АР АЗАБЫН» ОҚЫҒАНДА…
13.08.2018
1376
0

Қолыма кейінгі ұстаған кіта­бым – Мира Шүйіншәлиеваның өткен жылы жарық көрген «Ар азабы» атты пьесалар, хикаяттар мен әңгімелер жинағы. Мұқият оқи бастағанымда, өзім үшін кәдімгідей жаңалық аштым. Бір шығармасы екіншісіне ұқсамай­ды, тақырып аясы – кең, уақиға желісі жалықтырмай, қызықтыра алға жетелеп отырады. Ком­по­зи­ция­лық құрылымы да таңдаған обьект, субьектілерінің ерекшелі­гін мейлінше терең ашуға қызмет еткендей. Пьеса кейіпкерлерінің сан алуан болмысын драматизмге тұнған іс-әрекет барысында ай­қын­дап, кульминациялық шегіне жеткізе біледі. «Ар азабындағы» Ғаділбек «Отызға дейін еш қызға сөз де, көз де салмаған жас ға­лым… бала күнінен бейнесі жүре­гі­нен әсте өшпеген… баяғыда жол­дары екі жаққа айырылған клас­тасын тауып», «асылы, әні, ға­шығы, жаны… Ботаны көрген бойда оның ақ таңдарын шуаққа шомылдыратынына» бірден сенеді. Шетелден «іздеп келіп, қиылып, өтініп тұрғанда көңілін қалдырғаным жігіттікке жарамас! Тезірек той қамына кірісейін. Апам­ды икемге келтіріп, көнді­рей­ін», – дейді. «Күтпеген тұстан аяғыңа жығылуында бір гәп бар! Көр де тұр! Сенбесең, осы сөзімді сына! Әйтпесе, бадырайған екі кө­зін біреу байлап қойып па? Та­лай жазған хаттарыңды жыртып, сезіміңді сыйламаған сол қызға біртүрлі ішім жылымайды. Көңі­лім тартпайды. Жүрегім жібімейді, жаным жұмсармайды!» – деп шыр-пыры шыққан ана ескертуіне ден қоймайды. Кітаптан басқа жиғаны жоқ, қырық жыл бала оқытса да тапқан тиын-тебені жыр­тығын жасқауға да жетпеге­ніне қарамастан, анасы Науат көршілерінен хрусталь, кілем, тө­сеніш, ыдыс-аяқ жинап, қарыз­данып-қауғаланып, ағайынға ту биені сойғызып, той жасайды.

Зейнеш көршісі айтқандай: «Әл­пештеген ұл-қызың теңін тап­пай адасса, міне, қайғы, міне, сор!». Бота Ғаділбектен гөрі, Аме­ри­кадан иммунитет көтеретін ви­таминдер әкелген ит пен мысы­ғына әлдеқайда көбірек мән бере­ді. «Қойшы-ей, мазамды алмай? – дейді қит етсе. – Ерініп тұрмын. Көңілімнің хошы жоқ». Қайдан болсын көңіл хошы, Ғаділбекті ешқашан ұнатпаса. Заңды некеге тұрғалы күйеуінің үйіне тіпті қон­ған да емес. Негр ме, басқа ма, құр­­сағындағы нәрестені кімнен кө­тергенін өзі де анық білмейді. Мұндай сұмдыққа Майжан анасы­ның еті өлген сыңайлы, алаңдай­тын түрі байқалмайды. «Мейлің. Аман-есен жаның қалса екен…– дейді. – Төрт аяқты қабан тусаң да қыңқ демеймін… Бұған дейін қан­ша түсік тастадың? Санадың ба? Солардың киесі ұрмаса болды». Иә, кім болжапты жаны да, тәні де таза, мақсаты – айқын, талабы – зор жас ғалымды осындай дертке шалдығады деп? Оның қорғансыз кейпін көруге мүлдем құлықсыз­быз. Сатқындықтан өзін араша­лай­тындай күшінің қалмағанына қаншалықты өкінгенімізбен ав­тор­дың шырқыраған шындығы тырп еткізбейді кейіпкерін де, оқыр­манын да. Неге екенін біл­мей­­­мін, Ғаділбек көзалдыма
М.Әу­е­зовтің дүниеден баз кешкен Қа­ра­гө­зін елестетті. Бұл сезім де­ген сиқырға жағымды, жағым­сыз дегеніңнің, уақыттың, қоғам­ның, ештеңенің де әмірі жүрмейді екен ғой, адамзаттың патшасы – сезім екен ғой ақылыңмен, санаң­мен санаспайтын!? Әр кейіпкері­нің өз жөні, өз жолы бар. Көр­ші-қолаң, кеңсе қызметкерлері, т.б. шығатын көпшілік көрінестеріндегі диалог­тарына шейін нақты, қандай да бір мақсатты көздеп, мән-жайды тү­сіну­ге, уақиғаның ширақ дамуына қызмет етеді. Бір-біріне ұқсамай­тын бейнелер, бұрын-соңды ұшы­рас­пайтын тағдырлар, яғни жо­ға­рыда атап өткеніміздей – мінезі, қылығы, талабы, мақсаты мүлдем өзгерген қазақтардың болмысы. Әсі­­ресе, ер азаматтардың. Жапа ше­гуге, алдануға, арбалуға әдетте қыз, келіншектерді жөн-жосық­сыз бейімдейтініміз рас қой. Ми­ра­ның туындыларымен, нақтылай түссек – Ғаділбекпен танысу ба­ры­сында түрлі ойға батып, ай­на­лам­ды қайтадан зерделуге ден қойғанымда, жақында ғана туған өлкеме, Қостомар ауылына («Ар азабы» кітабын со жолы толықтай оқыдым) барудың сәті түсті. Бұдан бірнеше жыл бұрын салынған екі қабатты мектепке баратын оқу­шылар­дың саны мүлдем азайып кетіпті. Негізгі себебі анықтал­ған­да, ішім удай ашып, өз тамы­ры­мызға өзіміз балта шабу өмір сал­тына айналып бара жатқанын ұқтым. Алды алпысқа жақын, ар­ты отызда, 7-8 жігіт үйленбей от­ыр және бұған ынталары да жоқ екен сұрастырсам. Дендері сау, сиырды да өздері сауады, тамағын да дайындайды, кірін де жуады… Құдай-ау, не боп кетті сонда?! Ға­діл­бек сезім азабынан жападан-жал­ғыз қалса, мыналар нендей зауал­ға ұшыраған? Шамасы оты­рып қалған қыздардан гөрі, отба­сын құруға құлықсыз еркектер кө­­бейіп барады-ау… Жазушы жи­на­ғы кенеттен мені осындай пікір­ге жетелеп, өзгеше ойға ба­тыр­ды. Мираның әріптестеріне қарағанда әлдеқайда елгезектігіне, дертіміз бен мұңымыздың түпта­мы­рын тү­сін­ген сергектігіне қай­ран қалдым. Әбден жауыр қылған кешегі қарабайыр қағида, түсі­ніктерге шыр­малып, түк бітірмей әлдеқан­дай болған, еншімізге бұйырған заманның мазмұнын да, мұқтажын да ұқпай бейшаралыққа жеткен өзімізді аядым. Төңірегіме бас­қа­ша қарау қажеттігін «Сіңлім­нің сүйгеніндегі» Ләйлә да еселеп ұқ­тырғандай. «Бәрінен озған әйел – бәріне көнген әйел» деген На­ғы­тай Әбітайқызы Кішкенова тәтеміздің нақылы еске түсті. Ра­сы­­мен күтпеген тұста сіңлісінің сүй­­гені – Айқын «махаббат деген қастерлі ұғымды өз жүрегімен түсінетін жанға айналып барады». Бір үміт, бір күдіктің аясында жыл­дар бойы аңсаған арманы орын­да­лып, «шекесі торсиған әкесінің аузы­нан түскендей қара домалақ бала мынау жарық дүниенің есігін ашқалы сіңлісінде ес жоқ… Нағыз әйел бақытын енді сезгендей. Қуанышында шек жоқ-ау, шек жоқ!». Бұрынғы үйінің дәл қасы­нан екі қабатты үй салып, «айқай­латып қоныс тойларын жасады». Италияда жүрген бәйбішесі отағасын құттықтап, «тоқалдан туған титтей шаранаға мешөк-ме­шөк поселке салып… сенің атың Айқын. Өзіңе ұқсастырып Жар­қын деп қояйық. Жолы жарқырап тұрсын дейтін көрінеді». Қалай ғана айналып кетпейсің, Наргиза­дан! Күйеуінің бірнеше тоқалы болса да іштері күйгенімен білдір­мей, жолатпай, көнбейтіндер қаншама. «Айқынның бәйбішесі нағыз ержүрек деп айтпасқа ла­жың жоқ бұдан кейін. Оларға бағзы замандағы аталарымыздың оншақты әйелі болғанын, бір үйден қымыздан сіміріп, екінші­сінен шұбат ұрттап, үшіншісінен бауырсақ пен көже ішіп, төртін­шісінен қою күрең шәйға қанып, бесіншісінен қазы мен қарта жеп, алтыншысынан тары мен талқан­ды сұйық қаймаққа былғап асап, жетіншісінен жантая жатып қуырдаққа тойып, сегізіншісінен бас пен төс мүжіп, тоғызыншы­сы­нан табақ-табақ ет асап, оныншы­сы­нан бастың миы қосылған сорпаны ішіп жүре беретінін қалай айтасың! Салт атты, сабау қам­шы­лы ер азаматтың тұлпарға қарғып мініп, дала төсінде жортып келе жатып тағы бір көрші ауылға аялдап, ол жақтан да әдемі қыз-қырқынға көз қиығын салатынын қайтіп түсіндіресің. Міне, баяғы­ның ерлері қандай? Бәйбішелері мен тоқалдары қандай? Бір ғана еркектен ұрпақ көбейтіп, өздері қаздай балпаң-балпаң етіп, қазан­дарын сапырып, сүзбелерін сығып отырар ма еді иттесіп-тартыспай». Қалай-қалай шығандайды, Ләйлә­нің ішкі пікірі. Өзінің де көрмеген құқайы жоқ, соның бәріне шыда­ған­дықтан да отбасын сақтап, ұлын үйлендіріп, неме­реле­рінің қызығын көрген әже. Бойынан бү­гінгі қарапайым қазақ әйелінің елім, жерім, ұрпағым, бауырым, ағайын-туғаным деп шарқ ұрған қасиетін көреміз. Ұлт болашағына қызмет етіп жүргендер де осылар ғой, ырысы қашқан ауылдарынан жаппай маңайдағы аудан, қала­ларға көшіп, пәтерден пәтер жалдап, жатақхананың аядай бөл­месін жекешелендіргеніне риза, нәпақаларын жанкешті еңбектен тапқан қыз-келіншектер. Ләйлә мен Алуа – солардың жиынтық бейнесі. Небір азапты көрді, көн­ді, сабыр сақтады. Опасыздық жай­лаған ортадан ар-ұяттарын сақ­тап, өз бақыттары үшін күресіп, діттегендеріне жетті.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір