ШАРАСЫЗДЫҚ САЛМАҒЫ МҰНША АУЫР МА?
Рауан ҚАБИДОЛДИН
МУЗА
О, Муза,
Нәп-нәзік менің бөлшегім,
әлемді сенің қасиетіңмен өлшедім.
Жап-жарық болып кетті әне менің айналам,
Ол сенсің Муза, жарқ еткен нұрың ол сенің!
Билеші еркем, кеудеме жалын от таста,
Сен – мендік әуен, менде ондай әуен жоқ басқа.
Ерніңнен сенің сүйгізіп тұрып тоқтатсын,
Тәңірім мендік жүректі бір күн тоқтатса.
Билей бер күнім, мең-зең боп қарап тұрайын,
Иіген жүрек иесін білсін ылайым.
Мені ақын қылып жаратпас еді-ау, егерде,
Муза қып сені жаратпай қойса Құдайым!
Әр басқан ізің, арбасқан жырым ғой менің,
Жыр жаздым, сосын сенің тіліңде сөйледім.
Астаң-кестеңі шыққан жалғанда елжіреп,
Желбіреп тұрсын осылай аппақ көйлегің.
Билей түс тағы, билей түс менің, арайым,
Әлемге сенің көз-жанарыңмен қарайын.
О, жарық сәуле, Музамды берші өзіме,
Мен саған мынау әлемді бере салайын!
Батырхан СӘРСЕНХАН
АНА ҚАСҚЫР
Солтүстіктен самиян самал есіп,
Сызықтар мен түзіктер барады өшіп…
Неліктен мына бұта жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қара басқыр.
Қашып кеп ажалынан бой тасалай,
Жар ағашқа тірелді, Ана қасқыр.
Қалды кенет, қорқаулар құрсауында,
Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма?
Құзғын жыртқыш ғұмырдың, соңғы үміті,
Бөлтірігі болатын құрсағында.
Қанды тілін қайыра шайнап төніп,
Қара тасқа азуын қайрап келіп.
Іштегі өмір үшін, сыртқа сыймай,
Сәбиі үшін тұрды Ана, айбат шегіп!
Осып өтіп тырнағы хас тарланға,
Қан аралас жанардан жас тамғанда,
Ар үкімі қалықтап асқарларға,
Тіршіліктің күресі басталғанда,
Дүние жатқан шақта көшіп алда,
Осы тәулік,
Осы сәт,
Осы маңда,
Аңырап бесік мола, кілең, төбе,
Адамзат деп аталар ұлы өлкеде.
Қарайып күн шатқалы,
Қарайып қырға біткен гүл шоқтары.
Жатқандай жын соққалы,
Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы,
Қаралы әйел!
Кем түсер қай ғаріптен,
Туа сала өлімді ойланып пе ең?
Ойланып пе ең бітер деп сәтте арасы.
Жазықсыз перзентінің бойға біткен,
Тағдырына тас атып жатты Анасы..
Неліктен бесік іші жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қара басқыр.
Тасқа біткен жүрексіз мына әйелге,
Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?!
Табиғаттық тылсымға таңдай қағып,
А, Құдай,
Кетсем бе екен Аңға айналып.
Қазулы кеуделерге көрге айналған,
Ақсиып азу тісім,
Шамдай жанып!
Нұрболат ЖОЛДАСБЕК
ДАУЫЛ
Жел – қамқоршы құрақтың сүртіп терін,
Өз түсіне бояған кірпіктерін,
көзін көрген алғашқы пайғамбардың,
Ең кәрі ару тұр әне іркіп демін.
Бір құт енді үстінде бүркіттердің,
Аспан, аға, жылауық қарындастай,
Сен де оның көз жасын сүртіп пе едің?
Дарыны ғой ақынның құдіреті,
Бақа ән сап, толқындар жүгіреді…
Күлдіреді бақтарды, (сүгіретін, Құдіреттің сала алмай түңіледі).
Сүрінеді, құлайды… теңіздерді нәп-нәзік шөлдегенде сіміреді.
Дарыны ғой ақынның құдіреті.
Бір құт енді астында бүркіттердің,
Келе ме, аға, жасымды сүртіп бергің?
(Сілкіп келдім бәрін де құртып келдім)
О, неге, аға, жағаңды жыртып бердің?!
Кең далада адасқан емшідеймін,
Кескізіп ап өмірдің кірпіктерін.
Желді тыңда, қалқатай, ең болмаса,
Ей, ұсқынсыз Дүние желді алдасаң,
Екі жүз мың дәуірлік мұң-қайғының,
Жетегінде кетерсің мен болмасам!
(Мен оның жарымын ғой…).
Жел – қамқоршы құрақтың сүртіп терін,
Бір құт енді үстінде бүркіттердің,
Аспан, аға, жылауық қарындастай,
Сен де оның көз жасын сүртіп пе едің?
Әсел КӘРІБАЙ
«… сен кет бұл ауылдан, мүлдем кет, мәңгілікке кет… бұл жерде адамдар көбейіп барады… саған еркіндік жоқ… Еркін өмір жоқ… Кеңістікке кет… ер менің соңымнан… ер».
Оралхан БӨКЕЙ
«Қар қызы»
Қаланы – қар,
Жүректі – мұң
тоңдырды,
жатқа елеңдеп.
Ақ көбелек – төңірек.
Ауыл жаққа апармай жол
Қор қылды –
Шақырымдар шегі жоқ.
Алматының қысы бөтен.
Әрсіз тым.
Аязы да қарымайды бетімді.
Тым жалаңаш.
Тым жұтаңдау.
Жансыз тым –
Тұрғындары секілді.
Аспан жақтан жауғызады Тәңірі,
Рақымының ең нұрлысын, ең молын.
Жерге түскен сәттен бастап қадірі –
Табанына тапталады пенденің.
Тапталады
Аппақ ары!
О, соры-ай!
Жатсынады жат қаланы…
сезінем.
Кірін шайып асфальттардың…
шашырай –
жас ағады көзінен.
Бұл Алматы –
Сұқты сұлу!
Оңбаған!
Жесір қалып.
Есіңді алып арбайды.
Жүрегіңді сағынышпен қорғаған
Ауылыңдай адал бола алмайды!
Кезім келсе,
Әр тайған да,
Қартайған…
Өліп кетсем,
Жұлдызға анық,
Айға анық –
Рухым менің оралады Алтайға
Қар қызына айналып!
Абзал СҮЛЕЙМЕН
ФЕНИКС
Терезеге асылды
Күн сәулесі тым жасық,
Күнәсіндей өмірдің сіңіп жатты құмға су,
Қараңғыдан үзілді періштенің сұлбасы.
Бөлме іші қалғыды таң атқанда арайлап,
Сен ұсынған күнәнің тұнбасындай зәһәрді,
Менің көзсіз көңілім сіміруді қалайды-ақ.
Төрт қабырға сыртына айқайлайды шындығым,
Сенің тәнің күң бүгін,
Менің жаным құл бүгін,
Қара оранған тағдырдың құшағына сүңгідім.
Ғазал әрі ғарыштық – сәуле мен тән сүйісі,
Көлбеңдейді бөлмеде биіктікке таласып,
Кеңістікте аңқыған құштарлықтың иісі.
Өксіп шыққан өзіңнен іңкәрлікке жуындым,
Ізгіліктен шегіндім,
Көркемдіктен бас тарттым.
Жассыз жылап қалды ол,
Сүмірейген сұлбаңды уата алмай буындым.
Өліп, қайта тіріліп,
Күліп, жылап жалыққан,
Отқа оранып қайтадан тұра келді табыттан,
Есімсіз һәм бейнесіз ұшып кетті қалықтап.
Өзгеге!
Марлен ҒИЛЫМХАН
ТУННЕЛЬ
Сарғыш алаулар – көңілсіз демім,
жалқынға жалқын жалғана алмайды.
Көгілдір сәуле – өмір сүргенім,
Аспанның нұры – саулаған қайғы.
Сыңарымды іздеп жаңбырдың үні,
талыққан тамшы тасалай қалар.
Менің ғұмырым – қардың ғұмыры,
Қартамыс жерде аз аялдаған…
Тәнімдей тоңар өңімде Ай қашан,
Жапырақ миым – мызғыған мұра.
Өлімнен кейінгі Өмірді ойласам,
…өзің келесің көздің алдына.
…Жүздегі үмітте тұмса мұң бар сәл,
Көктемнің неге жолы үнсіз әлі?..
Қоңыр қораптың құрсағын жарса,
Өзіне өзі қолын созады.
Шұбалған жолға сананы ұшырам,
Жалғызым – жалған… жолығуға алшақ.
Жоғалған Жарық жанар ұшынан,
Ораласың ба орыныңды аңсап?!
Толқыған күйі – теріс те бөтен,
Бар маңызға ие түндер үшін не?..
…Жұмақта жүрген Періште ме екен,
Талықсып кеткен Туннель ішінде?!
Ретбек МАҒАЗ
Көктемде өлген жапырақ не көрмедің…
Күзге жеткен жапырақ нені көрдің,
Қарашаның құс қайтқан деміне өлдің.
Сен де мынау күз көрген пенделердей,
Аңсадың ба құшағын перілердің.
Күзді өткерген басынан мен не көрдім,
Арманымды өрімдей жерге көмдім.
Құстар қайта келгенше Алматыға,
Арасында көк пен жер сенделермін.
Көктемде өлген жапырақ не көрмедің;
Күрсінгенін жалған деп емендердің,
Күрең түске дүние боянғанын,
Күркіреуін қойғанын өзендердің.
Қыпша белі қалқаның бұратылып,
Құстай сыңсып ұшқанын ұзатылып,
Қиянатшыл дүниеге асау көңіл,
Ол да өзендей тынғанын бір аһ ұрып.
Алатаудың сәлдесі бақты ерінбей,
Шұбалып кеп жапқанын ақ кебіндей.
Күреңітіп батысқа күн батқанын,
Бұл жалғанның ақырғы сәттеріндей…
Күз көрмеген жапырақ,
Арман деген –
Маңдайыңа уақыт салған бедер.
Күзге жеткен жапырақ ол не көрді?
Мен не көрдім?
Дүние жалған деген.
Еділбек ДҮЙСЕН
ЖОЛ
Түртіп асып жаныңды қалам ұшы,
Қағаз алды жан беріп –
жан алысып,
отырғанда –
басыңнан аттап өтер,
сары допқа жүгірген қара мысық.
Сосын…
Сосын…
Ойлану Өлім жайлы
(Ойыңды ермек ету де көп ыңғайлы)
Жазылмаған жарадай – жазылмаған
ақ қағазға, етем деп сорыңды әйгі.
Сөз іле алмай ой- орпа, мұң-құдықтан,
Қоғамдағы жерініп кіл былықтан,
Дүниеге жан үнін естірте алмай,
Кітаптарға жаншылып, шыңғырыққан.
Күрсінесің.
Қамығып…
Қорланасың
Мүсіркейсің маңдайдың сор-наласын,
Өз ішіңнен іздейсің – қырық «ініні»
Қырық інге тығатын көр баласын.
Тағы… өзіңді үңгисің «табам» десіп,
(Қара мысық сары добын «алам» десіп…)
…Уақытқа байланған Д.Е.М. де бітер,
«Барар жерің Үргеніш!*»
Амал нешік!
*«Көрұғлы» жырынан
Айдана ҚАЙСАРБЕКҚЫЗЫ
МОЯ МАЛЕНЬКАЯ
Әдемілеу естілер басқаға үнім,
Әлдекімді тыңдадым шақса мұңын.
Әлдекімнің панасы жалғыз өзім
Бірақ саған неліктен жоқ қадірім?
Былғап алса әлдекім ақ парағын,
Жаным қалмай оны да жақтағамын.
Әлдебіреу исімді іздеп келді,
Бірақ сенің неліктен жоқ қалауың?
Сезім айтып сеніммен табынғанның
Тізе-тізе санынан жаңылғанмын.
Біреу берген гүліндей солып кетті
Ал сен болсаң қалайша сағынбадың?
Әлдекімге әдет боп күз дегенің
Көрдім талай үмітін үзбегенін.
Әлдебіреу күл болды қызғаныштан
Ал сен мені неліктен іздемедің?
Әлдебіреу жүр маған сеніп көптен,
Әлдебіреу әнімде еріп кеткен.
Әлдекімдер секілді тым болмаса,
Келіп кетсең болмай ма, көріп кетсең?!
Қуанышым емес пе ең, әлде мұңым…
Мәңгі өмірім өзіңсің, мәңгі өлімім.
Өзімді-өзім өлтіріп тастаймын ба
Болмас үшін сенің де әлдекімің…
Ей, менің мәңгі өлімім!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
ҮРЕЙ
Өмір, саған
(бұл – шын ойым)
Танытпап ем құлықсыздық.
Неге ұшады мұнша үрейім?!
Үрей деген – үмітсіздік.
Сенімсіздік және күшті,
Тағдыр қатал – торыққанда.
Көлеңкемнен зәрем ұшты,
Қос көрінер қорыққанға.
Еңсем биік емес онша,
Түсіп алған жолым көне.
Үміт әлсіз неге сонша,
Қалтырайды сенім неге?!
Дегбірсіздік дертім үстем,
Маңайымның қалпы – сұсты.
Тұрады өмір қорқыныш пен
дәрмені жоқ талпыныстан.