ДОМБЫРА ҮНІ ГОЛЛИВУДТА ӘУЕЛЕДІ
Домбыра – қазақ халқының жан серігі, сан ғасырдан бері сырын сақтаған киелі аспабы. Домбыраның үнінде қазақ халқының бағзыдан бүгінге жеткен болмысы мен тасқа басылған тарихы бар. Қазақпен бірге мың өліп, мың тірілген домбыраның шанағынан төгілген ұлттық үн шоу-бизнестің астанасы Голливудта әуеледі.
«Bastau» домбырашылар тобы АҚШ-тың World Champions Olympic әлемдік байқауында Голливуд төріне қазақтың домбырасын алып шығып, алтын жүлдеге ие болды. Топ продюсері Алпамыс Шәрімнің айтуынша, «Bastau» тобы бұл жеңісін «Ұлттық домбыра күніне» арнады. Топтың бұл байқауға баруына Қазақстан Республикасының халық әртiсi, өнер жанашыры Айман Мұсаxоджаева қолдау білдірген.
World Championship of Performing Arts – халықаралық таланттар додасы. Деңгейі жағынан WCOPA дүниежүзілік Олимпиада ойындарымен пара-пар. 20 жылдан астам тариxы бар байқаудың ашылуына әр елдің президенттері қатысты.
Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадаға 72 мемлекеттің өнер майталмандары қатысты. Айта кетейік, Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Келесі жылдан бастап ұлттық құраманың «бас бапкері» ретінде ресми түрде Алпамыс Шәрім тағайындалды.
Өнерпаз жігіттердің қуанышына ортақтасқан интернет желі қолданушылары оларға «Марапат құтты болсын! Қазақ мәдениетін, домбырасын әлемге танытып, елімізді қуанышқа бөлей беріңіздер!», «Жарайсыздар, жігіттер құтты болсын! Домбыраның үні Голливуд төрінен шыққаны үшін рахмет!», «Қазақ халқының киелі домбырасының үнін өзге ұлт елінде шырқатып жүрген сіздерге мың алғыс, өнерлеріңіз өрлей берсін!», – деп алғыс айтты.
Аяулы ҚУАНЫШ,
ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі