Материяның шығармашылықтағы рөлі
14.09.2018
1301
0

«Цензура бар кезде мықты болған шығармашылық иелері, цензура жойылып, еркін құлаш сермеуге мүмкіндік туғанда неге саябырсып қалды?» деген ойлар легі жиі айтылады. Мұндайда тәуелсіздіктен кейінгі жас буынның кібіртіктеп қалатыны да рас. «Ғылым – болған іске ғана төреші» дегендей, біз осы бір процестің астары мен айналасына ой жіберіп, аз ғана пікір айтпақпыз.

Иә, Советтік кезеңде қазақ әде­биеті өзінің алтын дәуірін бас­тан кешірді. Шығармалар дүниеге келді. Қадау-қадау. Рухани тұғыр биіктеді. «Жұлдыз», «Қазақ әде­бие­ті» сынды газет-журналдардың таралымы шырқау шегіне жетіп, тіпті әрбір шопанның саптама еті­гі­нің қонышында жүретіні жайлы естігеміз. «Барында оралыңның ойна да күл, Советтің социалистік заманында» дейтұғын ұраншыл­дық та белең алды сонда. Уақыт ек­шеді. Диірменнен өткендер сана­мызда жүр, қалғаны ұнтақта­лып ғасырлар тозаңына айналды.
Ал, бүгін, бүгін неге сол бір том­дықтар саябырсып қалды дей­сіз ғой? Әлбетте, әр түрлі фактор­лар­ды тарақтауға болады. Біз бір тармағын айталық. Ең қарапайым бола тұра ең маңызды тармағы. Абайша айтсақ «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғы­лым­­ға құмарлық қайдан тұрсын?». «Ораза, намаз тоқтықта». Немесе айта-айта жауыр болған Карл Мар­кстың «Сананы тұрмыс…» деген сөзі. Мұндайда Қадыр Мыр­за-Әлінің «Мені еңбекқор еткен – кедейлік» деген сөзі де ойға оралады.
Әлем әдебиеті тарихына назар салсақ, материалдық күштің шы­ғар­машылық иесіне едәуір әсер беретінін байқаймыз. Бальзак өзінің көптеген шығармасын ақша үшін жазғаны жайлы айтады. Есениннің «Парсы саздарын» жазып болып, досына жазған хаты бар. Сонда әлгі өлеңдерден түскен қаржыны қарындастарына үлес­тіру­ді өтінеді. Кейде саралап қара­сақ, көптеген құнды дүниелер тап­сырыспен жазылғандай кө­рі­неді. Яғни тапсырыспен жазылған шедеврлер. Мәселен, «Шахнама» дастаны. Махмуд ханның алдына барып әр тармаққа бір динар сұра­ған Фирдоуси. Бұл ақынның тіке­лей материалдық тәуелділіктен құтылу жолында жасаған еңбегі сынды. Рүстем батыр арқылы бү­кіл бір заманның келбетін көрсет­кен «Шығыс жұлдызы» ақырында ханға қапалық күйде қаза табады. Сосын «Ұлы хас хажиб» атағын алған Жүсіп Баласағұн. Жауан­мәртлік ілімі негізінде жазылған «Құтты білік» дастанын неге ханға ұсынды? Әлбетте, кез келген шы­ғар­­машылық тұлға жеке адам, же­ке тіршілік иесі екенін мұндайда естен шығармаймыз. Египет билеу­шісі Исмаил паша Суэцк каналының ашылу құрметіне еліне опера театрын салғызады. Театрды салтанатты рәсіммен ашу үшін Исмаил паша әйгілі италья­лық Джузеппе Вердиге музыкалық тың дүние жазуға тапсырыс береді. Композитор қомақты қаламақыға бүгінге дейін құнын жоғалтпаған атақты «Аида» операсын өмірге әкелді.
Материалдық жағдай кез кел­ген шығармашылық иесіне едәуір әсер еткенін байқаймыз. Және солай бола бермек те. Бүгінде елі­міз­де өтетін мүшәйра, байқауларға қатысатын ақын-жазушылар саны да біршама. Әлдебіреулер кінәлап жатады. Бірақ мүшәйра, бай­қау­лар­дан өзге қаржылық қолдау бе­ре­тін тетіктер жоқтың қасы болып отыр. 2006 жылдан бастап «Дара­боз» бәйгесі ұйымдас­ты­рыл­ғалы балаларға арналған шығар­ма­лар мен кітаптардың саны арта түсті. Былтырдан бастау алған әдеби «Рух» байқауы жас дарын­дардың біршама ынта-жігерін жанығаны жасырын емес. Бұл материалдық көмек әдебиеттің өркендеуіне тікелей «донор» бола алатынына мұқалмас дәлел.
Кейде Кеңестік кездегі қала­мақы қорына қызыға да қызғана да қарайтынымыз бар. «Сегіз сағат жұмыс істеу шығармашылықты кейінге кетіреді» деп қырықтан соң толықтай жазуға отырған Қа­дыр ақын бейнесі, қалайда бір күнде бірнеше өлең жазып, бас­паға кітап дайындаған Мұқағали тұрпаты, әр минутын, әр сағатын алаңсыз ізденіп, шығарма жазуға арнаған Мағауин кескіні еріксіз ойға оралады. Қызықтырады. Еңбегіне орай қаламақысын алып, жағдайы жаңарды, жігері бекіді. Жү­регі аздап тыныш тапты. Бүгін­гідей коммерциялық тәуелділікке ұрынбады. Ерінбеген «етікшісі» кітап шығарып, өз атасын, үрім бұ­тағын мақтаған шежірелер мен «жауһар жырлардың» саны артқан жоқ. Бағасы түскен жоқ.
Бір жағдаят санаға қонып тұр. Әйгілі орыс ақыны – Марина Цветаева. Өмірінің соңында ке­дей­шілікке ұрынып, «Литфонд» асханасына жазған хатында өзінің ыдыс жуушы болып жұмыс істегісі келетінін айтады. Жоқшылық қа­мытын киген ақын көзі тірісінде өзінің тобығынан келмейтін «ер­гежейлі» қоғамның езгісіне түседі. Жаны табаланады. Бұл – бүкіл ру­хани құндылықтардың құлдырау көрсеткіші еді. Тұтас бір заманның айнасы болатын. Алайда, біздің жас қоғам алда үлкен өзгерістерге, жаңаруларға толы деп білеміз. «Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болып есептелмейді» деген Мүсірепов нақылы заттанып, зауза жұлдызы секілді шоқтанған жас дарындардың еңсесі биік, маңдайы ашық боларына бек үміт артамыз. Жатса түстен, тұрса естен кетпеген егемендік таңы рухы азат, жігері мығым тұлғалар тудырарына сенім мол. Берік.

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір