Иісі сіңген жусанды сол даламның…
28.08.2015
1987
0

122524_93937227_2015-d0b6d0b0d2a3d0b0-d0bad196d182d0b0d0bfАлтыншаш Жақиянова

 

Туған күнім

…Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай…    

                                 Мұқағали.

Туған күнім…

Қуандым баладайын.

Қайта келмес

Күндерді бағалайын.

Өткен сәтті

Бір уақыт есіме алып,

Сырға толы

Бағымды аралайын.

 

Білер досым,

Келеді құшақ гүлмен.

Ақжарылып,

Назыма құлақ түрген.

Жылында бір

Сылтаумен бас қосасың,

Сағынысып

Достармен жырақ жүрген.

 

Мен өмірге

Келіппін осы күні,

Ұмытпайды

Сыйласар досым мұны.

Мен туылған

Күн болып аталады,

Қаңтар айдың

Қақаған отыз бірі.

Елу бес бүгін есігім қақты

Елу бес бүгін есігім қақты,

Ашпасқа қандай бар шара.

Екі бес іздеп өзімді тапты,

Есігімді аштым айқара.

 

Бес жаста сәби бала едім мүлде,

Он жаста шашым желбіреп.

Он бесте өмір бергендей жүлде,

Қарадым елге мөлдіреп.

 

Жиырма да келді желегін жауып,

Келін қып мені ертерек.

Еркелей алмай ретін тауып,

Өзіме балам еркелеп.

 

Жиырма бес жаста – «іңгәлап» тағы,

Үшіншім келді өмірге.

Бал бөбектердің махаббаттары,

Алданыш болып көңілге.

 

Отыздың қалай келгенін тіпті,

Білген де жоқпын дырдумен.

Күндерге өткен көңілім күпті,

Өтерін жылдам кім білген?!

 

Қырық та өтті қылшылдап тұрған,

Жігерім жанып қайраған.

Той-жиын десе жанымыз құрбан        

Көңілді еді айналам.

 

Қырық бес жас та – жемістей балғын,

Гүл толы мекен екен ғой.

Елуге келіп елеңдеп қалдым,

Жанымды қажап бекерге ой.

 

Келіп тұр, міне, қоңырауды басып,

Екі бес бірдей тізіліп.

Өмірім кетті жартыдан асып,

Көңілім тұр-ау бұзылып.

 

Көкте ұшқан тырна тізбегіндей боп,

Қала ма бір күн үзіліп.

Қызықты думан кешегі өткен,

Қараймын артқа қызығып.

 

***

Қар астында қалып қойған гүлдерім,

Үсік шалып кеткен жоқ па, білмедім.

Қыр астында қалып қойған күндерім,

Мен сендерді өмірімнен іздедім.

 

Жалаң аяқ қозы баққан іздерім,

Мен сендерді құба жоннан іздедім.

Қияр едім өмірімнің қалғанын,

Бұл күнімді қайтарса егер кімде-кім!

 

Туу жайлы куәлік

Куәлігім – туғанымды растар,

Беттерінде жатқандай-ау бір астар.

Әкем, анам қолына алып қуанып,

Көңілдері көтерілген бір асқар.

 

Туғанымды растайтын құжат бұл,

Ортасынан сан бүктелген сызат тұр.

Иісі сіңген әкем менен анамның,

Иіскегім келер елтіп ұзақ бір.

 

Әкем-шешем ойлап қойған атым бар,

Қоспасы жоқ, шыққан таза затым бар.

Елу бес жыл сақталыпты сандықта,

Енді өзіме қайтаруға қақым бар.

 

Сәтбергеннің немересі. Жұманның,

Қызы, – деп тұр, дауласады бұған кім?

Кім ойлаған фамилиямды өзгертіп,

Келіні боп шығам деген «құралдың».

 

Төл құжатым, иісі сіңген анамның,

Иісі сіңген жусанды сол даламның.

Менің де, әне, сандығымда сақтаулы,

Куәлігі өзімнің үш баламның.

 

Куәлігің туғаныңды растар,

Әкеңменен көтерілген бір асқар.

Туылған соң осы тектің қанымен…

…Аян болар сөзімдегі бұл астар.

 

Мен

(Әзіл өлең)

Мен – қызымын

Киелі Түркістанның,

Жатпен-дағы жанасып, ұғысқанмын.

Өлең жазып кетерім болмаса егер,

Таба алмайды ешкім де тұрмыстан мін.

 

Кілем тоқып, бір өзім кестеледім,

Жырларымды маржандай дестеледім.

Құрақ көрпе сан түрін төрге жайып,

Қалмайын деп ешкімнен көшке еремін.

 

Өнер бар ма қолымнан келмейтұғын,

Жыр жазамын жаныма бермей тыным.

Көйлек пішсем таңертең, түсте киіп,

Олқы жердің жөндеймін келмейтінін.

 

Ұя бұзып, қит етсе бүлінбедім,

Екі ұл, бір қызым бар бүгін менің.

Төрт немерем жолында жаным құрбан,

Жастардың да демеймін сүрінгенін.

 

Киелі жер қызымын, иба көрген,

Әдептілік бойыма жинап өрген.

Көрген емен біреудің ақысын жеп,

Алғаным жоқ ешнәрсе қинап елден.

 

Тойды бастап сайрадым топ алдында,

Жасқанбадым айтыста көп алдында.

Ұстаз болып келемін бала оқытып,

Журналист боп жолықтым талай сынға.

 

Кәсіп менің жетеді бір басымда,

Күтіп тігін машинам тұр қасымда.

Әрі нәзік әйелмін, әрі еркек,

Көрінетін бір өрлік тұлғасында.

 

Көтереді ел-жұртым өнерімді,

Қабағымнан түсінер керегімді.

Үлгі етіп осынау бойымдағы,

Беріп кетем ұрпаққа берерімді.

Ulytau

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір