170 жылдыққа – 170 түп емен
Абайдың мерейтойы қарсаңында ақын мерекесін әркім әр түрлі қарсы алғысы келеді. Біреулері той тойлап, енді бірі түрлі жарыстар өткізуді қолға алса, Гөзел Құлжабаева ақын құрметіне арнап, 170 емен отырғызғысы келген екен. 170 емен – екі жыл бойы арнайы ыдыста өсіріліп, осы күні кісі бойынан асып қалған, дайын ағаштар. Яғни бұл ағаштар бірден орманға айналары анық…
Гөзел Құлжабаева,
«Гүлзар» қоғамдық қорының құрылтайшысы, кәсіпкер
– Ақын құрметіне ағаш отырғызғыңыз келген екен, бұл ой қайдан туды?
– Өзге елдердің көгалдандыру жұмысымен танысу мақсатында шетелге сапарлап жүремін. Бірде Францияға жол түсті. Француздар үлкен тұлғамыз, қолбасшымыз деп санайтын Наполеон Бонопарттың басына бардық. Сол жерде бізді таныстырып жүрген гидтер, қазір бұл жерді жоғарыдан тамашалаймыз деп алып кетті де, жоғарыға шыққан соң, «Егер қиын болмаса, біздің қолбасшымызға бірнеше рет иіліп тағзым етсеңіздер», – деп өтінді. Олардың салты солай екен. Мен өмірімде Абайдың басына құран оқытқаныммен, қабіріне басымды иіп көрмеппін, неліктен Наполеонға тағзым жасауым керек деп, бас тарттым. Бас ақынымыздың 170 жылдық мерейтойында, ақынның туған жеріне 170 емен, өзге де тал-дарақ апарып ексем, ол жайқалып ну орманға айналса, ақынға деген құрмет осыдан басталмай ма деген ойға келдім.
Әдетте, біз мерейтой десе, ақшаңқан үйлерді тігіп, мал сойып, қонақ шақырып, мәз-мейрам боламыз. Тұлғаларымыздың ескерткішінің, музейлерінің айналасын абаттандырып, тапшы бола бастаған тұщы суды қолжетімді қылсақ – дұрысы сол емес пе?
– Сонымен, Абай еліне ат басын бұрдыңыз…
– Абай туған жер, оның әдеби-мемориалды музейі орналасқан жер – еліміз үшін маңызды нысан. Мен ағаш егем деп жалғыз бара қалсам, ойымның дұрыс екеніне кім сенеді? Сондықтан Жазушылар одағы төралқасымен ақылдастым. Сөйтіп, бізді одақтың мүшесі, әрі сол жақтың тумасы, ақын Бауыржан Жақып бастап барды. Мемлекет қорғауындағы музейдің айналасының көркемдігі тек жергілікті тұрғындарды ғана алаңдатпауы тиіс қой, әрқайсымыз ақын тойына шамамыз келгенінше үлес қоспасақ, Абайдың ұрпағымыз деп несіне мақтанамыз деген оймен Семей жаққа тартып отырдық. Біздің қазақта «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық болады» деген жақсы сөз бар. Мен көрген елдерде, мәселен, Францияда жақсы әкелер – тарихи тұлғалар кейінгі ұрпағына мәңгілік ақша жасап кетіпті. Еуропаның қай қаласына барсаң да, бұрынғы патшаларының, ірі тұлғаларының құрметіне музейлер ашып тастаған. Ол музейлерге кіру үшін уыс-уыс ақша төлейсің. Мәселен, Оксфорд қаласында Черчилль дүниеге келген үй бар. Қазір музей. Черчилльдің отбасы онда, тіптен, тұрмаған да екен. Анасы аяғы ауырлаған сәтінде осында қыдырыстап келіп, босанып қалады. Музейге кірсеңіз, Черчилльдің анасы осы кереуетте босанды деген бір шағын кереует, сәбиді шомылдырған астау тұр. Черчилльдің әкесі сүйінші хабарды естіген соң почтамен 15 доллар жіберген екен, соны растайтын құжат ілінген. Бары – сол. Ал сіз сол музейге елу доллар төлеп кіресіз. Қазақ даласының ғажайып ұлына арналған музейге бара жатып, осылар еске түсті. Абай еліне кіре берісте «Абай жолы» деп жазып қойыпты. Бөрілі ауылында Мұхтар Әуезовтің музейі, үйі бар екен. 12 шақты үйлі ауыл өте жұпыны көрінді. Қалған ел көшіп кеткен. Еңлік-Кебек кесенесі жотада, жанында бастау бар. Іргеде дайын су келіп тұрса да тал-дарақ та егілмеген. «Әйгерімнің бастауы» маңы көгал жер. Әйгерім – сұлулық символы емес пе, Абай ынтызар болған арудың бастауы жасыл желекке малынып, гүл-дарақпен көмкеріліп тұрмағаны қалай? Жидебай – аты айтып тұрғандай қалың жиде өскен жер ғой. Дәл қазір аздаған жиде бар екен. Қалған жерді шеңгел, ши басып кетіпті. Шеңгел – қараусыз жерге өседі. Оның тамыры өте қатты, өсімтал болады, асфальтты, құрылысты бұзып, кез келген жерге шыға береді. Мұрайжайға тегін кіресің. Гид сізден ақша да алмайды. Абайдың тікелей кіндігінен тараған ұрпақтары туралы мәлімет бергені жөн де шығар. Алайда, бүгінгі таңда Абайдың төрт әйелінен қалған ұрпақтан еркек кіндікті жоқ, Абайдың ұрпағы құрыды деген сипаттағы сөз адамның көңіліне қаяу түсіреді екен. Абайдың ұрпағы – күллі қазақ халқы емес пе? Музейге келген халыққа кішкене де болса насихаты мол әңгіме айтылса екен деген тілек қой біздікі.
Абайдың тұрған үйі мен жатқан жерінің арасы 1 шақырымдай жер. Осы екі ортаны трактормен жыртыңыздар, тегістеңіздер. Ақын құрметіне осында 170 емен әкеп егіп кетейін дедім. Сөйтсек: «Қарауылда саябақ жасап жатырмыз, ағашыңызды сонда еге қойыңыз», – дейді. «Ағаш егетін жер таппай отырған жоқпыз, Абайдың құрметіне отырғызайық деп едік», – деп, аудан әкімімен сөйлеспекші болдық. Алайда, ақын тойына дайындықтың қарбаласымен жүр ме, әкімнің бізбен сұхбаттасуға уақыты табылмады, әкімнің орынбасары: «Өз жоспарымыз бар, ағаш егудің керегі жоқ, ағаш егу жайлы әңгімені біз шешпейміз, нысан республикаға қарайды», – деп шығарып салды.
– Сіз егемін деген емен ағаштары ол жерге жерсінетін бе еді?
– Әрине, тек суғарса болды. Өз ауылымда – Алматы облысының Кербұлақ ауданында 52 гектар жерге бақ ектім. Ал менің ауылымның топырағы – тастақ. Сол жерге де ағаш егіп, орман жасап отырмыз ғой. Ал мұнда, су табылса болғаны.
Суды шығарудың да еш қиындығы жоқ екен. Себебі, Жидебайда ши өсіп тұрғанын көргенмін. Ши бар жерден құдық қазсаң, су шығатыны анық. Жергілікті тұрғындардан қанша метрден су шығады десем – қырық метрден шығып қалуы керек дейді. Қырық метр жер қазу соншалықты қиын жұмыс емес деп ойлаймын. Тіптен, Абай ауылы маңында ештеңені тиіспейміз деген күннің өзінде, сол жаққа су апарып қойса, музейге келген адамдар, Абайдың құрметі үшін бір шелек суды сатып алып, бір еменнің түбіне құйып кететіндей қылып жағдай жасауға да болар еді ғой деймін. Әйтпесе бәрі тегін, бәрі тым жұпыны. Мен ешкімнен ақша, қызмет, тендер сұрап отырған жоқпын. Өз қаражатыммен барып, өзім сатып алған, өзім екі жыл күтіп-баққан ағаштарды отырғызып беріп кетейін деймін. Ал олар трактормен жерді жыртып беруді қиынсынып, нысанның республикаға қарайтынын желеу етеді.
Иранда Риза молданың мешіті бар. Сол жерді сыпыру үшін, кәдімгідей тізім жасалып, адамдар жылдар бойы кезекке тұрады екен. Біз Абайдың маңын көгалдандыруға, егілген ағаштардың қурап қалмауы үшін суғаруға, керек десеңіз, айнадай қылып тазалауға осылай таласуымыз керек. Жергілікті билік те, Абайдың барша қазаққа ортақ екенін түсініп, мұндай жақсы істерге бөгесін болмауын ойластыруы керек-ау.
Музей мемлекеттің қорғауында деп қарап отыра бермей, Абай үшін төрт гектар жерді әдімеліп қоршап, ағаш егіп қойсақ, бізге кім кедергі болмақ?
– Демек, 170 еменіңіз Жидебайға егілмейтін болды. Оны енді не істемек ойыңыз бар?
– Қазір Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Нұрым ауылында жаңа мектеп салынуда. Соның жанынан аудандық әкімшілікке айтып 1,5 гектар жерді қоршатып, әкімшілікпен ақылдаса отырып, бақ ашпақпын. Ақынның мерейтойына деген құрметім сол қалпы, бұйырса, «Абай жолы» деген бақты сол жақтан көркейтсем бе деген ой бар. Көзім көріп келді, Әйгерім бұлағының, Абай ауылындағы өзге де нысандардың макетін сыздырып, үлкен бақ жасау ойымда бар.
Одан өзге, Семей мен Қарауылдың ара қашықтығы 200 шақырымдай жер екен. Қазақ даласына ең жақсы жерсінетін ағаш – қарағаш. Әр шақырым сайын топтап қарағаш отырғызса, Семейдің даласы да, Абай ауылына баратын жол да жайқалып қалар еді деп ойлаймын. Сонда, есептеп көрсем, оншақты мың түп қарағаш керек екен. Алматының маңынан жер алып, сол қарағаштарды қазірден баптай бастасам, алдағы бір-екі жылда Семейден Абай ауылына дейін ұзатып салар қарағаштар ексем деген жоспарым бар. Мұныма рұқсат беретінін-бермейтінін білмеймін, бірақ ағаш егуге ешкім кедергі келтірмес. Жалпы, осындай елге қадірлі, құрметті адамдарымыздың осындай торқалы тойларында ағаш егу сияқты сауапты жұмыс атқарудың еш сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын…
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қ.Серікқызы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.