Бектауата киесі
06.07.2018
1719
1

Бүгін біз «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында, туристер көп келетін қасиетті орындардың бірі Бектауата үңгірі жайлы айтпақпыз.

Қазақ халқы әуелден тылсым ғажайыпқа толы жерлермен әулие­лерге сенген. Себебі, үңгірлер адам баласы қалыптаса бастаған кезде, әуелі күнделікті қоныстары болған болса, уақыт өте келе үңгірлер де киелі жерге айналды. Киелі жерлерге барып ата-баба рухына тағзым етіп, ауру адамдар шипа тілеп, бала көтере алмай жүрген әйелдер осындай қасиетті жерлерге келіп, Жаратқанға тілектерін жаудырады. Кейбір адамдарға аян беріліп, тіпті осындай жерге келіп жүре алмайтын мүгедек­тер аяққа тұрып кеткен оқиғалар қалайша адамды таңырқатпасын.
Ал қазір технология, медицина­ның дамыған заманында, бұл жерге адамдар рухани күш алу үшін, осы жердің саф ауасын жұтып, мөлдір суын ішуге туристер де қызығып келе­тін жерлердің бірі ол осы – Бек­тауата үңгірі.
Бектауата үңгірі – Балқаштың Сарыарқа жағындағы Бектауата тау желісінде орналасқан тарихи орын­дар­дың бірі. Әулиетау (Бектауата) үңгірінің жалпы ұзындығы 45-48 метрдей. Үңгірдің аузы тау етегінен 80-100 метр биіктікте орналасқан, оған тас қорымы арқылы көтеріледі. Алдында ұзындығы 6-7 м, көлденеңі 4-5 м тегіс ашық алаң бар. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі 3 м-дей, ені 1,5 м, одан әрі ені 2-2,5 м-ге дейін кеңиді, табаны 15-16 м-ге дейін тегіс, одан әрі сәл көте­ріңкі, сонан соң төмендейді. 29 м-ден әрі үңгір түбін тереңдігі 1,5 м-дей көлшік алып жатыр. Үңгір бірте-бірте жоғарылап, ені 1,5 м-ге дейін тары­лады. Жоғары жағы мұржа тәрізді дөңгелек тар тесікке айналып жер бетіне шығады. Суы мөлдір, өте сал­қын, түбі лай. Су деңгейі бір қалыпта сақталады.
Осы Әулиеата туралы халық аңыздары көп. Солардың бірінде Атабек әулие мекендегені жайлы айтылады. Ол бірде жаугершілік заман кезінде жаудан қашып келіп, осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Сол кезде Алланың әмірімен үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Таудың 80 метр биіктігі үңгірінде тығылып жатқан Атабекті шапқын­шылар таба алмап­ты. Содан бұл жерді Әулие деп атайды. Әулиетау деп аталуы – тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. Әулиенің басына келіп, тәуіп етіп, түнейтіндер көп. Оның суы көптеген ауруға ем. Кел­гендер ақтық байлайды, басына мал шалады. Шипалы суынан ішеді. Әсіресе, бала көтермеген әйелдер жиі келіп түнейтін көрінеді.
Бектауата тау желісі түрлі қатпар­лы шың мен құздардан таралған. Осы тауға «Жерұйықты» іздеп, жаһанды кезген Асанқайғы келгенде желмая­сын шөгеріп, сол жерге қонып шығады дейді аңызда. Таң алаң-құлаң атып келе жатқанда, шырт ұйқыдан оянған екен. Көзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектауата» деп атапты. Әлгі таудан шығып, түс ауа келесі бір тау шетіне келіп түседі. Асанқайғы тау төбесіне шығып, жан-жағына қараса, айналаның бәрін бір әулие қолмен алып келгендей болып, анық көрінген екен. Бұл тау Асанқайғыға әулие сияқты елес қалдырады. Сондықтан, бұл тауды «Әулиешоқы» деп атаған екен.
Ертеден киелі саналатын Бектау­а­та үңгірі кейбір көпті көрген қария­лар­дың айтуынша Әулиетау деп аталған екен. «Бектауата» деп жергі­лік­ті халық атап кеткен көрінеді.
Соңғы кездері туристердің қызығушылығын артып, табиғат әлемі­нің тылсым құдіреті мен таңғажайыбын тамашалауға ағылып келіп жатқан халықтың қарасы көп. Олардың бірсыпырасы көрікті жерді тамашалауға, қыдырып, саф ауасын жұтуға келсе, енді бірі сырқатына ем-шипа іздеп келеді.
Атабек әулие мекен еткен Әулие­тау үңгірі туралы қысқа-нұсқа айтар болсақ. Ертеден қазақ халқына қасиет­ті орын ретінде бағаланып, тағзым етер жерге айналған Әулиетау үңгірі биотитті гранит пен аплит тау жыныстарының жапсарындағы жіктің үгіліп, еріп бұзылуынан пайда болған, оңтүстік-шығыстан солтүс­тік-батысқа қарай созылып жатқан киелі мекен.

Жанар АДЫРБАЙ,
ХАТУ-дың І курс студенті.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.07.2020 | 23:00

Неге онын басын бизнес козине айналдырган Бару ушин Адам басына 7мын тенгеден алады Ол акша кайда кетеди?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір