ЗАҢ САЛАСЫНДАҒЫ ИГІ БАСТАМАЛАР
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы – ел дамуының негізі. Аталған құжаттың 19-шы қадамы мемлекетіміздің сот-құқықтық жүйесін дамытуға арналған. Бұнда еліміздегі Заң үстемдігін қамтамасыз етуге, Сот қызметінің беделін көтеруге, судьялардың қызметіне деген халықтың сенімін арттыруға, сонымен қатар, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу талаптарын қатайту жөнінде айтылған.
Сондай-ақ, «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 19-шы қадамында судьялыққа үміткерлердің бұл жауапты қызметке 30 жастан бастап кірісуін белгілеу, сот істерін жүргізу үшін 5 жылдық өтілі болуының, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін тестілеу жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі, судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі қажеттілігі қарастырылған. Судья лауазымына үміткерлерге қойылатын жаңа талаптардың күшейтілуінің басты мұраты – судьяларды тағайындау, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың жауапкершілігін күшейту арқылы болашақта Сот корпусының сапалы құрамын жақсарту. Стратегиялық жоспарда көрсетілген Соттың халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне үн-бейне жазба құралдарын қолдануы, Алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту – соттардың халыққа бір қадам жақын болуды қамтамасыз ететін шаралар.
«Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы Қазақ елі үшін маңыздылығы жөнінен ең бірінші орында тұрған мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын-алуға бағытталған. Аталмыш құжаттың 19-шы қадамында Сот жүйесінің халыққа қолжетімді болуы, Сот жүйесі инстанцияларының азайып, яғни оңайлатылып, үш сатылы: бірінші, апелляциялық, кассациялық Сот төрелігіне көшу туралы жан-жақты айтылған.
Сот жүйесіндегі жаңа өзгерістер қоғамның Сот қызметіне деген сенімін арттыруға сеп болмақ. Бұл мәселеге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үнемі көңіл бөліп отыруы судьяларға жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Президент ұсынған кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім бағыты, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру секілді бастамалар күрделі кезеңнен сенімді өтуіне жол ашады. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі реформаны жүзеге асыруға 19 жаңалық енгізілген. Мысалы, азаматтардың Сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін Сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, қолданыстағы бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу, соттарды іріктеу тетіктерін жаңарту жайы көрсетілген. Әділ Сот төрелігін қарапайым халыққа, инвесторлар мен бизнесмендер үшін де қолжетімді ететін Жоғарғы Сотта инвестициялық алқа құру – оң бастама. Елбасы судьялардың есеп беру тәртібін күшейтуді айрықша тапсырды. Сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуын азайту да сөз болды. Сондай-ақ, этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі атап көрсетілді. Аталған мәселелер әділ сот төрелігін жүзеге асырудағы шешім қабылдайтын, даулы істер мен адам тағдырын шешетін әрбір судьяның өз мандатына толық сай болуын, сот қызметінің және құқық бұзушылықпен күресудегі полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Соған сәйкес, халықтың құқық қорғау органдары мен сот билігіне деген сенімі нығаяды деген сенім бар. Әр үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап ететінін ескерсек, аталған қадамның барлығы уақыт өте келе сот қызметінің өлшемін биік дәрежеге жетелейтіні сөзсіз.
Justice concept. Gavel, golden scales and books in the library with dof effect. 3d