Париж
06.07.2018
1441
0

 

 

 

 

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ

 

ПАРИЖ

Көптен маған жаумай қойды көктен жыр,
Өбектемей өңменімді өпкен нұр.
Содан ба екен, солғынырақ қараймын,
Парижіңнің аспанына мөп-мөлдір.

Мөлдірлігі – мөлтең-мөлтең, қылаусыз…
Өп-өтірік мақтағандай бір арсыз.
Сырлап сыртын, сырын ашпай тұрғандай,
Ел мақтаған, қыз баптаған француз!

Түрлі-түсті, күйді-пісті, қарбалас,
Бірін-бірі бағаламас, аңдамас!
Паңдығына бұл Париждің па! – демей,
Сұлулығын Атырауға ал да, қаш!

Туар содан сен аңсаған сұлу жыр,
Мұнда сенің мүдделесің – мұңың жүр.
…Парижіңнің бүгінгісі – парик те,
Өткен шағы, көктем жаны – Лувр!

Күнде мейлі, келсең-дағы күнара,
Құж-құж қайнап жатады екен бұл ара,
Кейпін сенен жасырады бұлттармен,
Эйфель атын асқақтатқан мұнара!

Жағалауға жағаласқан қайығы,
Сена деген – біздің елдің Жайығы,
Көк аспанға көзім сүзіп жүргенде,
Құшып сені кете алмадым, айыбы.

Алыстағы Атырауға алаңдай,
Қайтып барам, қалауымды таба алмай…
Аспаныңның ақша бұлтын көре алмай,
Көру үшін бірер күнге қала алмай!..

НОҒАЕВ
(қаз-қалпында)

Тұңғиық тұрпатында сырлар тұнған,
Танбайтын табиғаты бір қалпынан.
Көзінің қарасында айтары көп,
Көңілінің қарасы жоқ бір жарқын жан…

Баулыған Бақтықожа бір кездері,
Жүреді жарылқаумен бұл да өзгені…
Ләззатқа бөленетін шығар содан:
Қазақта қайырымын кім сезбеді?!

…Атырауға келді бірде Нұрпейісов
Әбдіжәмил,
(кетті ме күнгей ысып),
Бізге аялдап, Батысты бетке алады
Баратқан жоқ бағытын білмей ұшып.

Аққағаздың бетінен арман тапқан,
Тайбурылды қарсы алдық тарлан тартқан…
– Қойшеке, – деді Нұрлан Асқарұлы, –
Ақсақалды болмайық алдарқатқан.

Толағайың осы ғой тоқсан асқан,
Басқаларын қояйын қозғамастан.
Ағаңызды алқалап бармайсыз ба,
Сапарына жолдас боп, оңға басқан?!

– Жетпіске шыққан кезім қазір менің,
Бар еді Сізге біраз назым, – дедім.
Парижден басқа жерге бара алмаймын! –
…Осылай тілге оралды әзіл керім!

– Армандаған, аңсаған небір ақын,
Орындамай, өксіген сол мұратын.
Соның бірі болмаңыз, ақ жол, аға
Ағатайыңды ала бар, – деді де әкім.

Қолымды алды,
жолымды берді де ашып.
Енді келем… ел асып, жер сұрасып,
…Әкіміңіз Ноғаев болса егерде,
Ақыныңыз жыр жазар көңілі тасып!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір