зұлым күш иесі де емес, кәдімгі тірі пенде – Франц фон Вальзегг атты ақсүйек жұбайы, марқұм Анна фон Фламбергті (1791 жылы ақпан айында дүниеден өткен) еске алу құрметіне арнайы жаздырғаны белгілі болады. Ал небір мифтің тууына себеп болған 1791 жылғы шілде айының бір күнінде тапсырысты жеткізген қара киімді адам – графтың Лойтгеб дейтін қызметшісі екен. Вальзеггтің өзі де музыкадан алыс болмаған. Флейта мен виоленчельде ойнаған. Тіпті жұрттың өзін композитор санағанын қалап, композиторларға тапсырыс бойынша өз атынан шығармалар жаздыртқан.
«Реквием» халық алдында алғаш 1793 жылы 14 желтоқсанда ойналады. Бір деректерде сол кезде партитурада «граф фон Вальзеггтің реквиемі» деп көрсетілген делінсе, енді бірінде афишада Моцарттың есімі тұрғаны айтылыпты.
Айта кететін жайт – Вальзегг Штуппахтың «қара киімді» елші-қызметшісі Антон Лойтгеб кейін құпия жағдайда көз жұмған.
«ЖАНАЗА КҮЙІ»
Моцарт өз «Реквиемінің» тоғыз бөлімін ғана жазып үлгерген. Қалған үш бөлімін Йозеф Эйблер мен Франц Ксавер Зюсмайер аяқтаған. Виртуоз музыкант өлер алдында шәкірті Зюсмайерге «Реквиемді» қалай аяқтау жөнінде нұсқаулар берген дейтін пікірлер де бар.
Әйелі Констанцаның айтуынша, «Реквиемді» жазу кезінде Моцарттың жағдайы күрт нашарлай бастаған. Ол тіпті кей кездері жарының қолынан партитураны жұлып алуға мәжбүр болған. Композитордың өзі де ара-тұра «Реквиемді» тоқтатып қойып, өзге шығармаларына көңіл бөлген. Констанцаның тағы мынадай естелігі жазып алыныпты: «Пратерде серуендеп жүргенімізде Моцарт көзіне жас алып, «Реквиемді» өзіне арнап жазып жатқанын айтты. Сосын «Мен өзімнің ұзаққа бармайтынымды сезіп жүрмін. Өйткені маған у берді. Осы ойдан арыла алар емеспін», – деді».
1791 жылы 20 қарашада Моцарт төсек тартып жатып қалады. Деректерге сүйенсек, ол 5 желтоқсанға дейін – көз жұмғанынша төсегінде жатып реквиемді жазуды жалғастыра берген. 4 желтоқсан күні Моцарттың үйіне Шак, Хофер, Герль атты достары келеді. Олар композитордың төсегінің жанына жиналып, «Реквиемді» әндетіп айта бастайды. Басында қосыла шырқаған Моцарт соңғы 9-ыншы бөлімге келгенде көңілі босап, шығармасын аяқтай алмай кететініне налыпты. Алайда көптеген музыкатанушылар дарабоз музыканттың өмірбаянындағы «Шактың хабары» делінетін бұл мәліметке сенбестікпен қарайды. Өйткені сол кездері композитордың жанында болған балдызы Софи Вебердің (Хайбль) айтуынша, ол 4 желтоқсан күні өлім аузында жатқан. Әйтсе де, осы сюжет суретшілер арасында кең тарап кетеді. Моцарттың өмірінің соңғы сәттеріне арналған картиналардың барлығында дерлік «Реквиемнің» орындалып жатқаны бейнеленеді.
МОЦАРТТЫҢ ӨЛІМІ
Антонио Сальери
Моцарттың өліміне қатысты сан жұмбақтың бірі – оның қарапайым болса да жеке зиратқа емес, ондаған қаңғыбас, қайыршылармен бірге орға көміле салуы. Соншалық тез, асығыс. Оған тым құрығанда киелі Стефан соборы капельмейстерінің көмекшісі, сарай капельмейстрі ретінде еш құрмет көрсетілмеген. Тіпті денесі собор ішіне кіргізілмеген. Қоштасу рәсімі ғибадатхананың алдыңғы бөлігіндегі Айқыш капелласында өткен. Композитордың денесі қаралы әуен қысқа қайырылғаннан кейін киелі Марк қорымына апарып қойылады. Капеллада және қорым басында азғана адам – барон Свитен, композиторлар Сальери, Албрехтсбергер (кейін Моцарттың орнына киелі Стефан соборы капельмейстерінің көмекшісі болған), Зюсмайер және т.б. болған. Алайда олардың ешқайсысы қорымға дейін бармаған. Деректерде бұған арты қарға ұласқан күшті жаңбыр кедергі болғаны айтылыпты. Жерлеуге «қайғыдан есеңгіреп қалғанын» негіз етіп, әйелі Констанцаны қатыстыртпаған. Бірнеше күнге таныстарының үйіне жіберілген. Артынша оған жерленген жерге айқыш қойылғанын айтыпты. Егер шынымен солай болса, онда неге жесір әйел марқұм күйеуі жатқан зират басына тек бірнеше жылдан кейін (1808 жылы) ғана барған? Бұған дейін ол жерді қалың шөп басып, еш белгі қалмағаны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, Моцартты жерлеген қабір қазушы да әлдеқашан қайтыс болып кеткен еді.
Деректерге сүйенсек, Моцарттың жатқан жеріне досы Иоганн Георг Альбрехтсбергердің жұбайы бірнеше жыл қатарынан ұлымен бірге барып тұрыпты. Сол кішкентай бала өскен соң, композитордың туғанына 50 жыл толғанда іздеушілерге жерленген жерді көрсетіпті. 1859 жылы ол араға фон Гассердің жобасымен әйгілі «Жылап тұрған періште» ескерткіші орнатылады. Композитордың жүз жылдығында оны Венадағы Орталық қорымның «музыкалық бұрышына» апарып қояды. Бұрынғы орында біраз уақыт Киелі Марк қорымының қараушысы Александр Кругер жасатқан шағын ескерткіш тұрғанымен, кейін «Жылап тұрған періште» қайта әкелінген.
МОЦАРТҚА У БЕРІЛГЕН БЕ?
Моцарт өлген соң сол уақыттағы «Берлин музыкалық апталығында» мынадай ақпарат басылады: «Моцарт өлді. Ол Прагадан дімкәс боп оралған еді. Содан бастап әлсірей берді. Өлгеннен кейін денесінің ісініп кеткені соншалық – оған у беріп өлтірген деген болжам бар…».
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Алматыдағы ескерткіші. Мүсінші – Н.Далбаев
Иә, Моцарт көз жұмғалы бері «оған баяу әсер ететін у берілген» деген әңгіме айтылып келеді. Ол алғаш 1791 жылдың маусым айының аяғында әйеліне өзін нашар сезініп тұрғанын, әлдекім өзіне у бергендей сезімде екенін айтқан. Сол жылы қыркүйекте бірте-бірте қол-аяғы, сосын бүкіл денесі ісіне бастаған. Яғни өлім халіне жеткізетін көп мөлшердегі у сол қыркүйек айында Прагада сапарлап жүрген кезінде берілген сыңайлы. Зерттеушілер оған сынап берілген деген пікірде. Композитордың ауруына қатысты жазбалардағы бас ауруы, бас айналу, есінен тану, құсу, жүрек айну, салмақтың азаюы, ашушаңдық, мазасыздық секілді белгілердің бәрі – осындай ойға әкеледі. Ауырып жатқан кезінде тұла бойы қалшылдап, дірілдеп тоңуы да басты дәлел бола алады-мыс. Сондай-ақ неден өлгенін анықтау үшін денесін сойып көруге сасық иіс мүмкіндік бермеген дейді. Себебі у бар ағзаның мүшелері іштей шіри бастайды. Ал өлім сағаты келгенде иіс тіптен күшейеді.
Зерттеушілер қоштасу рәсімінен кейін жиналғандардың қорым басына баруына қолайсыз табиғат құбылысы кедергі келтіргені жайлы әңгіме мына себептерге байланысты желеу етілген дейді: композитордың жерленген жерін ешкім таппауы үшін және оған у берілген деген қауесеттің рас-өтірігін тексеру мақсатында эксгумацияны болдырмау үшін.
Моцартты қаңғыбас, қайыршылармен бірге жерлеу барон Свитеннің шешімі болыпты. Дәулетті ақсүйектің сол уақыттағы сарайдағы жағдайы мәз емес-тін. Ол композитордың өліміне қатысты өзіне және айналасындағы біреуге күдік көлеңкесі түскенде императордың қаһарына ұшырайтынын білді. Сол себепті Моцартты қалай болса солай асығыс жерлей салған. Бір кем дүние…
МОЦАРТТЫ КІМ ӨЛТІРДІ?
Моцарт төсек тартып жатқан кезінде емдеушісі болған Клоссе және Саллаба дейтін дәрігерлер оның ауруын «асқынған безгек» деп тауыпты. Кейін көп зерттеушілер «жоғарғы тыныс алу жолдарының инфекциясы асқындырған буын ревматизмі, бүйрек ауруы» деген тұжырым жасайды. Алайда заманауи өнертанушылар: «Моцарттың неден өлгенін нақты анықтау енді мүмкін емес», – дейді. Тек болжамдар ғана. Осы орайда мистиктер мынадай қызықты пікір айтады: «Моцарттың өмірі о бастан бағдарламаланып қойылғанына және қатерлі санның ықпалында болғанына сенімдіміз. Ол кешкі сағат 8-де туған. Сол кезде Күннің аспандағы биіктігі Суқұйғыш шоқжұлдызы бойынша 8 градусты құраған (астрологтар Суқұйғыш жұлдыздық белгісінің 8 ақпанда пайда болғанын айтады). Ол 35 жыл өмір сүрді. Ал 3 және 5 сандарының қосындысы 8-ге тең. Осының бәрі жай ғана кездейсоқтық дей алмаймыз».
Мистиктерді былай қойып, енді зерттеушілер Моцарттың өліміне қатысы болуы мүмкін деп кімдерді атайтынын білелік.
Антонио Сальери. Моцартқа у берілген деген әңгіме атақты композитор Сальеридің 1823 жылы шіркеу қызметшісіне өзінің Моцартқа у бергенін айтып ақтарылып, артынша өз тамағын өзі орып жіберіп өлмек болған әрекетінен кейін тіптен күшейе түседі. Бұған қоса, тағы бір әйгілі композитор Бетховеннің күнделігінде ұстазы Сальеридің өзін Моцарттың өліміне себепші болғаны туралы айтқан сөзі бар. 1791 жылы күзде Моцарт төсек тартып жатып қалған кездің өзінде Сальериге «сен у бердің» деген айып ашықтан-ашық тағылған. Себебі ол қашанда әріптесінің жолына кесе-көлденең тұруға тырысқан. Моцарттың әкесі Леопольд 1786 жылы 18 наурызда қызына жазған хатында «Сальери жандайшаптарымен бірге қойылымды (Моцарттың «Дон Жуанын») болдырмас үшін тағы да тозақ орнатуға дайын» деп мұң шағыпты. Осы тектес жайттарды кейін бірнеше зерттеуші де жазған. Мәселен, австриялық композитор, музыкатанушы Бернхард Паумгартнер былай дейді: «Антонио Сальеридің есімі музыка тарихында Вольфганг Амадей Моцарттың есімімен тығыз байланысты. Моцарттың қаржылық қиындықтарға тап болуына оның тікелей қатысы бар делінеді. Ол өз бақталасынан қорқып, түрлі қитұрқы істерге барған деп толықтай айта аламыз». Алайда мұнымен келіспеушілер де жоқ емес. Өйткені Сальери сол кездің өзінде бірінші композитор саналған. Ол империяның бірінші капельмейстері болған. Оны қарапайым халық та, император сарайындағылар да, жалпы, бүкіл Еуропа құрмет тұтатын. Сосын сол уақыттағы веналық газет былай деп жазыпты: «Біздің Сальери есінен ауысты. Ол тіпті сандырақтаған кезінде Моцарттың өліміне өзін кінәлайтын болыпты. Бұған ауру шалдың өзінен басқа басқа ешкім де сенбейді».
Жалпы, көп зерттеушілер Моцарттың өлімін басқа адамдар астыртын ұйымдастырғанын, оған Сальеридің тек қатысы ғана болғанын айтады.
Кейін композиторды ар-ұяты мазалай бастағанда «олар» оны «есінен ауысты» қылып, күшпен қайырымдылық үйіне (бір деректе жындыхана) жіберулері мүмкін.
Сондай-ақ, Сальериді ақтаушылар және даттаушылар дейтін екі топтың барын ескеруіміз қажет. Кейінгі топ Сальериді жындыханаға және әлгіндей ақтарылуларға дейін қыр соңынан қалмаған, әбден жүйкесіне тиген «қанішер» дейтін жалған айыптаулар жеткізгенін айтады. Кім білсін… Әйтеуір, өз кумирлерінің атын ақтап алуға барынша тырысып, өз дәлелдерін алға тартуда. Талпыныстары нәтижесіз де емес. 1997 жылы Италия сахнасында ағылшын драматургы Питер Шеффердің Сальериді жауыз ретінде көрсететін «Амадей» пьесасы қойылғанда композитордың отандастары бұған қатты наразылық білдіреді. Нәтижесінде сол жылдың мамырында Милан консерваториясының бастамасымен миландық Әділет сарайының бас залында сот процесі өтеді. Сөйтіп, Антонио Сальери Моцарттың өліміне қатысты «кінәсіз» деп танылады. Әйтсе де, медицинада адамның басқа біреудің жетістігін қызғанудан туатын патологиялық агрессиясымен сипатталатын «Сальери синдромы» деген термин бекіп қалды.
Франц Ксавери Зюсмайер. Моцарттың шәкірті. Моцарттың ғана емес, бір уақытта Сальеридің де шәкірті болған. Біраз жыл ұстазының үйінде тұрған. Зерттеушілердің айтуынша, ол сол уақыттары Моцарттың әйелімен көңілдес болыпты. Тіпті екеуінің арақатынасынан дүниеге сәби келген. Моцарттың 1791 жылы 26 шілдеде дүниеге келген кенже ұлы Франц Ксавер Вольфганг –Зюсмайердің ұлы болуы мүмкін. Ұстазы өле сала Констанцамен қарым-қатынасын үзген Зюсмайер бірден сарай капельмейстрлігіне шақырылады. Моцарт бұл дәрежеге жету үшін біраз жыл еңбектенген. Ал оның бұл шәкірті аса танымал емес, жай ғана дарынды музыкант болатын. Қызығы сол – бірнеше жылдан кейін ол да белгісіз аурудан көз жұмғанда оған қатысты портрет, хат, кей құжаттар жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен.
Хофдемель. Моцарттың әріптесі, жақын досы. Композитор өлген күні өз тамағын өзі орып жіберіп өлген. Бұл орайда зерттеушілер оны біреулер өлтірген деген болжам жасайды. Өйткені, ол көп нәрсені білген секілді. Сальери де шындықты айтпақ болғанда оны да әлдекімдер өлтірмек болып, артынша жағдайды өз-өзіне қол жұмсау ретінде көрсетуі мүмкін. Әйтсе де, Моцартты Хофдемель өлтірген деген пікір де ұшырасып қалады. Неге десек, оның әйелі біраз уақыт Моцарттан сабақ алған. Сол кездері ұстазы мен шәкіртінің арасында жасырын байланыс орнайды. Мұны біліп қалған Хофдемель қызғаныштан Моцартқа у беріп келген. «Бақталасы» өлген соң, жүкті әйелінің қолын, бетін пышақпен тілгілеп жаралап, артынша өз-өзіне қол жұмсаған.
Масондық бауырлар. Тағы бір болжам бойынша, Моцарт өзінің масондық бауырларының құрбаны болуы мүмкін. Масондар оның «Сиқырлы флейта» операсында өздерінің құпия белгілерін жария қылғанын кешіре алмаған. Композитор 1784 жылы масондық ложаға мүше боп кіреді. Олардың қатарында әлгінде айтып өткен барон Свитен мен Хофдемель де болған. Алайда кей зерттеушілердің пікірінше, масондықтар, керісінше, өздері қудалауға ұшырай бастағанда Моцарттың «адамзат бауырластығының мұраттарын» қалың жұртшылыққа музыка тілімен жеткізгеніне риза болған. Олар композиторға әрдәйім қолдау көрсетіп отырған. Ол өлгеннен кейін, 1792 жылы сәуірде ложаның қаралы отырысын өткізген.
Император сарайындағылар. Моцарттың жұмбақ өлімі – масондық қозғалыстың белсенді мүшесі ретінде көзін құртпақ болған император сарайындағылардың астыртын ісінің салдары болуы да ғажап емес. Император ІІ Леопольд пен оның айналасындағылар масондық қозғалысты мемлекеттік тәртіпке де, өздеріне де қауіп көрген. Өйткені Парижде құпия ұйым өкілдері – якобиншілдер самодержавиені құлатып, «Бүкіл халықтардың еркіндігі, теңдігі және бауырластығы!» деген ұранды жариялаған болатын.
Міне, Моцарттың өліміне қатысты көп болжамның бір парасы осындай. Не десек те, анығы бір Құдайға ғана аян.
МОЦАРТТЫҢ ӨЛІМІ – ӘДЕБИЕТТЕ ЖӘНЕ ӨНЕРДЕ
«Өз «Реквиемін» айтып отырған Моцарт»
Томас Шилдс. 1882 жыл
Жылдар өте келе Моцарттың өмірбаянынан орын алған «қара киімді адам» бейнесі, Моцарт – Сальери әңгімесі әдебиетте және өнерде көрініс таба бастады. Солардың ішіндегі ең белгілісі – орыс ақыны А.Пушкиннің «Моцартқа Сальери у беріп өлтірген» деген әңгімені өршіте түскен «Моцарт пен Сальери» атты «Шағын трагедиясы». Пушкин драмасының әсерімен С.Есенин өмірінің соңғы кезеңінде жұмбақ сырға толы «Қара киімді адам» поэмасын жазады. Композитор Н.А.Римский-Корсаков болса, Пушкин драмасын аздаған өзгерістер енгізіп, аттас операсының либреттосы ретінде пайдаланған. Ал қазақ әдебиетінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың көлемі шағын болғанымен кең құлашты, пәлсапалық мазмұны терең «Моцарт. Жан азасы» атты реквиемі барын көзіқарақты оқырманның бәрі біледі. Бұл орайда Марат Қабанбайдан асып ештеңе айта алмасымыз анық: «Мұқағалидың жер жүзінің әдебиетінде теңдессіз, алабөтен бір шоқтықты шығармасы бар. Ол – «Жан азасы». Білетіндер ауруханада ажалын тосып отырып жазған деседі. «Жан азасы» – ақынның жарық дүниемен жылай-жылай қоштасуы әрі бізге қалдырған өсиеті, оның үстіне, бұдан былайғы мәңгілік мекені – қара жер қойны – көрге ізетпен сәлем беруі-тін…».
Реквием сынды күрделі жанр қазақ музыкасы үшін де жат емес. Мәселен, композитор Балнұр Қыдырбектің 2014 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Реквиемі».
Пушкиннің Моцарт – Сальери оқиғасы бойынша түсірілген «Амадей» фильмі (режиссері Милош Форман; сценарий авторы Питер Шеффер; 1984 ж.) «Оскардан» бөлек бірнеше киножүлдені жеңіп алған.
Ал Моцарттың «Реквиемі» көптеген шетелдік фильмдерге («Люси», «Икс адамдары 2», «Бөгелек», «Елизавета», т.б.) саундтрек ретінде қолданылып келеді.
БІР АУЫЗ СӨЗ…
Көңілге түрлі күй кештірген «Реквием» де аяқталды. «Моцарттың реквиемі» жайындағы баянымның соңғы нүктесі де қойылды. Көзіме мөлтілдеп жас та келіп қалды. Жақсы ат өлгеннен кейін ғана бұйырған Мұқағали күнделігіндегі: «…Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ. Бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу қорлық қой» деген жолдар, әлде «музыка» атты патшаға өлшеусіз қызмет еткен Моцарттың көңілсіз ноталармен аяқталған тағдыр-партитурасы ма екен, әсер еткен… Бәлкім, қанша бұлтарғанмен, тірі пенденің қай-қайсысы да, әйтеуір, бір күні өлім тұзағына түспей қоймайтын ортақ жазмышымыз болар толғантқан… Кенет… терезеден күн сәулесі жылт ете қалмасы бар ма?! Жарық сәуле! Одан «басқаның бәрі бекер» дейтін «жарық сәуле»! Әп-сәтте кеудем құштарлыққа толып, бәрін-бәрін ұмытып (әзірге!), мынау жарық дүниеге, мынау аппақ дүниеге көз алмай қарай бердім…
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ