Мұқанов хатханасы
Жуырда С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ұйымдастыруымен «Мұқанов хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағының тұсаукесері өтті.
Жинаққа қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың көрнекті жазушысы, академик-жазушы С.Мұқановтың 1924-1973 жылдар аралығында өзі жазған және басқалардан алған хаттары топтастырылған. Бұл хаттарда әр жылдардың бояу-бедері мен қоғамдық-саяси өмірдің тынысы және есею кезеңдерінің суреттері де сақталған. Кітап мазмұны оқырманның қызығушылығын оятатыны рас. Ол парасатты, пайымды оқырмандарға, әдебиет тарихын және жазушы шеберханасын зерттеушілерге арналған.
Кітап тұсаукесерінде М.Құлкенов, К.Ахмет, Қ.Сәрсенбай, Н.Ақыш, С.Қорабай, Р.Ниязбек, Ә.Меңдеке, Ғ.Әнес, Д.Сейсенұлы, С.Саров, Қ.Тарыбаев, Б.Тайшеев, Р.Жүнісқызы, Е.Құбашева сынды ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және С.Мұқановтың қыздары Баян мен Жанна, «Ақниет» корпоративтік қорының төрағасы Асқар Көкімов қатысты. Қатысушылар шара барысында өзара ой бөлісіп, бұл хаттар жинағының рухани жаңғыруға қосылған үлкен үлес, асыл қазына екендігіне тоқталды. Кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен Баян Сәбитқызы Мұқанова кесті. Кітап «Ақниет» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы С.Абдуллаевтың демеушілігімен жарыққа шықты. Тұсаукесерді С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Ә.Қайырбеков жүргізді.