«Сикстин Мадоннасының» құпиялары
17.08.2018
8875
18

«Сикстин Мадоннасы» – өнертанушылар «таза сұлулықтың данышпаны» деп атайтын әйгілі итальян суретшісі Рафаэль Сантидің ең атақты картинасы. Бүгінде Дрездендегі ерте заман шеберлері галереясының басты әрі теңдессіз қазынасы саналатын бұл ғаламат туынды адамзат баласына деген шексіз сүйіспеншілікті дәріптейтінімен құнды.


САЛЫНУ ТАРИХЫ

Рафаэль Санти «Сикстин Мадоннасын» Рим папасы ІІ Юлийдің тапсырысымен Пьяченца қаласындағы ІІ Әулие Сикст шіркеуі үшін салған. Картина 1515-1518 жылдары Ломбардияға басып кірген француздарды жеңу құрметіне және пьячендіктер Папа облысының құрамына енгеннен кейін салынған деген тұжырым бар. ІІ Юлий үшін Пьяченцаның жаңа аймақтан бөлек құндылығы сол: онда Киелі Сикст (432-440) – өзі шыққан Ровере әулеті қорғаушысының шіркеуі болатын. Ол қуаныш үстінде Римге қосылуды белсене насихаттаған барлық монахқа алғысын білдіру мақсатында сол уақытта аты шығып үлгерген Рафаэльге тапсырыс беріпті. Бұл картинаны хоругвь – Иисус Христос бейнеленген діни-әскери ту ретінде қолдануды көздегенін де көрсетеді.
XVIII ғасырда ІІ Юлий картинаны өз табыты үшін салдырған деген де аңыз әңгіме (тарихи деректермен дәлелденбеген) тарайды. Кей өнертанушылардың айтуынша, картинадағы Әулие Сикст – Юлий папаның өзі (ІV Сиксттің немере інісі) болса, Әулие Варвара бейнесі папаның немере қарындасы Джулия Орсиниден көшіріп салынған. Бұл нұсқаны жақтаушылар ІІ Сиксттің ризасында кестеленген емен жаңғағы Ровере («емен» деген мағынаны білдіреді) әулетінен тарайтын папаға келіп тірелетінін баса айтады. Ал картинаның Пьяченцадағы шіркеуге арналғанын айтушылар Киелі Сикст пен Варвараның қашанда осынау киелі орынның қорғаушылары болғанын алға тартады.
Неміс ғалымы Хуберт Гримме туындының қаралы рәсім – ІІ Сикст папамен салтанатты түрде қоштасу үшін салынғанын айтады. Ол өз тұжырымын «Картинаның алдыңғы бөлігіндегі екі періште шынтақтарын тіреп тұрған тақтайша қайдан пайда болды?» деген сұраққа жауап ретінде ұсынады. Сондай-ақ суретші аспанды перделермен көмкеруді қайдан ойлап тапқан? Зерттеушінің ойынша, өлгеннен кейін папаның денесі қоштасу рәсімі үшін Киелі Петр соборына қойылған. Ал Рафаэльдің картинасы табыттың үстінде тұрған. Суретші Мадоннаның жасыл перделермен көмкерілген биіктен папаның табытына жақындап келе жатқанын салған көрінеді.
Сондай-ақ, XVI ғасырдың бас кезі үшін ерекше жайт – картинаның тақтайға емес, кенепке салынуы. Өлшемі – 265 см × 196 см.


ТАНЫЛУЫ ЖӘНЕ САҚТАЛУЫ

Картина XVIII ғасырдың ортасында саксондық курфюрст – империялық князь ІІІ Август екі жылға созылған келіссөздер нәтижесінде Рим папасы ХІV Бенедикттен аталмыш туындыны Дрезденге алып кетуге рұқсат алғанға дейін белгісіз болатын (ІІІ Август оны 20 000 цехинге – шамамен 70 келі алтынға сатып алған). Бірнеше онжылдықтардан кейін әйгілі Гёте мен неміс өнертанушысы Винкельманның тамсанысқа толы пікірлері жариялана сала картина Дрезден коллекциясындағы басты шедеврге айналады.
Орыс саяхатшыларының Дрезден галереясында «Сикстин Мадоннасымен» алғаш кездесуі олар үшін итальян өнерінің шыңына шыққандай әсер қалдырады. ХІХ ғасырда картина орыс елінде Рафаэльдің өзге мадонналарынан асып түсетін таңғаларлық танымалдыққа ие болды. Ол туралы шығармашылық бағыттағы барлық орыс саяхатшысы жаза бастады. Н.Карамзин, В.Жуковский («Жаныңнан өтіп бара жатқан Аспан бикеші»), В.Кюхельбекер («Таңғажайып туынды»), А.Бестужев («Бұл –Мадонна емес, бұл – Рафаэльдің сенімі»), А.Герцен, А.Фет, Л.Толстой, И.Гончаров, И.Репин, Ф.Достоевский. Лев Толстой мен Федор Достоевскийдің жұмыс бөлмелерінде «Сикстин Мадоннасының» репродукциясы ілулі тұрған. Александр Пушкин «Сикстин Мадоннасы» бейнесін өзіне иемденіп алып, оны ғашығы Анна Кернге арнаған. Ал Рафаэльдің өзі картинаны Форнарино (шын аты-жөні – Маргерита Лути) атты ашынасына қарап салған көрінеді. Енді бір өнертанушылар «Сикстин Мадоннасын» суретшінің «Донна Велатасына» ұқсатады.
1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына таман неміс ұлтшылдары Дрезден галереясындағы өзге картиналармен бірге «Сикстин Мадоннасын» да қаладан сырт жердегі ұңғыма ішіне жасырады. Соның арқасында олар 1945 жылы ақпан айында Дрезденді бомбалау кезінде бүлінбей сақталады. Ал, мамырда кеңес жауынгерлері жасырылған картиналарды тауып алады. Сөйтіп, бәрі Пушкин мұражайының қорынан орын тапқанымен 1955 жылы ГДР-ге қайтарылады. Соның алдында ғана Мәскеу жұртшылығының назарына ұсынылған «Сикстин Мадоннасын» шығарып салу кезінде жазушы В.Гроссман картинамен аттас әңгіме жазған. Онда атақты туынды қаламгердің Треблинка концентрациялық лагеріндегі өз естеліктерімен байланыстырылады: «Сикстин Мадоннасының» ізінен қарап тұрып біз өмір мен еркіндіктің біртұтас екеніне, адам бойында адамдықтан биік ештеңе жоқ екеніне деген сенімімізді бекіте түсеміз».
Ал орыс революционері Михаил Бакунин қарсы келе жатқан жауды есінен тандырып тоқтату үшін қамал қабырғасына «Сикстин Мадоннасын» қоюды армандапты.


КАРТИНА СЫРЫ

МАДОННА. Картинада сәби Христосты көтерген Мадонна бейнеленген. Өнертанушылардың айтуынша, «Сикстин Мадоннасының» көзінен шынайы жайдарылық пен бейкүнәлік, ыстық махаббат пен нәзіктік, сонымен қатар сақтық пен үрей, пенделердің күнәларына деген наразылық, жасқану мен ерлік жасауға деген тәуекелшілдік (ұлын өлімге беруге дайын болу) байқалады. Оның бейнесінде діни мәртебе мен аналық терең махаббат, сәбиінің тағдырына алаңдаушылық секілді жалпыадамзаттық сезімдер ғажап үйлесім тапқан. Ол турасында орыс зерттеушісі В.Гращенков былайша сипаттап жазған: «…Тылсым күштің сипаты Мадоннаның ұлын бауырына қыса бұлт үстімен жалаңаяқ және табаны тиер-тимес қалыпта келе жатқанынан көрінеді. Рафаэль діни мінсіздік ерекшеліктерін адамдықтың асқақ келбетімен байланыстырып, қолына мұңлы ұлын ұстап, адамдарға қарай келе жатқан Көк патшайымын тәкаппар, биік және қапалы етіп бейнелеген».
СӘБИ. Сәби Христостың маңдайы кәдімгі сәбилердікіне қарағанда айрықша биік, көзі де сәбилердікіндей емес, байсалды. Алайда оның көзінен өсиет айту байқалмайды. Ол алдынан ашылған әлемге қадала, мазасыздана және үрейлене қарап қалған. Оның көзқарасынан Құдай Әкенің қалауын орындауға тәуекел ету, адамзатты сақтап қалу үшін өзін құрбан етуге бел буушылық байқалады.
КИЕЛІ СИКСТ. Киелі тақта 257-258 жылдары ғана отырған Киелі Сикст император Валерианның тұсында жазаға тартылып, басы шабылған. Ол картинада сәл абдырап, аң-таң болған күйде оң қолымен Бақылаушы жақты нұсқап тұр. Ал сол қолы Мадоннаға қалтқысыз берілгендігі ретінде кеудесіне қойылған. Жоғары діни дәрежесін білдіретін тиарасы Мадоннаға деген құрметінің белгісі сынды жерде жатыр. Тиара Ровере әулетінің геральдикалық белгісі – емен жаңғағының суреті салынған үш тәжден тұрады. Олар Әке, Ұл және Киелі рух патшалығын білдіреді. Кей өнертанушылар суретшінің папаны алты саусақты етіп бейнелегенін айтады. Жалпы, Рафаэль картинаны суретшілер үшін өте маңызды белгілерге толы етіп салған. Ол гностик – Көне Өсиетке, шығыс мифологиясына, бірқатар ертехристиандық ілімдерге сүйенетін кейінгі антиктік діни ағымның өкілі болатын. Гностиктер магиялық күшке ие сандардың ішінде алты санына ерекше мән береді (олардың ілімінше, алтыншы күні Құдай Иисусты жаратқан). Ал «сикст» сөзі латын тілінен аударғанда «алтыншы» деген мағынаны білдіреді. Итальян өнертанушысы Маттео Фиццидің пікірінше, картинада «алты» саны жасырылған: онда алты бейне бар, олар бірігіп, алтыбұрышты құрайды. Алайда шынашақ секілді болып көрінетін алтыншы саусақ – алақанның ішкі бөлігінің көрінісі деушілер де бар.
КИЕЛІ ВАРВАРА. Киелі Варвара картинада басын сол жағына қарай иіп тұрған қалыпта бейнеленген. Ол көзін төмен салып, адам баласының жер бетіндегі күйкі тірлігі жайында ойланып кеткен. ІІІ ғасырда өмір сүрген Киелі Варвара пұтқа табынушы әкесінен жасырынып, Иисустың жолына түседі. Әкесі «дінбұзар» қызын азаптап, басын кесіп өлтірген.
БҰЛТТАР. Кей өнертану­шылар суретшінің бұлттарды ән салып тұрған періштелер ретінде бейнелегенін айтады. Гностиктер ілімі бойынша, бұлар – періштелер емес, көкте Жаратқан Иеге мадақ айтып тұратын, әлі тумаған жандар.
ПЕРІШТЕЛЕР. Картинаның астыңғы жағында алысқа батыл көз тігіп тұрған екі періште бейнеленген. Бір қарағанда немқұрайлы көрінетін олар — Құдайдың қалауынан қашып құтылмайтыныңа мойынсұну белгісі сынды: Христостың тағдырына айқыш жазылған және ол тағдырын өзгерте алмайды. Осы періштелер бейнесі кейін көптеген ашықхаттар мен плакаттарға арқау болады.
ПЕРДЕ. Екі жаққа қарай айқара ашылған перде картинаның геометриялық өлшеммен салынғанын айқындай түседі. Әрі ашық аспанды білдіреді. Оның жасыл түсі – адамзатты сақтау үшін ұлының басын өлімге байлаған Құдай Әкенің мейірімділігінің көрінісі.


ТҮЙІН:

Лев Толстой: «Сикстин Мадоннасы»… сезімдерді емес, «өз деңгейінде сезініп тұрмын ба?» деген азапқа толы мазасыздықты тудырады», – депті. Иә, талғампаз да парасатты өнерсүйер қауым барда өн бойына небір сыр бүккен «Сикстин Мадоннасы» да заманадан заманаға жетіп, әлі талай көрерменді толғанта бермек…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР18
Аноним 09.04.2020 | 22:56

Керемет👍👍👍

Аноним 29.04.2020 | 13:42

Керемет

Аноним 30.04.2020 | 19:59

Маған өте қатты керек еді керемет болды.рахмет✌✌🖒🖒🖒🖒

Аноним 04.05.2020 | 16:39

Гн

Аноним 06.05.2020 | 14:34

Рахмет

Аноним 09.05.2020 | 10:29

Маған керек еді

Аноним 09.05.2020 | 16:16

Жақсы 👍👍👍👍👍

Аноним 11.05.2020 | 11:55

Ерекшелігі керек еді рахмет

Аноним 11.05.2020 | 15:36

Рахмет!

Аноним 13.05.2020 | 12:38

✊Жақсы екен

Аноним 14.05.2020 | 00:08

Кушти

Аноним 18.05.2020 | 15:59

Өте керемет.Сізге үлкен рахмет

Аноним 07.04.2021 | 12:01

Есі дұрыс емес
Ақымақ тупой

Аноним 12.04.2021 | 22:51

Рафаэль Санти мықты екен.Керемет👍👍

Аноним 12.04.2021 | 22:59

Керемет ну суреттері туралы білейн десем жоқ екен

Аноним 20.05.2021 | 23:48

Қотақ

Аноним 20.05.2021 | 23:49

Куууууууууууу
Ууууууууууууушити

Аноним 20.05.2021 | 23:50

Я қонақ а вы қатоқ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір