ЖАС КОМПОЗИТОР
Алматылық ең жас композитор Нұрәлі Бейсеқожа жетім балаларға арнап «Сыйлайық өмір сәбиге» атты шығарма жазды.
13 жасар Нұрәлі Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандырылған музыка мектеп-интернатында білім алуда. Мамандығы скрипкашы, екінші аспабы – пианино. 4 жасынан бастап пианинода ойнап, 6 жасында алғашқы шығармаларын дүниеге әкелді. Халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпазы. Республикалық «Гамманы шебер орындау», «Пьесаны шебер орндау» байқауларының 1-орын иегері, Music Star байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының композиторлары одағының басшысы Балнұр Қыдырбекқызының марапаттауымен «Қазақстандағы ең жас композиторы» дипломының иегері.
Қазіргі таңда 20-ға жуық шығармалардың авторы, соның ішінде «Анашым», «Балалық шақ», «Қазақ вальсі», сонымен қатар Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» атты туындылары бар. Атап өту керек, Нұрәлі Бейсеқожаевтың ағасы Ғаламат өткен жылы Елбасы Кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған “Атадан мұра” күйін жұртшылыққа ұсынған.
Аяулы ҚУАНЫШ