РОЖДЕСТВО ТАРТУЫ
20.07.2018
1351
0

 

 

1 доллар, 87 цент. Бар болғаны осы ғана. Ол әр күні дүкендерге барғанда бар ақшасын үнемдеп, арзан ет пен көкөністер ғана сатып алатын. Тіпті, дүкен біткеннен арзан тағам іздеп қатты қалжырап кететін. Солай болса да ыждаһатпен тиын-тебенін жинай жүрді.

О.ГЕНРИ:

Дела ақшасын тағы бір рет санады. Еш өзгеріссіз сол азған­тай тиындар. Тұп-тура 1 доллар 87 цент. Бар болғаны осы ғана. Келесі күні Рождество мерекесі. Ештеңе істеуге зауқы соғар емес. Қолдан келері отырып алып егіліп жылау. Көріксіз әрі қуық­тай ғана бөлмеде ол жападан-жалғыз егіліп жылай берді.
Дела күйеуі Джеймс Дилиң­һам Йаңмен бірге Нью-Йорктегі шағын үйде тұратын. Шағын үйде бір жатын бөлме, аядай ас үй және жуынатын жер ғана бар еді. Джеймс Дилиңһам Йаңды тәлейлі жан деуге болады. Се­бебі ол осы қаладан өзіне лайық жұмыс тапқан. Бірақ тым «шіркін-ай!» деуге татымайтын­дай жұмыс. Осы қуықтай бөл­ме­ге оның қолда бар ақшасы кет­кен. Дела да екі қолға бір күрек табуға құлшынып еді, жөнді жұмыс табыла қоймады. Тек күйеуі жұмыстан шаршап кел­ген­де, «Джим» деп еркелетіп, мойнына асыла кететін.
Сол сәтте бар көңілсіздік жас жұбайлардың назды күлкі­сінің қалқасында қалатын.
Дела жылауын тоқтатып, бетін жуды. Терезе алдына келіп, сұр дуалдың ар жағындағы сұр­ғылт жолда тұрған сұр мысыққа көз салды. Күні ертең Рождество мерекесі, күйеуіне тарту алайын десе қолында 1 доллар 87 цент қана бар. Ол серігін қуантатын­дай, әрі оны қаншалықты сүйе­тінін дәлелдейтіндей тарту ал­ғы­сы келді. Кенет артына бұ­ры­лып, қабырғадағы айнаға қарады. Қуанғанынан көзі жайнап кетті. Джеймс Дилиңһам Йаңда екі қымбат бұйым бар еді. Бірі, өзінің арғы аталарынан мұраға қалған алтын сағаты. Екіншісі, әйелі Деланың ұзын шашы.
Дела асқан жылдамдықпен ұзын шашын тарқатып қоя берді. Тоқпақтай болып оралған ұзын шаш тізесін соғып, құдды арқасына біреу жібек шәлі жаба салғандай әсер берді. Екі ойдың жетегінде тұрған ол шашын тез жинап, сосын қайта тарқатып көрді де, отыра қалып көз жасына тағы ерік берді.
Осыдан соң ширақ қимыл­дап, көнетоз пальтосы мен қо­-
ң­ыр қалпағын киіп, асығыс
сыр­т­қа шыға жөнелді. Жылаудан домбыққан көздерімен көшедегі у-шу көрініске қызыға әрі құ­ныға қараумен келеді.
Дүкендерді аралап келе жа­тып, «Әйел шашын сатып аламыз» деген жазуы бар есіктің алдына тоқтады. Етжеңді дүкен қожайынына Дела төтесінен сұрақ қойды:
– Шашымды сатып аласыз ба?
– Әрине, қалпағыңызды шешіңіз, шашыңызды көрейін, – деді дүкен иесі.
Қалың әрі ұзын қоңыр түсті бұрым жыланша ирелеңдеп тарқатыла кетті.
– 20 доллар, – деді сатып алушы Деланың шашын ұстап көріп.
– Тезірек кесіңіз де ақшасын беріңіз, – деп жауап қатты Дела.
Келесі бірнеше сағат лезде өте шықты. Дела күйеуіне тарту іздеп дүкен біткеннің табал­дыры­ғын тоздырғанымен, шар­шамады, тым көңілді. Ақыры ол лайықты тарту тапты. Джимнің алтын сағатына алтын бау. Джим үнемі сағатын таққысы келгені­мен, бауы жоқ еді. Дела сағатқа бау көрген сәтте-ақ күйеуіне ұнай­тынын, мұны сөзсіз алуы керегін түсінді.
Сағат бауы тұп-тура 21 дол­лар тұрады екен. Деланың қал­та­сында тек 87 цент қалды. Үйіне оралған соң, айна алдына келіп қысқа шашына қарады. «Енді не істесем екен?» деген өкініш араласқан ой жетегінде қалған уақытын уайыммен әрі тым қар­балас өткерді.
Ол айнаға тағы қарады. Бұ­рынғы ұзын әрі бұйра шашы көзден ғайып болған. «Оу, қазіргі кейпім құдды орта мектеп оқу­шысы секілді», – деді күбірлеп. «Бұл түрімді Джим көрсе не дер екен?».
Сағат жетіге таяғанда Дела кешкі асты дайындап болып, күйеуін күтіп отырды. «Оның кө­зіне бәз-баяғыдай әсем көрін­сем екен?», – деп оңаша ойға шомды.
Есік еппен ашылып, Джим үйге кірді. Жүдеген кейпі, суық­қа тоңған денесі оған жылы киім керек екенін еске салып тұрған­дай. Кенет оның көзі Делаға қадалды. Күйеуінің бұл қарасын түсіне алмағандай қолайсыздан­ған Дела манағы әрекетін ойлап әбіржи бастады. Джимнің осы сәттегі кескінінен қуаныштың немесе қапалықтың белгісін аңғару қиын еді. Ол жанарын әйелінен алмастан қалшиып тұрып қалды. Дела жүгіріп оның қасына келді.
«Сүйіктім…» деп жылап жіберді Дела. «Маған мұндай кейіппен қарамашы, мен ша­шымды сатып, саған Рождество мерекесіне тарту алдым. Ша­шым әлі-ақ өсіп кетеді. Тек көңілді болшы! Қане, мереке құтты болсын десеңші! Саған керемет тартуым бар!»
– Шашымды саттым дейсің бе?
– Иә, солай. Бірақ маған бәз-баяғыдай көңіл бөлетін шығар­сың? Шашымды айтпа­ған­да мен баяғы Деламын.
Джим не істерін білмеген жан­дай аядай үй ішіне әлсін-әлі көз жүгіртумен болды.
– Шашымды саттым дей­сің… Шынымен ақымақтық жасапсың, – деді ол.
– Солай болды. Себебі, мен сені шынайы сүйемін, кешкі асты ыңғайлайын ба? – деді Дела шыдамы таусылып.
Кенет Джим Деланың иы­ғына қолын асып, қалтасынан әлдене алды да үстелдің үстіне қойды.
– Сені сүйемін, Дела, ша­шың­­ның ұзын-қысқалығы еш­теңе етпес, бірақ сен бұл тартуды ашып көрген соң, әлгінде есіктен кіргенімде неге көңілсіз болғанымды түсінетін боласың, – деді Джим.
Қатты толқыған Дела саусақ­тары дірілдеп қағаз қорапты ашты да қуанғанынан айқайлап жіберді. Бұл қуаныш көпке созыл­ған жоқ. Көп өтпей Дела­ның ботадай көзінен бұршақ­таған жас тамшылары кеудесіне құйылып жатты. Деланың қо­лын­да мереке тартуы ретінде тарақ тұр еді. Ол бұл тарақты сау­да сарайдан алғаш көргенде қатты қызыққан. Оның бұған дейін қолы жетпеген әдемі әрі қымбат тарағы, міне, бүгін ал­дында жатыр. Өкініштісі, қазір шашы жоқ.
Дела тартуды жылы қабыл­дап, бауырына басты. Осы сәтте қос жанары шырадай жайнап кетті.
– Менің шашым көп өтпей ұзын болып өседі, Джим, – деді ол аузына басқа сөз түспей. Со­сын ол жүгіріп барып күйеуіне ал­ған мерекелік тартуын әкелді де Джимнің қолына ұстатты.
– Әдемі шығар ә? Дүкен біткенді аралап жүріп, осыны қаладым. Бұдан кейін сағатыңа күніне жүз рет қарасаң да бо­лады. Қане, сағатыңды әкелші, оған жаңа бауын тағып көрейік.
Джим міз бақпастан үнсіз отыра берді, тіпті, не істерін білмегендей күле бастады.
– Дела, екеуміздің де мере­келік тартуымыз есте қаларлық­тай екен, оларды біраз уақытқа дейін сақтап қоялық. Мен алтын сағатымды сатып, саған тарақ алдым. Қане, енді кешкі ас іше­лік.
Міне, бұл алып шаһарда өмір кешкен, бір-бірін құлай сүйетін екі жастың махаббат хикаясынан бір тарау еді.

Ағылшын тілінен аударған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір