Ескендір Сүлейменов
РУХЫҢ ПЕЙІШТЕ ШАЛҚЫСЫН…
«Дүние жалған» деген – осы. Біз ғұмырды қанша ұзақ десек те, талбесік пен жербесік арасы таяқ тастамдай ғана екен ғой, шіркін. Ойламаған жерден оқыс жайға тап болдық. Өйткені, Ескендір Сүлейменов кенеттен көз жұмды. Ол – иісі қазаққа мәлім ақын, Алаш жұртына аты мәшһүр ғұлама ғалым Олжас Омарұлы Сүлейменовтің немересі. Шетелде оқып келіп, Елордамыз – Астанада жұмыс жасаған алғыр да ақылды, іскер де адал, ақкөңіл де ашық, ізденімпаз да ізгі жан, үлкен істі үндемей бітіретін еңбекқор Ескендірдің 27-ге қараған шағында бақилық болғаны барша қаламгер қауымының қабырғасына қатты батқаны айтпаса да түсінікті. Тойымсыз Ажал жанындай жақсы көретін жазушының жақынын арамыздан алып кеткені өкінішті, әрине! Алайда, ол күшке қарсы тұрар қауқар адам баласында бар ма екен?! Әй, жоқ-ау, сірә! Мұндайда атамқазақ: «Болған іске болаттай берік бол», я болмаса «басқа түссе баспақшыл» деген жұбату сөзін айтып жатады. Ол да – демеу! Себебі: «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді!». Ел үшін, жер үшін, Отан үшін атанжүкті көтеріп, аянбай еңбек еткен, қара ормандай қалың оқырманы бар Олжекеңнің қайғысына ортақпыз. Құдай-Тағалам Сүлейменовтер әулетіне күш-қуат, береке-бірлік, денсаулық, амандық берсін! Бәріміздің де барар жеріміз – біреу. Тек бірі ерте, бірі кеш дегендей. Бұл – қаза кезіндегі жай әншейін айтыла салған сөз емес, бұл – жүректен шыққан шынайы сөз. Ескендірдей азаматтың орны үңірейіп бос тұратыны анық. Істеген жақсылығыңның барлығы дерлік о дүниеде алдыңнан шықсын бауырым. «Орнында бар оңалар!». Мінезі жайсаң, әрі әркез көпшіл, кісіге жанашыр, елгезек қалпынан бір таймаған кішіге қамқор аға, үлкенге үлгілі інімізді өзіміз жер басып жүргенде ешқашан ұмытпаймыз. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, рухың пейіш төрінде шалқысын! Әумин!
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы.