Ер есімін елі ұмытпайды
Өз ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге арнаған біртуар азаматтың қиын да қызық өмірі бүгінгі жастарға, кім-кімге де үлгі-өнеге болары анық. Елін, дархан жерін шексіз сүйе білген, халқына қадірлі азамат, адал перзент болғанына көз жеткізе білу – бүгінгі ұрпақ парызы. Өз халқының ар-намысын жыртып, ақиқатты айтуы – Кеңестер Одағында 3 мәрте Жоғарғы Советтің депутаттығына сайлануы төккен тердің, елім деп соққан жүректің өтеуі еді. Кәрім аға туралы айтылған естелік, шапағатын көрген адамдар сұхбаты бүгінде аңызға айналды. Ел үмітін ақтаған ер еңбегі қашан да деректі нақты мәліметтерге толы. Бүгінгі жастарға үлгі-өнеге, тәрбие, «ер атағын ел сақтар» мақалының мәні қашан да жарқырай берері сөзсіз. Елін, жерін, тарихын сүйген асыл мұраларымызды ұрпаққа үлгі ете білген Кәрім Нұрбайұлының есімі де солармен бірге аспандай түсері сөзсіз. Талай естеліктерді сараптай отырып, Абай ауылын сөз еткенде Абай атамыздың Жидебай қыстауы, Кеңгірбай бабаның күмбезі, Еңлік пен Кебек жасырынған үңгір, Бөрлі – осылардың бәрі биыл 170 жылдығы өткен Абай тойы қарсаңында ағамен бірге сыр шертеді. Халық қуана, күрсіне еске алады, сабақтастықтың жалғаса беретініне ел сенеді. Аяулы азамат совет қызметінде жүріп, оның 15 жылын Шұбартау, Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына арнады. Кәрім Нұрбаев туралы сұхбат, естеліктерді пайымдай отырып, бар ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге арнаған асыл азамат еңбегінің орасан зор екендігін анық аңғаруға болады. Бәрін жазып жеткізу мүмкін болмағандықтан, біз ағаның кейбір істерін ғана бүгін тарқатып айтқымыз келеді. Сол кезде ағаны толғандырған мәселелер бүгінгі күн мәселелерімен сабақтаса өріледі. Бүгінгі Елбасының айтқан үндеуі, тапсырмасы, халық үшін атқарылған игі істер – бәрі соның айғағы іспеттес. Мәселен, кезінде қазақ тілінің өлмей жасай беретініне, түбінде қайта күш алатынына нағыз данышпандықпен сенген ағамыз талай мәселелерді көтеріп, күресе білді. Қазақ тілінің күннен-күнге өркендей, өрісі кеңи түсуде. 1966 жылдың өзінде Абай, Шұбартау, Ақсуат сияқты аудандардан келген балалардың дәрігерлік институтта оқуына көмек керек екеніне баса назар аударып, олардың білім алуына жағдай жасады.
Облысымызға «Е.Қашағанов келіп, қазақтардың бойына қан жүгірді», – деген ел арасында сөз шыққанда, ол адамның еңбекқорлығын, басқару қабілетін, іскерлігін К.Нұрбайұлы қуана, жасқанбай паш етті. Ал пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін жабу туралы әңгіме шыққанда: «Абайдың 125 жылдық мерейтойы бүкілодақтық деңгейде дүркірей өткелі жатқанда, бұл масқара ғой», – деп қапаланған аға пікірі кімді де болса толғандырмай қоймады. Ел ағаларының қажырлы еңбектерінің арқасында факультет қайта ашылды.
Өнер халықтікі екенін жете ұққан аға еңбегі ақталды. Абай ауданының өнерпаздары 1966 жылы «Халық театры» атағын жеңіп алса, 1968 жылы «Қаламқас» эстрадалық ән-би ансамблі құрылды. Шетелдерде өнер көрсетті. Олардың ізбасарлары бүгінде баршылық. Кәрім Нұрбайұлының өнегелі істерінің бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлын қазақ халқының тарихынан заңды орын алатын уақыты жеткенін ерекше айтып,
1965 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетіне комиссияның қорытынды шешімін жіберді, бұл – мағынасы зор құжат болып қала берері сөзсіз. Бүгінде Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларының мәні мен мағынасын қалың жұрт түсіне, сүйсіне оқып, сусындап жүр. Шәкәрім ой-толғауларының стилі өзгеше екеніне, ешкімге ұқсамайтынына терең бойлай түседі. Мәңгі жасай беретініне сенеді. Осыдан-ақ ақын жанды азамат Абай ауданында хатшы болып жүргенде Ш.Құдайбердиевті ақтап шығуға көп еңбек сіңіргенін көреміз.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» Кәрім Нұрбайұлының қиыншылықпен күресе білуі, біліктілігі көпшілікті ұйытып алатын өте іскерлік қабілеттілігі, мол білімі келешек ұрпаққа қашан да үлгі бола бермек. Ең бастысы – адам болу. Осы адам бойында қасиетті қадірлей де, ұғына, түсіне білу. Халық сеніміне, құрметіне ие болу – күрес екенін жастарымыз жете сезінеді. «Бала – баға жетпес байлық» екенін жете түсінген ағамыздың «Өмірімнің жалғасы» деген өлеңінде:
«Орманым, менің орманым,
Сағына күткен арманым», – деп бір жасқа толған ұлынан үлкен үміт күтіп, ішкі сезімін барынша төгеді.
Кәрім Нұрбайұлының отбасына деген махаббаты – кімге де болса үлгі. Ұрпақ тәрбиесіне зор күшін жұмсаған адам екенін айқын көруге болады. Отан – отбасынан басталатынына күмән жоқ. Әке үміті қашан да ақтала бермек.
Гүлжазира анамыз ерекше құрмет тұтатын жан десек, қателеспейміз. Ол – аяулы жар болуымен бірге, қайсар да батыр ана. Адалдық пен сүйіспеншілікті, жауапкершілікті қатар меңгерген жан – бүгінде бақытты ана! Бала, немерелерінің сүйікті әжесі. Ол Кәрім аға қайтыс болғаннан кейін үш баланы барынша күш сала тәрбиелей білді, жанын аямады, елге мұңын шақпады, сырын ашпады. Тек алға ұмтылды. Сыртқа «керемет келіншек» көрінгенімен, ішінде талай сыр жатты. Бірақ жасымады, қайраттана, жігерлене білді. Соның нәтижесін көруге ұмтылды. Өз мақсатына жетті. Асыл ана бүгінде бәріне тәубе етеді. Халқы сыйлайтын, жақсы көретін «Күлекеге» айналды. Аға аруағы да, осы ананы білетін жандар да дән риза, бас иеміз. Әлі де жақсылық болып, балалар мен немере қызығын көрсін дейміз. Әсіресе, балалары, келіндері мұны жақсы түсінеді. Аналарын аялап күтеді, құрметтейді.
Герман Титов Абай ауданында 1968 жылы жүргенде туған Герман деген баласы – бүгінде ел сыйлайтын, білімді азамат. «Дарияның жағасында орман болады», – деп қойған Орманы қазіргі таңда елшілік қызметті абыроймен атқаруда. Гүлдариясы – ғалым. Балаларының қай-қайсысы болсын өз істерін адал, абыроймен атқаруда. Әке үміті ақталды деген осы. Осы істі немерелері жалғастыра беретініне кәміл сенімдіміз.
Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне Кәрім Нұрбайұлының өмірі мен ісі қашан да үлгі-өнеге бола береді. Есімін ел қадірлеген Кәрім аға атындағы «Ақсуат орта мектебі» – қазіргі кезде білімнің киелі қара шаңырағы. Келешекте де лайым осылай бола беруіне тілектеспіз.
Төкен ЖҰМАЖАНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы.
Алматы қаласы.