ІЗДЕНБЕГЕННЕН ІЗ ҚАЛМАЙДЫ
07.09.2018
1388
1

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ:


Шайхана іші. Бейресми, емін-еркін әңгіме алаңы. Қарсы алдымда қазақтың үлкен ақыны Жәркен Бөдешұлы отыр. Жүзі жылы, қабағы ашық. Байыпты. Қимыл-қозғалысынан жоғары мәдениеттілігі білінеді. Шілде күнгі жусандай сиреген шашын жиі-жиі тарап қояды. Әр сөзін жауапкершілікпен, салмақпен сөйлейді. Тың.

– Кеудеңізде омыраулаған сағы­ныш бардай. Кімді сағынасыз? 
– Әкем мектептің директоры бол­ды. Поэзияны, жалпы әде­биет пен мәдениетті сүйетін адам еді. Кітап оқып отырып, «мынаны қалай түсінесің?» деп, мені үлкен адам көріп пікір алмасатын. Содан бері қырық жылдан асып кетіпті…
– Не оқып, не жазып жүрсіз?
– Қазір оқу мәселесі көзге бай­ла­нысты азайып қалды. Өлең жа­зып жүрмін. Көбіне түнде жазамын. Мен өлеңді бір жерде отырып жаз­бай­мын, үйде, бөлмелерді аралап жү­ріп жазатын әдетім бар. Кейде автобуста жазуыма тура келеді. Со­нан соң өлеңді жаза салып журнал­ға не газетке беруге асықпаймын. Енді бір кезегі келгенде оқып, дұрыс-бұрысын саралаймын.
– Өлеңдеріңізде Ай бейнесі бөлек көрініс табады. Ай сіздің стихияңыз секілді…
– Мен Шолпан жұлдызын жақсы көремін.
– Ойға жиі оралатын бір сәт?
– Туған жерім – Жайыртау. Кім туған жерін қалай сүйсе, Отанын да солай сүйе алады. Туған жерден безген адам Отанынан да безінеді. Туған жерін сатқан адам Отанын да сатады. Туған жер – менің тұғырым.
– Ағалардың алақанының жы­луын, жақсы­лығын көп көрдіңіз бе?
– Ең алғаш Жұмекен Нәжіме­де­нов­тің алдына бардым. О кісі ол кезде Баспа комитетінде істейді. Алғашқы өлеңдерімді апардым. Жақсы баға берді. Институтты енді бітіріп, жұмыссыз жүрген едім. Жұ­мекен аға: «Сен төте жазуды білесің бе?» – деп сұрады. «Білемін», – де­дім. «Он­да сен Тахауи Ахтановқа керек­сің», – деді. Содан алдына ер­тіп апа­рып: «Мына жігітті сізге алып кел­дім, төте жазуды біледі екен, біл­ген­де де майын тамызады» – деп, жұмысқа орналастырды. Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі ағаларымның ықыласын көр­дім. Қадыр аға өлеңдерімді жақсы көре­тін. Өлең оқытатын. Кітап­та­ры­ның ішінен таңдаған кітабымды алып тұрдым. Ол кісі біреуді қыз­ғану де­генді білмейтін. Нағыз талант көрсе жанын салатын.
– Биыл замандасыңыз Тыныш­тық­бек Әбдікәкімұлы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Үлкен ақынның үлкен ақынға пікірі қандай?
– Тыныштықбек – өте ізденгіш ақын. Зерек ақын. Құдай оған жоғары дарын берген. Ылғи жолы болса екен деп тілеп отырамын.
– Сізге, әсіресе, жас ақындардың ықы­ласы ерекше. Қадіріңіз биік, сыйыңыз жоғары. Не арманыңыз бар?
– Менің бір-ақ арманым бар. Әлі күнге дейін таңдамалы жинағым жоқ. Екі томдық таңдамалым бас­пада жатыр. Сол шықса, басқа арман жоқ.
– «Ақындық – азап» дейсіз, меніңше, ғажап секілді.
– Құдай шын берген ақындық болса, сен оны жерге ұрмай, дү­ниені білуің керек, адамның жан сезімін зерттеуің қажет. Ішкі тол­қынын білуің керек. Менің ай­тып отыр­ғаным – дүниежүзілік көз­қарастағы ақын. Ақындықта музы­ка да, ше­шен­дік те, көрегендік те, бәрі де бар. Оны ұштау үшін, әрине, теле­гей теңіз білім керек. Ал бұл оңай ма? Ақындықтың ішінде де ақын­дық бар. Мен соны айттым.
– Қоғамда сізді мазалайтын не нәрсе?
– Қазір қоғам түгіл бүкіл ғалам, заң да, басқа да өзгеруде. Соның бә­рі адамның табиғатына, мінезіне әсер етеді. Бәрі жан бағып бас басына кетті. Осы күрделі жағдайға шы­дау керек. Шыдамасаң, жұтып қояды.
– Жиі жылайсыз ба?
– Мен мүлде жылайтын адам емес­пін. Жыламаймын. Өзіммен-өзім көп мұңдасамын. Бұл жылауға жатпайды.
– Байқауымша, соңғы кез­дері жалғыздықпен көбірек доста­сып жүр­ген секілдісіз.
– Өлең жазып отырған кездегі жалғыздықты жақсы көремін. Еш­кім алаңдатпайды.Түн ортасында, ел аяғы басылған кезде ғана жазуға отыратыным содан болар.
– Әдебиет табалдырығын атта­ған өскелең жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ақындарға ешқандай ақыл не кеңес айтуға болмайды. Егер айту керек болса, бір ғана ауыз сөз – із­дену керек. Көп оқу деген сөз жоқ, көп білу үшін оқу керек. Ізден­бе­ген­нен із қалмайды. Ізденіссіз еш­теңе өзгермейді. Тек қазақты емес, дүниежүзін оқу керек. Мысалы, олардың өзіңдей жастары не істеп жатыр, не жазып жүр, адамға деген көзқарасы қандай? Солардың бәрін білу керек деп ойлаймын.
– Жаңа өлең оқып беріңізші.
Қилы-қилы күй кешем,
Мұңға толы ән-жырым.
Тудым жерде жиде өскен,
Бірге онымен тағдырым.

Әз басымды ием мың,
Бұл не деген жарасым!
Жиделерге жиенмін,
Бал қарағай – нағашым.

Ой басады ой ізін,
Табиғатым тамаша.
Нағашымның бойы ұзын,
Жиенім бек аласа.

Алатауға қарасам,
Ойым өсіп кетеді.
Талпынуға жарасам,
Айға қолым жетеді.

Бүлкілдейді жүрегім,
Семей барып аунасам.
Дәмі келер жиденің,
Абай жырын қаузасам.

Сезінудей сезінем,
Ақындар көп әрқилы.
Мағжанның сөзінен,
Жиде исі аңқиды.

Әрі-сәрі күйде емен,
Оң-солымды айырдым.
Қарағай мен жидеден
Жаратылған шайырмын!
Ақын өлеңін аяқтады. Кеш­құрым шайханадан шығып, үйді-үйімізге қайтар жолды бетке алдық. Қарағай мен жидеден жаратылған шайыр арқасына бұта өріп шығар­дай иығын жиі қозғайды. Көп ойла­нады. Балаларды жақсы көреді. Кө­шеден өткен әр баланы көрсетіп, «мыналар – менің достарым», – дейді жымиып. Қанша жыл ғұмыр кеш­кен нәрлі кеуденің күмбір кү­йіне құ­лақ тоса бергің келеді. Риза бо­ласың. Қызығасың. Расында…

Әңгімелескен
Б.СӘРСЕНХАН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.04.2021 | 14:17

Керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір