Еліміздің бойтұмары
Нұрлан НОҒАЕВ,
Атырау облысының әкімі
Құрметті қазақстандықтар! Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көрегендігімен бас қала атанған, ажары кіріп, айбыны асқақтаған Астана еліміздің бойтұмарына айналды, тұрақты дамудың, өсу мен өркендеудің даңғыл жолына түсті.
Қазіргі Астана – саяси көшбасшылар, іскер серіктестер мен инвесторлар, діндер мен конфессия өкілдері мен зиялы қауым кездесіп, кеңес құратын қала, шығармашылық жоспарларды, инновациялық идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыру алаңы.
Елорданың келісті келбеті күн санап жаңарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен, күмбезі күнмен таласқан ғимараттарымен көрер көзге көркемдік сыйлап, әлемді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде әз Астанамыз жылдар өте келе Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз.
Аяулы Астанамызды жаңа жасымен құттықтаймын! Тұғырың биік болсын, егемендігіміздің Елордасы! Туған күніңмен, Астана!
Атыраудың Астанаға тартуы
Атырау облысы Астана мерекесіне орай «Аймақтардың Астанаға тартуы» жобасы бойынша ерекше көпір тарту етті. Көпір саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайды. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көпірді таныстыру барысында «Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады», – деді.
Елбасы жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдіріп, «Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек», – деп атап өтті.
Көпірде 3 мыңнан асатын темір жапырақтар орнатылған. Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар.