Жетеріңді сеземін жүректерге…
Жапар көкем өзінен ақын ұл туады деп сірә да күтпеген. Серік те о баста ақындықты қуам деп ойламаса керек-ті. Есеп-қисапқа ерен еді. Әлі есімде, ойын «іздеп» Серіктің үйіне барамын. Ол төрде етпеттеп кітапқа шұқшиып жатады. Серік бірде: «Мынау – «Қызықты физика» деген кітап. Өте тамаша», – деді. «Физика туралы кітап та қызық бола ма екен?» деп, қасқыр көрген ешкідей ежірейіп тұрмын. Сонымды түсінген ол кітапты парақтап ішіндегі қызықты дүниелерін көрсете бастады. Тіпті, кішігірім тәжірибе де жасап жіберді. Ұққаным: кәдімгі инені судың бетіне қалқытып қоюға болады екен. Сондықтан ол маған болашақта есеп-қисапты жілікше шағатын экономист немесе неше түрлі жаңалықтар ойлап табатын инженер болатын сияқты көрінетін.
Серіктің «Сөз-нөсер» деген өлеңі ұшан-теңіз білімге деген іңкәрліктен туған. ҚазҰУ-ға әдебиетші боламын деп барған студенттердің бөріктілерге тән Сагалович деген қызықтау фамилияны иемденген сұлу әйелді білмейтіні кемде-кем. Біз де дәріс үстінде осы әйелдің сұлулығына сұқтана отырып, оның аузын ашса үні шығатын бұлбұлдай таусылмас сөзіне тәнті болатынбыз. Бірақ, оның осы құдіреті туралы ешкім толғанбапты. Тек Серік қана ақындық сезіммен аңғара білген.
Жүрегіңді, санаңды көздеп ұдай,
Нөсерлейді екен-ау сөз де бұлай.
Селге айналған сұрапыл сөз-нөсердің,
Секунд сайын құбылып өзгеруі-ай!
С.М.Сагалович ҚазҰУ-дың студенттеріне орыс тілі-әдебиеті мен шетел әдебиетінен дәріс оқыды.
Көп ұзамай Серік Жамбыл облысы Талас аудандық газетіне әдеби қызметкер болып келді. Бірақ, ол шын мәніндегі ақын еді. Айналасына тек ақындық көзбен қарайтын.
Кейін облыс асып, Алматыға кетті. Ақынның қамшының сабындай қысқа ғұмырының соңғы жылдары Тараз қаласында өтті. Әлем әдебиетінде «Пушкин тоқтаған үй», «Хемингуэй виски ішкен кафе» деген мысалдар көп қой. Сол сияқты Серік ақын шашын сілкіп тастап, өлең оқып тұрған Тараздағы кафе-дүкендер маған жақсы таныс. Шетелде арқалы ақын «түстенген» мұндай кафе-дүкендерге жарнама жасап әуре болудың қажеті жоқ.
Қазір «тек жүрмейтін» текті ақынның томашадай қабірі Тектұрмаста томпайып жатыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
Серік ТОМАНОВ
Ақын екем
Мына мен ақын екем,
Жырға жомарт, жүрегі сақы мекен.
Өмірдегі өзімдей өнерде де,
Өлеңде де өзгеше, аты бөтен,
Сенесің бе, мына мен ақын екем.
Ақын екем өз үні, айтары бар,
Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар.
Кемерінен кейде бір асып жатса,
Кей-кейде арнасына қайтарылар,
Ақын екем мына мен айтары бар.
Ақын екем, мен соны жаңа білдім,
Ақындық ізінде емес қаламымның.
Ақындық – астында екен мына менің,
Жақсылыққа жасаған қадамымның.
Мен соны жаңа білдім.
Музаға
Қабырғаларымнан қанатым өсіп шыққанда,
Пері көргендей пенделер босып зытқанда.
Қайырылдың ба екен маған, қайырымды өлең,
Қосылдың ба әлде, қу тұрмыс қосын жыққанда?
Сен маған қайдан жолықтың, қайырымды өлең,
Аңғармай қалсам, ат-шапан, айыбың менен.
Тәубеден аузым босамай егіліп барам,
Баураған сайын парасат, пайымыңменен.
Қауырсындарым өскелі қос қапталымнан,
Жоғалтқаным көп, жобалап дос тапқанымнан.
Қайырымды өлең, сен маған қайырылдың ба шын,
Болашақтарға шаршап ем босқа аттанудан.
Бүккені – бүккен алдымда тұрмыс тізесін,
Иілмей көрсін, иттей ғып мұңды ішкізгесін,
Қайырымды өлең, қайдасың, алып ұш мені,
Аспаннан, Жерден алашым шындықты іздесін.
Жырдағы Хантәңірі
Жалғасып жүректермен,
Жайылған әр тамыры.
Тілдесіп тұр көкпенен,
Жырдағы Хантәңірі.
Бұзбай сол қалпын мәңгі,
Қалқысын қыран жаны.
Ақынды тау тұлғалы,
Ұмытпас ұландары.
Жырсыз үй – жұтаған үй,
Жыр – көркі бар әлемнің.
Үлгісі – Мұқағали,
Қазақы қара өлеңнің.
Сергей Есенинге
Сұқтанып сұлуларға, сырғаларға,
Бір жүруді жазбапты бұл ғаламда.
Сергей, сен де, әйтпесе сүйсінер ме ең,
Томановтың жырларын тыңдағанда?
Мені тауып сен, бәлкім, барша әлемнен,
Жырларыма тамсанып қол соғар ма ең?
Ақкөлімнен содан соң шығарып сап,
Рязаньда сен қайта қарсы алар ма ең?
Ауылыңды содан соң бірге аралап,
Отырар ма ек ойланып, күнге қарап.
Туар ма еді кеудемде шіркін өлең,
Тауар ма еді сенен де жыр ғаламат.
Жанарымда жасаулы қала көлбеп,
Рязаньды армансыз аралар ма ек.
Сезімдерді сілкілеп тұрар ма еді,
Дабыл қағып жүрегім барабан боп.
Ұшып-ұшып онсыз да алаң көңілің,
Сосын мені шығарып салар ма едің.
Кірпігіңнен мөлтілдеп сағыныш боп,
Ақ қағазға сосын бір тамар ма едім.
Саған деген сағыныш меңдей келіп,
Сезім шіркін маған да бермейді ерік.
Сен ойыма оралып жүрсің жиі,
«Серік, ей», – десе біреу Сергей болып.
Бағым бар екен
Бағым бар екен!
Сағынған екем қаламды.
Сарынға бөтен,
Сабылтқан екем санамды.
Қалаға барып, қарадай налып, қамығып,
Қарайып кеткен қаным да, міне, жаңарды.
Сағынып қаппын,
Саумал жұпарын сияның.
Ақ қағаз, міне,
Алдымда жатыр зиялым.
Пасықтар күшпен қасықтап ішкен қанымның,
Қалғанын енді қара өлең саған құямын.
Құямын саған,
Нөсердей күзгі селдетіп.
Қиялым, маған,
Бермесең мейлі, берме түк,
Қаламым өзі-ақ қаздандап бәрін тындырар,
Сәби сезімді отырсам болды тербетіп.
Қалқаманда қалды ізім
Қалқаманда қалды ізім,
Дос іздедім – таппадым.
Қазір, міне, жалғызбын,
Тентек су тек татқаным.
Ескі достар суысып,
Жаңа достан жоқ медет.
Отырамын у ішіп,
Өміріме өкпелеп.
Тағдырым деп өлеңге,
Табынсам жұрт кері ұғып.
Ақындығым көп елге,
Ақымақтық көрініп.
Жалықтырды бұл жалған,
Жолықтырды жарға әкеп.
Тәлкек қылар тыңдарман,
Тақпағыңнан бар ма деп.
Арақ сыйлап қалталы ел,
Қылығымды қызықтар.
Азабын мен тартамын,
Намазымды бұзып бар.
Жүріп келем ол анық,
Жетектейді бір үміт.
Жақсылығым жоғалып,
Жамандығым білініп.
Қалқаманды жол қылып,
Дос іздеймін таныстан.
Сөнген күні соңғы үміт,
Іздерсіңдер ғарыштан.
Мен жыламаймын
Жырым жылайды,
Мен жыламаймын.
Қан жылап өткен бар жыры Абайдың.
Аңғалағыма жас тұрмас менің,
Аңғары құрғақ сай-жырадайын.
Мен жыламаймын,
Жырым жылайды.
Өтеусіз жылдың құнын сұрайды.
Сыбаға бөлген сор менен мұңнан,
Сыбаймын мен де сығыр Құдайды.
Мен жылаймын,
Егілем іштен.
Теңіздей терең тебіреніспен,
Мұқағалиды мойытқан өмір,
Мойындатардай мені де күшпен.
Мен жыламаймын,
Іштен үгілем.
Жанымды бір мұң тістейді кілең,
Кескекті сойдың кес-кестеп жолын,
Кесапат тағдыр күштейді білем.
Мен жыламаймын,
Жас шығармаймын.
Қаңсып қураған тас тұмадайын,
Ағыл да тегіл жырым жылайды,
Жанымды жаншып басты ма қайғым.
Құса боп ұшқан қыран тұғырдан,
Жалықсаң жалық жылаңқы жырдан,
Мен жыламаймын,
Жырым жылайды,
Өмірден өтсе бұралқы бір жан.
Жылатып жырды,
Қаңғып өтермін.
Бақида бәлкім хандық етермін,
Сонда да жырым жылап тұрар-ау.
Құлпытасымда – мәңгі мекеннің.
Сексеуілдер сүргіні
Жетістігі ғылымның молайғалы,
Жоғалту да соншалық оңайлады.
Техника үнінен үріккендей,
Тоз-тоз болды сексеуіл тоғайлары.
Тұра алмай техника «тебінінде»,
Тоғайлар мәжбүр болды шегінуге.
Ұлы жорық басталды осылайша,
Сыңсып сексеуілдер өмірінде.
Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде,
Жаншылды жас шырпы да бесігінде.
Техника сүйреген топас трос,
Табиғатқа өлшеусіз өшігуде.
Қарсы тұрар амалы құрығандай,
Сексеуілдер жөңкілді бірі қалмай.
Талай жалдан тоғайлар асып кетті,
Безе қашқан бөріден бұғылардай.
Қалмаған соң тағдырлас мекенінде,
Талай бұта кетті еріп жетегінде.
Сексеуілдің ізінен сусыған құм,
Суық хабар ауылға әкелуде.
Шашын алған арудай шөл реңі –
Көзге қазір сиықсыз көрінеді.
Бар жылуды сексеуіл ап кеткендей,
Санам менің сан саққа бөлінеді.
Жырым менің жүйрігім…
Әбзелдерін әзірлеп таққан асыл,
Жалын сүзіп, жырымды баптағасын.
Шарт түйдім де құйрығын, қоя бердім,
Қаратып халық тұрған жаққа басын.
Жырым менің, жанардан жас парлатып,
Заула жолдың құм-шаңын аспанға атып.
Көзі шығып көлдердің шарасынан
Таулар тынып, қалсын бір тастар қатып.
Заула жырым, жер шарын айнала шап,
Тұяқтарың талмасын ойған ошақ.
Жетеріңді сеземін жүректерге
Орта жолда ор құшып жайрамасаң.
Заула жырым, тоқтамай ұш ілгері,
Жарты жолда қалмасын күшің кеміп.
Жаралы жүректерге дем беріп өт
Ортайып қалсын қайғы ішіндегі.
Жүйткі, жырым-жүйрігім, желқанатым,
Жеткіз, жылдам жыраққа кең дала атын.
Қазақтың қиыры кең даласында
Ақын барын жер жайлы толғанатын.
Заула жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым.
Тек жетіп жығылғайсың жүректерге
Балтасына жолықпай Батыраштың.