ТАЙАТҚАН-ШҰНАҚ ҚҰПИЯЛАРЫ
30.05.2025
100
1

Қазақ халқының хас батыры, «Ақжолтай» атанған Ағыбай Қоңырбайұлының қартайған шағында Арқа мен Бетпақдаланың қиылысқан тұсына тұрақтауының сыры неде? Бұл өңірдегі басқа да құпиялар сырының әлі күнге де­йін ашылмай отыруы неліктен?

  

 Қырғыз жеріндегі Кекілік қырғынында қазақ ұлт-азат­тық көтерілісінің көсемі Кенесары мен көкжал батыр Наурызбайдан айырылғаннан ке­йінгі Ағыбай батырдың өмірі мәнді болмаған сияқты. Басты себеп, Ақжолтай бабамыздың «Наурызбайдың жау ішінде қалғанда «Ағакем-ай» деп шырылдаған ащы дауысы құлағымнан кетер емес» деген өз сөзі. Осы бір құдірет­ті де қасірет­ті, айбат­ты үннен құтыла алмаған болуы керек, Ағакем әуелде Балхаш көлінің ортасындағы Тасарал деп аталатын аралды паналаған. Ауыл-елмен қатынас тек қыс айларында көл қатқанда ғана болған.
Екінші бір дерек, батырдың басын өлімге тігіп, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа баруы. Біздіңше, Ағакем генералдан ештеңе сұрамаған. Керісінше, қазақ батырының қандай болатынын көрсетуді мақсат тұтқан. Орыс губернаторына сес көрсеткен. Ағыбайдың айбынынан қорыққан Гасфорт оған кешірім жасап, жекеменшігіне жер бөлгізген. Сондағы бергені – қазақтың атам заманнан келе жатқан өзіне тиесілі киелі жері!


Тайатқан-Шұнақ – түгін тартсаң, майы шығатын жер. Төрт түлік малдың семіздіктен бас көтере алмайтын құт­ты қойнауы. Әлі күнге сол құт-берекесі ортаймаған.
Бірде қарт Ағыбай батыр баласы Дуанамен терек түбінде көлеңкелеп отырса, басына, екі иығына сары шымшық кеп қоныпты. Ұлы: «Әке, бұл құс неге маған қонбайды?» – деп сұрапты. «Е, балам, саған неге қонсын? Менің демім таусылатынын сезіп, менімен қоштасқалы отырған киелі құс емес пе бұл», – депті батыр. Айт­қаны айнымай келіпті. Көптеген ғалымдар Ағыбай батыр 1802–1885 жылдар аралығында өмір сүрген десе, кезінде белгілі жазушы Жайық Бектұров батырдың 1793 жылы туып, 1880 жылы 87 жасында қайтыс болғанын айт­қан.
Ағакем қайтыс болғанда Тайат­қан-Шұнақтың айналасы қаптаған қалың мал болыпты. Батырды жерлеуге Қуандықтан 7 болыс, Қарқаралы еліне қарайтын 5 болыс ел шақырылыпты. Мұнда жиналған үйір-үйір жылқыны, отар-отар қойды, мың-мыңдаған түйені, тіпті Қарқаралыдан (600-700 шақырым) ағайындар келіп, бөлісіп алысқан. Әлбет­те, таратылып берілген. Сонда жұрт Ағакемге Кенесары сыйлаған жібек шапанның күнге шағылысып желбіреп тұрғанын көріпті. Батырдың ұрпақтары: «Бізге еш дүниенің, малдың керегі жоқ, тек Хан Кененің шапанын сақтасақ болғаны», – депті. Батырын барлық байлықтан артық көрген қайран қазақ-ай десеңізші?! Қазір сондай жұрт бар ма бізде?..
Шынын айтар болсақ, біздің тарихшы, археолог, т. б. ғалымдарымыздың Тайатқан-Шұнақты неге зерт­темей жүргеніне таңғаламыз. Неге? Өйткені дәл осы өңірдің беймәлім сырлары көп-ақ. Рет-ретімен баяндап көрелікші.
140 жылдай бұрын тұрғызылған Ағыбай күмбезінің өзі ғажап-тын. Бұдан 23 жыл бұрын мазарды қалпына келтірмекші болған «Күмбез» фирмасының сәулетшілері 47 кесектің бетіндегі Құран аят­тарын көріп, Алматыға алып кетіпті. Содан әлі хабар жоқ.


Өкінішке қарай, батырдың аруағына қиянат жасалды. Жөндеушілер күмбездің өз нақышын сақтай алмады, өрілген кесектер бұрынғы тарихи қалыпқа түспеді. Құрылыстың технологиясы да, химиялық құрамы да үйлеспеді.
Ағыбай батыр жатқан тұстан Қаратал өзені ағып жатыр. Он шақырымдай жерде Өрмекші әулиенің зираты тұр. Бір ғажабы, оның жанындағы таулы жотаның беті айнадай жарқырайды. Сенесіз бе, осы жотадан төмен қарай домаласаңыз, еш жеріңіз зақымдан­байды. Денеңіз тасқа соғылса да ауырмайды. Ел сондықтан да бұл жотаны «Өрмекші әулиенің сырғанағы» деп атаған екен. Өрмекші ата бойында кеселі бар кісілерді емдейді, кеселін сылып алып қалады деп түсіндіреді сізге. Төбеден тас бетімен төмен қарай қаңбақша домалап жатқан кісілердің еш жері ауырмайтыны шындық.


Бәзбіреулер біздің тарихымыздағы «Қалмаққырған» қанды шайқасы осы жерде өткен дейді. Ол да мүмкін. Себебі мұнда «Қалмаққырған» деп аталатын тау бар әрі оңтүстіктен Балқаш жағына келетін төте жол осы.
Қаратал өзені бойындағы «Таңбалы тастар» батыр күмбезіне таяу орналасқан. Өкінішке қарай, біз таңбалы тастардың қай ғасырдың еншісі екенін білмейміз. «Таңбалы тастан» шығысқа көз тіксеңіз, Бүйрекшиде (жер аты) орналасқан Ағакемнің ұлдары Аманбайдың күмбезін, Аманжолдың тоқалбейітін көрер едіңіз. Кей кісілер осында келген маскүнемдер мен нашақорлар ауруынан айығады деп жорамалдайды. Кім біледі, онысы да рас шығар. Әулие­лердің басына барып, түзеліп кетіп жүрген жандар аз ба арамызда.
Тайатқан-Шұнақта Ағакемнен басқа Шопат, Мамыт және Дулат деген батырлар жерленген. Олардың күмбездерін қалпына келтірсек, ата-баба алдындағы парызды аз да болса өтеген болар ма едік?

Айтбай СӘУЛЕБЕК,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Астана қаласы, Қарағанды,
Ұлытау, Ақмола және Солтүстік Қазақ­стан
облыстарындағы меншікті тілшісі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.05.2025 | 16:38

Наурызбайдың жау ішінде қалғанда «Ағакем-ай» деген ащы дауысы батырдың
құлағынан кетпеген екен ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір