БІЗ БІЛМЕЙТІН СҰЛУЛЫҚ…
Жәудір Нартайқызы
…Қисайған жаман шарбақтың ар жағынан оқта-текте шашы дудыраған бір әйелдің сұлбасы көрінеді. Қашан көрсең етегіне сүрініп, күйбеңдеп жүргені. Ә дегенде түрін анық байқай алмайсың, көрінген көзден жасырынып, ұрлық-сұмдық жасаған адамдай бой тасалап жүреді. Жаз шыға бетін тұмшалап орап алатын сол әйелдің жаулығының астынан оқта-текте қап-қара мойылдай көздері ғана жылтырайды. Бетін орайтын себебі, күнге күйіп кетемін деп ойлайды. Үш ай жаз бетін күннен тұмшалап, түрлі иіс майлармен бетін шапақтаса да, сол келіншектің өңінің сәл болса да бозарғанын ешкім көрген емес.
Күлипә өзі бір қызық әйел еді. Біздің үймен көрші болғанына биыл тура он жыл. Сол он жыл ішінде Күлипә біздің отбасымен ішек-қарыны араласып, жұғысып кеткен жоқ, тек, арагідік жарты таба нан сұрай келетін. Көп ұзамай қарызға алған жарты күлшесін құшақтап үйге келетін де: «Мамаң қайда?» – деп сыбырлай сұрайтын. «Мамам жұмыста!». «Ә-ә-ә, қашан келеді?» «Қазір келіп қалуы керек…». «Ә-ә-ә, мә, мынау кеше алған жарты таба нандарың, рахмет!» – деп екі жағы да қап-қара боп күйген таба нанды қолыма ұстататын.
Күлипәнің соңғы кездері менімен дос болуға әбден-ақ ықыласты екенін байқап жүрмін. Өзі байқатпауға тырысқанмен, мені көрсе ерекше қуанып, сыралғы құрбыдай қалжыңдасып қалатынды шығарды. Осынау бір қарағандағы әумесерлеу қылығы күлкімді келтіретін. Менің ол кезде бесіншіні аяқтап, алтыншы сыныпқа өткен шағым еді. Ауылдың есігінен бір, тесігінен екі сығалап, өзім қатарлы қара сирақтарды жиып алып, таңның атысы, күннің батысы ойыннан бір босамайтынбыз. Қай уақытта ойынға шығатынымды Күлипә да жақсы біліп алған, жарбиған жаман шарбағына ебедейсіздеу сүйеніп алып, мені көре қалса, айқайлап шақырып алатын-ды. «Сені жынды Күлипә досың шақырып жатыр» – деп күллі бала әжуалап күлетін. Әуелгіде бұған шамданып жүрдім. Қатарың емес, «жынды» деген аты тағы бар. Күлипәмен қалай дос болмақпын? Кейін оған да етім үйренді. Оның мені не үшін шақыратынын уақыт өте келе түсіне бастап едім.
Күлипәнің жасы биыл отыз беске келді, әйтсе де егде көрінетін. Соңғы он шақты жыл Күлипәні тым қажытып, қартайтып жіберді. Осы отыз бес жылда Күлипәнің бірде бір арманы орындалмапты. Есейіп етегін жапқанда армандағаны аты дардай алып қалалардағы оқу орындары емес, жәй ғана Созақтағы кәсіптік училищеге түсу еді. Болмады. Әкесі марқұм «Созақта бір өзбекке байға тиіп кетесің» деп жібермей қойды. Одан кіршіксіз таза сезіммен өзі құралыптас жігітке тұрмысқа шығып, бала сүйсем деді. Оны да Құдай көп көрді. Тапқаны – Әбдешім. Оған да әкесінің хаһарынан қорқып ықтиярсыз қосылған.
Алайда Күлипәнің арманы тоқырап қалған жоқ. Ешқашан бас тартпайтын бір ұлы арманы бар. Басқа басқа, сол арманынан әлі үміт үзбек емес. Ғайыптан тайып сол арманы орындала қалса, Күлипәнің басқа армандары сол ұлы арманның жолында садақа кетер ме еді… Сол арманы орындалса Күлипә ой-шұқыры көп тағдырына тіпті де базына айтып налымас па еді…
Күлипә бұл жарық жалғанда өзінің көмірдей қара өңін бір ғажайыптың көмегімен ағартуды көп ойлайтын, соның бір шешімін іздейтін. Аяқ-қолы балғадай, бойы сырықтай, қас-кірпігі төгіліп тұр, апырау, қайдан ғана қап-қара болып жаратылды? Ол өзін табиғат ана қара қылып жаратты дегенге еш иланбайды. Бәдештің жаман қатыны Майра да бетіне жұмыртқаның сарысын жағып жүріп ағарды, етікші Сайлаудың сақау қызы Торғын да реңсіз бетін қиярдың қабығымен сүртіп жүріп бозартты. «Солардан қай жерім кем-ей?!»
Күлипәнің қара торы болғанына табиғат емес, адамдар кінәлі. Ең алдымен әкесі – Сейсен. Жарықтық өз дегенінен қайтпайтын қыңыр шал еді. Күлипәні жалғыз қызым, көзімнің ағы мен қарасы деп еркелеткен жоқ. Бұғанасы қатып, белі бекімей жатып, бес ешкінің соңынан сүмеңдетіп, күнге қақтайтын. Қонаға үйіне жеткенде, шешесі бишара ауыр арбамен су әкелуге жұмсайтын. Күннің ыстығында тірсегі майысып, шекесі шытынап жүріп жұмыс істейтін. Сонда Күлипә жазғанның бет-ауызы күйген нандай қара қотырланып, түтігіп шыға келетін. Өзінің ойынша, содан әлі ағара алмай жүр.
Күлипәнің соңғы жылдары қатты тозып кеткеніне кінәлі тағы бір адам бар болса, ол құдай қосқан қосағы – Әбдешім. Он тоғыз жасында өзінен бақандай он жас үлкен тракторшы Әбдәшімге күйеуге тиді. Екінші әйелі. Бірінші әйелі Әбдешімді менсінбей тастап кеткен екен, алайда бар гәп басқада деп сыпсыңдасатын көрші қатындар. Әкесі марқұм Әбдешімді үйіне ертіп келіп, «Осы жігітке күйеуге шығасың» деген. Күлипә «Тимеймін» деп үш күн, үш түн жылаған да, төртінші күні ырзалығын берген. Көп ұзамай Әбдешімнің анасы Түймен кемпір ауырмай-сырқамай дүние салды. Оның артын ала бірінен соң бірі Күлипәнің әке-шешесі де көз жұмды. Мұның бәрі Күлипәға ауыр тиді. Көршілердің айтуынша, «Содан бері Күлипә «біртүрлі» болып қалған». Айнаға қарап өз-өзімен сөйлесетін ғадет тапқан. Не алданыш болар балалары жоқ. Әлгі көрші қатындардың Әбдәшім туралы сыпсың сөзі сол кезде тағы үдеді. «Е, қайтсін бишара бар кінәрат өзінде болған соң ішіне күйігі түсіп, соған бола ішіп, жаза басатыны бар. Әйтпесе бұл ауылда ондай елгезек жан жоқ қой». Әбдәшім де соңғы жылдары шау тартып, қатты жүдеп, күрт қартайып кетті. Аяққа түскен жаман жарасы көп мазалап, таяқ ұстап қалғанына да біраз болған. Сонысына қорланатын секілді. Көп сөйлемей, өз ойымен өзі оқшау отыратын да қоятын.
Ең жақсысы, Күлипә айнаға қарағанда көріксізбін, салпы етек жаман қатынмын деп еш ойламайтын. «Бұл жалғанда кім сұлу, әрине, Күлипә сұлу!» – деп, көздерін аударып-төңкеріп, сүрмеленген кірпіктерін қағып-қағып қалатын. Осы сұлулықты құртып тұрған бір кемшілік – терісінің қаралығы еді. Күндердің күнінде бір ғажайыптың көмегімен шойын қара Күлипә әппақ мақтадай жарқырап шыға келетініне имандай сенетін, сеніп келе жатқанына да 35 жыл. Сол ғажайыптың сырын бір білсе қарсы беттегі көрші келіншек – Айсұлу білетіндей. Себебі, Айсұлу ай десе аузы, күн десе көзі бар, тумысынан әппәқ келіншек. Қырықтың ішіне таяса да сырын да сынын да кетірмеген сұлу әйел. Оның жасындағы әйелдер бүгінде сау тісі қалмаған жаман кемпір. «Әйел болсаң Айсұлудай бол!» деп тамсанған талай еркек аңдамай сөйлеймін деп қосақтарымен ренжісіп жататын. Әсіресе, Айсұлу алғаш келін болып түскенде түрлі әңгіме болды. «Құрсын, Айсұлудың бетінің жылтырағанын қайтейік, көк инені көтінен түрте алмайды екен», «Қай бетімді шымшиын, Айсұлу әлі күнге ет аса алмайтын ақсаусақ көрінеді» деген өсекті сол қатындар шығаратын. Қазір Айсұлу төрт баланың анасы, мектепте мұғалім. Менің — анам! Күлипәнің бар ойы сол анамның сұлулығының сырын білу. Менен де сондықтан сыр тартады, тәтті-дәмдісін аямайды. Бүгін де шақырды. «Асығыспын» дедім, ойынға алаңдап. «Алтыншы оқисың. Өгіздей болдың. Баяғы заманда сенімен жасты қыздарды күйеуге берген» – деді. Амал жоқ, тапшанға жайылған дастарханға жайғастым. Дастарханы жайнап тұр. «Ал, не сұрайсыз?» «Кел, алдымен шәй ішейік!» Самаурынды үрлеп кеп жіберіп, тамағын қапқан көк түтінге булығып, қақалып-шашалып отырып: «Күнге жаман күйіп кеткем, иә» деді. Жел кептірген өңі мен сәл қоңқақтау мұрны самауыр буына тершіп, батар күннің сәулесімен жылтырап тұр. «Иә, қарайып кетіпсіз, ана жолы әппәқ едіңіз» дедім. Ол бір күліп алды. «Айтасың-ау сен қыз да! «Қарағым-ай, сұлулық осындай болады екен, бір басқа армансыз қонады екен» деген ән бар еді ғой. Сол сенің шешеңе арналған ғой». «Жоқ, ол ән емес!» «Енді қайсысы?» «Саят Медеуов айтатын «Сен көріктісің, көріктісің» деген ән!» Күлипә ернін сылп еткізді. «Бүкіл ән сенің шешеңе арналған екен да! Бізге не қалды сонда? Мүмкін бір соқыр композитор бізге де ән арнаған шығар, о несі-ей!» деді маған алая қарап. Мен үндемедім. «Жұрттың «жынды» дейтіні бекер емес екен ғой». «Мен байғұс әкеме тартқам ғой, шешеме тартсам, кішкене қызылшырайлылау болар ма едім» – деп Күлипә кенет қыстығып жылады-ай. Мен оны қалай жұбатам? Сәлден соң көз жасын құрғатып алды да, «Бір газеттен бір крем жайлы оқыдым, есектің сүтінен жасалады екен, соны күніге жақсаң аршыған жұмыртқадай болады екенсің» деді. «Ол өтірік. Адамда табиғи сұлулық жоқ болса бәрі бекер деген мамам», – дедім. Күлипәнің талағы тарс айырылды. «Азаннан кешке дейін мамам деп қақылдай бермеші! Бізге де бір әрекет істеу керек шығар! Не көп, Созақта есек көп, байлап қой да, сауа бер. Сен көр, мен көр, бір айда аппақ қардай болып шыға келмеймін бе?».
Көп ұзамай ол мені тағы ыңғайлай бастады. «Осы шешең бетіне не жағады?». «Ештеңе!». «Өтірік айтасың. Төрт бірдей бала туған қатынның терісі салбырап кетпей, калай тұр?» «Рас айтам, тек кейде сиырдың сүтімен бетін сүртетіні бар». «Сенбеймін! Мен де сиырдың сүтімен бетімді үш ай сүрттім. Ағармадым!» деп, шындап ашуланды. «Ту, Күлипә әпке, осының бәрін өзінен неге сұрамайсыз?» – дедім. Үндеген жоқ. Айсұлу күнде таң ертең Күлипә тұратын көшенің бойымен әр қадамын санай басып, бар сән-салтанатпен өте шығады. Бұл кезде Күлипә жазған терезеден қарап тұрады.
Бір күні Күлипәнің ауласының шаңы аспанға шығып, үйдегі кесе-табақ біткен сыртқа лақтырылды. Артынан таяғын шошаңдатып Әбдәшім шықты. «Күйгенде сенен күйдім-ау, бетіңді несіне шапақтай бересің, есектің сүті дейді ғой маған!» Шаң-шұң еткен Күлипәнің даусын да көршілер түгел естіді. Үйреншікті жағдай. Бұл жолы Күлипә аз-маз ақшасын «Есек сатып алайықшы» деп Әбдешімге беріпті. Күйеуі ол ақшаның жартысын ішіп, жартысына бес ешкі сатып алыпты. Оны көрген Күлипәнің қаны басына теуіп, ешкілерді қуып, оған Әбдәшім ашуланып, таяқ ала жүгіріпті. Содан көршілер жабылып жүріп, қазан көтеріп, ет жеп, сорпа ішкен Күлипә шекесі жіпсіп, тілге келіп, бар жәйді баяндап беріпті.
Кейде маған Күлипә ешқашан есеймеген, есейсе де бір қияңқы балалығынан арыла қоймаған, өкпешіл бала сияқты көрінетін. Сол жылы жазда Күлипә әк жағам деп бетін күйдіріп, ауруханаға түсті. Арнайы іздеп бардым, палатада жалғыз өзі ішек-сілесі қата күліп отыр екен. Бет-аузынан сау тамтық қалмаған. «Құдай мені өлтірсін бе, бұрынғы ескі терім түгі қалмай сыпырылып қалды, енді жаңа терім теп-тегіс, әппақ боп шығады дейді дәрігерлер», – деді масайрап.
Жалғанда әйел баласы өзінің сұлу екенін білмейтін кезі қандай көркем еді! Бейне бір бойында кінәрәтсіз тұмса табиғат ұйықтап жатқандай. Әйел өзінің сұлу екенін ұққан сәттен бастап, өміріне ібіліс араласып, сол тұмса табиғаттың айран-ботқасын шығаратындай.
Ол тағдырынан бала сұрамады, байлық сұрамады, ол бір ғажайып сұлулықты ғана сұрады, сол сұлулықты іздеді. Күні бүгінге дейін Күлипәнің бізге, тіпті өзіне де беймәлім бір сұлулықты іздеп жүргенін жақсы білемін. Мен оның сол сұлулығын бірге іздеуге дайын едім, бірақ, өзім де бойжетіп, өзім де айнаға қарап, өз кескін-келбетімді зерттеп, өз тағдырымды іздеуге аттандым.
ПІКІРЛЕР2