ҰСТА
17.08.2018
2148
0

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ


(Әңгіме)

Ағаларым, Қыдырмолда Түсенұлы мен
Шүкірхан Тойбазарұлының
рухтарына арнаймын

– Ассалаумалейкүм, әке!
– Е, сен тірі ме едің? – Ол теріс қа­рап тұрған күйі ұлдың сәлемін алу­дың орнына қиюы жоқ, қыңыр сауал қойған.
– Мені өлтіре алмай жүрсің-ау, сен шал.
– Тірікүйік болып жүргеніңнен гөрі жоқтауыңның асқаны жақсы еді. – Ол көріктен орта тұсына дейін алқызыл түске еніп, алау атып шыққан келтек темірді қыс­қашпен шолақ бөшкедегі суға ең­­кейте бергені сол еді, келтегі баж ете қалған. Аппақ бу бөшкеден атылып шығып, дүкеннің күйелеш төбесіне соғылды. Сол сәтте ұлдың да баж еткен үні келтек темірдің суға тигендегі дыбысынан басым­дау шыққан.
– Жетер! Көк теміріңмен бірге көріңе көміліп қал, ендеше! Менен құтыла алмай жүрсең қарамды мүл­де батырайын. Тәуба қолын­да­ғы қысқашын тастап, оттықтағы кө­мірді астынан үрлейтін жел­дет­кіш­ті токтан ажыратты да, орын­дық­қа сылқ етіп отыра кетті. Жүрегі бар болғыр, аттай тулап, кеу­десін тепкілейді. Түтін мен бөш­кеден шыққан будың кер­мектеу исі өкпені қысқандай. Соң­ғы кездері қалтасынан тас­тамайтын жүректің дәрісін алып, ақ түймешіктің екеуін бірдей ті­лінің астына салды. Дәрінің жып-жылы лебі аузын шарпып алды да, қан тамырларын қуалай жөнелген. Ол тереңнен тартып, «у-у-һх» деп бір демін шығарып еді, аузынан ыс­тықтау леп есті. Сүйретіле ба­сып, ауладағы орындыққа барып жай­ғасты. «Апыр-ау, неден қате­лес­тім, мен сормаңдай?» деген ащы запыран ой миын шаға бас­тады. Сол сәтте үйдің есігін шал­қайта ашып, соңынан ит қуғандай болып ұлы Аққазы аулаға шыққан. Орындықта әкесі емес, жансыз қарақшы отырғандай оған мойын бұрып та қарамастан тәлтіректей басып қасынан өте шықты.
– Ойбай-ай, әлгі соры арыл­ма­ған қу жалғыз бар ақшаңды сы­пы­рып-сиырып алып кетті, – де­ген кемпірі Үпілжанның ащы ай­ғайы естілді.
– Е, бәйбіше, қартайған шақта «Қызыл итіміз қыңыр жүгірді» де­ген осы да. «Бағымыз адасып, бат­­­паққа қонған шығар». Екеуі­міз­ді көрге тыққанша көңілі көн­ші­мес мұның. – Жаңағы дәрінің әсері ме, әлде «бәрін де көрген бас, бәріне де көнген бас» деп, өзін са­бырға шақырып үлгерді ме, Тәу­ба ебіл-дебілі шығып тұрған зайы­бына тым жайбарақат сөйлеген.
– Алсын, бұл ессізді емдетемін деп жинаған қаржы еді ғой… Ертеректе осы өңірде өмір сүрген Бурахан ақын көңілін әбден суытқан ұлы туралы: «Бала, бала дегенге маза­лы­мыз, сол баладан болар ма ажа­лымыз», – депті-ау. Жа­рықтықтың осы сөзі ойымнан шықпайтын бол­ды. Жә, бәйбіше, сабыр сақта! Ал­ланың бізге берген бір ауыр сынағы болар, өз қолымызды өзі­міз кесе алмаспыз, ақырын күт­кен­нен басқа не шара?! «Итке түс­кен қырандай баянсыз дүние» бол­ды ғой. Үйге бар да шайыңды қам­да. Сонан соң біраз дем ал­ма­сам… – Ол «жүрегім ауырып отыр» дей алмады. Үпілжанды үрейлен­дір­мейін деген ішкі есебі.
«Апыр-ау, мен неден қателес­тім?» деген ой басының қауашағын қақ жарып жіберердей ойын онға, санасын санға бөлген. Ежелдің ен күнінен темірді қамырша илеген атақты ұста атанды. Ол кезде жұ­рт­та ақша дейтін сирек ұшырасар қат дүние болғандықтан, ағайынға жасаған еңбегі үшін тоқты-торы­мын алып жүріп-ақ «екеуден іл­гері, біреуден кейін» дейтіндей тір­шілік етіпті. Шетіней берген нә­рестелерден соң зарық­тарып кө­рінген ұлды үлпершектей киін­діріп, қилы-қилы жылдардың ауырт­палығы мол кездерінде де ашқұр­сақ қылмапты. Жұрттың ба­лаларының көзін қызықтырып, кол­хоз бастығының ұлынан кейін­гі Жарлыбұлақ ауылындағы екінші велосипедті Аққазыға мінгізіпті. Табыскер тіршілігінің арқасында мотоцикл сияқты заманауи көлік­тер­ді елден бұрын алып беріпті. Бе­кер обалы қане, «Шіркін, бала деп, Тәукеңнің баласын айт. Жа­рат­қан біреу ғып берсе де, бірегей ғып беріпті» дегізіп, есті болып ержеткендей еді. Бар бәле ішкертін асып, оқу іздеп кеткен кезеңнен басталған. Қалаған институтына түсіп, әке-шешесі қуанғандарынан Жар­лыбұлаққа әрең сыйып жүр­гендей еді-ау. Аққазының ол сәтті қа­дамы үшін алыс-жақын ағайын­ды шақырып, тойлатқан. Әттең дүние-ай десейші, оқуының үшін­ші жылы мақтаған ұл жатақханада төбелесіп, бір жігітті өлімші етіп, соққыға жыққаны үшін оқудан шы­ғарылып, темір тордан бір-ақ шығыпты. Бәйбішесі екеуі айдың-күннің аманында «істі» болған ұлға деп, онан соң әлімжеттік­ші­лер­ден қорғап, оң көздерімен қа­рай жүрсін деген ниетпен түрме басшыларына деп, артынып-тар­тынып үш-төрт дүркін ит арқасы қияндағы қалаға да барып қайт­қан. «Құдай жүгіртпеген сиырды бұзау жүгіртеді» деген осы да. Бірақ одан көрген жақсылық бола қойған жоқ. Өзі біреуді соққыға жықса, өзін түрме қаныпезерлері соққыға жығып, аураханадан бір-ақ шығарыпты… «Өтеуі қайтпас жақсылық, өлшеусіз өтпес жа­мандық болмас» дейтін сол шығар. Көрген жәбірден беті бері қарап, сотталған мерзімнен бірер жыл ерте шыққанмен, кешегі мақтаулы ұл машақаты мол дертті болып ора­­лып еді. Кешегі ащы судың дә­­мін білмейтін жігіт оны салы­нып ішер маскүнемге айналып кел­ген. Әке қолынан шыққан не­бір құнды заттарды жымқырып, оларды сатып ішті, қалтасына қар­жы түссе жатып ішті. Ақыры үйден безіп, ауыл-ауылды адақтап кетіп, қаңғыбас атанды. Бозбала шағында әкенің ұста дүкенінен шықпай, әр шаруаның шалғайына оралардай құлық танытса, енді ұс­та дүкеніне бас сұққаннан қал­ған.
Аққазының бүгінгі келісі қа­расын бірер ай бойы батырғаннан кейін­гі кезекті оралуы болатын.

***

Манағыдай емес, жақсылап қуан­са да, жабырқап ренжісе де: «Не болып қалды?» дейтіндей ту­лай жөнелер жұдырықтай ғана жү­рек шіркін байырқалапты. Тәу­ба бүгін бітірмек болған шаруасын ал­ғаш рет орта жолдан тоқтатып, бі­рер кесе шайын үн-түнсіз оты­рып ішкен соң, төрдегі диванға ке­ліп сұлаған.
«Апыр-ау, неден, қай тұстан қа­те­лестім?» деген сауал тағы да же­телеген. «Қартайғанда қастағы сояу көзді аңдидының» кебі осы шы­ғар. Жетпістен асқан ғұмы­рын­да үлгі етердей әке болған сияқ­ты еді… Ол өз өмір соқпағын ой­ша барлаған…

***

Соғыстан соңғы ашқұрсақ жыл­дар. Басқа тартсаң аяққа, аяқ­қа тартсаң басқа жетпейтін келте көр­пе сияқты кедейшілік тұралат­қан колхоздың да сықпыты қаш­қан. Малшы-қойшылары тау са­ға­лап, өз күндерін өздері көріп кет­се, орталықтағы бірінен соң бі­рі келер қыруар шаруалар қарт­тар, бірлі-жарым ақсақ-тоқсақ май­дангерлер мен қатын-қалаш­тың мойындарына артылатын. Кол­хоз үшін қосымша күш – бе­сін­ші-жетінші сыныпта оқитын қа­ра сирақтар. Ол кездегі шә­кірт­тер үшін ең басты ұран – алдымен ең­бек, сонан кейін ғана оқу сияқ­ты болатын. Тәуба да қар­ша­дайы­нан жайдақ өгізге мініп, пішен шауып, жер жыртыпты. Орақпен егін орып, масақ терісті. Өмір соқ­пағының шұғыл өзгеруіне жә­не кейін атын ауыл ғана емес, ауданға да танымал кісі болуына кол­хоз­дың ұста дүкенін ұстап отырған Қуан қарттың мұны қолбала ре­тінде жұмысқа алуы еді. Ол колхоз бас­тығына кіріп, жазғы демалыс кезінде егін орағында жүрген мұ­ны от жағып, көрік басатын қол­дыаяқты бала ретінде сабағы бас­талғанша деп сұрап алыпты. Тәуба Қуан ұстаның көңілінен шықса керек, қарт тыныстап отыра қалса бол­ды, ұсталық шаруаның киелі өнер екенін, оған шын беріліп іс қылса ғана оған темірдің өзімен тіл табыса алатынын тәптіштер еді. Қандай темірдің бабын қалай тауып, суын қалай келтіруге бола­рын түсіндірер еді. «Майысқақ, жа­сық темірдің суын дәл тауып, шы­нықтыра білсе, тасқа салсаң қайт­пайтын шарболатқа айналар. Сол сияқты тәлімі келіссе, кез кел­ген бозөкпе жеткіншек те шар­болаттай шыңдалуы жетілген аза­мат болып шығар. Жауын жа­ра­ғы­мен қосып, сойып түсер ба­тыр­лар ұстаған алмас қылыштар сол кие қонған ұсталардың өнері» дейтін ол. Бірақ олардың әңгіме құрып оты­ратын уақыттары да бола бер­мейтін. Колхоз иелігіндегі қашау, кү­рек, айырдан бастап, арба доң­ғалақтарын шеңберлеу, шаналарды темір­мен табандау, соқалардың майы­рылған жүздерін оңдауға дейін­гі қат-қабат жұмыстар бел жазу­ға да мұрша бермес еді. Ол аз­дай шалғысын шыңдатып, таға соқ­тырып, атын тағалап бер дейтін ағайын-жекжат тағы бар. Тіпті бал­та-пышақтарын қайратып ала­тындар да келіп жатады. Жеңіл-желпі шаруаларды ұстаның уақы­тын алмас үшін Тәубаның өзі де ат­қара салатын. Ол заманда жаса­ған шаруа үшін ақы алу дейтін тү­сінік жоқ, алатындары шын пейіл­мен айтылар алғыс. Колхоз ұстаға «еңбеккүн» жазса, баланың алары ризашылық қана. Тек Қуан ұста ат тағалатқан қойшы-қолаңдардың қай­сыбіреулері әкелер құрт-ірім­шігінен үлес беретін.
Бұл кезең ұстаның қолқанаты үшін өте ауыр соққан. Үйге шар­шап-шалдығып әрең жетер еді. Оның есесіне денесінің ғана емес, күш-қуатының да арта түскенін бай­қаған. Оған кейінгі кездері кө­рікті басу ғана емес, төстің үстін­де­гі жалын атып алаулап тұрған сом темірді Қуан атасы белжемді бал­ғамен бір ұрып қалғанда, бұл кі­шілеу балғамен баяу ғана екі дүр­кін ұрып қалуының өзі үлкен әсер еткендей. Қос балғаның ырғақты тықылы ерекше бір әуен сазындай естілер еді.
Жұртпен бірге орталау мектеп­тің соңғы – 7 сыныбына барып, оқуын жалғастырса да күніне бірер дүр­кін ұста дүкеніне соғып, атасы­на қолғабыс жасауды әдетке ай­нал­дырған.
– Балам, мұндағы мектебіңді бі­­­тірген соң әрі қарай оқуыңды ор­та мектепте жалғастырасың ба? – деп сұраған ұста бір күні.
– Оны білмеймін. Оқығым ке­леді, бірақ аудандағы интернат ал­май қойса, қайда тұрып оқи­ты­ным белгісіз. – Ол күнгі әңгімені ұстаның: «Е, қатарыңнан қалмай оқығаның жақсы, бірақ бәрін де жағ­дай билейтін заман ғой», – деп тұйықтаған. Келесі бір келгенде: «Өзің білесің, баяғыда тұрмыс құ­рып кеткен екі қыздан басқа менде ұл жоқ қой. Болса, өз білгенімді соған үйретіп кетер едім, – деген мұңы басым сырын айтқан. – Өзің­нің де ұсталық өнерге ике­мің­нің де, ниетіңнің де бар екенін бай­қадым. Егер ертеңіңді осы іс­тен іздер болсаң, өнеріңді өзгеге ор­тақ ете білсең «сары ізіңе шөп са­лар» жан болмас».
Тәубаның әкесі Базар да ұлы­ның әрі қарай оқымай-ақ, қас­тарында жүруін қалайтынын сез­діре бастаған еді.

***

Қуан ұста үш-төрт жыл бойы үлкен ғылым жолына шәкірт тәр­бие­леген ұстаздай бар білгенін үй­ретіп, төс темірі мен балғаларын Тәу­баға тапсырып, зейнетке шық­қан. Бір кездегі өзі сияқты қарт ұста да дүкенге күніне бір соғып кетпесе отыра алмайды. «Балам, үй­ренгеніңді айнытпай қайталау – жетістік. Ал білгеніңді жетілдіре түсіп, өзіңше іздене беру – жеңіс­тің үлкені» деп ақыл айтар еді. Содан бергі жарты ғасырдан астам бар ғұмырын көк темірдің тілін табамын деумен өткізіпті. Ойлап отыр­са, өнерін жетілдіре түсумен, із­денумен келеді екен. Ұстазы айт­қан жеңіске жете алды ма, ол жа­ғын бағамдай алмайды. Кейінірек баяғы қарақожалақ дүкенді құлат­тырып, орнына тынысы кең ұста­хана салдырып алған. Обалы қане, совхоз директоры Қабатай мұның айт­қанын орындамаған, сұра­ға­нын бермеген кезі болмапты. Бәл­кім, сол іздегіштігінен, қолға ал­ған небір күрделі істерді жасай алатынынан болар, бұл ауылдың үл­кен-кішісі оның Тәуба есімін ұмы­тып, «Ұста» атандырып алған­дары. Баяғыда…
Баяғыда қырықтықшылардың бұзылған мотор-қозғалтқышын жөн­деуге қойшылардың ауылына барғаны бар. Малшылардың ат тағалататыны болмаса, арба-шана жөн­деп, шалғы орақ шыңдау сияқ­ты уақ-түйек шаруаларды ұмы­тып, машина-тракторлардың қоз­ғалтқыштарын жөндейтін ше­бер болып алған. Дүкеніне кірсе ойына алған заттарын жасау үшін ғана кіретін… Моторын жөндеп болған соң қойды қырқып, онан соң оны тоғытатын, жұрт «күпкі» атандырып алған, жерден қазып, цементтелген ұзынша ор-науаға барған. Қораға қамалған қойды бір топ ұл-қыздар бір-бірлеп сирақ­тарынан сүйреп әкеліп, ішіне креолин ерітіндісі толтырылған ұзын ор-науаға құлатады. Пысыл­дап жүзе жөнелетін жануарды тағы біреуі мойнынан аша темірмен ите­ріп, ерітіндіге батырады. «Апыр-ау, мынау деген ең бір аза­бы мол жұмыс екен-ау. Бұларды азап­тан қалай құтқаруға болады?» дей­тін ой келе қалсын.
Ол үйіне жеткен соң да біраз тол­ғанып, бір шешімге келген. Өзін­ше қағазға сызып, болашақ жұ­мысының нобайын мөлшерледі.
Ертелетіп, 6-7 шақырым жер­дегі совхоз орталығындағы ди­рек­торының кеңсесіне жетсін.
– Иә, Ұста, жайша жүрсіз бе? – деп, Қабатай басшы көңілді қар­сы алған.
– Қайдан жай болсын. Кеше Тас­қораға барып едім. Содан бір ой түсіп… Қысқасы, дәл бүгін бір ма­шина тақтай, қырық метрдей қа­лыңдығы төрт елідей қырлары жо­нылған кеспелтек ағаш, бір ша­ғын мотор, оншақты қап цемент жә­не жеңіл трактордың екі гид­равликалық көтергішін бергізіңіз. Саймандарымен бір ағаш шеберін ілестіріп алайын.
– Тағы қандай ой келіп қалды? «Ауыз айтып, бет ұялмасын» деген ой ғой менікі. – Директор мұның бетіне сұраулы жүзбен қараған.
– Сұрағанымды шаруашылық бас­шысына тапсырып бергізіңіз де, 3-4 күннен кейін Тасқораға со­ғып кетіңіз. Содан кейін сізді де, өзім­ді де ұялтпаспын. Қандай ой кел­генін сонда білесіз.
Ол сол күні-ақ сұраған заттарын алып, Тасқораға бет алған. Келе са­ла күпкі науасының дәл бас жа­ғынан оншақты қой еркін сия­тын­дай терең ор қаздырып, оны науа-ваннамен жалғастыра це­мент­тетіп тастады.
– Ұста-ау, мал тоғытуды тоқ­тат­қаның не бұл? – деп ферма мең­герушісі Сағымбек келіп, ре­ніш білдіріп еді. Оған: «Бұл ди­рек­тор­дың бұйрығы. Оның үстіне ба­лалар да бір-екі күн тынықсын», – деп тоқтатқан.
Қазылған орды айналдыра төрт­бұрыш кеспелтекпен жиектеп, оларды да төрт бұрышынан темір қазықтармен бекітті. Өзі соғып әкел­ген жуан төрт топсамен шар­шы шұңқырдың астына қарай ашы­латын үлкен қақпақ жа­сат­тырды. Қақпақтың екі шетіне шы­ғырық орнаттырып, оларға бе­кітілген шынжырлар жуан дің­гекке орнатылған гидравликалық кө­тергіштің білігіне бекітілді. Қоз­ғалтқыш мотордан келіп тұрған ток көзіне жалғанған көтергішті іске қосқан кезде шаршының қақ­пағы төмен қарай ашылды. Ток көзінің екінші түймешегін басқан кезде қақпақ қайта көтеріліп, бұрынғы орнына келген.
Әлі ештеңенің байыбына бар­май тұрған Сағымбекке қарап:
– Сәке, ойға алған шаруа орын­­далған сияқты. Науа-орда ап­пақ сүттей болып жатқан крео­лин ерітіндісін көрген мал одан үрікпес үшін мына шаршы ордың ай­наласы тақтаймен қоршалады. Тек қорадан шыққан оншақты қой шаршыға кіретін есік қойылады. Есік­ті жауып, түймені бассаңыз бол­ды, еден төмен түскен кезде шар­шыға қамалған қой еріксіз ван­наны бойлап жүзе жөнеледі де, екін­ші булау қорасынан бір-ақ шы­ғады. Демек, бір отар қойды бі­рер сағаттың ішінде тоғытып шығаруға болады. Ең бастысы, барлық балаларды ауыр жұмыстан босатып, екі-үш кісі атқара алатын шаруа болады бұл.
– Әй, Ұстам-ау, нағыз оқымай-ақ оқымысты болған, білім қумай-ақ білгір болған азаматым-ай, – деп, Сағымбек мұның арқасынан қаққан.
Алғашқы сынақ та шебер ой­ластырғаннан да оңтайлы әрі тез болып шықты. Бұрын қойларды си­рағынан сүйреуден әбден запы бол­ған балалар да азаптан құтыл­ғандай мәз болысып жүр.
Совхоз директоры да жақсы ха­барды естіп, аудандық газеттің тіл­шісін ертіп, жеделдетіп жетіпті. Оның риза болғаны соншалық, облыс орталығынан совхоздың қалған үш қой фермасы үшін бір-бір жаңа мотор, біраз гидрав­ли­ка­лық көтергіш алдырып, ұстаны ке­рек-жарағымен фермаларға де­реу аттандырған. Аудандық газет бе­тіне тілшінің «Өнертапқыш» де­ген очеркі жарияланысымен бас­қа шаруашылықтың, тіпті бас­қа аудандардың инженер ма­ман­дары Тасқораға қарай ағылсын.
Ол кезде жаңалықтың иесі атану үшін заңдастырып, патент­теу дегенді кім білген. Шаруашы­лық басшысы асқан мырзалық көр­сетіп, еңбек кітапшасына жа­зылған алғыс жариялап, кесек жүз сом сыйақы бере салған.

***

Тәуба дейтін әкесі қойған есі­мінің ұмытылып, Ұста дейтін атау­ды еншілейтін себебі қой тоғыту жұ­мысын жеңілдеткен жаңалы­ғы­на дейін де жұртты таңғалдырған талай өнерін көрсеткен. Бәйбі­ше­сіне ет асып, шай қайнату үшін қа­зандыққа тезек қалап, от жақ­тыр­маймын деп, кәдімгі көгілдір отын – газды ойлап табуы бола­тын. Үйінің іргесінен терең құдық қа­зып, оны мұқият цементтеп, ернеуінен дем шықпайтындай ғып жие­гіне бекітілген «аузына» ре­зи­на шеңбер жапсырылған темір қақ­пақ орнатты. Қақпақтың бір ше­тіндегі түтікшеге құдықтағы газ­дың қысымын өлшейтін баро­метр орнатып, қысымы артып кетсе газды азайтатын бұранда жә­не үйдегі өзі жасаған газ пли­тасына отын жеткізетін резина тү­тікше орнатқан. Бәрі даяр бол­ған соң шұңқырдың ортан беліне дейін қарағайдың үгіндісін тол­тырып, оны әлдебір ақ ұнтақпен ара­ластырды. Үстіне бір фляг бен­зинді құйып, шұңқырдың қақ­пағын төрт жерден бұрандамен бе­кітіп тастаған. Не керек, алғаш­қы күндері түн ұйқысын төрт бө­ліп, барометріне сығалаумен бо­ла­ды. Бәйбішесі болса:
– Шал-ау, мынауың бір рақат болды-ау, өзі, – деп сол күні етін жаңа отынмен асыпты. Жаңалық жа­та ма, ол кезде газ дейтін отын­ның барын ауылды қойшы, аудан, облыс жұртшылығы да біле бер­мей­тін. Алдымен көрші-қолаң әйел­дерге Үпілжанның өзі шыда­май барып айтып, тіпті біразын үй­ге ертіп әкеліп, жаңа отынмен қай­наған шаймен сыйлаған.
– Әй, сенің байыңның ойлап тап­пайтыны жоқ. Өнерінің қызы­ғын өзің ғана көресің бе? Бізге де жасап берсін де. Ақысын жемейміз ғой, – дейтін әйелдер көбейді. Бі­рақ шебер дәл осы өнерін өріс­те­туге табандап қарсы шыққан. «Бұл – қауіпті шаруа. Мен сияқты газ қысымын сәт сайын бақылап оты­рып, артығын шығарып отыр­маса, үйіңді де төңкеріп тастауы мүмкін. Ақыры жасаған газыңды көрсетші деу­шілер көбейе берген соң, үш-төрт ай қызмет көрсеткен құдығы­на екінші рет «жем» салуын бір­жо­ла тоқтатқан.
Әрине, өнерді тауып, жаңа­лық­ты жасау үшін оған да ақылшы керек, тың шаруаға бастайтын же­текші керек. Оны жұрт «оқы­ма­ған оқымысты» десе де, күндіз дү­­кенінде жүрсе, түннің біраз уа­қы­тында кітап ақтарар еді. Тех­никалық «ақылшыларын» айтпа­ғанда, химия, физика, математика ғылымдарын өзінше біршама игеріп алған болатын. Соның ар­қа­сында үш доңғалақты мотоцик­ліне үш жалпақ шаңғы байлап, қоз­ғалтқыштың қуатын доң­ға­лаққа емес, ту сыртына орнатқан үш салалы ебелекке бергізу ар­қы­лы аэрошана жасап, жұртты тағы бір таңғалдырған. Жып-жылы кабинасы бар шанасы қар қанша қалың жауса да иесіне айтулы көлік болған. Өзінің аңшылыққа құмарлығы болмаса да біраз мыл­тық асынғандар анда-санда қан­сонарға шығарып, қасқыр аулап қай­татынды шығарған.
Ертеректе ғой, колхоз кезі дү­кендерде нанды қойғанда ұнның өзі сатылмайтын. Аудан орта­лы­ғындағы жалғыз су диірменінен кезек тие бермейді. Ол кезде Тәу­ба­ның қылшылдаған жас кезі. Ұста­лық өнердің қызық-шыжы­ғына әбден бой алдырған тұсы. Колхоздың жұртқа үлестіріп берер азын-аулақ бидайы болғанмен, оны тартып берер диірмен жоқ. Ақыры тау кезіп, диірменге тас іздеп жүріп, көлденеңі бір құлаш­тан аспайтын екі көктасты тапқан. Болаттан соққан бес-алты шап­қы­сының жүздерін майыстырып жү­ріп, астыңғы тас пен үстіңгі ай­нал­малы тастың нобайын кел­тірген. Бірнеше жігітті ертіп апа­рып, қос тасты өгіз арбамен диір­мен салатын өзеннің жағасына әке­ліп түсірсін. Балташылары, те­міршілері бар қызу жұмысқа кі­рісіп, оншақты күннің мәулетінде су диірмені даяр болған. Осы уа­қыттың ішінде Тәубаның өзі де қос тастың бидай құйылар шұңғы­лын, үстіңгі тасты айналдыратын білігін орнатып дегендей бәрін даяр қылған. Диірменнің қызығын бір колхоздың кісілері ғана емес, көрші ауылдар да көрген. Бет-аузы аппақ ұннан көрінбей жүретін Қайырсын қария да диірменші атанып, ең бастысы үйінде бұрын бол­майтын ақ тоқаш жейтін бол­ған.
Бертін келе ел тұрмысы жақса­рып, дүкендер азық-түлікке толған кезде диірменнің қажеті болмай қалған. Оның қаңқасы біраз тұрды да пайдакүнем әлдекімдер ағаш­тарын бұзып, отын қылған. Өзі аза­бын көріп қашаған қос көк­тас­ты ұста трактормен сүйреп апар­тып, жарқабақтың астына көм­ді­ріп тастаған. «Кейінгі ұрпақтар көре қалса, осындай да дүние бол­­­ған екен-ау деп біле жүрсін» деп ойлаған. Бірақ кеңестік кезең құрдымға кетіп, жұрт еркінбіз деп еңсе тіктеген өтпелі кезең тұсында біраз жұрттың судан шыққан балықтай сенделіп қалғаны да рас еді. Шаруашылықтардың мыңғыр­ған малы «бартер» дейтін сылтау­мен тістегеннің аузында, ұста­ған­ның қолында кетіп, жай­лау-қыстаулар екі-үш жылдың ішінде иен қалған. Кешегі қойшы, сиыршының ұл-қыз­дары қала жағалап кеткен. Дү­кендердің сөрелері қаңыраған тұста біраз кісілер келіп, баяғы диір­менді «тірілтіп» беруін сұра­ған. Ол бұл өтінішті қабылдай ал­маған. Бірақ біз қалпына келті­рейік деген талапкерлерге қос көк­тастың көмілген жерін көрсет­кен. Бұл кезде ол басқа бір қиялын жүзеге асыру үшін ауласының іші­нен салып алған өз дүкенінен шы­ға бермейтін. Ауылға келіп тұр­ған ток жүйесін ажыратып, әл­де­кімдер сымдарын жинап, баған­дарын кесіп әкеткен. «Бұрын фер­ма орталықтары болған шағын ауыл­дар керек болса электр қуа­тымен өздерін өздері қамтамасыз етіп алсын» дейтін көрінеді мен­шік иелері. Қуат ақысын уақытылы төлей алмайтын шағын ауылдар оларға өте тиімсіз көрінеді.
«Ұста» деген атты иемденгені үшін емес, үй тіршілігіне пай­да­лану үшін биік бағанның басына үш салалы үлкен ебелекті сәрсен боп қатқан қайыңнан өзі жонып қон­дырған. Жүк машинасынан қал­ған ескі генераторды қайта жөндеп, ебелек желмен айналған­да генераторды да айналдыра­тын­дай етіп жасап алған. Лүп еткен жел тұрса да өз үйіне және көрі­гі­нің желдеткішіне жететін токты өн­діретін болды. Ал жел тұрса оның қуаты өзі жалғастырып бер­ген көршілеріне де жететін еді.
Ел есін жинап, өтпелі кезең арт­та қалды. Дүкен сөрелері то­ғайып, үлкен желіден электр қуаты қай­та тартылған. Бірақ Тәуба жел электр стансасын бұзбаған, қайта жел­ді күнгі мол токты қор ретінде жи­нақтап тұратын үлкен аккум­лятор қойып алуды ойластырып жүр­ген.

***

Ой теңізін кешіп жүріп қалғып ке­тіпті. Таң саз бере оянып кетті. «Апыр-ау, жалғыз ұлды жаза бас­тырардай неден қателестім?» де­ген ой тағы кимеледі. Таңғы тауық шақырғанда ол орнынан ширақ көтеріліп:
– Үпілжан, тұрып, шайыңды қой­шы. Ауданға барып, әлгі қу жал­ғызды іздейін. «Ашу – алды, ақыл – соңы». Ашу үстінде ауыр­лау сөз айттым, білем, – деген. Ол шайын асығыс-үсігіс ішіп, қысы-жазы сенімді көлігі болып келе жатқан үш доңғалақты мотоциклін от алдырып, жүріп кеткен. Сол кеткеннен 5-6 күннен кейін бір-ақ орал­ды. Айтысы ұлды облыс орта­лы­ғындағы маскүнемдіктен мәж­бүрлеп емдейтін ауруханаға жат­қызып қайтыпты. Оны аудан әкі­мінің көмегімен полиция ар­қылы таптырған көрінеді.
– Ақсақал, сіз туралы жақсы бі­лемін ғой. Облыстағы нарколо­гия­лық ауруханамен де келістім. Полиция қызметкері бірге апарып тапсырады. Елге қадіріңіз артқан сізге көмегім осы. Ұлыңыздың қа­­тарға қосылып кетуіне тілек­тес­пін, – деп әкім кісілік көрсеткен.
– «Аттың нарқымен қасқыр­дың ісі жоқ, адамның парқымен тағ­дырдың ісі жоқ» деуші еді бұ­рын­ғылар. Парқымды да, нарқым­ды да түсінгеніңе ризамын, айна­лайын, – деп, ол әкімге риза­шы­лы­ғын біл­діріп шыққан.

***

Аққазы үш айдан соң оралған. Меңірейіп, артық сөзі жоқ, сең соққан балықтай үн-түнсіз отыра бе­ретін болыпты. Оның ел қата­рына қосылып, қалыпты азамат болғанына көзі жетіп үлгірмеген Тәуба-Ұста тағы бір жүрек талма­сы­нан соң оралмас сапарға атта­нып кеткен. Әкесінің жас топыра­ғын құшақтап, ұлдың ұзақ жы­­­ла­ғанын және ертесіне-ақ әке­сінің дүкеніне кіріп кеткен соң балғаның тақылдаған үні естіліп тұрғанын жұрт әңгімелеп жүрді. «Атаның салған жолы бар, ананың пішкен тоны бар» дегендей, байғұс бала әке жолын қуып, жандүние­сін қайта түлетсе, Ұста марқұмның қадір-қасиетін бойына дарытса бо­лар еді» дейді екен әкесінің жақ­сылығын көрген жұрт.
«Тентек пен тебізді жөнге са­луға», бар жаратылысын қайта өз­гертуге әкенің себепші, ал әке­нің бақилыққа ертерек ат­тануы­на өзінің себепші болғанын ұл шіркін бағамдай алды ма? Мәселе осында еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір