Ақындардың әулиесі
Сағдолла Нұралиннің кезінде аға сұлтан Құнанбайдың немересі Әзімбайдың Бердеш деген ұлының 1931 жылы Шәкәрім қажымен бірге Қытай жеріне қашып келе жатқанда басынан өткізген жағдайларын, онан Бердештің Сағдолла Нұралинге Абай, Шәкәрім, Қажымұқан, Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы айтқандарын Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай байланысымен, нақ шындық болғаны үшін халыққа табыс қылуды үміт етіп жолдадым.
Аға сұлтан Құнанбай қажының екінші ұлы Тәңірберді дегеннің Әзімбай деген болыс ұлынан туған Бердеш деген азамат 1931 жылы Советтер одағының ашаршылық, аяусыз тап күресі жылдарында Алтайдың Қаба ауданына қашып келіп, 1940 жылдарға дейін Қабада тұрып, онан Алтай ауданына барып 1955 жылдары қайтадан Қазақстанға көшіп кетеді екен. Ол кісі Қабада тұрғанда Қабадағы ел ол кісінің мінезінен ығып көп жақындасып, сырласа алмайды екен. Бірақ, Сақаң онымен өте жақын болып сырласып жүріпті. Сақаңның айтуында бір жолы Бердеш: «Мен осы жаққа келген соң Құнанбай болғанды қояйын деп едім, сен бала түрткілеп сөйлетіп қоймадың ғой», – дей келіп, Құнанбай ұрпақтары жайлы төмендегідей әңгімені айтып берген екен.
Құнанбай ұрпақтарының қарашаңырағы Оспан еді. Ол Құнанбайдың өз кіндігінен туған 6 ұлдың ең кішісі еді, Оспан 3 әйел алса да, бала болмаған. Оспан өлген соң оның үлкен әйелі Еркежанды Абай некелеп алады, Еркежан отырған Оспан үйі Құнанбайдың қарашаңырағы есептеледі. Оспанның малы, жер-су, қыстау қора жайлары, жайлаудың шұрайлысы, қыстаудың түңкелісі сол үйге тән еді. Оспан 1891 жылы 39 жасында қайтыс болды. Менің әкем Әзімбай Абайға наразы болып, Құнанбайдың орнын сен басып қалдың деп дау шығарды. Араздық туылған соң Абай атамыз бұл істі Тобықтының игі жақсыларының берекелестіріп бітіруіне тапсырады. Сонан ел адамдарының кеңесі бойынша Оспанның саржорға атын, бір қора қойды қыстаулығымен, 200 жылқы беріп, әкем Әзімбайды разы еткен еді.
Біз 1931 жылы Тарбағатай Бақты шекарасынан Жұңго жеріне қашып өттік. Сол кезде жоғары жік байлардың, билердің ұрпақтары, оқымысты Қазақ зиялылары қуғынға түсіп, халық жаулары деген атпен түрмеге жабылып, тергеусіз-ақ атыла бастады, жер аударылды. Бұл қатарда біздң Шәкәрім қажыға да қуғын түсіп, қолға алынатын болғанда, біз 19-20 адам қашып шығып Жұңго жеріне өтпек болып, Шыңғыс тауына шықтық. Қызыл армия артымыздан түсіп, қуып соғыс болды. Шәкәрім қажы бір топ аршаны паналап атып отырды, мен оның мылтығына оқ беріп тұрдым. Бір уақытта қажының «Алла» деген даусы шықты, кеудесінен оқ тиген екен, күн кешкіріп қалған еді, бізді қуғандар шегінді. Біз биік тұрғыны иелеп алған едік. Қажыға оқ тиген соң бәріміз шулап-шұрқырасып қажының қасына жиылдық. Сонда Шәкәрім қажы бізге: менің бұл дүниеден дәмім таусылды. Хош, елге сәлем айтыңдар! Өздерің маған айланбай, бүгін түннен қалмай тез кетіңдер, Жұңгоға өтетін екі шекара бар. Бірі – Сауыр, бұл Алтай абақ керей елі, керейде бұрын Мами деген адам болған. Қазір ол қайтыс болған. Мамиден кейін керейден пәлендей адам шықты деп естігем жоқ. Керей елінің бізден іргесі ерте бөлініп кеткен еді, азып-тозып барғанда қалай қарайтынын кім білсін?! Екінші шекара – Тарбағатайдың Бақты деген жері. Онда барсаңдар, қалың найман бар. Найман бізбен бір ененің ұрпағы, іргесі алыстамаған, қонысы жақын өскен ел еді, суық бауыр бола қоймас. Менің сүйегімді жайлауындағы қуысқа қойып, Жидебайдағы елге хабарлап кетіңдер. Солар жерлеп қояр», – деді де аузы жыбырдап иман айтып жан үзді. Сүйегін Абай қорғанына қоюды өсиет етті, біз сүйекті өңгеріп өзі айтқан жерге апарып қойып, іңір қараңғысында Жидебайдағы тобықтының егіншілеріне хабарлап, біз міне Жұңго жеріне кеттік, сендер қажының сүйегін Абай қорғанына апарып қойыңдап! – деп айтып қойып, бұл кедейлер ала ма, жоқ па, алмаса қарға-құзғынға жем қыла ма деп күмәнданып, екінші бір биікке шығып бақыладық. Ертесі таңмен бірге күн шыға Жидебайдағы егіншілер жиылып келіп, тау басынан сүйекті алып түсті. Кешінде біз қабір басына келіп құран оқып, қажының және Абай атамыздың қабіріне қош айтып, Тарбағатайды бетке алып жүріп кеттік. Күндіз тасада бекініп жатып, түнда жүріп бір жұма шамасында Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өттік», – депті.
***
Аукіш Шәкәрімнің атшысы болғандықтан, ұзақ жыл Шәкәрім қажыдан бір елі айырылмаған. Әуелі Шәкәрім қажыға барудан бұрын (Шәкәрім қажыға 46-47 жастарында барған көрінеді) да өз ауылы Абай ауылынан бөлек болса да, көбінде Абай ауылында, Абай мәжілісінде болады екен. Сонда Абай алдында болатын мәжілістердің бәрінен де хабарлы болады екен.
Абай айналасындағы ақындар жазған шығармаларын оқып, орыс классиктерінен аударғандарын айтып, талқылап дулап отырғанда, Қиясбай бұлардың айтқандарын көзге ілмей: «Әй, Абай аға, осылардікі де өлең болды ма, өлеңді мына мен айтқандай жазса болмай ма?» – деп көлденеңнен сөзге килігеді екен. Сонда Абай Қиясбайдың сырын қанық білгендіктен, ал сен айтшы, мыналарға өнеге боларлық өлеңіңді, – деп ішек-сілесі қата күледі екен. Сонда Қиясбай: «Керегенің басынан ат шаптырған, құдағи еркекпісің, ұрғашымысың, құба дөңге жүгіріп шыға келсем, түлкінің төрт күшігі мөңіреп тұр…» деген сықылдыларды айтады екен. Әлгі қызыл керістегі ақындар мұны естіп қарық болып күледі екен. Абай аға сол кезде жарайды! Жарайды! Сонда бұйымтай бар ма? – деп сұраса, е, болады ғой, қысқа жіп күрмеуге келмейді ғой дегенде, Абай оған онда бір қой алып кет десе, Қиясбай өңгеріп жүруге байталдың мінезі шаргездеу еді, жалғыз мал жетекке жүрмес, бірнешеу болса айдап кетерге дегенде Абай оған: «Ол да болады, онда қойшыдан айдауға жүретін етіп 4-5 мал қосып ал» дейді екен. Сол Қиясбай ұзын бойлы арықтау жан екен. Үстіне жазда артқы өңірі қызыл борлаттан, алдыңғы бір өңірі ақ, бір өңірі көктен шапан киіп, бұтына борлаттан сым киіп жүретін адам екен.
Сол Аукіш ақсақал Қытай жеріне Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өтіп, содан Сауан арқылы Үрімжіге келіп, Үрімжінің оңтүстік тау бөктеріндегі (Нансон) Моргу деген жерде қайтыс болған екен. Балалары қазір сол орында тұрады.
***
Шәкәрім Құдайбердіұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен бір жыл туған құрдас екен. Оның үстіне ол екеуі де бүкіл қазаққа танымал білімді жандар болған соң, бірін-бірі жақсы түсініп, араласып тұрады екен. Шыңғыс тауы баурайында бір жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шәкәрім қажымен дастархандас болады, кеңестері аяқтап Мәшһүр Жүсіп аттанарда Шәкәрім қажыға: «Аумалы-төкпелі заман келе жатыр ғой, біреуіміздің ажалымыз Алладан, біреуіміздің ажалымыз адамнан болар», – депті. Сонда Шәкәрім қажы: «Пешенімізге жазылғанын көреміз», – депті. Мәшһүрдің өз үйінде Құдайдың ажалынан, ал Шәкәрім қажы Қытайға беттеп бара жатқанда Шыңғыс тауында қызыл әскердің оғынан қайтыс болады.
Оқырман қауымның есіне сала кетерлік жағдай – Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім қажы әрі құрдас ғұлама, әрі туыс болып келетіндігі. Мына жағдайларға назар аударыңыздаршы. Әбдірахман Абайұлы өз кезінде «Мәшһүр Жүсіптің білмейтіні жоқ екен-ау», – деп таңданғанда ұлы Абай оған: «Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім құрдас, екеуі де дін жолында жүрген жандар. Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын, ол ақын болғанымен Құдайға жақын. Сондықтан Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой», – деген екен. Ал, Мәшһүр: «Сендер ананы да, мынаны да ақын дейсіңдер ғой, мен білетін ақындардың әулиесі – Құнанбайұлы Абай. Ол сияқты өлең шығарған ешқайсысы жоқ», – дейді екен.
Бір жолы сәлем беріп кіріп келген Мәшһүр Жүсіпке Абай: «Мәшһүр болсаң айтшы, Құдай қайда?», – деп сұрайды. Мәшһүр отырмастан: «Құдай жүректе», – деп жауап береді.
Қалиолла Нұртазаұлы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.