ПЕТЕРБОРДА ОҚЫҒАН ЖЕТІСУ ҚАЗАҒЫ
(Б.Сырттанұлының студенттік кезеңі туралы)
Санкт-Петербург!
1703 жылдың 16 мамырынан бастап мұқым орыс халқын темірдей қатты тәрбиеге көндіріп, уысында ұстаған қаһарлы І Петр патшаның арқасында жаңа мәдениетке бетбұрыс басталды. Нева өзенінің бойынан үлкен шаһар бой көтеріп, Еуропаның өркениетіне бейімделе бастады. Көрікті шаһар! Қазірдің өзінде әр көшесі, әр бұрылысы, әр ғимараты тұнып тұрған тарих қой, шіркін!
Петербор шаһары басынан түрлі зұлматты өткерді. Фашистік Германияның соққысына да төтеп беріп, «Батыр қала» («Город герой») атанды. Бомбалар тасталып, снарядтар жарылып жатса да, бұрынғы көркін, сұлулығы мен көне тарихын сақтап қалды. Міне, бүгінде осы қала турист біткеннің арманына айналды. Әлі күнге дейін Петербор – әдебиет пен өнердің, мәдениеттің аса ірі ошағы. Өнер тұнған Петербордың тарихы – адамзат тарихының бір келелі кезеңі екеніне ешкім дау айтпаса керек. Дәл осы қалада қаншама классикалық көркем әдебиет үлгілері жазылды! Классиктер тұрған үйлердің қабырғасына қойылған ескерткіш-тақталарды санау да мүмкін емес. Тарихының қадірін білетін ел – өткенін қиратпай, бұзбай келешекке сақтап келеді. Ал, біздің ежелгі мәдениетімізге қатысты сақталып, бүгінгі күнге жеткен не бар еді өзі? Болған күннің өзінде саусақпен санарлық қана. Ал, Петербордың өркениетіне еріксіз қызығасың, кейде «неге біздің елдің қаласы болмады» дегендей қызғанасың да. Көрген адамын тамсандырған, таңдандырған сұлу қала, аңыз қала Петербордың топырағын ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында нешелеген қазақ өрені басып, еуропалық культі зор шаһардан қалыптасып, азамат ретінде өсті. Дамыды. Империя астанасының қоғамдық-саяси өмірі – қазақ жастарының ұлтшылдық ұстанымы мен саяси дүниетанымына, демократиялық-либералдық көзқарасына мейлінше әсер етті.
Б.Сырттанұлының СПб Императорлық университетінің ректорына жазған өтініші РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.
Альма-матер
Прометейдің білім алауы жанған Императорлық университет білімге ынтық болған қыр баласы Барлыбек Сырттанұлының да саяси көзқарасының қалыптасуына үлес қосты. Петерборда оқып жүріп, қазақтың сайын даласының әр қиырынан білім іздеп келген қатарластарымен танысып, жырақта жүрген соң, өзге ұлт өкілдері сықылды «Жерлестер» ұйымын құрып, бір-біріне тіреу, бір-біріне қамқор болды.
Барлыбек оқыған шығыстану факультеті беделді университеттің алғашқы құрылған бөлімдерінің бірі болатын. 1854 жылдың 3 қарашасында император І Николайдың бұйрығымен шығыстану факультеті құрылады. Шығыстану факультетінің ашылуы – Ресей үшін аса маңызды оқиға болды. Өйткені, осы факультет арқылы шығыс халқының тілі мен мәдениетін, тарихын тереңірек түсіну – Ресей ғылымының өзекті мәселесі болған-ды. Ал, бұл факультет құрылған соң, Х.Д.Френ, О.И.Сенковский, Ф.-Б.Шармуа, Б.А.Дорн, М.И.Броссе сынды атақты оқымыстылар дәріс оқып, факультеттің дамуына қызмет етті. 1855 жылдан бастап факультет алғашқы оқу жылын бастап, талапкерлерді қабылдай бастады. Алғашқы факультет деканы профессор А.Қазымбек бастаған А.О.Мухлинский, И.Н.Березин, Д.А.Хвольсон, В.П. Васильев, А.В.Попов, М.Тантави, К.Ф.Голстунский, Л.З.Будагов, К.А.Коссович секілді профессор-оқытушылар құрамы жасақталып, студенттердің білікті де, білімді маман болып даярлануына қажыр-қайраттарын салды. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіне дейін факультетте «араб-парсы-түрік-татар», «моңғол-қалмақ-татар», «қытай-манжұр, еуро-араб», «армян-грузин-татар» тілдері разряды бойынша 5 мамандық даярланды.
1886-1890 жылдары Барлыбек Сырттанұлы шығыстану факультетінде «араб-парсы-түрік-татар» тілдері разряды бойынша білім алды. Архив деректеріне сүйенсек, студент Барлыбек Сырттанұлы В.В.Григорьев, Н.И.Веселовский, В.В.Радлов сынды танымал профессорлардың дәрісін тыңдаған. Тағы бір қызық дерек, П.М.Мелиоранский, В.В.Бартольд сынды танымал ғалымдар Барлыбекпен қатар «араб-парсы-түрік-татар» тілдері разряды бойынша оқыған.
Барлыбектің дипломы хақында
Б.Сырттанұлының дипломы
РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.
2017 жылдың көктемінде Петерборға барып, Орталық мемлекеттік тарих архивінің қорымен жұмыс істедік. Зор мүмкіндік туған соң, қолымызды шідерлемей, сарғайған ескі құжаттарды молынан көшірген едік. Сарғыш тартқан ескі құжаттардың бір парасы осы – Барлыбек Сырттанұлына тиесілі. Петербор архивінен табылған құнды құжаттың бірі – Барлыбектің дипломы. Верный ер балалар гимназиясын үздік бітірген талапкер 1886 жылдың 20 тамызында Санкт-Петербор Императорлық университетінің студенті болып қабылданады. Ал, 1890 жылы альма-матері болған Петербор университетінің шығыстану факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. (Диплом № 892, 1890 жылдың 21 тамызында берілген).
Студент Б. Сырттанұлының жеке оқу жоспарына назар аударсақ, «араб тілі», «араб әдебиетінің тарихы», «парсы тілі», «парсы әдебиетінің тарихы», «түрік-татар тілі», «Осман әдебиетінің тарихы», «Түркі тайпалары», «шығыс тарихының жалпы курсы», «Орта Азияның батыс бөлігі тарихы», «Орталық Азия тарихы», «Парсы тарихы» сияқты жекелеген курстарды оқыған. Ал, оқу бітіретін жылы «орыс мемлекетінің құқығы», «халықаралық құқық», «полицейлік құқық», «қаржылық құқық» және «саясаттану негіздері» пәндерінен мемлекеттік емтихан тапсырған ( РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс).
Студент Б.Сырттанұлының жеке оқу жоспары
Құжат РФ, Санкт-Петербор Орталық тарихи архиві, 14 – қор, 3 – тізім, 25876 – іс.
P.S.:
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Петербор Императорлық университетінде оқыған қазақ жастары некен-саяқ. Ал, Жетісу облысы бойынша алғашқы жоғары оқу орнын тәмамдаған қазақ баласы Барлыбек болатын.
Петерборда білім алған Барлыбек Сырттанұлы – Қазақ ордасы құлағаннан кейін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды Алаш жұртының Уставын жазып, патшалық империяның бодандығында жүрген елін азат еткісі келіп, ұлттық бұлқыныстың тегерішін Алаш зиялыларымен бірге айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген ерен тұлға!
Елдос ТОҚТАРБАЙ