Астананың айбыны мен айдыны
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Тәуелсіздік! Ата-баба арманы орындалды. Қазақ елі бостан! Бақыты мен бағы еді алдан аңсап тосқан. Ержүрек халықтың арманы мен аңсарын талайлы тағдыры бір арнаға қосқан. Сүйіншіледік. Тойладық. Ойладық. Бәрібір Тәуелсіздік қызығына тоймадық. Елбасының бастауымен аршындадық алға нық. Міне, егелі елдің күміс қоңырауы шаттық дабылын қағып тұр! Дегендейін барлық кезеңге қалып бұл. Қайраттанса, ерлікпенен кей кез Ер, биік таудың басын жерге тигізер. Осындай үлгі көрдік, елдіктің даңқын асырған. Дұшпанның өзі амалсыз мойындап, бас ұрған. Дәп Еуразияның кіндігі мен жүрегіндегі байтақ Сарыарқа төсіне ел астанасы қоныс аударды. Бұл қуаныш қазақ жүрегін мәңгілік баурады. Ақмоланың тікелей атасы ортағасырлық Бозоқ қаласының рухы қолдады. Тәуелсіздікке тәңірдей сенген Кенесары ханның ақ жолы оңдады.
…Сонымен, 1997 жылдың 10 желтоқсаны. Армысыз, Астана! Тәуелсіздіктің түңлігін сеніммен түрген, Бас қала! Мәңгілік жас қала! Балапанын баптаған, алтын-күміспен аптаған разымыз, сізге Бас-Дана!
Ұлы да көркем көш, көлікті көш! Жер жәннаты Жетісудан аттанып, сағымды Сарыарқаға аптығып жеткен салқар көш. «Ер игісі ел жүгін көтереді» демекші, мыңжылдықтар тоғысы таянған сәтте ғасыр перзенті Елбасымыз осындай асыл ойын орындады. Жаныңнан кешпей жеңбек жоқ. Бәрін жұдырықтай жүрегінің сүзгісінен өткізе біліпті. Жетті жеңіске!
Қазір бәрі айтуға оңай. Небір қысастық пен қиындық өткен. Ірі істер ұсақтықты ысырып тастап, жанартаулардың самалын өпкен. 1997 жылғы 20 қазан шығар ма естен. Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» аса маңызды, тарихи Жарлығы жарияланды. Осы көрегендік қасиеттен тұтанған алау қазақстандықтардың жүрегін мәңгілік нұрландыра бермек.
Астананы көшіру – тәуелсіздіктің ерен оқиғасы. Өзіміз жеті рет өлшеп, бір рет кестік. Тұңғыш рет отарлаушының осқырынған оспадар билігінсіз шештік. Үш рет ондай өктемдікті көргенбіз: Орынбор, Қызылорда және Алматы. Шүкір, бәрі қазақ жерінің қастерлі пұшпағы. Оны айтасыз, бес облыс жеріне көз алартып, қиянаттың қылбұрауын салмақ болған бұзық ойды да сезгенбіз. Пәлесінен аулақ. Қанталаған қара бұлт түсті ғой аунап. Әділдікке дақ жұқпайды екен. Тәуелсіздікпен ғана түрленіп, әлденеді екенсің бекем.
Қазақ елі астаналарының қилы тағдыры өзінше бір әлем. Өсіп, өркендеген өршіл болады. Сондай күйдеміз қазір. Кезінде Ә.Бөкейханов Елордаға Қара-
өткелді лайық көріпті. Ақмоланың арғы атауы ғой. Бертініректе Қ.Сәтбаев осынау мәртебеге еліміздің жағырапиялық орталығы Қарағанды мен Целиноградты ұсыныпты. Неткен абыздық! Бүгінгінің отын жаққан тамыздық.
Елорданың егесі Ел десек, Елінің мойнынан отарлау бұғалығын сыпырып тастауды мұрат етіп, жанын оққа байлаған Ерлерге мың тағзым. Соның бірегейі Кенесары Қасымұлы. Өз халқының тәуелсіздігін қарулы күреспен қорғап қалмақ болды. Отаршылдыққа қарсы күрестің көсемін ұрпағы ұмытпайды. Уақыттармен ұлықтайды. Қараңызшы, Есіл жағасындағы Кенесары бабаға! Тас мүсінге айналыпты өзі қорғаған қалада.
…Иә, Кенесарының өзі қорғаған. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы мына сурет тәуелсіздік жолындағы жан алып, жан берудің жарқын көрінісі іспетті. «Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді…».
Әруағыңнан айналдық, асыл Ата! Қабыл болсын қол жайып берген бата!
Егемен ел енді өз астанасының тағдырын өзі шешті. Тәуелсіздіктің 6-шы жылында шешті. Ұлылардың ізі қалған шаһарда бүгінде ұрпақтары ұрандайды. Болашақ қамын ойлап, жер тарпыған арғымақша бір орнында тұра алмайды.
…Ұлы көш жүгін жықты. Күллі әлем қазақ мемлекетінің тосын да толайым қадамына қызығып та қызғанып назар салды. Тіл-көз – тасқа!
Алып ел жақсы ісімен дүбірлеткенде көрінеді. Данышпан жай бір тірлік күнде көрінеді. Халық айтса, қалт айтпайды. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің табиғатына дөп келіп тұр емес пе? Ұлы адамдар мейірімі – бақыт кілті. Сондай бақыт кілтін қазақ халқына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстатты. Бір ғажабы әлгі кілт сиқыршының таяғына ұқсапты. Тыңгерлер астанасына тыңнан қала салынды. Алынбайтын қамал алынды. Түске кірмейтін кірді. Тарих тояттанып, тебіренді. Алмағайыпты бастан өткерген қазақ халқы тәуелсіздігіне еміренді. Өткен менен бүгінгінің арасы ап-айқын көрінеді. Демек, алатын сабақ бар, өткенді ескермеген құр бекерге далақтар…
…1822 жылдың 18 маусымы Ақмола қаласының негізі қаланған күн ретінде есептеледі. Тек арада 40 жыл өткен соң ғана қала мәртебесін иеленді. Кеңес саясаты бұл шаһардың атауын сан рет құбылтты. Байырғысы өзгертіліп, Целиноград аталды. Көкейге қонымсыз еді, көндірді. Тілін орысша сындырды. Тәуелсіздіктен соң іле-шала Ақмола өз атауын қайтарып алды. Еңсе көтерді. Парызы өтелді. Төл тарих дәл безбендеп, оның еңсесін 1998 жылы Астана деп көтерді.
Қысқасы, ашық та, елеусіз де қарсылықтар болған. Оны Елбасының өзі де жасырмай айтады. Елбасының «…бір сөзбен айтқанда, көшіру туралы шешімге ду қол соғу болмады», – деп шындықты мойындауынан көп нәрсенің пайымына жете түсеміз. Шындық осы. Кейін көз жетті. Көзқарас өзгерді. «Кейін таңырқай байқағаным, бәрі де жаңа астанаға көшуге пейіл білдіріп, белсенділік білдіре бастады», – деп Елбасының ағынан жарылуынан астананы таңдау жөніндегі 32 өлшемнің көптің күпті көңілін басқанын аңғару қиын емес еді. Алға жүгіріп айтар болсақ, тәуелсіздіктің бүгінгі астаналық табыстары осылайша сомдалған.
Арқа төсіндегі алып дүбір еш бәсеңсіген емес. Қағылған дабыл қайта уақытпен үдемеленіп, күшейіп барады. Алып құрылыс алаңы кеңейіп, көркейіп, көңіл өсіреді. Сандық өлшемге салсақ, салыстырмамыз іңкәрлікті баса алар ма екен? Онан да, Есілдің сол жағалауына барып, серуендеп қайтыңыз. Көзбен көріңіз. Бағасын беріңіз. Дұрысы осы. Ал біз өз тарапымыздан мынандай түйін жасай тұрайық. Осыншама алып құрылыстың қарқыны әлі күнге бәсеңдемеуінің бір сыры бар. Ол дәл болжамның дәніндей болған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Президентіміздің 2001 жылғы 29 маусымдағы Жарлығы еді. Құрылыстың қанын қыздырған құжат. Орындалуынан шапағат ескен құжат. Бастапқыда АЭА аумағы 1566,3 гектар болатын. Құрылыс кемеріне сыймай бара жатқан соң, ол аумақ 2005 жылы бір кеңейтілді. Осы жуырда тағы қосымша телім бекітілді. Арқаның асқақтығы осыдан-ақ байқалар. Арнайы экономикалық аймаққа инвестициялар қаржы түрінде де, құрылыс технологиялары түрінде де судай ағылды. Бұған бірінші кезекте оған беріліп отырған преференциялар мен жеңілдікті салық салу режімі кең жол ашты.
Тәуелсіз Астананың құрылыс серпінін бес жыл бойы (2000-2005) қала, тіпті барша ел ұранына айналған «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып, табысты тұжырымдалғанынан сезуге болатын еді. Астана қызу құрылысымен ел аймағын елеңдетті. «Маған қарап бой түзеңдер!» – деді. Елорданың ұранын күллі Қазақстан қолдап әкетті. Көмек қолын да созуда. Астана құлпыра түссе, қазақ елі жайнай беретінін әркім түсінеді. Тәуелсіз елдің дара мінезі осындай болса керек-ті.
…Арқаның асқақтығы неден көрінеді? Көп мәнісінің бірі – құмарта тартар құрылысы шығар, бәлкім! Кешегі егінді, малды, кенді аймақ бүгінде құрылысымен сәнді өлкеге айналыпты. Мұны біз тәуелсіздік жемісіне телиміз. Арқаның алтын алқасы – құрылысы ғой, құрыш қолдылардың өшпес қолтаңбасындай болған!
…Алтын алқаны тот баспайды!
Егемен елдің елордасы да егемен. Ендеше оның ерекше белгісі не дегенде, еске алдымен 1999 жылғы маусымда бекітілген Астана гербінің жаңа нұсқасы түсуі заңды. Герб авторлары суретші-дизайнерлер Дембай Салауат пен Аманжол Чеканаев талантымен тәнті етті. Олардың бұл жүрек ісіне халық разы. Гербсіз елорданы көзге елестету мүмкін емес. Оның негізіне дөңгелек шығыстық қалқан алынған. Күрең қызыл түсті қамал қабырғасы астарында дөңгеленген көкшіл даладан ақ қанатты сақ барысы көрінеді. Бір ерекшелігі, сол барыстың бейнесі қазақ хандарының бас киіміне ұқсас келетін алтын тәжді скифтік аң стилінде салынған. Мұның мәні былай түсіндіріледі. Бұл бейнелеу – қаланың тағдырлы тарихының, қазақтың соңғы ханы Кенесарының ерлігі мен жанқиярлық күресінің, сондай-ақ, қайта туған мемлекеттің астанасын көшіру туралы шешім қабылдаған республиканың тұңғыш Президентінің даналығы мен батылдығының символы екен! Герб көркі керемет! Көргің келіп, аңсарың ауып тұрады. Соншалықты жылы ұшырайтыны сондай, гербсіз елорданың ажары ашылмайтындай.
Елорда тарихы жазылып жатыр. Оның алтын парағына 1998 жылғы 10 маусым Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері ретінде бедерленді. Ойхой, қандай той-думан болды десеңізші! Алыс, жақын шетелдердің біраз мемлекет басшылары қуанышымызды бөлісті. Өнер, мәдениет тұлғалары жан сарайын арайландырды. Әлем әдемілігіміз бен әсемдігімізді мойындады. Тәуелсіз елдің мінезі мен мұратын таныды. Демократиялық дамуымыздың дара жолын құптады. Сөйтіп, мерей тасыды, өркен өсті. Осындай жетістіктер үшін де Тәуелсіздікке қарыздармыз!
Астана күні 6 шілдеде тойлана бастады. Неге өзгертілді? Әртүрлі пікірлер айтылды. Біреулер Елбасының туған күніне орайластырылған дейді. Негізгі мәнісі мынаған саяды. Н.Ә.Назарбаев 1994 жылғы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлеген еді. Оны азсынсаңыз, 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдаған болатын. Осынау біз келтірген үш дәйектеменің үшеуінде де 6 шілде көрініс беріп, жүректі дір еткізеді. Өзінен-өзі ой туады: 6 шілде қастерлі күн екен! Ендеше неге қала күні болмасқа! Болды! Маусымның басында Арқада күн қыза қоймайды. Ал шіліңгір шілденің басында нағыз жаз күшіне енеді. Осы жағы да ескерілген болар, бәлкім. Мұндай шешім де тәуелсіздік нышанына жарасатын жағымды жаңалық ретінде тарихта қалып қойды.
Күшті ұлт болып қалыптасу ғасырлар еншісіндегі шаруа. Уақыт елегі бәрін сұрыптап береді. Ішкі бірлік пен ұйымшылдық, татулық бар жерде ғана ұлт мүддесі көзделіп, мұраттан шығуға мол мүмкіндік туады. Міне, осындай қолайлы орта Астанада қалыптасып жатыр. Иә, бұл үдеріс жалғасуда. Жуыр маңда «Тиянақталып бітті, нүкте қойылды» деп, кесіп-піше де алмаспыз. Кезінде Көшбасшымыз мемлекеттің рухани ұстыны, адамгершілік қуаты мен өркениеттілік деңгейі көп ретте ғылым, мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің белсенділігіне қарай айқындалатынын, сондықтан да қоғамда жазушы, ғалым, әртіс сөзі өтімді екендігін ескерткен болатын. Елбасы ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тілге қатысты да жанашырлығын үнемі сездіріп жүр. Бұл – бір адам емес, миллион адам атқаратын міндет, парыз.
Астанада қазақы рухтың асқақтығын қамтамасыз етудің көптеген алғышарттары бар. Оның белгілері сөзбен ғана емес, нақты іспен әдіптелген. Мәдени, әдеби, өнер ортасы Алматыдағыдай құнарлы болмағанымен, шүкір, өзінше өркендеп, қызықтыра тартады. Операмыз, театрымыз, филармониямыз бар. Әлем жұлдыздары да жиі ат басын бұрады..
Ал тіл мәселесіне келсек, Астана әкімдігі ресми іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге бейілденуі – өте құптарлық қадам. Астана көп игі істердің өнеге көзі, бастаушысы екендігін ескерсек, өзге өңірлер оған қарап бой түзер, сөйтіп ұлттық рухымызды желпінтер деген дәмеміз зор. «Өз тілімізбен өмір сүрейік!» деп Елбасы айтудай-ақ айтып жүр ғой. Тіпті болмағасын ұғымға оңайлатып: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп саналы болуға шақырған жоқ па?! Бұл жөнінен ұяттымыз, Тәуелсіздігімізден ұят! Астана да тілдік намысын қамшыламаса болмайды!
Сөз қолданысымызға енген осы бір ұғым ұрымталдығымен әсерлі естіледі. Жүректі жылытып, жан жадыратады. Бұл – Елбасының Астананың әлемдік бедел-абыройын көтеруге бағыштап айтқан әсем де әдемі әуезді, ұғынықты сөзі. Қаланың беделдік бейнесін көтеру үшін не істеу керек? Елбасының түсіндірмесіне жүгінсек, біріншіден, қалаға әлемдік бизнесті тиімді тарта білуіміз керек. Осы бағытта не тындырылды? Елбасы алыс, жақын шетелдерде ресми сапармен болған кезде міндетті түрде бизнестің көрнекті өкілдерімен әңгімелесіп, пікір алысады. Жаңа астана салудың бастапқыдағы қаржысы төбеден сау ете қалған жоқ. Бір ғана мысал. Н.Назарбаевтың беделін аса жоғары бағалайтын Катар әмірі 6 миллион 840 мың АҚШ долларын қайтарымсыз ұсынып, «Нұр-Астана» мешітін салдырды. Бизнесі өркен жаяр қаладан инвестициясын ешкім аямайды. Соның мысалын «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағынан келтіруге болады. Демек, Астана әлемдік бизнестің көз құмарына айналды деген сөз. Әлемдік бизнеске қаланың беделдік бейнесі әбден әсер етті деген сөз.
Беделдік бейнені сомдауға іскерлік туризмнің айрықша ықпалы бар екен. Ол жағы да дәлелденді. Батыс, Шығыстан толассыз жөңкіліп жатқан іскерлік туризмнің ағыны соның айғағы. Келген шаруасын дөңгелетіп, көңілі тоғайған іскер адамның елордада тамашалайтын жерлері жетіп жатыр. Бір «Бәйтеректің» беделі неге тұрады? Биіктігі – 97 метр! «Бәйтеректің» алтын жұмыртқасындай шар, мысалы Эмираттарда 56 метр, ал Италияда небәрі 20 метр биіктікке орналастырылғанын ескерсек, біздің биіктік беделімізге қайтіп теңессін олар. Қос жағалауына қала салынып жатқан ерке Есілді анау Сена, Темза, Мәскеу өзендерінен бір сүйем кейін қоюға дәтің шыдар ма? Бедел солай салыстырмалы түрде жиналады. Беделдік бейненің өзі – береке, ырыс, бақ, құт қой! Беделдік бейне ұлттың намысынан жаратылатын сияқты.
Елорданың беделдік бейнесін одан әрі жарқырата түсу үшін құрылыс сапасына деген талапты күшейту керек екен. Оң сөз. Шынында да, сапа жөнінен ойласатын толғақты мәселелер қордаланып қалғандай. Беделді сан емес, сапа әперері мәлім ғой.
…Нағыз адамның белгісі – кісілік. Ал кісілігі мол тұрғындары көп шаһардың бақыты өзгеше. Беделі одан әрмен! Адамына қарап қаласын танитын уақыт келді.
Беделдік бейнеңмен берекелі бол, Астана!
АСТАНА.