ЖАЛҒЫЗДЫҚ
29.06.2018
2202
1

Лидия ЕГЕМБЕРДИЕВА


(ӘҢГІМЕ)

Таң алакеуімденіп келеді. Бөлме іші әлі ала көлеңке. Кереует қап­талындағы тұрқы тым биік шифоньер еңсе басып, абажадай болып түнеріп тұр. Тесірейе қарай түссең, жан біткендей зәреңді кетіреді. Елегізіген көңілді орнықтыру үшін амалсыз көзіңді жұмасың. Түлен түрткендей секемшіл жүрек қағысы содан пәміл шәйдай демделеді.
Меңіреу тыныштық. Тыныштық­ты өзім құшақтап жатқан қара ала мы­сықтың бейбіт пырылы ғана бұ­за­тын­дай. Мурзиктің бұл дыбысы ма­ған осы пәтер табалдырығын атта­ғалы бері етене жақын.
Бір кезде қабырғалас көршінің ары-бері жүрген тырпылы естіледі. Он­ың кім екенінен әсте хабарым жоқ. Бірақ енді маза кетті дей бер. Жа­сы ұлғайған қарт па, әлде жанға батқан дерт пе, әйтеуір беймезгіл шақ­та тықылдатып жаныңды жегідей жейді.
Демек, сары ала таңды көзбен аты­ру менің ғана еншіме жазылма­ғаны ғой.
Соңғы кезде самарқау тартып, бұйы­ғыланып барамын. Ең қорқа­ты­ным да, тіксінетінім де – осы. Тіпті туған мекенге, ондағы әлі көзі тірі қарт ата-анаға із салу доғарылған. Ақырғы рет бұдан екі жыл бұрын май мерекесінің тұсында төбе көрсет­ке­нім­де, шөгіп кеткен шешем байғұс әз­ер шыдап жүр екен, әңгімені тө­тесінен бір-ақ қайырған.
– Құдай-ау, бай таңдаған не теңің сенің. Мұндағы өзіңнен кейінгі можан топай қыздар күйеуге тимек түгілі, алды төрт-бес бала тауып, сары қарын әйел болғалы қашан. Көзің ағып кетпесе неге көрмейсің? Мына іргедегі өзің талай уатқан Ибаділдәнің тәмпіш танауы да Қарабұлақтың сүліктей қатқан таксист жігітімен дү­ріл­детіп той өткізбеді ме. Мені қой­шы, сен десе шығуға жаны әзір тым құрыса әкеңді аясаң етті. Әлде дү­ниеде Керімнен өзге еркек құрып қалып па? Қатарының бәрі әлдеқа­шан немере сүйгендіктен бе, бұрын шақырған жерге елпілдеп тұратын әкең шіркіннің енді баруға құлқы да жоқ. Көрінгенге көз түрткі болмайын дейтін шығар, үйде омпайып менімен тәжікелесіп отырғаны. Ал сен, бей­бақ, соқа басың сопайып әлі мысық құшақтап жүрсің. Мысықтың тілеуі жаман деп қанша рет қақсадым. Сол құрғырды үйге қалдырып кетші, пәлесі төрінен көрі жуық бізге тисін, – деп кіреукеленген көздері жасаурап сала берген.
Бұршақтай төпелеген уытты сөз­дер одан әрі үдей түсер ме еді, кім біл­сін, осы сәт дәлізден әкемнің жөт­кірінген дауысы естілді де, ана байғұс түк болмағандай ақ жаулығының ұшымен көзін сүртіп қозғала бас­та­ған.
Не керек, бұл әңгіменің жеңіл ти­мегені анық. Бағана басындағы телефон желісінің заржақ ызыңындай құлағымнан кетпейді. Қызметтен соң ешқайда бұрылмай тұп-тура үйге тартамын. Ешкімнің сағынып, сарғая тосып отырмағаны белгілі. Тек қара ала мысық болмаса.
Жалғыздық тауқыметін әсте еш­қандай қиыншылықпен салыстыруға болмас. Институт. Жатақхана. Бертін жалға тұрған пәтердегі төрт қыз. Япыр-ау содан бері қаншама жыл өт­кен. Көңіл шуағы кенересінен асып төгілген кез еді-ау бір ол.
Уақыт шіркін бір бөлмені думанға толтырған сол төртеудің менен өз­ге­сіне өз сыбағасын сыйлаған. Олардың бәрін де құтты орындарына өз қо­лым­мен қондырдым десе де болар. Ескі жұртта адасқан қаздай болып, жалғыз мен ғана қалдым.
Соңғы алданыш, көңілге аздап демеу тұтар нәрсе – түрлі отырыстар, бас қосу кештері еді, одан да ығыр болдым. Көп назарына ілікпеуге қан­ша тырыссам да, кей келіншектер күйеулерін қызғанатынды шығарды. Бірде Қарлығаш ырғай мойын ұзын­тұрасының менімен қатарынан екі мәрте биге түскені үшін керіс бастап, отырыстың шат-шәлегін шығарды. Сол сол екен, әлгідей бас қосуларға аяқ баспайтын болдым.
Жалғыздықтың тақсіретін жұ­мыс­та да тартып жүрмін-ау. Бірге іс­тейтін әйелдер бірі баласын, екіншісі қонақтарын сылтауратып, тірліктерін маған итере салуға үйірсек әзір.
Шынымен-ақ, өмір сүруге икемі жоқ жан шығармын. Әйтпесе дос­та­рым біреулермен таныстырмақ бол­ған­да, ат-тонымды неге ала қаша­мын? Сірә, арланатын шығармын. Танымайтын бөгде адамның алдында өтірік қылымсып, бар болмысыңды жасандылыққа айналдыруға дәтім жетпейді. Еркіме салса, ешқайда барғым жоқ. Төңіректің бәрі: « Мына кәрі қызды қараңдар, біреу-міреудің көзіне ілікпес пе екем деген дәмемен шыққан ғой», – деп, саусақтарын шошайтып тұрғандай болады.
Таң себезденіп, бөлме іші кәдуіл­гідей ағарып қалған. Терезенің жоғары саңылау көзін аштым да, төсекке қайта қисайдым. Қалып бара жатқан шаруа бар ма? Оның үстіне бүгін демалыс. Желдеткіштен алтын күздің самал лебі еседі. Ертеңгілік жылы төсек қиял тербейді.
Керім екеуміз төртінші курста жүр­генде табыстық. Бір-бірімізді бір күн көрмесек тұра алмайтын едік. Жұрт біздерді жұбы жазылмаған қос көгершінге балайтын. Өтіріктің керегі не, оған кәдімгідей масаттана­тын­мын. Соңғы курста той жасауға уәде байластық. Одан ата-аналар да хабардар болып, өздерінше қамданып жүрген. Содан кейін… Шыққыр кө­зім көрмесе, сенер ме едім.
Онда күз айы еді. Жексенбі. Ке­зін­де «Қазақстан» кинотеатрынан «Адам – амфибияны» көргеннен кейін, Керім мені жатақханаға шы­ға­рып салған. Бөлмеге келсем, құрылыс комбинатында жұмыс істейтін Қияс деген жерлесім туған күніне шақыр­ған қағаз қалдырып кетіпті. Оған қалай Керімсіз бармақсың? Лайықты сыйлық алынған соң, салып ұрып пәтерде тұратын Керімге тартайын. Мен келеді деп, сірә, ол ойламады ма, есіктің тиегін ағыта салды. Сөйтсем… киініп үлгермеген қыз, шашылған киім, жиналмаған төсек…
Дүние дөңгеленіп жүре берді. Бақсам шағын көшенің бір ұшында келемін. Жүрек дүрсілінен өзге еш­те­ңе естілер емес. Не деген сұмдық?… Көпе-көрінеу қалай ғана пәк махаб­ба­т­ты таптауға барды. Пір тұтқан жігітімнің түрі мынау болса, басқала­ры қандай болмақ. Өрекпіген жүрек­ке мұз жарықтары енгендей тоңази бастадым. Содан осынау тіршілік деген қимас құбылыстың өзі жиірке­ніш­ті көрініп, айналадағылар көмес­кіле­ніп, бұлыңғыр тартты. Жерлес жігіттің туған күні де жайына қалған. Іштегі шемен өксік ағыл-тегіл ағыты­лып, түні бойы солқылдап, жылап шықтым. Домбыққан көз бен көте­рілген ыстық екі тәулік төсектен тұрғыз­бады.
Керімнен біржола түңілдім. Рас, одан кейін де рай танытқан жігіттер аз болған жоқ. Алайда оларда Керімге ұқсастық табылмады. Оның сүйкімді күлкісі мен сөзі, жұмсақ әні мен биі қыз жүрегін жаулау үшін жаралғандай еді ғой. Бірақ Керім көкірекке шы­рын емес, у құйды.
Қазіргі бар білетінім – қызмет, жал­ғыз серігім – қара ала мысық қа­на. Кітап оқиын, теледидар тама­шалайын, ас әзірлеп, ең арғысы кір жуайын, Мурзик жанымнан бір елі ажырамайды. Алданыштың үлкені де – сол. Сөйлесемін, еркелетемін, кей­де жекіремін оған. Бар болғыр, соның бәрін де түсінеді.
Күн недәуір көтеріліп қалыпты. Неше оқталып көзін құрта алмаған тұрықты шифоньер шуақты сәулеге малынып, әрленіп кетіпті.
Тағы да басталды-ау мына тықыл. Қой, тұрайын, күн ұзаққа созылатын бұл тықыл ойға шомуға мүмкіндік бермес.
Азын-аулақ үй тірлігімен жүр­ген­де, күзгі күн екіндіге таянып қа­лып­ты. Кеше жолай Югославия­ның эст­радасына билет алғанмын. Енді соған бару, бармауға екі ұштымын.
Алдағы түндерін, еңсе басып тұ­рып алатын қапас түн еске түскенде, бұл ойдан тез айықтым да, айна ал­ды­на қалай барғанымды байқамай қал­дым. Көзімнің төңірегіне білінер-білінбес әжімдер түсіп үлгерген бе, қалай?..
Ұзақты күн үйде қамалып отыр­ғандықтан ба, таудың кәусар ауасы бойды сергітіп сала берген. Уыздай жас Алматымен қай қала теңесе қояр. Гүлзар бақтары мен сәнді көшелерін былай қойғанда, етегінен өр кеуде­сіне дейін қарағай, шырша өрген, ақ сәлдесін мәңгі кір шалмай­тын ма­нау­раған жалғыз Алатауымның өзі неге тұрады. Әсем қаланың тұрғыны бо­лып қалғанды шексіз бақыт санай­тыным да содан шығар.
Сәулетті сарайдың самаладай жарықтары әдепкі кезде көз ұялтты. Белгіленген орынды тауып отырмай жатып, ізімше сол қанатқа мен құ­рал­пас жігіт жайғасты. Бірінші бөлімде біздің елдің бірнеше әндерін шетелдік артистер құлпырта орын­дады. Күн­де­лікті мың-сан айтылып жүрген әндер бояуы қанықтырылып, өзге­ше­леу өңделгендіктен бе, білмеймін, тыңдаушыларды елтіп, ұмытылмас әсерде қалдырған.
Үзілісте сусындауға буфетке ба­ра­йын. Сол жерде қасымда отырған әлгі жігіт қарсылығыма қарамастан ашық қолдылық танытсын енді.
– Бір сағаттан аса бірге отырған сіздей көршімен көңілден шыққан концертті бірге атап өтсек, ешкім айып санамас… – деп, мөлтілдей толтырылған бір фужер шампанды ұсына берді.
«Далақпай ма, әлде су жұқпас қу ма» деген күдік те бар. Әйтсе де, со­зыл­ған қолды қайтіп қағасың, ішкен болып ерін тигіздім. Сол екі арада конфет алып үлгерген ол:
– Бұл неғылған желөкпе дей көр­меңіз. Мен сізді сырттай жақсы тани­мын. Қымсынбай алыңыз. Айт­пақ­шы, ұмытып кетіппін ғой, өзімді таныс­тырайын. Елмір.
Тұңғиық қоңыр жанарынан са­лауат­тылық нышаны аңғарылады. Алғашқы қоңырау да беріле бастады. Ізеттілік танытып, сый-құрметіне рахметімді білдірдім.
– Жоқ, қойыңыз, – дегенді кә­пе­ріне ілмей, қол сумканы бағалы кон­феттермен тоғайтқан ол мені ақырын демей әлгі орынға алып келді.
– Концерттің келесі бөлімі ал­ғаш­­қысынан да асып түсті. Бір өзі толық концерт берген Зоран Мели­вое­вичке қызығып, тамсанбаған жан қалмаған шығар. Көрермендер әуені қимыл-қылығына жарасқан, өз үніне сәйкес нақышты әндерді таңдай білген жез таңдай әншінің жас ше­бер­лігіне ыстық ықыласпен қол соғып, сахнаға гүл шоқтарын жау­дыр­ды.
Күз түнінің майда лебі ақ тор­ғын­дай бетті аймалайды. Зәулім ғи­ма­раттармен таласқан шынар ағаштар сыб­дыр қағып, қошемет көрсет­кен­дей басқан ізге шашу шашып жатыр. Әлгі алған ғаламат әсерден әлі де айыға алмай келемін. Саулаған сары ала жапырақтармен бірге әсем әннің ақ кептерлері көңіл сарайынан ұшып, өн бойым сазды әуенге елтіп келе жатқанымда, әлдекім соңымнан қуып жетті. Елең етіп, оқыс артқа бұ­­рылдым. Сөйтсем, жаңағы жігіт. Де­несі аса ірі. Мен иығына әрең теңес­­тім. Ал мінезі, сөзі сондай майда.
– Егер қарсы болмасаңыз, шыға­рып салайын?
– Қажеті жоқ. Бұл маңнан қа­шық­­та тұрмаймын. Әуре болмай-ақ қойы­ңыз.
«Бұдан былай осындай кон­церт­терден қалмаспын», – деп, өзіме-өзім дем беріп қоямын. Бақсам, мынау тұлғалы жігіттің қалар сыңайы жоқ. Біразға дейін тіс жармадым. Іштей ашуланып-ақ келемін. «Неткен түй­сік­сіз, үйінде отбасы алаңдап, тосып отырған жоқ па екен мұны». Шыдам­ның нәзік қылы осы арада кілт үзілді.
– Сізге түсінікті етіп-ақ айтпадым ба, неге қалмайсыз? – деп, жақтыр­май қарадым.
– Кешірім өтінемін, тротуарға емін-еркін сиып келе жатқан жайы­мыз бар. Мені неге қуасыз? Сізге зәре­дей зияным жоқ. Жолымыз бір бол­ғанына да айыптымын ба? – деді ол жасқанған кейіппен.
– Бәлкім, пәтеріңіз де біздің үйде болар? – деп қыжырттым мен.
– Дәл солай, – деді ол шылп етпестен.
– Қалжыңдап тұрған боларсыз, әйткенмен әзіліңіз үйлесімсіз.
– Үйлеспейтін несі бар. Сіздің пәтеріңіз – 25 ғой, ал менікі 56. Яғни біз Құдай қосқан көрші ғана емес, қабырғалас жандармыз.
– Қабырғаласы қалай, сонда туысқан болып шықтық па? Оның күлкіден екі иығы селкілдеді.
– Көптен бері күлмеп едім, юмо­рыңыз жанымды жадыратты, – деді ол ақтарылып.
– А-а күн ұзақ тықылдатып, ма­за­ны кетіретін көрші сіз екенсіз ғой, бәлкім, балаларыңыз болар.
– Жо-жоқ мен жалғызбын.
– Жалғыз ?
– Оның несі бар, сіз де жалғыз тұрмайсыз ба ? Білсеңіз… Талайдан бері сыртыңыздан бақылап жүрмін. Қанша оқталсам да танысудың ыңғай-реті келмеді. Сен болсаң басыңды көтеріп, тым болмаса бір де рет көзіңе де ілмедің. Содан ұятты доғарып, жұмыстарыңыздағы Май­раға бір кезде шет-жағасын айтып едім, бірақ қайыр не? – бірдеңе бүл­дір­ген баладай осы қылығына ың­ғайсызданып жүзін тайдырып әкетті.
– Онда әйеліңізбен ажырасқан болдыңыз ғой?
– Иә, күрмеуге келмеген қысқа жіптей бір шаңырақ астында дәм-тұзымыз бес айдан артық жараспады. Мінезіміз үйлеспеді. Ол екеуміз мүл­дем кереғар жандар болып шықтық. Одан әрі отбасын құрудың еш реті келмеді.
– Сірә, сіз онда көбірек «сілтей­тін» шығарсыз? – ащы мысқыл тағы да жылт етті.
– Біз жақ қабырғадан неше рет айқай-сүреңнен, тобыр қонақтың жарыса салған әнінен оянған едіңіз? – ол екі қолын қайда сыйғызарын білмей, ауада ербеңдетті де жіберді.
– Жоқ, ғафу етіңіз, – артық кет­ке­­німе ұялыс таптым. Тоғыз қабатты үй алдында бір-бірімізге «қайырлы түн» тілеп, екеуміз екі подьезге ай­рыл­дық.
Ойымнан әлгі қабырғалас көр­шім кетер емес. Тұңғиық, мейірбан жанарлары жапсарлас қабырғадан өтіп, маған қадалып тұрғандай әсер етті. Әлгіде: «Көз майыңыз таусылар, ұзақ тесілмеңіз» десем; «Жақыннан той­ғанымша қарап қалайын, күнде кезі келе бермес. Көз ақысына не сұрай­сыз?» – дейді жымиып.
Әне, ол ішкі бөлмесіне өтті. Желдеткішті ашты, Төсегіне отырды.
Қолыма түнеугүні әрең түсірген кітапты алғанмын. Әріптерді сы­дыр­та оқығаныммен, миға ештеңе қонар емес. Екі араны бөліп тұрған қабыр­ға­ның ар жағындағы қол созым жер­дегі Елмір көз алдыма қайта орала берді.
… Осыдан біраз бұрын Майра:
– Мен саған мына деген жігіттің нағыз сұлтанын таптым, – деп, бас бармағын қайқайтқан. – Әйелімен аз ғана отасып ажырасып кеткен. Онда тұрған не бар? Өзі өнерлі жігіт. Сені сырттай жақсы танитын көрінеді. Егер осыдан қосыла қалсаңдар, анау-мынау емес, маған өзің білесің ғой, қатқан сыйлық тартуды ұмытпас­сың…
Жақтырмағанымды байқаған ол әңгімені шорт доғарды.
– Неге сонша тіксінесің?
– Майра, қашан мен саған, айна­ла­йын, жігіт таба гөр, деп өтінген едім?
– Иә, қызық екенсің өзің. Басқа қонғалы тұрған бақытты аяқпен теппексің. Бәлкім, үйленбеген жігіт­тен дәмең бар шығар. Сенің жасыңа дейін үйленбеген еркекте ес барына кім иланады? – деп, біздей тілін өңменіме сұғып алған еді. Сондағы бас тартқаным – осы Елмір екен ғой. Қабырғалас көрші…
Тықыл…
Қандай ғаламат күш екенін білмеймін, орнымнан атып тұрдым да, лифтіге жүгірдім. Елу алтыншы пәтер табалдырығы. Қоңырау нүкте­сіне ұмсынған сұқ саусақ сәл жетпей, шоққа қарылып қалардай сұлқ түсіп кетті. Өрекпіп ерік бермей алып қаш­қан жүрек тізгіні бөгде есік алдында үдей түскен тықылдан кілт тежелді. Осыған дейін ешкімге жал сипатып, илікпеген саяқ тіршілік бөтен қор­ғанға түсуге жібермей, келген ізбен кері қайтуға мәжбүр етсе де, көңіл шіркін солай қарай тарта берді…
Тынымсыз «тақ-тұқ» әлі басылған жоқ. Кәрі қыздан тауы шағылып қалған Елмір өшін әлдебір тас мүсін­нен алып жатыр ма, кім білсін…

ПІКІРЛЕР1
Айжан 20.07.2018 | 17:23

happy end болама деп үміттеніп едім..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір