Кеш түсінудің ақыры
25.08.2015
1150
0

Абайды оқудағы негізгі мақсат – Адам болу! Ал Абайдың түсінігіндегі Адам болу үш таным ­бірлі­гінен туындайды – Құдайды тану, өзіңді тану, дүниені тану. Құдайды тану, Абайша, оның сегіз тұрақты сипаты мен 99 көркем есімін тану. Ал танымнан махаббат пайда болады! Құдайға деген махаббат! Абай дүние танымын да Тану, Сүю, Ұқсау қатар жүреді. Таныған адам ғана сүйеді, ал сүйген адам еріксіз ұқсай бастайды. 

12Омар Жәлел,

әдебиеттанушы

Сондықтан Абай Құдайға ұқсау идеясын ту қылып кө­тереді. Абай: «Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надан­дықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік­ дағуасыменен емес, соның соңында болмақ» дейді (38 сөз). Ал сіз «Абайды оқу арқылы өсу адамды қандай түсініктерге жетелейді?» дейсіз. Мен айтар едім, Абайды оқу арқылы өсу адамды Құдайлық түсініктерге жетелейді. Өйткені, Құдай тағала адамды жаратқанда өзінің 8 тұрақты сипатын адамның бойына шақтап беріп жаратқан. Бұл енді Құдай­дың адамға деген шексіз махаббаты. Адам енді осы қа­сиет­терді дамытып, гүлдендіріп жүзеге асырғанда ғана Құдай­дың алдындағы қарызы қайтады. Абайдың: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе» дейді (38 сөз). Енді өзіңіз ойлаңыз, Құдайды танып, құдайлық қасиеттерді жер бетінде жүзеге асырған адам қандай өзгеріске түседі? Қандай түсінікте болады? Абайдың меңзеген Толық Адамы да – осы! Толық Адам – Құдайлық жарасым мен гармонияны жер бетінде жүзеге асырушы! ОЛ – Әділетті, Рахымды Ғылым иесі! Біз қазір, біз ғана емес, бүкіл адамзат осы Абайдың Толық Адамына мұқтаж. Бұл асыра айтқан­дық емес, ақиқат шындық! Сондықтан бұл Ілімнің дәмін татқан адам елден ерекболады! Қоғамға пайдалы, Құдай сүйген құлдардың қатарынан болады!
Абайдың өлшемдерін жоғарыда айттық. Қазақ әлі Абайды таныған жоқ. Абайды тану – кәміл мұсылман болу деген сөз. Ал біз қандай күйдеміз? Ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Абай рентген сияқты, кеудеңе тоссаң бүкіл иттігің көрінеді», – дейді. Біз әлі сол Абай айтқан қазақ күйінде қалдық. Бұл ащы болса да – ақиқат! Иттік – өз нәпсіңді жеңе алмау де­ген сөз. Бүгінгі қазақ – әлі сол тойымсыз нәпсісінің құлы: дүниеге ішіп-жеп сол ит-нәпсісінің көзімен қарайды, сол ит-нәпсісінің әмірімен өмір сүреді! Ал Абайды тану – сол ит-нәпсіні ауыздықтау деген сөз, дүниеге енді ер-рухтың көзімен қарау деген сөз!
Абайдың ғылымға деген құштарлығы – һәммәні білетін Алла тағаланың біліміне деген құштарлық. Ол (пенденің ғылымы) Алланың ғылымы емес, бірақ сол һәмманы білетін Алланың ғылымына құштарлық адамға өзіндік ғылым береді дейді. Заманынан иығы озық тұрған Абай феномені­нің сыры да осында! Құдайдың ғылымына ғашық болған, Құдай тағаланың Ғылым сипатына ғашық болған Абай феномені! Ұлы сапарлар, ұзақ жолдар алғашқы қадамнан басталады дейді ғой. Сол секілді осы алапат дүниетанымның бастауы – баланың ғылымға деген махаббатының оянуынан басталады. Сондықтан Абай: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» (38 сөз) дейді. Сондықтан өзге әңгімені доғарып, Абайдың осы сөзіне шұқшиюымыз керек. Осы өлшем – өлшем! Осы баға – Баға! Осыдан кейін ғана жоғарыда біз айтқан, адамды Адам қылатын Үш таным жүзеге асады: Алланы тану, Өзіңді тану, Дүниені тану! Абайдың ойынша, бұл Үш таным жоқ жерде – Адам да жоқ, болғанының өзінде – Шала! Біздің қазіргі Жарым адам, Жарым молла, Жарым мұсылман болып жүруіміздің себебі де – осы. Қазақта бір жаман сөз бар – Жарым-ес деген. Әлбетте, Жарым адамның есі де Жарым болады. Қазіргі біздің Жарым-ес трагикомедиялық сипатымыз осындай. Бұны біз шымбайымызға қанша батса да айтуымыз керек!
Абай қазақ үшін әлі актуальды емес. Біз Абайды мерейтойларда ғана, атаулы даталарда ғана еске аламыз. Абай біздің халықтық дүниетанымның қайнар көзіне әлі айналған жоқ. Абайды халық ретінде кеш түсіну, кеш оқу­бізді қайда апарады? Жауапты Абайдың өзі береді: «Адас­пай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран­ болар еді». Абайды кеш түсіну қазақы әлемнің ойран болуына әкеледі, қазақы дүнитанымның ойран болуына алып келеді. Ал өзіндік дүниетаным мен өзіндік әлемінен жұрдай болған халықтың өзі де ойран болмағанда несі қалады?!

ПІКІР ҚОСУ