Аққуға аспандағы әнін қосқан
немесе әнші Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толуына орай көкейде жүрген ой
Әнші Әміре Қашаубайұлы
Әнші Әміре туа біткен талантымен 6 жасында ауыл-аймағын, 12 жасында Семей жұртшылығын таңдандырды. Есейе келе Семей жастарының «Ес аймақ» мәдени ағарту қоғамының мүшесі бола жүріп орындаушылық өнер жолын бастады.
37 жасында Орынбор мен Қызылордада, Мәскеу мен Парижде ән салды. 39 жасында Германия жұртшылығын әнімен сүйсiндiрдi. 1934 жылы қарашаның 5-нен 6-на қараған түнi 46 жасында бұл дүниеден жарық жұлдыздай ағып өтті.
Әлем жұртшылығы Әміренің әншілігіне зор баға бердi.
«Әміре қай әнді айтса да, өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі маржан тағып алады. Осы бағыты дұрыс, жақсы бағыт дейміз», деп жазды Мұхтар Әуезов.
«Өңге өнер білімнен осыншама мақұрым боп туған Әміреге табиғаттың тамаша биік, тамаша таза, тамаша өрнекті өлшеусіз дауыс бере салуы – адам қайран қаларлық көрініс», -деп пiкiр айтқан болатын Сәбит Мұқанов.
Сәбит Мұқановтың тағы бiр берген бағасында, «Ертеден шапса – кешке озған, ылдидан шапса – төске озған, дегендей, ертеден қара кешке дейін үздіксіз ән шырқаса да айнымай, әрбір әні әнді жаңа ғана бастағандай мүлтіксіз естіледі» деп жазғаны да Әмiренiң әншiлiк қасиетiн ұштай түседi. Сол айтылғандай Әміренің дауысы өмірінің соңына дейін күмістей тазалығымен, мұқалмас күштілігімен, тыңдаушысын тәнті етіп, таңдандырып өтті.
Алайда, Париж сапарында Әмiренің алаш ардагерi, Кеңес Үкiметiнiң ата жауы саналған Мұстафа Шоқаймен жолығуы алдағы тағдырын мүлдем өзгертіп жіберді. Маңдайы тасқа соғылды. ОГПУ назарына iлiгiп, ендiгi өмiрiнiң қалған 9 жылы құсалықпен өттi.
Мұстафамен байланысы бар деген желеу өмірі мен шығармашылығына кері әсерін тигізді. Әміренің бастан өткізген осы қиыншылықтарын бірнеше жылдарға бөліп сипаттауға болар еді.
БІРІНШІ: Әміре қудаланды. Кеңестік жүйе орнап, қазақ сахнасында опера, симфония, ұлттық оркестр тәрізді музыка өнері құлпыра бастаған шақта Әміре Қашаубайұлы бәрінен шеттетілді. Атап айтқанда премьерасы 1934 жылдың 7 қарашасында өткен «Қыз Жібек» операсында рөл орындау мүмкіндігінен аластатылды. 1933 жылы Мәскеуден арнайы келген мамандарға берілген күйтабаққа жазылатындар тізіміне енбеді. Жұмыстан шығарылды.
Қазақ халқының әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан Әміре киер киімге, ішер асқа жарымайтын күйге түсті. Евгений Брусиловскийдің: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, дауысы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады… Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айрылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол», – деп жазғаны сол тұс болатын. (Е.Брусиловский, Дүйім дүлдүлдер. Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1995 жыл, 78-бет, қазақ тіліне аударған Сапар Байжанов) Е.Брусиловскийдің ащы шындықты жазғаны рас. Бұған Әміре кінәлі емес еді. Қайткен күнде Әміреден құтылудың қамын ойлап, адамды жоспарлы түрде жәбірлеп, мезілік күйге жеткізгендер кінәлі.
1933 жылы Алматыда жаңадан ашылған Ғылыми-зерттеу кабинетінің директоры Ахмет Жұбановқа барып, Әміре: «Әлдеқандай жағдай бола қалса үйдегі қаршадай екі қызыма көз қырыңды сала жүргейсің», деп айтқаны да қиналып жүргендегі бір сәтін дәлелдей түседі. (Ол кезде Ахмет Жұбанов 27 жаста болатын).
Әміреге арналған кеш. 1974 жыл. Алматы.
Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин, Серке Қожамқұлов, Рахманқұл Бердібаев.
Баяндамашы Жарқын Шәкәрім.
Жалғыздықпен, қиналумен, құсалықпен күй кешкен қайран Әміре осылайша өмірден өтті. Шамасы ОГПУ тыңшыларынан сескенген болуы керек, қиын-қыстау кезеңдерде достары да жуый қоймаған. Әміренің өлі денесі Алматы көшелерінің бірінен табылды.
Әмірені көзі көрген жазушы Николай Анов «Выдающийся певец» деген мақаласында: «Враги народа, травившие Амре, хотели похоронить славу народного певца в одной могиле с покойником», («Казахстанская правда» газеті, 25 қараша, 1945 жыл) деп жазғаны бар. Яғни, Әміреге у беріп өлтіріп, денесін Алматы көшелерінің біріне тастап кеткен болып шығады.
ЕКІНШІ: Әмiре қайтыс болған соң, көп ұзамай Қазақ АССР Халық Ағарту комиссарияты 1934 жылдың 19 қарашасында Қазақ Ұлт театры ауласына Әміреге ескерткіш орнату жөнінде №540 бұйрығын шығарған. Амал не, бұл бұйрық орындалмады.
ҮШІНШІ: 1974 жылы Әміреге ескерткіш тұрғызу жөнінде екінші рет бұйрық шығарылды. Бұл да орындалмай қалды. Оқиға былай болған еді.
1974 жылдың 21 ақпан күні осы жолдардың авторы Мәскеудегі кинофото құжаттары және дыбыс жазу Мемлекеттік мұрағатының Қырғыз бөлімінен Әміренің 1925 жылы фонографқа түскен «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Бес қарагер», «Балхадиша», «Дударай», «Смет», «Жалғыз арша» әндерін тауып мәдениетімізде ерекше жаңалық ашқаны белгілі. Осы қуаныштан соң іле-шала Әміренің қызы Күләш Қашаубаеваның кеңесімен Дінмұхамед Қонаевтың атына Әміре қабірінің қырық жылдан бері қараусыз жатқаны құлпытас орнату жөнінде хат дайындалды. Хатқа қазақ өнерінің сол кездегі қарлығаштары: Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Әбілмәжін Сапақов, Сапарғали Бегалин, Сара Есова, Әшімбек Бектасов қол қойды. Көп кешікпей бұл жұмыс Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын мүсіннің жобасы бекітілді. Ескерткіш авторы болып мүсінші Татьяна Андрющенко тағайындалды.
Т.В.Андрющенко өз шеберханасында жыл бойы еңбек етті. Нәтижесінде алты метрлік Әміре тұлғасы дайын болды. Ескерткіш 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйылады деп жоспарланған. Амал не мүсін бұл жолы да тұрғызылмады.
ТӨРТІНШІ: Кеңестік кезеңде Әміре жерленген жер жылдар бойы қараусыз қалды.
Алматының Райымбек даңғылы бойында жатқан Орталық зираттағы қабір 1934-1974 жылдар аралығында жермен жексен тапталып, жоғалып кеткен.
1974 жылы Әміренің фоно-
графқа жазылған әндері табылған соң еске алу, құран бағыштау мақсатында әнші жерленген жерді іздеу басталды. Оқиға былай болған еді: Әншіні ақымдап жерлеген Әбілмәжін Сапақов деген ақсақал зират жанындағы терекке бәкімен «Бұл жерге Әміре Қашаубайұлы жерленген» деп жазып кеткен екен. Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин және мен орталық зираттан төрт күн бойы іздеп таба алмаған кезде осы Әбілмәжін Сапақов араласып, әнші жерленген жерді көрсетіп берді.
Әрине, Әміре зиратының орны жоқ, тегістеліп кеткен. Осыған да қуанысып, құран бағыштадық.
Сол сәттерде Әміре жайлы зерттеу жүргізуіме екі жағдай себеп болды. Әуелгісі: «Әміре әндерінің үнтаспасын тапқан жігіт», деп Әлкей Марғұлан бастаған үлкендердің маңдайымнан сипап, бата бергендері болды. Екіншісі, дәл сол кезде Қостанайда тұратын Әміренің қызы Күләш Әміреқызы Қашаубаеваның маған деген ерекше ыстық ықыласы еді. «Сен енді менің балам болдың, мен үшін өте ыстықсың, Жарқын», деуші еді ол әрдайым. Күләш Әміреқызының маған рахмет айтқан мақаласы газет бетінде де жарық көрді («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 қаңтар, 1976 ж.).
Сонымен 58 жыл бойы қараусыз қалған Әміре қабірі басына 1992 жылдың 5 қарашасы күні құлпытас орнатылды. Құлпытасты Қазақ ССР еңбек сіңірген әртістері, әнші Кенжегүл Сыздықова мен зайыбы Дмитрий Гусинцов 60 мың рубль шығарып жеке қаржатымен тұрғызды. Осы орайда мына бір жайды еске сала кетейін.
Зираттың ашылу рәсіміне санаулы күндер қалғанда біреулер қабірді қиратып кетіпті. Бұл жөнінде «Вечерняя Алма-Ата» газетіне «Кощунство на кладбище» деген мақала жарияланды. Онда: «Ұлы әнші Әміренің құлпытасы қиратылды», – деп Алматы халқын тағы бір дүрліктірді. Сонда қазақтың Кенжегүлдей қайсар қызы намыс-қайратына мініп, қалалық әкімшілікке барып жүріп бір апта ішінде зиратты қайтадан қалпына келтірді.
Осы әңгімелер басында атап өткеніміздей 1925 жылы Париж сапарында Мұстафамен кездескенінен басталды десек қателеспеспіз. Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары Әмірені үзбей қадағалауға алыпты (тіпті соңына аңдушы қойған кездері болған). Әнші өміріне қауіп төндіріп отырған. Әміре жайлы әңгімелердің қай қыры да ОГПУ деген үрейлі мекемеге келіп тіреледі.
Алайда, Әміре атамыздың есімі денесімен бірге көрге кетпегені белгілі. Әлем жұртшылығын әнімен тамсандырған Әміре ән әлемінің жарық жұлдызы болып қала бермек. Р.Ролланның, А.Барбюстың, А.В.Луначарскийдің, А.В.Затаевичтің, Е.Г.Брусиловскийдің, С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, А.Жұбановтың, С.Бегалиннің, М.Әлімбаевтың әнші жайлы жазғандары рухын асқақтатты. Қайнекей Жармағамбетов «Әнші азамат» повесін жазды. Мұқатай Тоқжігітов «Ән атасы – Әміре» естелік кітабын, фашистік концлагерьде күн кешкен ақын Хамза Абдуллин орыс тілінде Әміре жайлы «Казахская песня в Париже» поэмасын, Оразақын Асқар «Әміренің әні» дастанын, осы мақала авторы әр жылдарда орыс және қазақ тілдерінде «Әміре», «Ән атасы», «Әміре Қашаубаев» деректі прозалық кітаптарын және «Ән атасы – Әміре» телепьесасын, «Әміре әндерінің күйтабағы», Қайырбек Шағыр «Ұлы тенор» поэмасын жазды. Осының бәрі баба шығармашылығын танытатын құнды еңбектер болып табылады.
Якуда Амандықовтың құрастыруымен 2012 жылы жарық көрген «Әнші Әміре» естеліктер кітабы әншінің 125 жылдығына тарту болды. Өз кезінде халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ ССР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков Әміре Қашаубаев атындағы халық әндерін орындаушылардың республикалық конкурсын ұйымдастыруға атсалысып, Әміре мұрасын сақтауда өлшеусіз үлес қосты. Әміре Қашаубайұлының туғанына 120 жыл толуына орай Семей қаласындағы қалалық мәдениет сарайының жанында әнші мүсіні бой көтерді. Бұл да тұлға есімін мәңгілік сақтаудағы үлкен жұмыстың бірі. Бүгінгі ұрпақтың ұлы әншіге деген құрметі осылайша жалғасуда.
Тағы бір айта кететін жай, 2016 жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай драматург Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасын сахнаға шығарды. Әншінің туғанына 130 жыл толуына орай «Амре в Париже» деген кітабы жарыққа шықты. Көрнекті жазушы Медеу Сәрсеке де Әміре мұрасын сақтауда, кітап шығару жолында қажымай-талмай еңбек етіп жүр. Өмірден көрген-түйгені мол жазушының еңбектері нәтижелі болуына, шығармашылық табыстарға жетуіне тілектеспіз.
Осы орайда, «Әміре» фильмі жайында бірер сөз айта кетейін.
Мен өзім әр жылдары тек Әміре Қашаубайұлы туралы алты зерттеу кітабын жазған адаммын. Әнші жайында осынша кітаптың авторы екенімді естіген соң, «Әміре» фильмін түсіруді қолға алған америкалық режиссер Джеф Веспа 2016 жылы мені іздеп Алматыға келді. Екі күндей әңгімелестік. Оған Әміре жайлы бар білгенімді деректі факты ретінде айтып бердім. Сол кездесуде Джеф Веспа әнші Еркін Шүкіманның орындауында Әміре шырқаған әндерді тыңдап риза болды. Әміре қабірі басына барып дұға оқып, құран бағыштадық.
1925 жылы Парижде түсірілген фотосурет.
Ортада Әміре Қашаубаев. Сол жақта өзбек бишісі Тамара ханым. Сол жақта Башқұрт қурайшысы Жұмабай Есенбаев.
Содан ол кісі мені фильмнің кеңесшісі етіп бекітті. Арада екі жыл өткен соң, яғни «Әміре» фильмінің Астанада және Алматыда өткен алғашқы көрсетілімінде ол кісімен екінші рет кездесіп, бір-бірімізді құттықтадық. Әркімнің өз айтар пікірі болатынын ескерсек, «Әміре» фильмі маған ұнады. Бір айта кетерлігі, Әміре әндеріне сүйсінген Ромен Роллан мен Мұстафа Шоқай үшеуі Эйфель мұнарасына шығып сол биікте Әміреге «Бесқарагер» әнін орындатыпты деп, Серке Қожамқұлов талай айтып еді. Серағаңның сол айтқанын режиссерге құлаққағыс еткен болатынмын. Амал не, фильмнен ондай көрініс көрінбеді. Жалпы, «Әміре» фильмі Голливудтық принциппен жарық көрген екен. Режиссер мен фильмнің сценарийін жазған адам бізбен ақылдаспай, хабарласпай, кеңеспей түсіргені білініп тұр. Солай бола тұра фильмнің ерекше ұнаған тұстары жоқ емес – фильмде әнші Әміре жайлы таба алмай жүрген бейнемізді, жете алмай қалған ойымызды, айта алмай кеткен сөзімізді әлем әншілерінің халықаралық байқауы арқылы көрсетіп, керемет шыншыл бедерлеген.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясы бірлесе түсірген бұл фильмнің басты жаңалығы – туындыға Джеф Веспа (Jeff Vespa) есімді голливудтық кинорежиссердің тартылуы болды. Cценарий авторы – Бенжамин А. Ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen).
Осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын, 1925 жылы радио әлі дами қоймаған, теледидар деген мүлдем атымен жоқ кезде Әміре осылайша қазақ елінің ән өнерін айдай әлемге танытты.
ЖАҢА ДЕРЕК: Жалпы, әншіге қатысты әрбір жаңа дерек өте маңызды болмақ. Француз композиторы әрі музыкатанушысы Поль Ле Флемнің Әміре жайлы жазған: «Странная для западного человека поэзия исходит от этих песен, рожденных под другим небом. Но они передают ту же надежду на счастье, ту же надежду на боль, что и другое искусство», деген бұрын-соңды еш жерде жазылмаған беймәлім сөзін Парижде ЮНЕСКО көлемінде қызмет атқарып жүрген Асқар Абдрахманов тауып, алғаш рет жариялап отыр. Поль Ле Флемнің бұл айтқаны Ромен Роллан, Анри Барбюс, Джордж Гершвин, Анатолий Луначарский мен Александр Затаевичтердің Әміре жайлы жазғандары тәрізді аса құнды.
Биыл Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толып отыр! Осыған байланысты Шығыс Қазақстандағы Тарақты адыры алқабындағы Ақбұлақ ауылында Әмірені еске алуға дайындық басталды. Осы сенбіде, яғни 14 шілде күні аталып өтпек. Ал «Амре в Париже» («Әміре Парижде») деген кітабым ұлы әншінің 130 жылдығына тартуым болмақ.
Әміре Қашаубайұлы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы тенор – әнші. Қазақ музыкасындағы Әміренің ерекшелігі – Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жарылғапберді, Мәди сынды замана тұлғаларының әншілік дәстүрін кеңестік кезеңге жеткізіп беруінде. Қатарлас әріптесі Елубай Өмірзақов Әмірені «самородный сары алтын» дегені бар. Әміре ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға аман сау жеткен шын мәніндегі асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы.
Жарқын ШӘКӘРІМ,
Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері,
Құрмет орденінің иегері,
Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі