Темірлан – Естайдың тұяғы
АҚШ-тың World Champions Olympic байқауынан алтын жүлдеге ие болған «Бастау» домбырашылар тобының мүшесі Темірлан Олжабай – ақын, сазгер Естай Беркімбайұлының ұрпағы болып шықты.
Еске сала кетейік, шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте 22-рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ сынасқан болатын. Қазақстан алғаш рет қатысып, алтын медальді иемденді. Байқау жүлдегері атанған «Бастау» тобының мүшелері – Ернат Наурыз және Темірлан Олжабай. Естайдың шөбересі Фархат Әміреновтың айтуынша, Темірлан – халық композиторы, атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлының ұрпағы болып шықты. Темірланның атасының аты – Олжабай Арал. Ол – Екібастұз ауданының ең бірінші әкімі болған. 22 жастағы Темірланның анасы Арманның айтуынша, ол домбыраны 5 жасынан бастап меңгерген. Қазір талантты жігіт Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Аяулы ҚУАНЫШ