КЕНЕН ФИЛАРМОНИЯСЫ
1993 жылдың 8 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 10-бабы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес, Жамбыл облыстық филармониясына ақын-сазгер Кенен Әзірбаевтың есімі берілді.
Кенен Әзірбаев (1884-1976) – қазақтың халық ақыны, әнші, композитор, Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілі. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Оның «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл – жыр» атты толғау, дастандары бар. Екі мәрте Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Жамбыл облысындағы Кенен Әзірбаев ұзақ жыл өмір сүрген елді мекен қазір Кенен ауылы деп аталады. Онда Әзірбаев мұражайы жұмыс істейді. Кенен Әзірбаев артына өлмес мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазынасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосқан.