Ей, құстар, Жаратқанды самға мақтап…
13.07.2018
4561
6

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ


АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Таулардан асу – төбеден асу емес пе?!
Шыңдарға шығу – шыққандай шығар белеске.
Ақ жүзі мәңгі айналып кеткен елеске,
Анамды көрсем… бір рет көрсем болғаны.

Теңізді кешіп өт десе қазір өтемін,
Мұхитқа түсіп құлаштай жүзіп кетемін.
(Түсінесің бе, сағыныш деген не екенін?!)
Анамның бір рет дидарын көрсем болғаны.

Жалғанда жалғыз сен едің Алла, сенгенім
(Анамды көрсем – сені де Алла көргенім!).
Ей, Алла, әппақ ақ тілегімді бер менің!
Анамды көрсем… бір рет көрсем болғаны.

Өмірге келіп Анамды көріп қуанғам,
Өмірден Анам қайтқанда жасым суалған.
Уағдалы сөзі уағынан таймас уа, Аллам!
Уағдалы күні Анамды көрсем болғаны…

БАҚСЫ

Көргенге тал бойында ар бар аппақ,
Ей, құстар, Жаратқанды самға мақтап.
Жыным бар… менің жыным келген кезде,
Қақаман тұра қашар қалбалақтап.

Сәбидің пәктігі бар күлісінде,
Перінің сыбдыры бар жүрісінде.
Қобыздың қияғында Айға іңкәр
Нұр болып жауады олар түн ішінде.

Мен өлсем нұрға айналып кетер үміт,
(Үміттің өлмейтінін өтем ұғып!).
Өмірге қайта келем, қайта туып
Көктемгі гүлмен бірге көтеріліп.

Есте жоқ күз бе, әлде, көктем бе еді
Бір қыз бар өлең болып өпкен мені.
Тұрады ол ылғи маған қолын бұлғап,
Көгілжім көк түбінен көк перделі…

Сол қызды әлі күнге сүйемін мен,
Сол сезім бірге кетер сүйегіммен.
Ойнайды отты айналып бір ор жылан,
Уа, сол ма менің пірім, менің ием?!

Жын менен пері дұрыс сеніскенге,
Солардан жақын кім бар Жер үстінде.
Қолымды көкке жайдым «қақақулап»,
Рухтар тіл қатпады, періштем де…

Ор жылан бауыры күміс, сауыры алтын
Мен сені болдым жиі сағынатын.
Түсімде көрмей кетсем ұзақ уақыт,
Жанымды кім түсінер ауыратын.

Ор жылан кере құлаш алтын нұрлы,
Асыл таж, ақық тақыт — нарқы құнды!
Білсең айт ей, өлеңнің падишасы
Неге осы алтын деген салқын, мұңды…

БАЛБАЛ ТАС

Қобыз алсам қайғым сонда қалғиды,
Маңдайыма жазу түсіп сан қилы.
Түбі – туыс, зәузатындай зары – бір,
Тас жүрегім сені көрсе балқиды.

Заты бөлек, нәті бөлек, не білер,
Нәмі бірге, қаны бірге төгілер.
Жан жүрегі жоса-жоса мұңдасым,
Тас жүрегім сені көрсе егілер.

О, Балбал тас, сен Жерліксің, мен жатпын,
Бұл бір тылсым, жұмбағындай әбжаттың.
Сені көрем, сені көрсем, сен менің
Рухымды түпсіз көкке самғаттың.

Әзірейлі ойнақ салып, іргемде,
Кеше аноу жер бетінде жүргенде.
Өз ажалын өз тойына жалғаған,
Көкте туып, жерде өлген бір мен бе?!

Ақшамдағы ару қыздар ойныма,
Жылан болып кірген талай қойныма.
Үш тоғыз да құрметіме жарайды,
Кісі қанын жүктемесін мойныма.

Кім өзгертер маңдайдағы жазуды,
Көр дейсің бе, көрің де, әне, қазулы.
Құрбандыққа шалар едім бақыртып,
Дұшпан да жоқ арыстандай азулы.

Күн Құдайы қуат беріп құтымен,
Күннен де зор бір жарықты күтіп ем.
Адам менен Ібілістің арасын
Бітістірер Көк Түріктің дітімен.

Шып-шып етіп, сұрғылт тастан шоқтанып,
Көк төсінде жанарынан от тамып.
Жылап тұрған сенің жаның емес пе,
Тамып тұрған менің қаным емес пе!

О, Балбал тас, бауырым!

КЕҢСАЙДАҒЫ ДИАЛОГ

Жүрсе де шалқып қанша күн,
Ақыры – өлім баршаның…
– Шарабың бар ма, құйсаңшы!
– Шылымың бар ма?
– Шаршадым…
– Жоқ болып кетіп кейде сіз,
Келесіз, кейде, жейдесіз.
Сыйысып жатар едік қой…
(Сөйлейді сөздер бейнесіз).
– Сыймаймын мынау қалаға!
– Сыймағам мен де Далаға…
– Сен мені танып тұрсың-ау?
– Мен сізді… Иә… Жан-аға!
– Осында мәңгі қалсам ба?
– Барыңда шамаң алшаңда!..
– Өлінің бәрі – Ақындар!
– Тірінің бәрі… ал сонда?!
– Жоғалтып алған жүрегін…
– Талайды мен де білемін.
Қай жерден көрдім Құдай-ау,
Мына бір жанның реңін?
Соғатын сынды жүрегім,
Соқпайтын сынды жүрегім.
Кеңсайды кезіп түнімен,
Осылай қаңғып жүремін.
Аруақтардың елесі,
Аруақтардың кеңесі…
Мен ғана тірі бұл жерде,
Мен ғана ақын емесі.
Сөйлемегенмен өздері,
Сөйлейді үнсіз сөздері.
Есіне түсіп тұр ма екен,
Баяғы тірі кездері:
– Төменде жүрдім тірлікте,
Жанғам жоқ жалған жарқырап.
Жатырмын бүгін биікте,
Ажалдан орын тартып ап…
– Тамырларым – тереңде,
Бұтақтарым – биікте!!!
– Әрине суық қайғы, суық қайғы
Көңілін халық, бірақ, суытпайды.
Егерде халық өзін ұмытпаса,
Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды!
– Азырақ болып ортаңда,
Көңілде жүрсем көбірек…
– Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем.
Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген!
Тау жақтан самал еседі,
Қара бұлт қаптап… Кешегі –
Жылжиды жырлар әуеде,
Әуеде сөздер көшеді.
Қап-қара аспан күлді кеп,
Тірілер нені білді деп.
Жарқ ете қалып жалт кенет,
Жанымды кетті тілгілеп:
– Сен әлі… тірі жүрсің бе?!
P.S.: -Шарабың қайда, құй, ботам!..

КӨЗ БЕН СӨЗ

Жазушылар одағынан кеш қайтатын күндерім аз емес. Сондайда, сонау дәліздің түкпірінен беймәлім көздер ту сыртымнан қарап тұрғанын сезінем…

Жон арқамнан көз қадалған сияқты,
Жон арқамнан сөз қадалған сияқты.
Дәл қасымнан шауып өтіп барады.
Арғымақтар айбоз алтын тұяқты.

Жануарлар тек шабысқа бейім бе,
Қалдым ба әлде уақытымнан кейінге.
Кетті, кенет, Сүгір күйі кісінеп
Көкейімде.
Басымыздан жасымыздан өтті азап,
Өткеніңді айтсаң Махамбеттік кек қозад…
Абайжырдың бауырында өксіп тұр,
Көктен түскен Көкбоз ат.

Қайда Ақбоз? Самаладай жарық боп…
Ғаріп көк!
Жазушылар одағының залына
Бір құлыншақ кіріп кетті шауып кеп.

Қарауыл боп мен қаламын қосынға,
Сенім артар қасым да жоқ, досым да.
Қамбар ата жарықтықтың зәузаты,
Кеш батқанда жиылады осында.

Оқыранып, жер тарпиды түнімен
Шайқасады, шайнасады… түнілем.
Адамдардай неге тату болмайды,
Неге, бірі-бірімен!

Сәкен еске түседі, Сәбит еске түседі.
Қадыр неге ішпеді. Мұқағали ішеді.
Әділ кетті жоғалып… өлді Әмірхан өртеніп.
Қандай ауыр түс еді?!

Жон арқамнан көз қадалған сияқты,
Жон арқамнан сөз қадалған сияқты.
Өлгендердің көзі шығар, білмедім.
Тірілердің сөзі шығар, білмедім…

МАХАББАТ ЛИРАСЫ

Теңгелердің сыңғырындай.
Сөйле Лира, мың құбылмай.
Бір күн кедей, бір күні бай
Қаламым…

Қарай-қарай көзім талып,
Мен кеткенде өзің қалып.
Өзектегі сезім ғаріп…
Келсең күтем, қарағым!

Мың сәруәр маған ғашық,
Мені тастап саған қашып…
(көрерміз күн амалдасып)
Жаратқанның жамалын.

Ғажабы ма, азабы ма
Жұмағы ма, тозағы ма.
Бұ дүниеден озарыма
Наламын.

Ажал келсе етектеген,
Періштелер жетектеген.
Мен бір жаққа кетед деп пе ең,
Бұрынғылар кеткен жаққа барамын.

Сөйле Лира күні-түні,
Мансұқтамай үмітімді.
Құс жолының тілі-ділі
Даланың!

Діріл қаққан әсем әуен,
Жас едім мен, мас едім мен…

СИЗИФ

Күн бе анау – жанып жатқан моладай,
Жер ме мынау – тастан соққан обадай.
Нәтижесіз, мағынасыз, мақсатсыз
Бірін бірі шыр айналған, обал-ай…

P.S.: Мен Жыр едім ғұмыр кешкен Жерде бір,
Мен өлмеймін, жырым да өлмес – көр де тұр!
Жербетілік «Құдайларға» қапа боп,
Дәу зіл тасты домалатқан өрге кіл.

Шебер Алла бәрін білген, не етемін?!
(Және соған қайрат берген жететін).
Шын ақынға жыр жазудың азабы,
Тауға тартқан тастан да ауыр екенін.

Уа,Сизиф, сұм тірлікке еті өлген,
Парызымыз ұқсас біздің өтелген.
Ол дәу тастың аты – өлең, нәті гүл
Жүрегімнің төбесіне көтерген.

Арманымды, аңсарымды ластаған
Танатостай дұшпаным көп – қас маған.
Қазақ барда өлмейтұғын жырыммен,
Мен де Ажалды мәңгі байлап тастағам!

Танатостай дұшпаным көп маған қас,
Ажал бірақ енді мені таба алмас.
Мен де бүгін бақытымды тапқанмын,
Сизиф құсап… ешкім тартып ала алмас!

Бізге енді жүргізе алар әмір кім,
Уа, Сизиф, тағдырласым, тамырлым!
Мен Құдайдың құлы емеспін үнімін,
Ұлы Сырын тасқа жазған Тәңірдің…

ТҰРМЫСТЫҚ-САЛТ ЖЫРЫ

Алау-алау айналып Күн қашады,
Қарау-қарау байланып түн басады.
Күн алыстап кетті… түнге айтамын,
Саған айтпай мұңымды кімге айтамын.
Хан қызынан сені көрмесем де кемдеу,
Маңдайыңа шамшырақ жаға алмадым беу-беу.
Шөксе-дағы, қайран, ар-намысым нар-нар
Қол соғады жүрегім сені күтіп жар-жар!
Сыңғыр-сыңғыр күлкің көміп кетсін,
Өкпе-назым іште өліп кетсін.
Санаңа нұр Алла сеуіп кетсін,
Ұл-қызымның жасы кеуіп кетсін.
…Менің шамым өшіп білтесінен бітед,
Ошағыңа келіп түтініңді түтет!

ПІКІРЛЕР6
Аноним 13.07.2020 | 18:01

Маралтай аға!!!! Жазар жырларыңыз таусылмасын!

Аноним 14.07.2020 | 16:18

Тамаша!!!

Аноним 14.07.2021 | 09:53

Қазанатта шабыс, азаматта шабыт барда қазақтың қара өлеңі мен шалқар сезімі өлмек емес!!!-жазар ортаймасын Маралтай аға ✊🏻🇰🇿

Аноним 17.09.2021 | 15:57

Жарайсың!!!

Аноним 23.09.2021 | 17:18

Өлең !

Аноним 16.09.2023 | 19:02

😍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір