Ынтымақтың ұйытқысы
06.07.2018
969
0

Алтай КӨЛГІНОВ,
Батыс Қазақстан облысының әкімі


Қадірлі қазақстандықтар! Сіздерді еліміздің бас қаласы – Астана шаһарының 20 жыл­дық мерейтойымен Батыс Қа­­­зақстан облысы тұрғын­да­ры­ның атынан шын жүректен құт­тықтаймын! Егемендіктің елең-алаң кезеңінде, тәуел­сіз­діктің таңсәрі жылдарында ел­дің астанасын көшіру Ел­ба­сыға да, ел-жұртқа да оңай ти­мегені шүбәсіз. Сөйте тұра отан­дастарымыздың ынты­мағын нығайтар, кең байтақ қазақ жерінің тұтастығын бекемдер стратегиялық қадам өтпелі кезең, өліара шақтың өзінде сәтті жүзеге асты. Мұның өзі ел-жұртын сөзіне ұйыт­қан Елбасының һәм оның соңынан ерген ел-жұрттың арқасы. Міне, осындай халық пен биліктің бірлігінің негізін­де біразырақ жылдың бедерін­де ерке Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде сәулетін суреттеуге сөз керек, көркін көруге көз керек, шұғылалы таңның арайындай, қырдың гүлі қызғалдақтай жайнаған ару қала – Астана бой түзеді. Елордамыз ерке Есілдің жаға­сына қонғалы ерке сылқым Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң жұрттың үлкен-кішісі­нің біразы әсем Астанаға арнайы барып, кең байтақ Қазақ­стан­ның бас шаһарын тамашалап, оның сәулет-салтана­тына сүйсініп үлгерді. Әрине, бұл көш-керуен тоқтап қалмасы, толастамасы әмбеге аян.
Күндіз күннің нұрындай, түнде айдың сәулесіндей жар­қыраған біздің елордамыз бүгіндері әлемдегі ең сұлу, ең сәулетті бас қалалардың бірі. Бұған қоса Астана шаһарында дүниежүзілік дәстүрлі діндер дінбасыларының бірнеше рет басқосуы, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның саммиті, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі және Сириядағы соғыс өртін бейбіт жолмен реттеу бойынша келіссөздер өтуі Қазақстанның бас қаласын әлемге береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың ұйытқысы ретінде паш етті. Отанымыздың абыройын асқақтатып, даңқын асырған осындай алқалы жиындар мен қадау-қадау шаралар Қазақ­стан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы қажырлы да қарымды саяси қайраткер екендігінің айшықты мысалы, айқын дәлелі. Елбасының қия­дағыны көретін, қиян­дағыны шалатын стратегиялық саясатының арқасында бүгінде Астана мемлекетіміздің қоғам­дық-саяси орталығы ретінде нық қалыптасып, енді қалам­гер қауымның, ақын-жазу­шы­ларымыздың шығармашылық әлеуеті арқылы Отанымыздың әдеби-мәдени ордасына айна­лып келеді.
Барша қазақстандықтарға ортақ мерейлі мереке – ару Астанамыздың 20 жылдық мерей­тойы құтты болсын! Сіз­дерге зор денсаулық, қажымас қайрат және отбасылық баян­ды бақыт тілеймін! Отаны­мызды өркендетіп, туған еліміз­­­ді гүлдендіру жолындағы ортақ еңбегіміз үнемі жемісті болғай!


Гүлзар бақ тарту етпек

Батыс Қазақстан облысы «Аймақтардың Астанаға тартуы» жобасы аясында жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге көлемінде қаржы бөлген. 2017 жылдың желтоқсанында аймақта БҚО-ның Астанаға сыйлайтын ескерткішінің үздік эскизіне байқау жарияланған. Байқауды елордалық мүсінші Мұрат Мансұров жеңіп алды. Құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Аталмыш ескерткіштің биіктігі іргетасымен есептегенде 6 м. құрайды. Ескерткіштің құны 100 млн. теңге болмақ. Бұған қоса, Батыс Қазақстан облысы елорда мерейтойының құрметіне гүлзар тарту етеді. Ол Жеңіс даңғылы бойында орналасады деп жоспарланған жалпы ауданы 1,5 га болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір