Көзілдірік кімдікі? Ілиястікі ме?
Алматы облысының іргесіндегі Жаңалық ауылында қуғын-сүргін құрбандарының жерленгенінен көпшілік хабардар. Жаңалыққа 1930-50 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін мен аштық құрбандарына арналған ескерткіш қойылған.
Жақында ауыл тұрғыны Мұрат Байқожаев ауласындағы жерді қазып жүріп адам сүйектерін тапқан. Бұл сүйектер 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі болуы ықтимал. Мұраттың айтқан хабарын Алматы облысы өңірлік комуникациялар қызметі хабарлады.
Қазылған жерден адам сүйектерімен бірге киімдер мен басқа да заттар табылған. Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт көмілген сүйектер жақсы сақталған екен, табылған бас сүйектің барлығында оқтың орны көрініп тұр.
Бұл жерден тіпті көзәйнек те табылған көрінеді. Ауыл тұрғындары оны әйгілі ақын, жазушы Ілияс Жансүгіровтың көзәйнегіне ұқсатқан. Мұрат Байқожаев: «Біз көзәйнекті Жансүгіровтің суретіндегі көзәйнекпен салыстырып көрдік, қатты ұқсайды екен. Бірақ оның анығын медициналық сараптама шешеді», – дейді.
Ал археологтар бұл болжамды жоққа шығармағанмен, мұқият зерттеу керек екенін айтты. Қазір ауыл тұрғындары жер қазуды тоқтатқан, әрі қарай онымен арнайы комиссия айналыспақ.
Бұл – Жаңалық ауылында болған бірінші жағдай емес. Ауылда о бастан саяси құрбандардың 4,5 мыңнан астамы жерленген деген дерек бар. Қазір археологтар мен антропологтар ХХ ғасырда болған тарихи оқиғалардың ізіне түсіп, тосын деректер табуда. Мысалы, жапондар екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны болған, тұтқынға түсіп, із-түссіз жоғалған жапон жауынгерлеріне іздеу салып, Ресейдің, Қазақстанның мұрағаттарын ақтаруда. Оларға арнап ескерткіштер тұрғызып, марқұмдардың туған туыстармен байланыс орнатуда. Ажал құшқан жапон адамының ДНК-сын тексеріп, тегін, сойын анықтауда. Міне, осындай маңызды істі «Рухани жаңғыру» аясында қазақ ғалымдары да қолға алса болар еді. Сонда біз көзілдірік Ілиястікі ме деген сұраққа тез жауап алған болар едік. Осы тараптағы өзге де сауалдардың жауабын естір едік. Өкінішке қарай, басшы-қосшымыз бар бәріміз Жаңалықтағы жалғыз ескерткішпен істі тындыға санап қойып, тыныш отырмыз.