АЙДЫНЫ КЕҢ «ЖЕЛҚАЙЫҚ»
26.08.2022
705
0

Сонау студент­тік алтын дәурен жылдардан бері казіргі қабырғалы қаламгер Тұрысбек Сәукетаевтің қай шығармасын да сиясы кеппей жатып оқып жүрген қазақтың бірімін десем, әсте асырып айтқаным емес. Әңгіме бекетінде аса көп аялдамай, алты-жеті әдемі хикаят­ты асықтай иіріп, алшысынан түсірген біздің автор әсіресе соңғы отыз жылдың орайында жүрдек қаламын қазақ романистикасында қайқы қылыштай серпілте сермеп, көсілте жазып кең өріске шықты. Осы рет­те өр мен ылдиын, қатпар-қабат­тарын өзіміз барша замандастарымызбен бірге көзбен көріп, көңілде түйген аласапыран заман мен алмағайып қоғамның соқталы кезеңдерін айнаға түсіргендей айқын сурет­теген «Қилы тағдыр» романдар топтамасының жөн-жобасы да, жосық-жосыны да бөлек дер едік. Бұрын да айтқанбыз, әлі де айтамыз. Осынау жақсылықты айтқанда қызғанышқа бой алдырмайтын, жауырды жаба тоқымайтын парасат­ты пікірлес­теріміз де баршылық.

Топтаманың беташары – «Айқараңғысы» романы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне арналған. Екінші кітабы – «Бұлағай» кейіпкерлердің көтерілістен кейінгі талқан болған тағдырларын тола­й­ым тарқатып әкетеді. Біз бүгінгі әңгімеміздің арқауы етіп аталған романдардың заңды жалғасы, яғни үшінші кітабы – «Желқайық» романын алып отырмыз.
Романдар циклының «Қилы тағдыр» деп аталуы бекер емес. Әлбет­те, бұл атау әуелі ұлы Мұхтар Әуезовтің халқымыздың басынан өткен қасірет­ті де қысталаң уақиғаларды мөрлеген әйгілі «Қилы заманын» еске түсіреді. Осы бір сыртқы ұқсастықты Т.Сәукетаев шығармасы ішкі үйлесіммен, замана топанында желқайықтай бағдарсыз қаңғалақтаған тарау-тарау тағдырлардың сүйініші-күйінішінің галереялық көркем сипатымен ақтап шыққан. Абай сөзімен анықтағанда, заманы илеген талқылы тағдырлар, заманның сүйреткісінде тау толқындар қақпақылдап қалт-құлт еткен қайық-тағдырлар, сұм заманға күйлеген сұмырай тағдырлар… Аса тартымды оқылатын, адамды бірден баурап алатын, айнадан көрсеткендей де емес, қым-қуыт өмірдің қарбаласына қолыңыздан жетелеп, байқатпай кіргізіп жіберетін тұрпаты бөлек романнан осылардың бәрін табасыз, неге олай болғанының сырына мелдектеп қанасыз.
Аңдатпасында мейлінше дәл аңғарылып, тап басып айтылғандай, «Желқайық» – көп салалы, күрделі роман. Азат­тық қарсаңындағы қазақ қоғамының әлеумет­тік халі, рухани болмысы психологиялық кең ауқымда көркемдік қуатпен барынша шынайы сурет­телген. Шығармада жас ғалым Бахтияр-Зухра, өмірін ғылымға арналған фанатик Ахметов, бір кезде партия, заң орындарында қызмет етіп, кейіннен ғылымға келген, қылмыс әлемімен астыртын жалғасқан жымысқы Аманбаев, тағдыры аянышты Мотя тәтей, «Сыған», т.б. сюжет­тік линиялар бар. Әр желі өмір құбылыстарының түрлі аспектілерін кең қамтып, өзеннің тарам-тарам саласындай бір арнада тоғысып отырады. Кейіпкерлердің қым-қиғаш тағдыры арқылы автор өмірдің небір шытырман қалтарыстарына терең барлау жасап, бүгінгі қайшылыққа толы болмысымыздың шынайы бейнесін айшықтауға талпынған».
Осы ілкімді пайымға біздің де қол қоймасқа әддіміз жоқ. Тек мұндағы «айшықтауға талпынған» деген тұжырыммен келісе алмайды екенбіз. «Талпынған» емес, айшықтаған; болмыстың, қоғамның, өзі бейнелеген заманның толыққанды шынайы бейнесін кәміл һәм кемел жасап шыққан дер едік. Кетпектей романды әр ретінде де асқан қызығушылықпен екі қайтара оқып шыққан қатардағы оқырман ретінде айтарымыз: бұл арада талпынған деп мәймөңкелеудің еш қажеті жоқ. Жақсыны жақсы деп айтудан, нұрын тасытудан жалтармайық, ағайын.
Жақсылығы неде десек, әрине, ең алдымен, жазушының жан-жақты шеберлігінде, көркем шындық пен өмір шындығын біртұтасқа айналдырып, майдан қыл суырғандай жымдастырып, қабыстыруында. Соған қоса, тақырыпты терең меңгеріп білу мен суреткерлік қиял шарықтауының шабыт­ты шақтары сомдаған сурет­тер, көріністер, уақиғалар, эпизодтар, детальдар тізбегінің керуен-көші көкей-көңілге жып-жылы боп, ыстықтай қауып ұялай қалатыны қандай! Тұп-тура осы романдағы өмірдің өз ішінде, кейіпкерлерімен аралас-құралас, қоян-қолтық қасында жүргендей күй кешесіз, олардың қуанышына сүйінесіз, бірге қайғырасыз, жымысқы жамандығына, жауыздығына қапаланасыз, назаланасыз, ызаланасыз. Оларды білетін сияқтысыз. Мынау кім деп тосырқамайсыз. Сөйтіп, өзіңіз де солардың біріне айналып кеткендей боласыз. Ал ол кейіпкерлер кітап парақтарын аударыстырған сайын мұқабаның сыртына шығып, ақиқат өмірге қадам басады. Т.Сәукетаев кейіп­керлері осы өмірде, біздің арамызда жүр. Тіпті, кейіпкер деуге де аузымыз бармайды. Олардың бірқатарын түстеп танимыз, біразын жыға танымасақ та, шырамытамыз. Шын мәнісіндегі көркем туындының нағыз кереметі де осындай болса керек-ті. Сол керемет қасиет «Желқайықтың» өне бойынан өре түрегеледі.

Зұлымдықтың эволюциясы
қандай?

Осынау романда сүгірет­телген уақиғалар келмеске кеткен керез Кеңес Одағының тұяқ серпер соңғы жылдарында өтеді. Автор ешкімді, ешнәрсені көрінеу күстәналап ғайбат­таудан ада, жылтыраған жалғани жалпақ пафостан да мүлдем аулақ. Оның темірқазық нысанасы – шынайылық пен қаз-қалпындағы қарапайым өмір. Ақылдымсыған құрғақ пәлсафа соқпайды. Табиғат сурет­терін де тым әсірелеп бояуын қалыңдатпайды. Көркем баянның бүлкілдеген жорға желісінен оқырманды жалықтырар тит­тей кінәрат таппайсыз. Әр тарауында бір-бір хи­каятқа, тіптен, романға татитын оқиғалық желілер, тағдырлар тайталасы тұңғиық иіріміне баурап тартады, татаусыз төгілген шұрайлы тілмен өрілген композициялық түзілімнің мінсіз мүсінділігі мен сурет­теу тәсілінің сұлу сипат­ты саналуандығы қайран қалдырғандай. Қоғам мен заманның болмыс-келбеті адамдардың, яғни кейіпкерлердің күнделікті тыныс-тіршілігінен, ақыл-парасаты мен ой-санасынан, мінезінен һәм қарым-қатынасынан қапысыз көрінеді. Сол бір сұрқай да солақай уақыт­тың жанды қаритын суық ызғарын, безбүйрек қатыгездігін сөйлем-сөздердің сыбдырынан, кітап парақтарының судырынан да айқын сезінгендейсіз. Бұл да романның көркемдік қуатының тылсым бейнелі терең қасиет­терін танытса керек.
Оқиғалар желісінің кіндігі табиғи түрде жас ғалым Бахтияр мен оның таңғы шықтай таза жары Зухраның төңірегіне байланғандай. Осындай зифа ғашық жарға туған күнінде бар әлемді сыйлар еді. Әт­тең, шіркін, қол қысқа! Бірақ бір-бірін қылаусыз сүйген жүректер байлықсыз-ақ бақыт­ты. Туған күнді Алатау бөктерінде жұпыны ғана оңаша атап өту сол бақыт пен шат­тықты одан әрі еселей түскендей. Әр күндері қимай қоштасу, сағынып көрісу… Қызығасыз. Екеуін де жақсы көресіз. Бахтиярға ер көңілді адалдығы, шыншыл зият­тығы, жақын жандарға жанын үзіп тұратын сергек елгезектігі үшін қалай өзімсіне бауыр басқаныңызды білмей де қаласыз. Өйткені ендігі еркіңіз романның еркіне бағынышты.
«Желқайық» бірте-бірте кең тынысты шырайлы шығарманың жарты дүние дерлік жалпақ әлеміне, толғанысы алай-дүлей буырқанған толқымалы айдынның ішкі иірімдеріне жетелейді, айсберг астындағы ағыстармен үзеңгі қағыстыра алға заулайды. Романға кіргенде, кәдімгі өмірге кіресіз. Өмір болған соң онда бәрі бар: махаббат пен ғадауат та, опасыздық пен сатқындық та, арамдық пен қулық та, қиянат пен зұлымдық та, алдау мен арбау да, адал дос та, ата дұшпан да… Бахтиярдың ұстазы профессор Ахметовтың өмір жолы халқымызға кеңестік залым жүйе әкелген қасірет­тердің бейнелі нышанындай аянышты мұңға бөлейді. Оның әкесі де, атасы да совет­тік ГПУ жендет­терінің қолынан ажал құшқан, өзі бесіктен белі шықпай жатып ашаршылық азабын тартқан, ақыры, өлдім-талдым дегенде жетім балалар үйіне түсіп аман қалған. Сөйтіп, оның түсінік-танымында өзін бағып-қаққан, адам қылып жеткізген қамқоры совет өкіметі, «айналайын советім» болып шыққан. Қызыл саясат­тың санасын улап тастағаны соншалық, әкесін өлтіріп жетім қылған кім?.. Ол жағына онша көп бас ауыртпайды. Қазір атпал ғалым, қоғамның адал азаматы. Десек те, жеке трагедиясы бір басына жетерлік. Ең жақын ет бауыры – ұлы мен қызы заманның илеуіне түскен. Бірі – жынды, екіншісі – нашақор. Осы қайғысы аз болғандай, көп үміт артып, көптен жазып жүрген ғылыми еңбегі қолжазба күйінде қолды болып ұрланып, өзін әлдекімдер соққыға жығып, енді ес-түссіз өлім халінде жатыр.
Ол «әлдекімдер» жақын төңіректе жүрген сыңайлы. Аяқ астынан Аманбаев-бастықтың химия саласында елеулі жаңалық ашқан керемет монографиясының атағы жер жарып, арысы Мәскеу, берісі Алматыда дүркірей жөнелді. Абыройы зор алаяқ Аманбаевтың қандықол тапсырысын орындаушы қылмыс әлемінің серкесі, түрмеден «төре» болып шыққан Сыған-Базарғұл, Аманбаевтың ауызын майлап, сол үйдегі жеңгесін шайлап-шайлап ғылым кандидаты атануға өлермендене жанталасқан, 86-ның Желтоқсанында жалған куәлік беріп өз басын арашалап, жолдасын сот­татып жіберген жылмақай Қосымхан… Расында да, «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?!». Заманға күйлеген жамандарыңыз осылар. Осындай кісәпірлікке олар қалай жеткен? Бұған дейін қандай кесірлі қым-қуыт­тардан өткен? Зұлымдықтың эволюциясы қандай? Адамның мінез-құлқы мен болмысы қалай, қайтіп өзгерген? Мұның бәрін автор мың бір түннің хикаясындай жарқыратып жайып салады.

Уақыт­тың ұсқынын ұтымды көрсеткен жиынтық бейнелер

Етек-жеңі кең пішілген романды оқи отырып шын шеберлікте шек болмайтынына көз жеткізгендейміз. Әр тағдырдың орайында қазақтың жүз жылдық баян-шежіресі қамтылады. Баяндаумен емес, көркем сурет­телген оқиғалар арқылы. Бахтиярдың Алматыға протез алуға келген балдақты нағашысы Шәуәлидің ғұмыртарихынан, башқұрт солдат Мұхаметшенің мұңынан, Жәрке-Қалқаман әңгімесінен, Мотя тәтейдің шер-шеменінен ақ пен қызылдың қазаққа салған қырғыны да, отыз жетінің ойраны да, ашаршылық нәубеті де, совет империясының бұратана халықтарға ғана емес, өзінің ізгі мұрат­ты орыстарына да жасаған қысас-қысталаңы да көрініс табады. Отанын сатқан опасыздардың Ақмола лагерінде – АЛЖИР-де зор­лықтың шарана-нәресте құрбанындай болып дүниеге келген, сол себепті туған шешесі аналық мейіріммен сәбиім, балам деп елжіреп қабылдай алмаған байғұс Мотяның анасы Елизавета, оның күйеуі, ақ гвардияшы офицер Алексей, зорлықшыл лагерь бастығы Федор Седов һәм басқалары өз замандарының ұсқынын ұтымды көрсеткен жиынтық бейнелер деп те айта аламыз.
Бахтиярдың балалық шағының тәт­ті елесіндей жайлау қызықтары, қазақ ауылының қоңыр тірлігі, қой қырқымы, қыз қуу, қазақы тұрмыс бүгінгі оқырманды сонау алыстан қол бұлғап еліктіреді. Романның танымдық мәні де үлкен екенін байқаймыз. Жылан жұтып қойған адамды ат­тың терін ішкізіп аман алып қалған көне қазақ емшілігінің кейбір құпияларына құмарта таңданамыз. Роман тараулары табиғат­тың өзіндей тартымды: құлпырады, құбылады, түнереді, ашылады, мұңаяды, жадырайды. Автордың зейін-зердесіне, өмірдің қатпар-қырларын терең білетіндігіне тәнті боласыз. Түрме ішіндегі өмір, оның өзіндік ерекше қатал, жазылмаған заңдары, қатыгездігі мен қиыннан қиысар әділдігі, ол жерден арды таптатпай, адамдықты сақтап шығудың құз-қиялары күнде көзбен көріп жүргендей барынша иланымды әңгімеленеді. Одан әрі еркіндіктегі қылмыскерлер ортасы, жүздеген жастардың өмірін қор қылып, тауқымет­тің ми батпақ жылымына батырған есірткі лаңы, нашақорлық нәубеті, оны ұйымдастырушылардың зы­миян­ амал-айласы, сол сұрқиялардың құрығына түскен сормаңдай бейбақтардың қасіреті көңілге алаң кіргізеді, шындық шырылына құлақ түргізеді. Кітаптың тағылымы, тәлімгер-тәрбиешілігі өмірдің өзіндей шынайы осындай ақиқат­тар мен ахлақтардан бастау алса керек.
Бір ғанибеті сол, мұнда көлденеңнен қосылған, зорлықпен таңылған, сюжет желісіне сіңіспей тұрған бірде-бір кейіпкер жоқ. Айталық, горбачевтік қайта құрудың да қызығын қолынан келіп, қонышынан басқандар көрді. Бұрынғы дөй бастық Шықаң – Шынарбай Ашотович жоғарыдағы лауазымды інілерінің көмегімен министрліктің үлкен жатақханасын жекешелендіріп алып, сұлулардың саудасын, мауыққандардың сауығын қыздыратын қызойнақ мейманханаға, ашыналық махаббат синдикатына айналдырады. Шықаңның өзі – тұрған бір тип. «Зу-зу» атанған Ұлбану жеңгетай да жүзіктің көзінен өтіп лыпылдаған нағыздың өзі. «Опаққа сопақ үйір» дегендей, екеуінің сұрқия сумақайлығы қосыла келгенде жұғысып кеткен ақты қаралайды, адалды арамдайды, тұнықты лайлайды. Бұлардың ынсапсыз ындынына, ұятсыздық ұясына түскен сондай мүсәпір мұңлықтар қатарында бұрынғы бала ғашықтар: Чернобыль апатының жалыны бүкіл болашағын шарпып, тас-талқан етіп күйдірген бұрынғы жігіт­тің төресі Тұрар мен бұрынғы тұма бұлақтай мөлдір, адал махаббат­тың аққуы дерлік Роза да бар. Замана илеуінде мансұқталған, тағдырлар күресінінде күлкілі күлдібадам болған махаббат хикая­сының күйігін күңіренбей, күрсінбей оқу мүмкін емес.
Эпизодтарда көбірек көрініп, көңілді жүретін, анықтап қарағанда ғана аңғарылар «қатпар-қатпар әжім торлаған, қылтанақсыз кемпір бет» Биназардың жайшылықта білдірмейтін қара батпан қайғысы ішінде екенін кафедрада бірге істейтін, күнде бірге жүретін жақын досы Бахтияр да білмеген екен-ау. Тек ерепейсіздеу түр-тұлғасы мен атына бола «Динозавр» деген лақап ат жапсырып, құрдастық қалжыңға сайғаны болмаса. Ішкілік араласқан ауыр әңгіме үстінде абыралылық Биназардың жан запыранын ақтарып, сау-тамтығы қалмаған тәнінің зақымдарын жа­йып салған шерлі сүгірет-баян атом тажалының қазаққа ашып үңірейген қанды аранын қапысыз бейнелейді.
« – Жиырма сегізде емессің бе! – деді сол арада Қасымхан кіндігін өзі кескендей саңқ етіп.
– Ол – менің паспорт­тағы жасым. Шын жасымды білгілерің келсе, міне, бері қараңдар!
Биназар шашын шеңгелдей ұстап жұлып алғанда сопаң етіп шыға келген доп-домалақ жылтыр бас шамға шағылысып, айналаны жарық қып жібергендей болды. Таңырқап үлгергенше болған жоқ, келесі сәт­те тісін таңдайымен қоса саудыратып суырып үстелдің үстіне қойды. Ауызы опырылып, имек тұмсығының ұшы иегіне тиер-тимес. Екі ұртынан сойдиып екі тісі шығып тұр.
…Аңырайған-саңырайған құбыжық сөйлеп отыр. Дауысы мүлде жат, бөтен, көмейінен тұншыға, ысылдап шығады:
– Міне, менің нағыз жасым! Қаусаған шалмын, отыздағы шалмын! Жо-жоқ, шалдан садаға. Мен – адамның ұрпағы емес, атомның ұрпағымын! Қараңдар, міне! Ха-ха-ха-ха!..»
…Біз де Биназармен бірге шерленеміз. Өзегіне өз өміріміз, өз өксігіміз өрілген өмір-роман кейіпкерлерінің қорғансыздығына жүрегіміз ауырады, қайранымыз қалмай жігеріміз жасиды. Міне, сол шапқатсыз кезде бізге көмекке Ханым келеді. Қара ниет қаскөйлікке қарсы шыққан ақ мысық зұлым соққыдан ес-түссіз жатқан иесі Ахметовке құдірет­тің күшімен шипа дарытады. Бірақ сауығып, тілге келіп сөйлейтін болса әшкереленіп қылмысы ашылатын болған соң қас дұшпаны қарт профессорды бәрібір амалын тауып өлтіріп тынады. Қаскөйдің жазасын Ханым беріп, Аманбаев­тың ажалы Алланың әмірімен әділет орнатқан ақ мысықтан келеді. Жазушы шеберлігі мен суреткерлік қиял байлығының жемісі – Ханым мысықтың образы жаңашыл жетістік десек, қанеки. Осы қатарға қанын арқалағаны үшін, өмір бойғы қанқұйлы істері үшін бейне арылып ақталғандай Ахметов қабірінің басында атылып өліп романды түйіндеген Сыған-Базарғұл бейнесін де қосамыз. Жалпы, мұндағы барлық кейіпкерлер жайында дәл осындай пікір түйе аламыз. Иә, шеберлік шыңындағы сәулелі қаламгер Тұрысбек Сәукетаев мүсіндеген әрбір образ тосын да дара, кесек те кемел, жарқын да жаңа. Ал «Желқайық» романының өзі, тұтастай алғанда, қазіргі қазақ әдебиетінің кең тынысын, кемел келешегін қаптал айқындаған өміршең де өрелі, маңдайалды шығармаларының бірі де емес, бірегейі екендігіне қол қоямыз.
…Тулаған толқындардан, теңіздің сұрғылт тұманынан байтақ айдынға шыққан «Желқайық» алда жарқыраған шыраққа бет түзеді. Бахтияр мен Зухра, Биназарлар жан-жүректерін аласапыран ішінде де тұма бұлақтай таза қалпында сақтап қала алды. Үміт өшкен жоқ. Өмір жалғасуда. Романда аса сәт­ті сұлбаланған тұтастай бір күңгірт кезеңнің, атау кересіне тұншыққан шұбар заманның сұрқай түнегі түріліп, жан түкпірінде жарық сәуле маздап жана бастағандай. Әмин, лайым солай болғай…

Қорғанбек АМАНЖОЛ
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір